Бұл шынымен ұрлықты азайтуға бағытталған шара ма? Әлде қауіпсіздік мәселесі немесе саяси шешім бе?

Ақпаратқа кім иелік етсе, сол әлемді билейді

Осы жылдың басында Қытайдың Alibaba корпорациясы америкалық MoneyGram компаниясын сатып алуды жоспарлады. Екі жақ келісімге келіп, компания $2 миллиардқа бағаланады. Көп өтпей, бұған АҚШ Конгресі араласып, келісімнің жасалуына кедергі келтіреді. Кейіннен АҚШ-тың заң шығарушы сенаторлары MoneyGram қызметін пайдаланатын америкалықтар туралы мәліметтің қытайлық компанияның бақылауына өтпеуі үшін осы әрекетке барғанын мәлімдеді. Бұл әлемдегі халықаралық қуатқа ие елдер арасындағы ақпараттық соғыстың бейресми түрде басталғанын білдіреді.

Қытай территориясында Google, Facebook, Twitter, Youtube, Amazon, eBay сынды интернет қызметтері бұғатта екені белгілі. Қытай үкіметі қытайлықтардың жеке ақпараттарын өзге біреулердің бақылауға алып, иемденіп кетпеуі үшін осы әрекетке барып отыр. Себебі ел азаматтарының жеке ақпарат қорын үкіметке қарсы пайдалануы әбден мүмкін нәрсе. Сондықтан да интернеттің қара базарында мұндай мәліметтер қоры өте үлкен сұранысқа ие.


Д.Трамп АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін қытайлық ZTE компаниясы смартфондарының импортына шектеу қойды / phonearena.com сайтынан алынды

Заңмен бекітілсе, міндеттеуден өзге шара жоқ

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми мәлімдемесіне орай, заңды және жеке тұлғалардың жылжымалы желісіндегі абоненттік құрылғыларын тіркеу міндеттеліп, 2016 жылы экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуге бағытталған "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер пакеті шеңберінде енгізілген.

Заңның 36-2-бабының 4-тармағына сәйкес ұялы байланыс операторлары бір азаматтың атына тіркелген мобильді құрылғыны өзге бір азаматтың атына тіркемейді. Демек бұл – қолданылған телефондарды сату немесе сатып алу дегенге белгілі бір деңгейде кедергі болатын өзгертулер. Мысалы, қолданылған телефонды сатып аларда бұрынғы иесінен оның тіркеуден шығарғанын талап етуі керек.Содан кейін жаңа иесі өз атына қайта тіркеп қана телефонды қолдана алады.

Телефонды қалай тіркейді?

Айта кетсек, өткен жылдың қаңтар айынан бері ұялы телефондардың IMEI кодтарын тіркеу міндеті енгізілген еді. Сөйтіп сол жылдың маусым айынан тіркелмеген құрылғыларға қызмет көрсетілмеуі керек болатын. Алайда ҚР Заңына өзгертулердің кеш енгізілуіне байланысты жаппай тіркеу енді қолға алынды.

Қазақстандағы ұялы телефон қызметін пайдаланатын әрбір азаматқа өз мобильді құрылғысын тіркеу міндеттеледі. Тек шетелдік абонент қызметін роумингтік тәртіпте қолданатындар ғана бұдан босатылды.

Мобильді телефон тегін тіркеледі. Жасы 14-18 аралығындағы қолданушылар мобильді құрылғыларын өздерінің заңды өкілдерінің (ата-аналарының) келісімімен тіркете алады. Ал 14 жасқа дейінгілердің телефондарын заңды өкілдері ғана тіркейді.

Қандай мәліметтер қажет?

Әрбір азамат мобильді телефонын автоматтандырылған онлайн қызмет көрсету жүйесі арқылы (арнайы сайт әзірге дайын емес) немесе мобильді оператор кеңсесіне келіп тіркетеді. Ол үшін жеке тұлға өзінің сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ал заңды тұлға бизнес сәйкестендіру нөмірін (БИН) ұялы телефонның сәйкестендіру (IMEI) кодымен бірге тіркейді. Оған мобильді құрылғыда пайдаланылатын байланыс нөмірі қоса тіркеледі.

Ұялы телефонды қайта тіркеу үшін оның бұрынғы иесі мобильді операторына ауызша немесе құжат түрінде келісімін беруі тиіс. Оның келісімінсіз тіркеу жасалмайды. Жеке тұлғалардың телефондарын тіркеуге 4 сағат уақыт кетсе, заңды тұлғаларға 8 жұмыс сағаты жұмсалады.

Мемлекеттік радиожиілік қызметі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 78 қаулысына сәйкес Министрліктің "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" республикалық кәсіпорыны құрылды.

Ол Facebook және Google корпорацияларының ақпарат қоры орталықтары сынды қызмет көрсетеді. Жоғарыда аталған америкалық компаниялар желі қолданушыларының жеке ақпарат қорын коммерциялық мақсатта қолданса, "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" кәсіпорынындағы мәлімет коммерциялық емес, нақтырақ айтсақ, саяси әрі әскери мақсатта жинақталады.

Дата орталықтар

Дамыған елдерде интернет мүмкіндіктері артқан сайын ақпарат қорын сала бойынша бір орталыққа жинау қолға алына бастады. Демократиялық елдерде коммерциялық емес мақсатта құрылған дата орталықтардағы мәлімет қоры қарапайым азаматтарға қолжетімді. Сонымен қатар, атқарушы билік ақпаратты қолдануға қатысты есебін азаматтарға уақтылы беріп отырады.

Ал дамушы елдерде дата орталықтарды құру енді қолға алына бастағандықтан, олардың қызметі мен ашықтығына әзірге баға берілген жоқ.


Әлемдегі ең үлкен дата орталық Қытайда. Ол Range International Information Group компаниясына тиесілі / wordpress.com сайтынан алынды

Қазақстан азаматтары туралы ақпарат қорларының басым бөлігі электронды қызмет ретінде құрылған. Мысалы, қор биржасы, статистика комитеті, Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік қызметі, жұмыспен қамту орталықтарының ақпарат қорлары осыған жатады.

Ал мемлекеттік мекемелерге қажет ақпаратты өңдеумен айналысатын "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның дата орталықтары еліміздің әр аймағында бар. Мемлекеттік радиожиілік қызметі кәсіпорны Қазақстандағы екінші үлкен дата орталықа айналуы мүмкін.

Ақпарат қоры қандай саяси мәселелерді шешуге бағытталуы мүмкін?

Белгілі саясаттанушы, тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевтың ойынша, Қазақстан – мұндай өзгертулер енгізген алғашқы ел емес. Орта Азияның автократиялық елдері де соған барған. Тәжікстан мен Өзбекстанда ұялы телефондар мен оларды қолданушылар туралы мәліметтер қоры терроризмге қарсы күреске өте қажет деп түсіндірілді.

– Менің ойымша, бұл шешім басқа мәселелерді шешуге де бағытталып отыр. Министрліктердің және өзге де мемлекеттік мекемелердің осы сынды өзгертулер мен жаңартуларды енгізуі ел азаматтарының еркіндігін шектеп, қыспаққа алып жатқанын көреміз. Есіңізде болса, әрбір қазақстандыққа онлайн сегменттегі интернет ресурстарында пікір қалдыру үшін тіркелу міндетті. Мобильді құрылғыларды тіркеу де дәл сондай. Шенеуніктер мобильді операторлар секторындағы ақпарат қорын бақылауға алуды жоспарлап отыр, – дейді Досым Сәтпаев.

Сәтпаевтың ойынша, соңғы бірнеше жылда Қазақстан үкіметі ұлттық қауіпсіздік мәселесін алға тартып, елдегі барлық байланыс технологияларын бақылауға алып үлгерді. Олардың қатарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер де бар.


Түркиядағы Туиттер қолданушыларының қатарында саяси белсенділер көп болғандықтан жиі бұғатталады / japantimes.co.jp сайтынан алынды

– Бұны терроризмге қарсы күресу деп түсіндіргенімен, меніңше, бұл – қоғамдағы барлық сегменттерді бақылауды күшейтуге бағытталған үдеріс. Мысалы, сізде бақылаудың барлық мүмкіндіктері болса, неге пайдаланып қалмайсыз?!, – дейді ол.

Кімнің ұлттық қауіпсіздігі?

– Қазіргі таңда Қазақстанның барлық сегменттерінде үкімет тарапынан белгілі бір деңгейде бақылау жүйесінің қалыптаса бастағанын аңғарамыз. Мұның бәрі ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр десе де, шын мәнінде, бұл басқарушы элитаның қауіпсіздігі үшін жасалып отыр, – дейді саясаттанушы.

Қазақ үкіметі ел азаматтары туралы барынша көп ақпарат жинауға тырысып жатыр деп санайды Досым Сәтпаев. Бүгінгі билік өкілдері тек осылай елдің үкіметке көзқарасын жақсартып, көтерілістердің алдын алуға болатынын түсінген.

– Мен үкіметтің мұндай әрекеттерін "қолшатыр астындағы мекемелер саясаты" деп атар едім. Біздің үкімет соңғы бірнеше жылда әр секторға жауапты квазимемлекеттік мекемені бекітуді қолға алған. Олар өз саласына жауап береді. Енді олардың қатарына мобильді оператор қызметінің секторы да енгізілді, – дейді ол.

Телеграмның бұғатталуы

Естеріңізде болса, Ресей үкіметі белгілі бір уақытқа Телеграм мессенджерін бұғаттады. Себебі ол қызметті орыс оппозициясы жиі пайдаланатын. Ал Қазақстанда WhatsApp мессенджері осындай қызметті атқарады. Сондықтан үкімет азаматтардың аталған мессенджердегі белсенділігін күнделікті қадағалап отыр.

Facebook пен Youtube желілерінің баяу жұмыс істеуі де саяси мақсаттағы тестілеуден өтіп жатқандықтан. Уақыты келгенде, үкімет оны Телеграмды бұғаттағандай сынды толықтай жауып тастауы мүмкін.


Ресейде Телеграм мессенджерінің бұғатталуы заңсыз криптовалютаның құрылуына байланысты деп түсіндірілгенімен оның саяси астары бар болды / thehackernews.com сайтынан алынды

– Қазақстанда заң шеңберіндегі кез келген өзгертулерге тек саяси себеп түрткі болады. Сонымен қатар, қазіргі билік ел басқаруындағы транзитке дайындығын жасап жатыр. Уақыты келіп, ел билігі ауысқан кезде, оппозициялық күштерден қауіп төнбеуі үшін барлық сектордың белгілі бір деңгейде бақылауда болуы қажет, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Тіркелген телефоннан қандай ақпарат көшіріледі?

Бұл сұраққа жауап беру үшін Informburo.kz тілшісі Zero to One Labs компаниясының атқарушы серіктесі Алмас Тұяқбаевтын пікірін білді.

– Бәрінен бұрын, телефонның қайталанбайтын IMEI кодын иемденген орталық оның геолокациясын 5-10 метр дәлдікке дейін анықтай алады. Ал кодты телефон иесінің жеке куәлігімен бірге тіркеу арқылы Қазақстанның әрбір азаматының қайда жүргенін онлайн бақылай алады, – дейді Алмас Тұяқбаев.

Бағдарламашының айтуынша, мұндай технология өте қымбат. Атқарушы билік үшін мұндай жобаға қаражат жұмсау қиындық тудырмауы мүмкін. Бірақ оны орнықтыру, қажет мамандарды тағайындау да орасан зор еңбекті талап етеді.

– Қажет деңгейдегі анализ жасау арқылы тіркелген смартфон иесінің күнделікті немен айналысып жүргенін анықтауға болады. Мұндай анализдің жүріп жатқанын телефон иесі білмейді, – дейді Алмас.

IMEI (сәйкестендіру) коды дегеніміз не?

IMEI абревиатурасы International Mobile Equipment Identifier (мобильді құрылғының халықаралық идентификаторы) тіркесінің қысқартылған нұсқасы ретінде алынған. Бұл әлемдегі қолданыста бар әрбір мобильді құрылғының қайталанбайтын нөмірі бар екенін білдіреді.

– IMEI код ешқашан қайталанбайды немесе екі бірдей телефонның бірдей коды болмайды. Код арқылы телефон шығарылған ел, өндіріс орны және оның шыққан кездегі сериялық нөмірін анықтау мүмкіндігі бар, – дейді Алмас Тұяқбаев.

Алмастың айтуынша, техникалық тұрғыдан кодты ауыстыруға болады. Мысалы, Бразилияда футболдан әлем біріншілігі өткен кезде ұрланған телефондардың IMEI кодтары бірнеше минутта ауыстырылған. Сосын оны бұғаттау мүмкін емес. Себебі жаңа код бекітілген смартфон толығымен жаңа болып саналады.


Өткен ғасырда өндірістік сектордағы компаниялар табысы ең жоғары болса, бүгінде үлкен ақпарат қорына ие компанияның табысы мол / cnbc.com сайтынан алынды

Шетелдік мамандар не дейді?

– Үкімет үшін мүлде қажетсіз жоба. Қауіпсіз қоғам құру үшін әрбір азаматты бақылауға алу міндетті емес, – дейді TechCrunch шеф-редакторы Майк Батчер.

Ағылшын журналисі кәсіби қызметін ақпараттық технологиялар мен кибершабуылдар және ақпарат қауіпсіздігі салаларында аналитикалық зерттеу мақалаларын жазудан бастаған. Оның бұл салада көп жылдық еңбегі бар.

– Батыс Еуропада азаматтар туралы ақпарат қоры олардың рұқсатымен жиналады. Бірақ оларды сырттай бақылау және күнделікті әрекетін рұқсатсыз анықтау, сондай-ақ, оны басқа мақсатта қолдану азаматтардың жеке мәліметін пайдаланудың халықаралық ережесіне сай келмейді, – дейді маман.


Майк Батчер Астана Экономикалық форумындағы пікірсайыс алаңдарының бірінде модератор болды / informburo.kz

Батчердің ойынша, үкімет тарапынан мұндай әрекеттер Қытайда баяғыдан қолға алынған. Ал Түркия билігінің өкілдері елде саяси дүмпудің алдын алу мақсатында азаматтардың жеке ақпараттар қорын пайдалануды жақында бастады.

"Адам құқығы бәрінен маңызды"

Америкалық POLITICO басылымының Вашингтондағы редакторы қызметін көп жылдар бойы атқарған Тревор Эйшен бұл шешімнің саяси астары бар екенін айтады. Себебі әдетте мобильді құрылғылар ұрлығын азайту үшін дата орталық құрылмайды. Жұмсалатын қаржының көлемі оның саяси маңызы бар іс екенін меңзейді.

– Кез келген қоғамда адам құқығы бәрінен жоғары тұруы тиіс. Олардың жеке ақпарат қоры да басқа мақсатта пайдаланылмауы керек. Дамыған елдерде мұндай әрекетке еш уақытта жол берілмеген, – дейді Эйшен.

Тіркеу шынымен ұрлықты азайта ма?

Ақпараттық және корпоративтік қауіпсіздік бойынша сарапшы Игорь Черновтың айтуынша, ұрыларға бұл жаңарту да қиындық тудырмайды.

– Жалпы тұрғыдан алғанда үкімет тарапынан мобильді телефондардың ұрлануының алдын алу шараларының бірі ретінде жасалынып жатыр, әрине. Десе де, телефонның IMEI кодын ауыстыра алатын адамдар да бар, – дейді Чернов.

Бірақ телефонын ұрлатып алған азаматтар полицияға арызданып, оны оператор қызметінен айыра алады. Тіркеудің тиімді жағы тек осы. Ал ұрылар телефонды бөлшектеп сатып та пайдасына жарата алатындықтан, бұл тіркеудің телефон ұрлығын азайта қоймасы анық.