Монополистер 15 өңірде жарықтың бағасын заңсыз өсірген. Артық төленген қаржы тұрғындарға қалай қайтарылады?
Бас прокуратураның тексеруінен соң, тұрғындарды "тонап" келген талай компанияның былығы әшкереленді. Олар жылу мен жарықтың тарифін негізсіз көтеріп, құйтырқы жолмен ақша жинап келген. Атын атап, түсін түстер болсақ.
"Астанаэнергосбыт" астаналықтардан 2,6 миллиард теңге артық ақша алған. Сонымен қатар, "Қарағанды Жарық", "Жамбыл электр желісі", "Талдықорған жылу", "Көкшетау" мен "Қапшағай жылу" компаниялары 1 млрд теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан.
Монополистер Алматы облысында жұртты алдап, 6 млрд 600 млн теңге сыпырып алған. "АлматыЭнергоСбыт" 1 миллиард 100 миллион теңге, "АлматыЖылуЖелілері" де 1 миллиард 100 миллион теңге, "АлматыСу" 600 миллион, "ҚазТрансГазАймақ" 1 миллиард 300 миллион. Ал "Алатау Жарық Компаниясы" болса, тұрғындарға төлемақыға үстеме 2 миллиард 100 миллион теңге төлеттіріп қойған.
Жалпы айтқанда халық 29 млрд теңге артық төлеген болып шықты. Қалай дейсіз ғой.
1 қыркүйектен бастап электр қуаты қымбаттаған
Астана қаласының тұрғыны Саида Есшановамен бірге есептелік.
– Менде тамыз айы мен қыркүйек айының коммуналдық төлемнің көрсеткіштері қолымда бар. Екеуін салыстырып қарасам, ыстық су мен электр қуаты қымбаттаған. Жарық үшін қыркүйек айындағы көрсеткіштегі "Қайта есептеу" деген бөлімінде қосымша қаржы енгізілген.
Мысалы, біз бір айда 106 кВт жарық жаққан екенбіз. Бұрын ең төменгі тариф 99 кВт үшін есептеліп, қалғаны орташа тариф бойынша қарастырылатын. Мына айда ең төменгі тарифті 69 кВт үшін төледік. Ол ақшаға "қайта есептеу" қосылды. Не үшін қосылғанын түсінбедім. Сонда 1620,53 теңге төледім ғой. Тамыз айының тарифімен есептегенде менде 1060,48 теңге шығуы керек. Демек, 560, 05 теңге артық төлеп тұрмын, – дейді ол.
Бұл туралы "Астанаэнергосбыт" ЖШС не дейді?
– Саида Есшанова осыған дейін ең төменгі тарифті 99 кВт бойынша төлеп келген. Бұл 30 күнге беріледі. Көбінесе, 90 кВт-тан төмен болғанда ең төменгі тарифпен есептеледі. Қыркүйек айында тариф өзгерген.
Оның үстіне бақылаушы 25 тамыз күні, 23 қыркүйекте нақты көрсеткішті жазып алып кеткен. Сонда бір айға бір күн жетпейді. Мұндай жағдайда 29 күнді үшке көбейтеміз. Міне, осылайша ең төменгі тариф 87 кВт бойынша есептелді. Түбіртекке бәрін тізіп жазбай, 69 кВт пен 37 кВт ғана көрсетіп, жасырын қалған 18 кВт пен 10 кВт қайта есептеуге кіргізілді.
Алдыңғы және ағымдық көрсеткішке мән беріңізші. Нәтижесінде бір айға 106 кВт емес, 134 кВт шығып тұр ғой. Бұл жердегі қайта есептеуге жасырын көрсеткіштерді енгізген.
Ал, жылуға қайта есептеудің келген себебі – былтырғы жылу бойынша 26,69 теңге төленбей қалған, – деп жауап берді "Астанаэнергосбыт" ЖШС.
Демек, түбіртекте жазылмаған көрсеткіштер "қайта есептеу" бөлімінде көрсетілуі мүмкін. Сондықтан, қайта есептеу дегенді бір жақты ғана түсінуге болмайды. Ол туралы кейінірек тоқталамыз.
Электр энергиясындағы "біртүрлі" тарифтер
Айтпақшы, қыркүйекте тариф өзгерді деп қалдық қой. Ол туралы "Астанаэнергосбыт" ЖШС 15 қазан күні мәлімдеген. Тұрғындарға жіберілген коммуналдық түбіртекте электр энергиясы қымбаттаған.
Электр плиталарын пайдаланатын жеке тұлғаларға:
- Ең төменгі тариф (90 кВт дейін) – 10,44 теңге/кВт (ҚҚС есебімен). Түсініктеме беріп кетсек, ҚҚС дегеніміз – қосылған құн салығы;
- Орташа тариф (90-нан 180 кВт дейін) – 15,40 теңге/кВт (ҚҚС есебімен);
- Ең жоғарғы тариф (180 кВт және одан жоғары) – 19,25 теңге/кВт (ҚҚС есебімен).
Ал, электр пешін қолданбайтындардың ең төменгі тарифі қымбатырақ. Яғни, 11,27 теңге. Орташа мен ең жоғарғы тариф бәріне бірдей.
Естеріңізде болса, тамыз айында ең төменгі тариф 9,61 теңге/кВт (ҚҚС есебімен) болса, орташа тариф 15,59 теңге/кВт еді. Ең жоғарғы тариф 19,49 теңге/кВт болып есептелген болатын. Байқағаныңыздай, біршама қымбаттаған.
Тұрғындарды "тонаған" монополистердің әдісі бірдей
"Астанаэнергосбыт" ЖШС бағаның қымбаттағанын электр энергиясын қымбатқа сатып алуымен түсіндірген. Тарифті қалыптастыру кезінде электр энергиясын 11,8 теңгеден сатып алатынын көрсеткен. Іс жүзінде бұдан екі есе арзанға алған болып шықты. Нәтижесінде елордалықтар 2,6 млрд теңгені артық төлеген. Дәл осындай әдіспен өзге де арамза компаниялар аңқау елді алдаған болып шықты.
Елімізде электр энергиясын жеткізетін 43 қана кәсіпорын бар. Соның өзін Энергетика министрлігі қадағалай алмай отыр деді Президент. Мәселен, Павлодарда электр энергиясын өндіріп, оны сатып алып, Астана тұрғындарына жеткізетін үш бірдей компания бар екен. Бірақ, үшеуінің де иесінің бір екені анықталды. Кеше ғана жүгенсіз кеткен компанияларға қатаң тапсырма берілді. Енді халықтан жымқырған қаржы қайтарылуы тиіс.
Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, компанияларға 2009 бен 2015 жылдар аралығында тарифті екі есе көтеруге рұқсат берген. Ол кезде тозығы жеткен қондырғыларын жаңартып алу үшін осындай шешім шығарған. Сөйтіп, 2016 жылдан бастап электр құны арзандау керек болған. Бірақ, қондырғылар сол күйі ескі. Ал екі есе баға әлі күнге төмендемей келеді.
Енді заңсыз жолмен алынған қаржы тұрғындарға қалай қайтарылады?
– Қазан айының көрсеткішін қарашада төлейтінін білесіздер. Электр энергиясының тарифі қымбаттамай тұрғандағы бастапқы бағамен есептеледі. Қыркүйек айындағы көтерілген тариф бойынша қайта есептеу жүргізілді. Коммуналдық төлем туралы түбіртекте әрбір тұрғынға артық алынған қаржы қайтарылады. Яғни, жалпы коммуналдық төлемнен шегеріледі, – дейді "Астанаэнергосбыт" ЖШС баспасөз хатшысы Эльмира Құсайынова.
Айта кетейік, прокурорлардың тексерісінен кейін 14 өңірде жылу мен жарықтың бағасы төмендеді. Жұртты алдаған компания басшылары 160 миллион теңгеге жуық айыппұлды арқалады. Әрі 10 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
1 қарашадан бастап электр қуаты 4,8 пайызға арзандайды. Қалай?
– Тұрғындар қыркүйек, қазан айындағы көрсеткіштерде жарықты тамыздағы тарифпен төлейді. Қараша айы үшін есептелетін коммуналдық төлемнің түбіртегін желтоқсанда алады. Міне, сол кезде арзандаған бағамен электр қуатын төлейтін болады.
Электр плиталарын пайдаланатындар үшін:
- Ең төменгі тариф (90 кВт дейін) – 9,59 теңге/кВт (ҚҚС есебімен);
- Орташа тариф (90-нан 180 кВт дейін) – 15,32 теңге/кВт (ҚҚС есебімен);
- Ең жоғарғы тариф (180 кВт және одан жоғары) – 19,15 теңге/кВт (ҚҚС есебімен).
Ал, электр плиталарын пайдаланбайтындар ең төменгі тарифті 10,01 теңге/кВт (ҚҚС есебімен) төлейді. Орташа мен ең жоғарғы тариф бәріне бірдей.
Есіңізде болсын! Пәтерде неғұрлым көп адам тіркелген сайын, соғұрлым электр энергиясы үшін төленетін төлем аз есептеледі. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, мекен-жай анықтамасын алып, электр энергиясын жеткізетін мекемеге өткізесіз.
Сонымен қайта есептеу дегеніміз не?
Қайта есептеу дегеніміз – коммуналдық түбіртектегі төлемнің өзгеріп, қосымша қаржының қосылуы немесе алынуы. Электр энергиясын жеткізуші компанияның бағаны негізсіз көтергені анықталса, артық алынған қаражат үшін қайта есептейді. Нәтижесінде қалтадан қаққан қаражат тұрғындарға қайтарылады. Сондықтан, түбіртектегі әрбір көрсеткішке мән беріп, есептеп жүріңіз.
– Егер үйіңіздегі электр энергиясының көрсеткішін қызметкерлерге айтпасаңыз, онда тәуліктік орташа шығын бойынша есептеледі. Яғни, алдыңғы айларда тұтынып жүрген жарық негізге алынады. Қайта есептеудің екі ұшы бар.
- Егер көрсеткіш тәуліктік орташа шығыннан аз болса, тұтынушының төлеген артық ақшасы қайтарылады.
- Керісінше, жарықты тәуліктік орташа шығыннан көбірек пайдаланса, тұтынушы қосымша қаржы төлеу керек.
Тұрғындар көрсеткішін қайтадан есептеткісі келсе, өңіріндегі электр энергиямен қамтамасыз етіп отырған мекемеге құжаттарын алып барып, өтініш жазғаны жөн. Немесе Астана қаласында 91-88-88 және 91-83-33 нөмірлеріне қоңырау шалып, абонент нөміріңізді айтсаңыз болғаны. Қызметкерлер мән-жайды толығымен түсіндіріп береді, – деді "Астанаэнергосбыт" ЖШС баспасөз хатшысы.
Жылуға байланысты қайта есептелмейді
– 4 қазаннан бастап Астанада көпқабатты тұрғын үйлер жылу беру жүйесіне қосыла бастады. 2018 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап жылудың да тарифі өзгерген. Бірақ, алдыңғы айға қарағанда біршама төмен. Сондықтан, жылу үшін қайта есептеу қарастырылмайды.
Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша орташа босатылатын тариф – 2 581,40 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен).
Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша сараланған тарифтер:
- Есепке алу аспаптарымен – 2 573,47 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен);
- Есепке алу аспаптарынсыз – 3097,67 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен);
- Жылу энергиясын есепке алудың үйге ортақ аспаптарын орнату үшін техникалық мүмкіндігі жоқ ескі, апаттық үй-жайларда, барак типтес үйлерде тұратындар – 2 581,40 теңге/Гкал (ҚҚС есебімен).
Жылу үйдің ауданына, ауа-райына байланысты беріледі. "Қазгидрометтің" болжамына сәйкес, жылудың мөлшері бөлінеді. Егер ауа-райының температурасы төмен болса, онда жылу көптеп жіберіледі. Сонда күн суық болған сайын тұрғындар жылуға көбірек төлейді.
Өсімақы қандай жағдайда қосылады?
– Тұтынылған энергия үшін уақытылы төлем жасау керек. Әйтпесе, әр кешіктірілген күн үшін энергия сомасының 0,1% көлемінде есептеледі. Айдың 25-не дейін, нақтырақ айтқанда, тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасында келісім-шартта көрсетілген мерзімде төлеу керек, – дейді Эльмира Құсайынова.
Егер үйде ұзақ уақыт болмаған жағдайда коммуналдық қызметті төлемеуге бола ма?
Тұтынушы пәтерде немесе үйде үш айдан астам болмаса, энергиямен жабдықтаушы ұйымға еркін нысанда сапарға шығатыны жөнінде өтініш қалдырады. Содан кейін шығу күні бойынша электр энергиясы үшін есептеседі.
Коммуналдық қызметті төлемесеңіз...
Әрине, борышкерлер тізіміне ілігесіз. Қазақстан Республикасы "Электр энергетикасы" туралы Заңының 19 бабының 2 тармағына сәйкес, тұтынылған электр және (немесе) жылу энергиясының ақысын уақтылы төлеуге міндетті. Берешек болған жағдайда, қызмет көрсетуші тұтынылған электр және жылу энергиясын бермй, ажыратып тастауға құқылы.
Ондай жағдайда тұтынушы берешекті ғана өтеп қоймай, қосу қызметі үшін де төлейтін болады. Сонымен қатар, шартқа сәйкес мерзімі өткен берешекке өсімақы есептелетінін ұмытпаңыз. Тіпті электр энергиясын беруші мекеме берешекті өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгіне алады. Сот шешімі бірнеше талаптан тұруы мүмкін. Ол туралы толығырақ мына сілтемеден біле аласыз.