Маусымнан бастап дәрі-дәрмектердің бағасы барлық жерде бірдей болады. Жаңалықтарға шолу
Атырауда қызды құтқарам деп суға кеткен Шалқар Ақымғалиевтің отбасына әріптестері 29 млн теңге жинап берді
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлеріне көмек бір реттік тәртіпте емес, тұрақты түрде көрсетілетінін баса айтты. Ақымғалиевтер отбасына да материалдық көмек көрсету мәселесі Министрдің қатаң бақылауында екені аталды.
Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында елімізде Ішкі істер саласының 2264 қызметкері мерт болған. Оның 785-і – қызметтік борышын өтеу кезінде, 73-і – аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде көз жұмған.
БҚО-да командирін атып өлтірген полицей 13 жылға сотталды
Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты өзінің бастығы Рүстем Рақышевті өлтірген мамандандырылған күзет қызметінің бұрынғы қызметкері 25 жастағы Серік Гарифқа осындай үкім шығарды. Мұнымен қоса оны сержант шенінен айырды.
Ол жазасын барынша қауіпсіз қылмыстық-түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар жәбірленуші тарапқа 2,7 миллион теңге материалдық және 4,5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс.
Әсемгүл Балташева "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрайымы болып тағайындалды
Жалғыз акционер – ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осындай шешім шығарды. Ол бұған дейін корпорация төрағасының орынбасары лауазымында болған.
Светлана Есбосынова "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" Басқарма төрайымы болды
Ол 2012 жылдан бері Басқарма төрайымының орынбасары қызметін атқарып келген. Зияткерлік мектептер жүйесінде 2009 жылдан бері еңбек етеді. Бұған дейінгі басқарма төрайымы К.Шәмшидинова 2019 жылдың 25 ақпанында Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалып кетті.
Алматы әкімі Twitter-ге тіркеліп, Тоқаевтың аккауынтына жазылды
Бауыржан Байбек өзінің бірінші жазбасында қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесетіні туралы мәлімдеді. Мегаполис басшысы әзірге Президент пен Ақ Орданың ресми парақшаларына жазылды.
Наурыздың аяғында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев республикалық маңыздағы қалалар мен облыс әкімдерімен кездесуінде шенеуніктерге әлеуметтік желілер арқылы халықпен байланысқа шығуды тапсырған болатын. Осыған орай шенділер жаппай әлеуметтік желілерге тіркеліп жатыр.
Санитарлық нормаларды бұзуға қатысты салынатын айыппұлдар мөлшері артты
11 сәуірден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген санитарлық ережелер мен нормаларды бұзғандарға салынатын әкімшілік айыппұлдарды көбейтуге қатысты түзетулер күшіне енді. Ол бойынша айыппұлдар орта есеппен 10 есеге дейін артады.
Елорданың қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, улануға себеп болмаған жағдайлар үшін жеке тұлғаларға – 30 айлық есептік көрсеткіш (бұрын 10 АЕК болатын), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (бұрын 20 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК (бұрын 40), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 АЕК (бұрын 120 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Департаменттегілер кәсіпкерлерге санитарлық ережелер мен нормаларды қатаң сақтауға кеңес берді.
Байбек "Көк-жайлау" курортының құрылысын кейінге қалдыруды ұсынды
Қала басшысы жобаның кейбір тұстарын толықтырып, қайта қарауға тапсырма берді. "Бұл мәселе төңірегінде асықпай, сарапшылардың пікірлерін де ескеруіміз керек. Қазіргі курорттардың дамуының өзі 3-5 жыл уақыт алады. Осы уақыт аралығында көп тәжірибе жинақтаймыз, мамандарды әзірлеп, қала тұрғындары мен қонақтарының пікірін зерттейміз. Тек содан соң ғана Көкжайлау тау шаңғысы курортының құрылысына кірісуге болады" деді әкім. Қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан оның ұсынысын қолдады.
Б.Байбектің бұл ұсынысын мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та қолдады. "Менің ұсынысыммен қабылданған шешімді толық қолдаймын. Бұл мәселеде асығыстық танытудың қажеті жоқ"деді ол Twitter-дегі жазбасында.
Қажымқан Мәсімов қайтыс болды
Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының басшысы биыл 80 жасқа толуы керек еді. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 9 сәуірде Алматыдағы Ғылым академиясында сағат 10:00 өтеді.
Қажымқан Мәсімов – бұрынғы Премьер-министр, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовтың әкесі.
Науқастарға тегін дәрілерді бермеуге қатысты 20 қылмыстық іс қозғалды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша, пациенттерден түскен шағымдарға байланысты 2018 жылдың көктемінде министрлік тарапынан мониторинг тобы құрылған. Тексеру нәтижесінде еліміздің 11 өңірінде 2016-2017 жылдарға арналған 4,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі пайдаланылмай қалып қойғандығы анықталған. Ал дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай ақпараттық жүйесінде бұл дәрі-дәрмектер науқастарға берілген деп көрсетілген. Осыған байланысты ҚР Бас прокуратурасы 20-дан астам қылмыстық істі қозғаған.
Комитет төрағасы биылғы жылы маусымнан бастап дәрі-дәрмектердің бағасы барлық жерде бірдей болатынын жеткізді.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Алдағы үш күнде еліміздің оңтүстігі жаңбырлы болады. Қазақстанның оңтүстік облыстары арқылы атмосфералық ағындармен қоса жылжитын циклоналдағы үш тәулікте жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсерге себепші болады. Оңтүстік өңірлерде найзағай жарқылдап, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Қалған аймақтарда антициклон ықпалында болады, сол себепті кішігірм жауын-шашын болжанады және көп жерлерде күн райы ашық болмақ. Елімізде ауа температурасы орташа көпжылдық көрсеткіштен 2...6°С жоғары болып сақталады.
Baq.kz: Польша университеттері тегін білім гранттарын ұсынады. Үкіметаралық келісімшарт аясында Польша үкіметі қазақстандықтарға 100% тегін білім алу мүмкіндігін ұсынып отыр. Келісім бойынша бакалавриат 3 , магистратура 4 және докторантура 4 орындық бағдарламаларды ұсынып отыр. Стипендия тегін оқуды, жатақханада ақылы негізде тұру мүмкіндігін (80–150 евро шамамен), докорантура бағдарламаларындағы студенттерге айлық шәкіртақыны (300 евро шамамен) қамтиды. Толық ақпаратты, қажет құжаттарды "Болашақ" халықаралық стипендиясының сайтынан алуға болады.