Мұстафа Шоқай: Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес
Мұстафа Шоқайдың АҚШ-тағы ізбасары
Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың өмірі туралы құжаттық деректерді АҚШ-тың Мичиган университетінің профессоры Тимур Кожаоғлы айтып берді. Ол Ыстамбұлда Мұстафа Шоқай құрған Түркістан ұлттық комитетінде онымен иық тіресіп бірге жүрген Осман Қожаның ұлы Тимур Кожаоғлы қазір Түркістан үшін күресті эмиграцияда жүріп жалғастырып жатыр.
Бар ғұмырын Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығына арнаған Мұстафа Шоқай ескіше 1890 жылдың 25 желтоқсанында, жаңа күнтізбе бойынша 1891 жылдың 7 қаңтарында дүниеге келген.
Тимур Кожаоғлының айтуынша, Мұстафа Шоқайдың төлқұжаты мен басқа да ресми құжаттары Анкара қаласындағы "Аяз Исхаки Түркістан Орал-Идил қорының" мұрағатында. Онда Түркістан өңірінің тумасы 1914 жылы патшалық Петроград университетінде дәріс алған деген сертиификат, 1924 жылы Парижге, 1925 жылы Лондонға барғаны туралы тарихи құжаттар сақталған.
Тимур Кожаоғлы – Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеуге үлес қосып жүрген ғалым. Ол Түркістан автономиясы жетекшісінің "Жас Түркістан" журналында жарияланған мақалаларының жинағын жасаған. Қазір ол Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп "Шоқай жолы" атты кітапты шығаруға әзірленуде. Тимур Кожаоғлы өз баяндамасының соңында жиынға қатысушыларға Мұстафа Шоқайдың дауысын тыңдатты.
Алыстан жеткен үн
"Біздің мақсатымыз тек Түркістанның ғана емес, бүтін түркі өлкелерінің, бүтін түрік халқының дос болып өзара бірлік, пірадарлықпен жасап, сыртқы дұшпандарға қарсы өзінің толықтығын, үкіметінің толықтығын білдіріп қою ойымызға жетеміз. Талабымызды орнына келтіреміз деген иманымыз зор. Алыста жүріп ел қайғысын, ел қамын ойлап жүрген, бүгінгі Түркияда жүрген Түркістан жастары сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек", – дейді Шоқайдың үні тарихи жазбадан.
1927 жылы Ыстамбұлда Түркістан жастар одағы құрылып, латын әрпімен "Жаңа Түркістан" ("Иені Түркістан") журналы шыға бастады. Бірақ журналға Түркия үкіметінің қысымы күшейіп, ауқымы тарыла түскен.
Сол себеппен 1929 жылы Мұстафа Шоқай Парижде "Яш Түркістан" журналын шығара бастайды. Келіссөздер нәтижесінде журналға "Прометей" ұйымы мен Польша үкіметі қаржылай көмек берген. Берлинге келіп, онда оқып жатқан түркістандық студенттермен кездескен Мұстафа Шоқай журналдың алғашқы санын дайындауға тапсырма береді. Осылайша түркістандық студенттер басылымды шығаруға күш салған.
Алманиядағы түркістандық студенттер
Татарстан Ғылым Академиясы жанындағы Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязовтың мәліметіне сәйкес, 1922-1927 жылдар аралығында Түркістан өңірінен Германияға 300-ге жуық студент оқуға барған. Ғалым олардың арасында 15-ке жуық қазақ жасы болғанын айтады. Оларды оқуға жіберудің себебін ол былай деп түсіндіреді:
"Ол кезде жас Кеңес одағына мамандар керек болды. Екіншіден, жаңадан құрылған мемлекет шетелге тыңшыларын да жіберген болуы ықтимал. Қалай дегенмен онда барып оқыған түркі жастары туралы мәліметтер қазір тексеріліп жатыр. Бұл туралы Өзбекстанда жақсы зерттеу шықты. Жастар арасында білім алып қайтқандары да, шетелде қалғандары да бар. Түркияға кеткендер туралы да деректер табылды. Ал Кеңес одағына қайтқандардың арасында тыңшы атанып, нәубетке ұшырағандары бар".
"Яш Түркістан" журналының миссиясы және Түркістан идеясының жаңа белесі
Журналдың бірінші бетіне "Түркістан идеясына қызмет ететін айлық журнал" деп жазылды. Журнал редакциясы 1930 жылы ақпанда Берлин қаласына көшті. Бұл журналдың материалдары тек Түркістан өңірінде ғана емес, сонымен бірге Қытай, Жапония, Үндістанда да сұранысқа ие болған, көптеген тілдерде шыққан. Мұстафа Шоқайдың өзі он тілде сөйлеп, еңбектерін жазған екен.
"Біздің жол" атты беташар мақалада Мұстафа Шоқай "Яш Түркістанның" миссиясын былай деп атап көрсетті: "Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды".
"Тәуелсіздіктің отыз жылдығындағы алғашқы жиынның түркі әлемінің тұғырлы тұлғасының 130 жылдығына арналып отырғанының симвиликалық мәні зор. Мұстафа Шоқайдың арманы орындалды. Оның Түркістанында тәуелсіз мемлекеттер орнады және Түркістан идеясы мен түркі ынтымақтастығы үлкен бір белестен асты. Түркі кеңесі, Түркі академиясы, Түрксой, ТүркПА, Түркі Мирас қоры сияқты үлкен ынтымақтастық ұйымдары бірге жұмыс істеп жатыр. Демек, оның идеясы бүгін де өміршең", – деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Түркістан халықтары жағдайының батысқа жетуі
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздіктің маңызы" атты мақаласынан кейін Шоқайдың Түркістан идеясы қазір жаңа серпіліс алуға тиіс. Мемлекеттілік түріне байланысты елде түрлі пікірлер бар. Бізде "Әлихан Бөкейхан ұлттық мемлекет құру идеясында болса, Мұстафа Шоқай Түркістан Федерациясын құруды қолдады" дейді. Бұл түсінік біржақты. Осы ретте бір нәрсені еске салайын. Бөкейхан тек қана ұлттық мемлекет ұстанымында болған жоқ. Ол белгілі дәрежеде түркі мемлекеттерінің тұтастығын жақтады. Мысалы, 1918 жылы Уфада болған келіссөз барысында Әлихан Бөкейхан мен Зәки Валиди Қазақ-Башқұрт мемлекетін құру туралы келісімшартқа қол қойған. Бұл өте қызық дерек", – дейді алаш тақырыбын сонау кеңестік дәуірден бері зерттеп келе жатқан ғалым, профессор, академик Мәмбет Қойгелді.
Ғалымның айтуынша, Зәки Валиди Тоған өзінің естеліктерінде бұл туралы толық мәлімет қалдырған. 1919 жылы Ленинмен болған кездесуде осы келісімнің тағдыры туралы сұрағанда ол тура жауап беруден жалтарды деген.
Қазақ-Башқұрт кеңесі туралы мәселені Кеңес одағының басшылығы қараған. Бұл жиынға Калинин мен Рыков төрағалық жасайды. Жиынға Мирсаид Сұлтанғалиев қатысады.
Оның осы жиынға қатысты пікірін Вәки Валиди өз естелігінде келтірген: "Бұл бас қосудың мақсаты – Волга-Оралдық және Орталық Азиялық мұсылмандарды өзара бөліп-жарып тастау, орыстар мен Орталық Комитеттің көздеген мақсаты сау емес. Бұл жиналыс советтердің патша үкіметінің отарлық саясатын жалғастырғандығын және ұлттық республикаларды жоятындығын көрсетті. Қазақ-Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс қолдау таппады. Осылайша шығыс түркілерін мемлекет ауқымында қосу туралы мәселе орыстардың пайдасына шешілді". Осылай дей келе, Зәки Валиди мынадай тұжырым жасайды: "Егер сол кезде осы мемлекет құрылса, түркі тұтастығына жол ашылатын еді, Орал-Еділ мен Орталық Азия мұсылмандарының қосылу мүмкіндігі туатын еді, ал бұл идея Кеңес Одағының басшылығына ұнаған жоқ".
"Мұстафа Шоқайдың "Жас Түркістан" басылымы арқылы Түркістан халықтарының жағдайын батысқа және сол Түркістан халықтарының өзіне жеткізгені үлкен тарихи маңызы бар мәселе болды", – дейді Мәмбет Қойгелді.
Отанға деген сүйіспеншілік тарихты білуден басталады
"Отанға, елге деген сүйіспеншілік, патриотизм ұғымы тарихты білуден басталады. Ортақ түркі идеясының негізін Мұстафа Шоқай жақсы салып кетті. Әлемде 200 млн астам түркі халықтары бар. Біріншіден, солардың ортақтастық идеясы. Екіншіден, қазақтың өзін біріктіретін идея қажет. Қазір халық орыс тілді және қазақ тілді болып бөлініп қалды, тіл мәселесі шиеленісіп тұр. Мемлекеттік тілді мойындайтындар мен мойындамайтындар болып. Бұған қоса ұлттық топонимика мәселесі бар. Отарлау кезінде пайда болған қалалардың аты әлі күнге өзгермей келе жатыр. Бес миллион қазақ шетелде, елу шақты елде жүр. Осы барлығымызды біріктіретін, ұйыстыратын мықты идея қажет. Ал Мұстафа Шоқайдың бүкіл түркі жұртын біріктірсем деген жүз жыл болған идеясы өкінішке орай әлі күн тәртібінде тұр. Оның идеялары мен оны ұлықтау Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын", – деді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.
Ұлт-азаттық қозғалыстың қос алыбы
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Гүлжауһар Көкебаеваның пікірінше, "Қазақстандағы ұлтазаттық қозғалысында екі үлкен тұлға бар. Бірі Мұстафа Шоқай тұтас Түркістан идеясын, ал Әлихан Бөкейхан Алаш идеясын, жеке Қазақ автономиясын құру идеясын көтереді. Демек, қозғалыстың өзіндік идеялық платформасы мен бағыттары болды".
Ғалым Шоқайдың Еуропадағы қызметін зерттеді.
Оның айтуынша, түркі эмигранттары түркі халықтарының азаттық үшін қозғалысын халықаралық деңгейге көтерді. Олар Түркістан ұлттық комитетінің, бірлестігінің қызметін жандандырды. Бұл ұйым "Прометей ұйымына" кірді. Ол саяси клуб секілді ұйым болған. Оған жеке-жеке ұлттық бірлестіктер, Кеңес үкіметінен кетіп қалған, орыс емес ұлттардың өкілдері құрған ұлттық ұйымдар бірікті. Түркістан ұлттық білестігінің атынан екі адам – Мұстафа Шоқай мен Осман Қожа Прометейдің басшылық комитетіне кірген.
"Кеңес одағының ізбасары, мұрагері Ресейде Прометейді әлі жаман жағынан, тыңшылық ұйым деп айтады. Германияда бұл ұйымды "қара түнек ұйым" деп атаған. Оны неге Ресей мен Германия жек көреді? Өйткені бұл ұйым Польшада құрылған. Польша үкіметі қаржыландырған. Оны не себепті жек көретіні түсінікті. Бірақ Польша архивтерінде сақталған құжаттардан оның тыңшылық ұйым болғаны байқалмайды. Ал Шоқай мен Осман Қожа танымал адамдар болған, ондай адамдарды тыңшы ретінде пайдалану мүмкін емес. Оларға бүркеншік ат тыңшылығы үшін емес, ұйымға кірген халықтардың құпиясын сақтау үшін берілген. Прометейдің негізгі мақсаты Кеңес одағынан шыққан бұрынғы езілген халықтардың ұлтазаттық қозғалысын қолдап, көмек беру болған", – дейді Гүлжауһар Көкебаева.
Мұстафа Шоқайдың атын ақтап алу мұраты
Қазақстанда Шоқайды біз отанын сатқан, тыңшы деген санаттарға жатқызбаймыз.
"Бірақ біз енді Шоқайды тек қана Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде тыңшы, сатқын деген таңбалардан ақтап алуымыз керек. Посткеңестік деңгейде. Ресейде Шоқайға қатысты жағымсыз көзқарастар әлі де жүреді. Біз оны тек моральдық қана емес, теориялық деңгейде де ақтап алуымыз керек. Мұстафа Шоқай Түркістан легионы құрылудан бұрын, 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болып кетті. Ал Түркістан легионының мәселесі басқа әңгіме, ол 1942 жылғы көктемнен бастап құрыла бастады", – дейді профессор ғалым.
Оның мәліметінше, 1922 жылы Кеңес үкіметі қаулы шығарып, осы айтылған жылдың маусымына дейін Кеңес одағының паспортын алмағандар КСРО азаматтығынан шығарылады деген. Демек, Мұстафа Шоқай да, Осман Қожа да, басқа да шетелде сол кезде жүрген эмигранттар КСРО-ның азаматы емес. Олай болса, олар өздерінің туған халықтарының ұлтазаттығы үшін күрескен, бірақ ешқандай да сатқын немесе тыңшы емес. Сондықтан оның атын ақтап алу мақсатына түркі дүниесінің ғалымдары күш біріктіруі керек, деді ол.
Шоқай: Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, "Мұстафа Шоқайтану" ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірдің айтуынша, 1935 жылғы мақаласында Мұстафа Шоқай Түркістанның төрт бөліктен тұратынын жазған. Бұл қазақ өлкесі: Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары, Түркістан өлкесі: Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан, Закаспий облыстары, Бұқара және Хиуа хандықтары еді.
Ғалым Алаш идеясы мен Түркістан идеяларының арасында стратегиялық алшақтық болған емес, тек тактикалық жағынан айырмашылық болған деп түсіндіруіміз керек екенін айтады. Оның сөзінше, Мұстафа Шоқайдың мыңнан астам мақаласы бар болса, оның екі жүзден астамы тікелей Түркістан идеясына арналған.
"1936 жылғы Берлин радиосынан берілген сөзінде Мұстафа Шоқай, осы Түркістан жастарының сьезінде Түркістан үшін өлу бәрімізге бір мақсат, бір мұқағат, бір уәзипа болу керек дегенін ұмытпауымыз керек. Мұстафа Шоқай өз сөзінде: "Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін емес. Ұлттық рух ұлттық тәуелсіздіктің қойнауында өсіп жетіледі", деді. Ал біздің бүгін ұлттық мәселеге көңіл бөле алмай, ұлттық рухты көтере алмай отырған жағдайымыз бар. Ұлттық тілімізге ие бола алмай отырғанда ұлттық рух туралы айта алмаймыз. Оның идеясын толық жеткізе алған жоқпыз", – деді Әбдіжәлел Бәкір.
Оның мәліметінше, Мұстафа Шоқайдың орыс тіліндегі 500, шағатай тіліндегі 200, түрік тіліндегі 21, француз тіліндегі 130, ағылшын, неміс, поляк, өзбек, грузин тіліндегі мақалалары аударылған жоқ.
Бірақ Мұстафа Шоқайдан қалған мұраны зерттеуге, халыққа танытуға қатысты бастамалардың бәрі биыл іске асатынына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі сенім білдірді.
"3 қазан – түркі ынтымақтастығының күні. Нахичеван саммитінде бұл қабылданды. Бұл Түркі Академиясының да құрылған күні. Түркі әлемі ұғымы тек ғылыми ортада ғана емес, жалпы қабылданатын ортақ терминге айналды. Ол ешкімнің құлағына енді түрпідей тимейді. Бұл үлкен жетістік. Түркі әлемі деген ұғым қазір трендте", – деді Дархан Қыдырәлі.