Бес партия бәсекесі. Қазақстанда парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауы қалай өтті?
Қазақстанда парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы басталды. Мәжіліс сайлауына бес саяси партия: Nur Otan, "Ауыл", "Қазақстан халық партиясы", Adal және "Ақ жол" қатысады. Олардан 312 кандидат дауысқа түсіп отыр. Парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Мәслихат сайлауы да бірінші рет партиялық тізім бойынша өтіп жатыр. Коронавирус пандемиясына байланысты бұл сайлау Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген санитарлық талаптарды сақтай отырып өтеді.
Дауыс беру бүгін сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Содан кейін дауыстарды санау басталады. Дауыс беру аяқталған соң екі күннің ішінде аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына облыстар, респубикалық маңызды қалалар мен астана бойынша сайлау қорытындысы туралы хаттамаларды беруге тиіс. ОСК 2021 жылдың 17 қаңтарына дейін жеті күн ішінде мәжіліс сайлауының соңғы нәтижесін шығарады.
Дауыс беру сайлау учаскесінің аумағында жергілікті атқарушы органдар тіркелген мекенжайлар бойынша қалыптастырған сайлаушылар тізімі арқылы өткізіледі. Сайлаушылар тізіміне 11,9 млн адам енгізілген.
Сайлау учаскелері ашылды
Барлығы 10 060 сайлау учаскесі бар. Соның ішінде 66 сайлау учаскесі шет мемлекеттерде (53 елде) орналасқан.
"2021 жылы 10 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен 7.00-дегі жағдай бойынша 12 өңірде 8 141 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. 47 учаскеде дауыс беру таңғы сағат алтыда басталды. Бес өңірде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-де, астана уақытымен 8.00-де дауыс беруге кірісті", – деп мәлімдеді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.
Сондай-ақ, 12 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 12 сайлау учаскесі дауыс беруге кірісті. Ең бірінші болып Жапония мен Оңтүстік Кореядағы Қазақстан елшіліктері жанындағы сайлау учаскелері жұмысын бастады. Токиода №261 және Сеулде №258 сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша 7.00-де дауыс беруге кірісті. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Парламент сайлауында ең бірінші болып Оңтүстік Кореядағы Корё университетінің студенті Аделина Алпамыс дауыс берген.
Президент дауыс берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №58 сайлау учаскесіне келіп, парламент мәжілісінің сайлауында дауыс берді.
"Әр сайлау – азаматтар үшін батылдық танытатын маңызды емтихан. Парламентке әртүрлі партиялар келеді деп үміттенемін. Парламентте ел болашағының мәселелері жөнінде пікірталастар өтіп, сапалы заңдар қабылдануы керек", – деді Президент БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін Үкімет заңға сәйкес отставкаға кетуі керек деді.
"Сайлау аяқталғаннан кейін, жақын арада премьер-Министрдің, сонымен қатар Үкімет мүшелерінің кандидатуралары бойынша депутаттардың жаңа құрамымен, фракция басшыларымен кеңесу үшін парламентке барамын. Реформалар тоқтамап қалмау керек. 15 қаңтарда парламентте сөз сөйлеп, мәжілістің жаңа құрамына үндеу жасаймын. Содан кейін реформалар туралы маңызды әңгіме қозғалатын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтеді", – деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы сайлаудан кейін наразылық болған жағдайда қатысушыларға жазалау шаралары қолданылмайтынын айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары заңға сай қатаң әрекет етеді.
Үкімет басшысы, мәжіліс пен сенат төрағалары, министрлер мен әкімдер өз таңдауын жасады
Жоғары лауазымды тұлғалар сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатыр. Премьер-министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтандағы "Астана" концерт залының ғимаратында орналасқан №138 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Парламент сайлауы басталған соң парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №111 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Бүгін ел дамуындағы маңызды күндердің бірі. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде бұл сайлаудың бұрынғылардан жөні бөлек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бірқатар саяси реформалардың алғаш рет осы науқанда іске асырылып жатқанын да жақсы білеміз. Соның ішінде партиялық тізімдерге әйелдер мен жастарға арнайы 30 пайыздық квотаның енгізілуін, парламенттік оппозиция институтының заңмен бекітілуін және саяси партияларды тіркеу тәртібінің жеңілдетілуін ерекше атап өтуге болады", – деп жазды парламент сенатының төрағасы Facebook-та.
"Мен де бүгін сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымды жасадым. Дауыс беру – әрқайсымыздың азаматтық құқығымыз және борышымыз. Бұл – әр азамат үшін мемлекеттің дамуына ықпал ететін мүмкіндік. Сол себепті, еліміздегі барша сайлаушыларды осы мүмкіндікті жібермей, саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамын", – деді ол.
Дәл осы сайлау учаскесінде парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева дауыс берді.
"Сайлау учаскесіне адамдар көптеп, отбасымен де келіп жатыр. Әр азамат өз таңдауын жасай алады. Барлық саяси партия тағы да өз күшін көрсете алады деп сенемін", – деді Аида Балаева.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook парақшасында ел болашағы үшін дауыс беріп, азаматтық борышын орындағаны жайында жазды.
Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент әкімдері сайлауда дауыс берді. Бақытжан Сағынтаев Оқушылар сарайындағы №377 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
"Сайлау коронавирус пандемиясы жағдайында өтіп жатқандықтан учаскелерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету шараларын қабылдадық. Қаланың әр тұрғыны сайлау құқығын орындап, дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалды", – деді Алматы әкімі.
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Instagram аккаунтында сайлау учаскесінде түскен фотосын жариялап, "таңмен өз сайлау учаскемде дауыс бердім" деп жазды.
Партия лидерлері дауыс берді
Парламент сайлауына түскен партиялардың көшбасшылары сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасады.
Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев "Астана Опера" театрындағы №115 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Құрметті қазақстандықтар, ел бойынша маңызды саяси шара өтіп жатыр. Біз мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлаймыз. Бұл дауыс беріп кете салатын шара емес, бұл – әр азаматтың саналы түрде конституциялық міндеттерін орындап, билік тармақтарын құруға қатысуы. Мемлекетіміз парламент, мәслихаттар қабылдаған заңдарға сүйене отырып жұмыс істейді. Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Осыншама жылда аз іс тындырмадық. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бір мақсатқа бірігіп жұмыс істегеніміздің арқасында мемлекеттің негізін қаладық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол дауыс бермеген қазақстандықтарды сайлау учаскесіне келіп, Конституция алдындағы борышын орындауға шақырды.
"Президент ретінде алты рет сайлауға түстім. Қиындықтар болды, бірнеше дағдарысты еңсердік. Қазір әлемді жайлаған пандемия жағдайында тұрмыз. Ұйымшылдықтың, қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында басқа елдерге қарағанда қаупі аз "жасыл" аймақтамыз. Біздің алдымызда пандемияны еңсеру, қалыпты өмірге оралу, сондай-ақ экономиканың нашарлауына әкелген дағдарыстан кейінгі даму міндеттері тұр. Осының бәрін жеңіп, тұрақты даму жолына түсуіміз керек", – деді Nur Otan партиясының төрағасы.
"Қазақстан халық партиясының" төрағасы Айқын Қоңыров елордада №66 мектеп-лицей базасындағы №113 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Біз сайлау әділ өтіп, нәтижесінде мәжіліске өтетін партиялар сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыра алады деп күтеміз. Бұл біз үшін басты басымдық. Сайлау учаскесінің жұмысы жоғары деңгейде. Түнелдер бар, қолғап береді. Менің ойымша, бәрі жақсы өтіп жатыр. Бастысы, сайлау нәтижесінде індеттің тарап кетпеуі дер едім. Өзіңізге қараңыз. Эпидемиологиялық жағдай бақылауда деп есептейміз. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін", – деді Айқын Қоңыров.
ҚХП басшысы Орталық сайлау комиссиясының жұмысы туралы айта кетті.
"Үгіт-насихатқа, бақылаушыларымызға қатысты ешқандай мәселе туындамады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ. Үгіт-насихат жұмысымыз өз деңгейінде болды. Науқанның көп бөлігі интернет арқылы өтті. Партиямызды әлеуметтік желілерде де, электронды және баспа БАҚ беттерінде де лайықты таныстыра алдық", – деді Айқын Қоңыров.
Осы учаскеде "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев те дауыс берді.
"Бұл сайлау ерекше, белгілі бір дәрежеде қиын болды. Өйткені пандемия кезінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу оңайға түспеді. Санитарлық нормаларды сақтау үшін партия үгіт-насихат жұмыстарын аз адамдармен өткізсе де, іс-шаралар көп болды. Елді мекендерді көптеп қамтуға тура келді. Біз кестеге енгізілген іс-шараларды толық орындауға тырыстық", – деді "Ауыл" партиясының көшбасшысы.
Оның айтуынша, кездесулерде халық ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені мәселелерін белсенді көтерді. Ауыл тұрғындарын әлеуметтік қана емес, өндіріс инфрақұрылымы да толғандырады.
"Қазақстан халқы көтеріңкі көңіл-күймен сайлауға қатысады. Себебі, бұл әр адамның мемлекеттік билікті қалыптастыруға деген конституциялық құқығы. Биыл сайлау процесіне тек партия өкілдерін ғана емес, белсенді түрде бүкіл халықты тарттық. Парламентке өту үшін партияға сайлауға қатысушылардың 7% дауысын жинау керек. Сайлаушылар бізге дауыс беріп, кем дегенде шекті деңгейге жетеміз деп үміттенеміз", – деді Әли Бектаев.
Adal партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали "Астана Опера" театрының сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет бұл сайлау дербестікті көрсетті. Партиямыз әлі жас, танымал емес. Тым қысқа уақытта бүкіл елді аралап, көптеген кездесу өткіздік. Ауыл шаруашылығы, IT технология, бизнес, құқықтану, экология және басқа да сала мамандары барлық мәселені көтерді. Олардың саясатқа араласып, әлемді төңкергісі келетін жастар ғана емес, өз жолымен жүріп келе жатқан жастар екені қуантады", – деді партия басшысы.
"Ақ жол" партиясының көшбасшысы Азат Перуашев №122 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол сағат 7.00-ден бастап партия бақылаушылары сайлаудың барысы жөнінде хабарлап жатқанын айтты.
"Өкінішке қарай, кейбір жерлерде бақылаушыларымызға кедергілер туындап жатыр деген ақпарат бар. Бұл мәселелер қалыпты түрде шешіледі деп сенемін. Бұл сайлау ашық өтіп, дауыстар әділ есептеледі деп үміттенемін. Бұл біздің сайлауға қалай қатысқанымызға да байланысты болмақ", – деді Азат Перуашев.
Сайлау учаскелерінде "бақылаушыларға орын жоқ"
Қоғамдық ұйымдар сайлау учаскелерінде бақылаушыларға жағдай жасалмайтынын хабарлады. Семей мен Ридерде ғимараттың кішкентай болуынан учаскеге бақылаушыларды кіргізбеген. Бұл туралы "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының директоры Елена Швецова Facebook-та хабарлаыды.
ОСК мұндай шағым түспегенін, бақылаушыларды, сенімді тұлғаларды, БАҚ өкілдерін орналастыру аймағы бас мемлекеттік санитар дәрігер белгілеген нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылғанын, сондықтан орындар саны шектеулі екенін мәлімдеді. Кейінірек Ридерде бақылаушыларды учаскелерге кіргізген.
Сондай-ақ, "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры дауыс беру басталғалы сайлау учаскелерінде азаматтардың сайлауды бақылау құқығы бұзылып жатқаны туралы жазды. Соның ішінде:
- Бақылаушыларды учаскеге кіргізбеу: жарғыға, қандай да бір құжатқа тиісу;
- Бақылаушылардың жүріп-тұруына тыйым салу және 15 метр алыс отырғызу;
- Заңда жоқ "аға бақылаушылар" деген түсініктің пайда болуы. Олардың міндетіне не кіретіні түсініксіз;
- Бақылаушылар тізімімен танысуға мүмкіндік бермеу;
- Дауыс беру басталмастан сайлау комиссиясы мүшелерінің бюллетеньдерге қол қоюы;
- Бақылаушыларға тіркеуден бас тарту туралы қаулыны негізсіз жазу;
- Бақылаушыны учаскеден заңсыз кетіру;
- Басқа бақылаушылар тарапынан тәуелсіз бақылаушыларды арандату және дискриминация;
- Сайлау комиссиялары тарапынан қысым мен қорқыту;
- Бір кабинада екі сайлаушының болуы;
- Дауыс берудің құпиялығын бұзатын кабинаға бағытталған камералар;
- Фото және бейнетүсірілімге тыйым салу;
- Антисептиктердің болмауы;
- Жеке басты куәландыратын құжаттарсыз бюллетеньдер беру;
- Жұмыс берушілердің талабымен сайлаушылардың өз бюллетеньдерін суретке түсіруі.
Ал Алматыда бақылаушылар не болып жатқанын дәлізден көруге мәжбүр болған. Бұл туралы HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева өзінің Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді.
Алматы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асанова шағын үй-жайлар бақылаушыларды сайлауға жібермеуге себеп болмауы керек деп атап өтті.
"Сайлауды 4 000 астам адам бақылап жатыр. Орын жоқ деп бақылаушыларды кіргізбей қою туралы заңда жоқ. Біздің ойлап тапқанымыз – әлеуметтік қашықтық. Қатысқысы келетіндер өте көп. Сайлау учаскесіне келетін бақылаушылардың нақты санын анықтау мүмкін емес, себебі мұндай құрал заңда жоқ. Мысалы, Қырғызстанда бақылаушыларды алдын ала аккредиттейді. Сайлау комиссиялары бақылаушылардың қанша екенін және қайда баратынын біледі. Бұл жұмысты жеңілдетеді. Біз ешкімде ерте тіркемейміз", – деді Жанна Асанова.
Қазақстанда сайлау учаскелері жабылды
Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21.00-де барлық өңірдегі сайлау учаскелері жабылды. ОСК мәліметінше, астана уақытымен сағат 22.00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдері тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3 пайызын алды. Өңірлер бойынша:
- Ақмола облысы – 72,8%:
- Ақтөбе облысы – 58,8%;
- Алматы облысы – 73,5%;
- Атырау облысы – 56,4%;
- Батыс Қазақстан облысы – 62,4%;
- Жамбыл облысы – 72,2%;
- Қарағанды облысы – 70,7%;
- Қостанай облысы – 71,8%;
- Қызылорда облысы – 73,9%;
- Маңғыстау облысы – 55,0%;
- Павлодар облысы – 71,3%;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 75,5%;
- Түркістан облысы – 65,8%;
- Шығыс Қазақстан облысы – 72,4%;
- Нұр-Сұлтан – 45,1%;
- Алматы – 30,3%;
- Шымкент – 56,5%.
"Дауыс беру негізінен аяқталды. Шет мемлекеттердегі 42 учаскеде дауыс беру әлі де жалғасуда. Сайлау комиссиялары дауыстарды санауға кірісті", – деп хабарлады ОСК мүшесі Константин Петров.
Сайлау учаскесінде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауы керек. Дауыс беру нәтижелері жөніндегі хаттама аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі. Партиялық тізімдер бойынша сайлау нәтижелері ОСК отырысында осы хаттамалардың негізінде айқындалады.
Уақыт белдеуіне байланысты шет елдерде дауыс беру жалғасып жатыр. 11 қаңтар күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 7.00-де ең соңғы болып АҚШ пен Канадада дауыс беру аяқталды.
Exit poll нәтижесі жарияланды
Nur Otan партиясы алдын ала экзитпол бойынша 2021 жылғы парламент сайлауында жеңіске жетті. Партия сайлаушылардың 71,97% дауысын жинады. Бұл туралы "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитова хабарлады.
Зерттеу институтының мәліметінше, сайлауда:
- Қазақстанның халықтық партиясына – 9.03%,
- Nur Otan партиясына – 71,97%,
- "Ауыл" партиясына – 5,75%,
- Adal партиясына – 3,07%,
- "Ақ жол" партиясына – 10,18% дауыс берілді.
Сауалнамаға 24 мың сайлаушы қатысқан және 600-ден астам сұхбат алушы тартылған. 600 учаскеде жүргізілген сауалнама қатысушыларына "Парламент сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?" деген сұрақ қойылды.
Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылдың 17 қаңтарына дейін жеті күн ішінде сайлаудың нақты қорытындысын шығарады.