Мекенжай анықтамасы берілмейтін болды. Талап етсе не істейміз?
Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде не уақытша тіркеуге тұрған азаматтар үшін енді "мекенжай анықтамасын" беру 1 қарашадан бастап тоқтатылады.
"Жұмысқа тұру, емханаға, балабақша мен мектепке тіркелу секілді жұмыстардың барлығында алдымен мекенжай анықтамасы сұратылатыны белгілі. Енді мұндай анықтаманы беру мемлекеттік қызмет көрсету реестірінен алынып тасталды.
Ал мемлекеттік органдар мекенжай деректерін ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы алатын болады", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов.
Мекенжай анықтамасы берілмегенмен оны egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинет арқылы тексеруге болады.
Үшінші тұлғаларға анықтама қалай беріледі?
"Басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады.
Бұл – азамат бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS арқылы келісім бергенде ғана жүзеге асатын операция", – ҚР Көші-қоны қызметі комитетінің төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова.
Елшіліктерге берілетін мекенжай анықтамасы туралы?
"Біз осы анықтамаға қатысты хабарламаны елшіліктерге, шетелде тұратын қандастарға, дипломатиялық мекемелерге жібердік.
Осыған қатысты Халықаралық конвенцияның 45 бабында шетел дипломатиялық орындары сол өздері тұрған елдің заңын сыйлауы керек деген тармақ бар. Соған сай олар да мекенжай анықтамасын сұрмайды деп сенеміз", – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаменті директоры Тауболды Үмбетбаев.
Тағы қандай анықтамалар алынып тасталуы мүмкін?
"Тағы осындай 28 анықтама бар. Оларды да жоюды жоспарлап жатырмыз. Бірақ жұмыстарды интеграциалау керек", – деді Абылайхан Оспанов.
Вице-министрдің айтуынша қазір құзіретті орындармен интеграциялау және келісу, қажетті заңдық актілерді өзгерту жұмыстары жүріп жатыр.
Мысалы, жылжымайтын мүліктің болуы (болмауы) туралы анықтама, жеке тұлғаның соттылығы туралы анықтама, заңды тұлғаның тіркелгені туралы анықтама қатарлыларды атауға болады.
Мекенжай анықтамасын сұраса қайда жүгінесіз?
"Тұрғылықты мекенжай бойынша дискриминацияға жол берілмейді. Бұл – еңбек заңнамасының бір талабы. Азамат мекенжай бойынша дискриминацияға ұшыраса, яғни жұмыс беруші еңбек заңнамасында жоқ құжаттарды жұмыс іздеп келген азаматтан талап етсе, ол адам біріншіден, өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгіне алады.
Егер бұрыннан қызмет етіп жүрген жұмысшыдан мекенжай анықтамасы қайта сұралса, ол жергілікті еңбек инспекциясына арыз түсіре алады", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Бағылан Жалпошов.
Бағылан Жалпошовтың айтуынша, ондай инспекциялардың барлығы әкімдіктердің жанында жұмыс істеп тұр. Арыз түскенде тексеру жүргізіп, азаматтардың құқығын қорғайтын болады.