Айдира Смаилованың анасы Әсел Жексембаева 2019 жылдың басында Бүкіләлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің біріккен грантын ұтып алған. Грант PhD бойынша АҚШ-тың Мичиган штатындағы университетте 6 ай оқуға мүмкіндік береді. Осыған орай, маусым айында Смаиловтар отбасы АҚШ-қа көшіп, Айдира Мичигандағы Окемос қаласындағы Кинава орта мектебінде оқуын жалғастырған.

Шетелдік оқушыларға америкалық мектепке бейімделу қиын ба?

Айдира АҚШ-қа келгенге дейін елордадағы лингвистикалық бағытта тереңдете оқытатын №17 мектеп-гимназиясында оқыған. Ағылшын тілін білуі салыстырмалы түрде жоғары болғандықтан, жаңа мектепке бейімделу процесі оған аса қиындық тудырмапты.

– Бастапқыда тек таза ағылшынша сөйлейтін америкалықтармен сөйлескенімде аздап қиындықтар болды. Бірақ, олардың сөйлеу мәнері мен жиі қолданатын сөздеріне жылдам үйрендім, – дейді Айдира.

Отандасымыз америкалық мектептердегі оқушылар жаңадан келген оқушыны өз орталарына жақсы қабылдайтынын айтты. Ал жаңа ортаға түскен жаңа оқушы өзін еш жалғыз сезіне қоймайды екен.

– Бірінші күннен көп дос таба бастадым. Барлығы менімен жақсы қарым-қатынаста болды. Сондықтан, жаңа ортаға келгенім өзіме аса қатты байқалған да жоқ, – дейді ол.

"Барлық құрлықтан келген сыныптастарым бар"

Айдираға қызық болған тағы бір жәйт сыныптастарының түрлі елден келгені болыпты. Оның сыныбында Қытайдан, Үндістаннан, өзге де Азия және араб елдері мен Оңтүстік Америкадан келген оқушылар да бар екен.


Айдира сыныптастарымен бірге / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Менің достарым – әлемнің түкпір-түкпірінен келгендер. Барлық құрлықтан келген сыныптастарым бар. Олардың тәрбиесі, мәдениеті мен өмірлік ұстанымдары әртүрлі. Әрқайсымен сөйлескенде, өзіме жаңа әлемнің есігін ашқандай боламын, – дейді Айдира.

Оқи отырыңыз: Чикагода жаңа жылға дайындық қарқыны қандай? Фоторепортаж

Америкалық оқытушылар оқушылармен қалай жұмыс істейді?

– Жақында сыныбымызға Қытайдан жаңа оқушылар келді. Соңынан белгілі болғандай, олар ағылшын тілін мүлде білмейді екен. Мектеп әкімшілігі оларға сабақтан кейінгі уақытта қосымша курстар ұйымдастырды. Ал сабақ барысында мектеп оқытушысы тілді нашар білетін оқушыларға тақырыпты бөлек түсіндіреді, – дейді отандасымыз.

Айдираның айтуынша, оқытушылар әртүрлі оқушылармен болуы мүмкін түрлі қиындықтарға арнайы дайындалған. Себебі, әртүрлі ұлт өкілдерінің бір мектепте оқуы түрлі келіспеушіліктер тудыруы мүмкін. Себебі, оқушылардың мәдениеті, өмірлік ұстанымдары, діни сенімі және нәсілі бөлек болғанда, оларды бір жүйемен оқыту өте күрделі.

– Оқытушылар ешқашан эмоцияға берілген емес. Себебі, мультимәдени ортадағы оқушыларға ол әрқалай әсер етуі мүмкін. Сондықтан, оқытушылар оқушыларға барынша серіктес, көмек қолын созушы болуға тырысады, – дейді ол.

Күрделі әрі жеңіл сабақтар

Айдира америкалық мектепте Қоғамтану пәнін ерекше ұнатыпты. Сондай-ақ, бұл оған ең қиын дәрістердің бірі болыпты. Себебі, ол Қазақстанда оқыған мектепте осыған ұқсас сабақ болмаған.

– Қоғамтану сабағы бізді қоршағанның барлығын түсіндіреді. Мысалы, біз осы сабақ арқылы өзіміздің ғаламшарымыздың құрылымынан бастап, түрлі елдердің экономикасына дейін үйрендік, – дейді ол.



Айдираның айтуынша, америкалық мектептерде оқытатын математика сабағының деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда біршама жеңілдетілген. Ол Қазақстанда математикадан 5 сыныпта өткен тақырыптарын, АҚШ-та 6-сыныпта қайталапты.

– Математика сабағында тек белгілі бір есептік терминдерді есептемегенде, тілдік шектеу болған жоқ. Мұнда берілген есепті шығарсаңыз болды. Ал есеп шығарудан еш қиындық көрмедім. Сол себепті де математика маған оңай болды, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Детройттағы қазақ: "Көліктер жүріп жатыр, демек тіршілік те бар"

Оқушы өз таңдауын жасай алады

– Мектептегі оқушылар түрлі сабақтар барысында өз қызығушылықтары жайлы айтып, сол бағытта дами алады. Оқытушылар да олардың өзі қызыққан сабақтарына қатысуға мүмкіндік жасайды, – дейді ол.

Айдираның айтуынша, оқытушылар әрбір оқушының тұлғалық әрі көшбасшылық қасиеттерінің дамуына аса мән беріп, олардың таңдауын құрметтейді. Оларға, тіпті, сабақ барысында да еркіндік беріледі екен.

– Әр сынып бөлмесінің артқы жағында оқушылар бос уақытын өткізетін демалыс орны бар. Оқушылар, тіпті, сабақ кезінде де сол жақта уақыт өткізе алады. Тек сабақтың барысына кедергі жасамаса болғаны, – дейді ол.

Үздіктер мен орта деңгейлі оқушылар бөлек оқиды

Айдира кейбір сабақтарда оқушылар екі топқа бөлінетінін айтты. Оқушылар сабақтағы білім деңгейіне қарай бөлінеді екен. Мысалы, математика сабағында бір сыныптағы оқушылар стандартты және жоғары білікті топ болып екіге бөлінген.


Айдира мектептегі достарымен бірге / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Америкалық білім беру жүйесінде озат оқушылар өздері сынды үздіктермен оқыса, сабақты одан да жылдам үйренеді деп сенеді. Ал орташа білімді оқушылар озаттардан артта қалып, оқуға талабын жоғалтпауы үшін бөлек топта үйренеді. Менің ойымша, бұлай топтау онша дұрыс емес. Оқушыларды бөлмеу керек. Аз білетіндер озаттардан үйреніп, солардың деңгейіне талпынғаны жөн, – дейді ол.

Айдира математика пәнінен үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың қатарында болғандықтан, ол озат оқушылар тобында білім алады.

Үй тапсырмасы аз беріледі

Отандасымыздың айтуынша, америкалық мектептерде оқушыға үйге үйіп тапсырма берілмейді. Есесіне олар сыныпта түрлі тақырыптарды талдап, сабақ барысында тәуелсіз жобаларды көбірек жүзеге асырады.

– Оқушыларға еркіндік берілген. Мұнда Қазақстандағыдай көп үй тапсырмасы берілмейді. Әрине, үйге берілетін тапсырманың көп болуы да оқушының дамуына септігін тигізеді. Америкалық оқытушылар оқушылардың үйінде тапсырмалармен әлек болмай, отбасымен бірге көбірек уақыт өткізуін және сабақ кезінде де өзін еркін сезінуін қалайды, – дейді ол.

Сондай-ақ, америкалық мектептерде оқушылар оқулықтарын арқалап жүрмейді. Олардың барлық кітаптары мен үй тапсырмалары онлайн түрде беріледі.

– Оқытушылар Google Classroom қызметі арқылы бізге үй жұмыстарын беріп отырады. Біз де тапсырманы орындап, сол веб-бетке жүктейміз. Қағаз жүзінде оны тапсырып, не оқулық арқалап жүрмейміз, – дейді қазақстандық оқушы.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды

Нақтылық vs. Логика

Америкалық мектепте оқып жүрген отандасымыздың айтуынша, америкалық мектептерде үй тапсырмалары көбірек ойлауға, логиканы дамытуға бағытталған.

– Қазақстанда оқып жүргенімде көбіне нақтылыққа негізделген тапсырмаларды орындағанымды түсіндім. Нақты жаттаулар немесе есептер. Ал америкалық мектепте сіз көбірек сыни ойлауға бейімделіп, логиканы дамытасыз. Мысалы, белгілі бір тақырыпта эссе жазу тапсырылса, ол тақырыпты қай қырынан ашу, қалай қорытындылау өз қолыңызда. Сіз еркін ойлауға, сын келтіруге үйренесіз, – дейді ол.



Айдираның айтуынша, оқытушылар, тіпті, математика сынды нақты сабақтарда да есептерді қатаң өзгермейтін ережелер негізінде емес, логиканың көмегімен шешуге үйретеді.

Сондай-ақ, оқытушылар оқушылар жазған эсселердің грамматикалық қателіктеріне қарағанда оның идеясына көбірек баға береді екен. Себебі, идеяны бала кезден ұштау оқушылардың сыни ойлауын дамытады.

– Language Art атты дәрісте біз апта сайын эссе жазамыз. Бұл Қазақстандағы әдебиет сағабына ұқсайды. Бірақ, америкалық мектептегі эссе жазу стилінің біздегі әдеби шығармалардан айырмашылығы бар. Ол оқытушының берген бағдарына тәуелді деп ойлаймын. Эссенің жазылу форматына қарағанда оның идеясын ұштауға көбірек уақыт жұмсаймыз, – дейді ол.

Әрбір оқытушының жеке көмекшісі бар

– Қазақстандық және америкалық білім беру жүйелерінің тағы бір айырмашылығын байқадым. Америкалық мектептердегі оқытушылардың көмекшілері бар. Егер оқушы сабақ тақырыбын не үй тапсырмасын түсінбей қалса немесе тілді жақсы білмеуінен үлгерімі нашарласа, оқытушының көмекшілері олармен қосымша уақытта дайындық жұмыстарын пысықтайды, – дейді ол.


АҚШ-тың Мичиган штаты Окемос қаласындағы Кинава мектебінің сыртқы көрінісі / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Айдираның айтуынша, оқытушы мен оның көмекшісі бір-бірімен қойын-қолтық жұмыс істейді. Мысалы, көмекші қай оқушының қандай қиындықтарға тап болғанын, қай тақырыпты түсінбегенін оқытушыға хабарлап отырады. Содан кейін, оқытушы да сол оқушыларға асықпай түсіндіріп, назар бөлуге тырысады.

Оқи отырыңыз: "Болашақ" студенттері АҚШ-та қазақтар құрылтайын өткізеді

Оқытушы мен оқушы арасында мәселе туындаса ...

Отандасымыздың айтуынша, мектеп әкімшілігі оқушылардың кез келген мәселелерін шешуге әзір тұрады екен. Ал мектеп директорымен кездесу үшін арнайы рұқсат не кездесу уақытын бекіту міндетті емес.

– Америкалық оқытушылардың эмоцияға беріліп, оқушымен сөз таластырғанын еш көрмедім. Егер оқушылар үй жұмысын жасап келмесе, оған тақырыпты тағы бір рет түсіндіреді, – дейді Айдира.

Қазақстандық оқушының айтуынша, білім алушыларды психологиялық қолдаудың түрлі жолдары да бар екен. Мектепте арнайы психологтар жұмыс істейді. Егер оқушылар оқу не отбасы жағдайларына орай эмоциялық қиындыққа тап болса, мектеп әкімшілігі арнайы көмек түрі бойынша қолдау көрсетеді.

– Жақында мектепте бізге бір жаңа мобильді қосымшаны таныстырды. Ол арқылы қиындыққа тап болған оқушылар көмек ала алады. Оқушылар телефонмен қоңырау шалу не хабарлама жазу арқылы өз мәселесін айта алады, – дейді ол.


Айдира сыныптасының отбасымен бірге / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Айдира айтқан қосымша OK2SAY деп аталады. Бұл қосымша, әсіресе, тұйық оқушыларға көп көмегін тигізеді. Егер оқушы тікелей оқытушымен немесе директормен өз мәселесін талқылай алмаса, смартфондағы қосымша арқылы қолдау ала алады екен.

Қазақстан жайлы білгісі келеді

Отандасымыз соңғы жарты жыл оқу барысында Қазақстан жайлы бірқатар эссе жазыпты. Ол осылай өз сыныптастарына және оқытушыларына Қазақстан туралы базалық мәліметтерді беруге тырысқан.

– Сыныпта түрлі нәрселерге қызығатын оқушылар көп. Мысалы, мен белгілі бір сөздердің қазақ тіліндегі аудармасы қалай болатынын жиі сұрайтын сыныптастарым бар. Оларға бұрын соңды естімеген тілде қандай да сөз айту қызық, – дейді ол.

Осылай Айдираның көмегімен, Кинава мектебіндегі оқушылар Қазақстан жайлы үйреніп, қазақ тіліндегі бірқатар сөздерді жаттап үлгеріпті.

Америкалық мектептер медиаға жабық

Informburo.kz тілшісі мектеп әкімшілігіне байланысқа шығып, Айдираның үлгерімі және мектепке бейімделу барысы жайлы білуге тырысты. Өкінішке орай, оқу үлгерімі бойынша жауапты маман өтінішті жауапсыз қалдырды. Ал мектеп аумағында видео не фото түсірілім жасау не сұқбат алу да қатаң шектелген екен.

Десе де, Кинава орта мектебінің директоры Стивен Стирлей informburo.kz тілшісінің тек жалпылама сұрақтарына электронды пошта арқылы жауап беруге келісті.

– Әрбір оқушыны global citizen (жаһандық азамат – ред.) болуға тәрбиелейміз. Сол себепті де мектептегі әрбір оқушының оның әке-шешесін жеке тану мен үшін өте маңызды. Мен оларды таңертең мектеп алдында күтіп алып, әр қайсысымен амандасамын, – дейді мектеп директоры.

Стирлейдің айтуынша, шет елдерден келген әрбір оқушы тілді білу деңгейін анықтау үшін WIDA (World-Class Instructional Design and Assessment, АҚШ Білім беру департаментінің шетел оқушыларына арналған тесті) тестін тапсырады. Содан кейін, әрбір оқушыға жеке оқу кестесі дайындалады екен. Себебі кейбір оқушыға көбірек тіл курсын алу қажет болса, тағы біреулеріне бірнеше апта дайындық жеткілікті болуы мүмкін.

– Кейбір оқушылардың тіл білу деңгейі өте төмен болады. Мұндай кездерде алғашқы апталарда оқушылармен байланыс орнату үшін Мичиган штаты университетінің көмегіне жүгінеміз. Аталған университеттен бізге аудармашылар көмекке келеді, – дейді ол.