Мұғалімдердің жалақысы қалай өседі? Есептейік
Болашақ басшыны да, ғалымды да, еңбекқор егіншіні де, кеншіні де ұстаз өсіреді. Сондықтан ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында тер төгетін мұғалімнің дәрежесін көтермей болмайды.
ҚР Президентінің дәстүрлі Жолдауындағы мұғалімдердің жалақысын 30%-ға көбейту тапсырмасына сай биыл мұғалімдердің жалақысы өсті. Сонымен қатар, қосымша үстем ақы жүйесі де енгізілді. Оған тек шәкірттерін халықаралық стандарттарға сай бағдарламамен оқытып жүргендер ғана қол жеткізе алады. Категориялары ұлттық біліктілік тестісі арқылы анықталады.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасындағы маңызды жаңалықтар
Бұл тәсіл қалай, қашан жүзеге асады? Жоғары жалақы алу үшін мұғалімдерге не істеу керек? Әуелі ұстаздардың жалақысының қалай есептелетінін түсініп алайық.
Ұстаздардың айлығы шайлығына жететін болды
Мұғалімдер санатына қарай әр түрлі еңбекақы алады. Ұстаз:
- Еңбек өтілі;
- Өтелген сағат саны;
- Біліктілік деңгейі жоғары болған кезде жоғары жалақы алады.
– Ұстаздардың жалақысын өсіру екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, төменде көрсетілген кесте бойынша жүзеге асады. Екіншісі, ұлттық біліктілік тестісін тапсырып, өздерінің білімін растаған мұғалімдер жалақысын 20-50 пайызға дейін көтере алады, – деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова бізге берген эксклюзив сұқбатында.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң: педагогтарға қандай жеңілдіктер жасалады?
– Статистикалық мәліметтерді сөйлетер болсақ, 2018 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында 205 729 оқытушының жалақысы көтеріледі. Оның ішінде қаңтар айында 115 304, қыркүйекте 90 425 мұғалімнің, ал, 2019 жылдың қыркүйегінде 295 841-інің айлығы өссе, 2020 жылы 304 098 ұстаз жоғарылатылған еңбекақыны алатын болады, – деді Бибігүл Асылова.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы талқылауға түспей жатып, мұғалімдердің наразылығын тудырды
Ауыл мұғалімінің жалақысы жоғары болады
– Толық оқу жүктемесі енгізілгеннен кейін жоғары нәтижеге қол жеткізе аламыз. Қала мұғаліміне қарағанда ауылдың ұстаздары жоғары жалақы алатын болады. Мәселен, 15 жылдық еңбек өтілі бар I санаттағы қала мұғалімінің алып жүрген жалақысына 24 050 теңге қосылады. Бұл дәптер толтырып, сынып жетекшісі болып, оқыту кабинеттерін меңгергені үшін алатын ақы. Дәл осындай еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады, – дейді вице-министр.
Сонда қаншаға өседі? Қалада...
– Енді ғана қалалық жерде жұмысқа орналасқан мұғалім осы күнге дейін 56 630 теңге алып келді. Енді айлығына 22 475 теңге қосылып, 79 105 теңге алатын болады. Егер біліктілік тестінен өткен жағдайда 96 095 теңге ай сайын қалтасына түсіп отырады. Осы тұста еңбекақының екі есе өскенін байқайсыз, – деді ол.
Оқи отырыңыз: Алматыда ең үздік атанған мұғалім автокөлік ұтып алды
Ауылда...
Мұғалім бір сағат үшін кем дегенде 3146 теңге алады
– Базалық лауазымды айлық (БЛА) жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл 17 697 теңге болса, осыған әрбір мұғалімнің еңбек өтілі мен біліктілігіне сай коэффиценті көбейтілгенде нақты айлығының көлемі анықталады. Ал, коэффицент дегеніміз не? Ол – біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары, бірінші, екінші санаттысы мен мүлдем санаты жоқ ұстаздардың еңбек өтіліне шаққандағы көрсеткіш, – деп түсіндірді Бибігүл Асанова.
Коэффициенттің нақты санын заңның сілтемесінен біле аласыздар. Ол осы мақаланың соңында.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдер мен дәрігерлерге бастапқы жарнасыз баспана беріледі
Заң бойынша, кез-келген мұғалім 18 сағат сабақ беруі керек. Егер 24 сағат сабақ берсе, нақты жалақы мөлшері арта түседі. Мысалы, үш жыл еңбек өтілі бар, немесе мүлдем категориясы жоқ мұғалімнің бір сағатының құнын есептеп беретін болсақ. Әрбір сабағы үшін 3146 теңге алып отыр. Оған дәптер толтырып, сынып жетекші болғандағы бағаны қосыңыз. Тест тапсырып, біліктілігін дәлелдесе, жалақысы тағы өседі, – деді ол.
Сынып жетекшісі болғаны үшін де қосымша ақы төленеді
– Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне арналған №1193 қаулы бар. Онда еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы қарастырылған. Мектептердегі зертханаларды, шеберханаларды, оқу-консультациялық пунктерді меңгергені үшін базалық лауазымды жалақыға 20 пайыз қосылады. Демек, 17 697 теңгені 20 пайызға көбейтсек, 3539 теңге қосылады. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 25 пайыз, аралас шеберханалар болған кезде 30 пайыз артады.
– 1-4 сыныптарға жетекші болғаны үшін базалық жалақыға 25 пайыз қосылып, 4411 теңге қалтасына түсіп отыр. Ал, 5-11 сыныптар үшін 30 пайыз, яғни 5294 теңге. Ал, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында жетекшілік жасаса, оларға да 25 пайыз артады, – деп егжей-тегжейлі баяндап берді.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда оқытушы тапшы. Қандай пән мұғаліміне сұраныс көп?
Ескере кететін тұс: мектептер мен мектеп-интернаттардағы (даму және оқу мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын арнаулы түзету ұйымдарынан басқа) бір сыныпта оқушы саны он бестен кем болса, мұндағы көрсеткіштер өзгереді. Сынып жетекшілігі және дәптерлер мен жазба жұмыстарын тексергені үшін белгіленген қосымша ақы мөлшерінің 50 пайызы жүргізіледі. Бұл тәртіп сондай-ақ сыныптарды кіші топтарға бөлгенде де қолданылады.
Дәптер мен жазбаша жұмысты тексергенде
1-4 сынып мұғалімдеріне базалық жалақыға 20 пайыз, 5-11 сынып мұғалімдеріне 25 пайыз қосылады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына, қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша (математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша) базалық лауазымды жалақыға 20 пайыз өседі.
Бұл дегеніңіз – 3539-4424 теңге аралығы.
Оқи отырыңыз: Ұстаздардың жалақысы қалай есептеледі? Мектеп директорларын 5 жылда бір рет алмастырып тұру керек пе?
Физика, химия, биология, информатиканы ағылшынша өткізсе
– Негізгі және жалпы орта білім оқу бағдарламаларын ағылшын тілінде беретін білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне базалық лауазымдық айлыққа 200 пайыз қосылады. Сонда 35 394 теңге шығады. Мұны білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды, – дейді Бибігүл Асылова.
– 2019 жылға дейін ағылшын тілінде оқытылатын төрт пәннің біреуі болса да қалалық өңірде өтуі керек. Біртіндеп осыған қарай келе жатырмыз. Сол кезде 10-11 сынып оқушылары ағылшын тілін еркін меңгеретін болады, – деді вице-министр Абай Аймағамбетов.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеген оңай емес
Мұндай жағдайлар 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңына сәйкес қарастырылады. Ақыл-ойының даму мүмкіндіктері шектеулі бірақ білім беру орындарында оқуға болатын балалармен жұмыс істегені үшін 7078 теңге алады.
Сонымен қатар психоневрологиялық паталогиясы бар (білім беру ұйымдарында оқуға болмайтын) балалармен жұмыс істегені үшін базалық лауазымды айлық (БЛА) 50 пайызға артады. Бажайлап қарасаңыз, 8848 теңге қосымша ақы төленіп отыр. Психикалық және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдармен жұмыс істегені үшін де солай. Мүгедектерге арналған арнайы білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 5309 теңге беріледі.
Оқи отырыңыз: "Заң жобасы әлі жазылған жоқ". Білім министрлігінің өкілдері өз сөздерінен өздері шатаса бастады ма?
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары мен тәрбие колониясындағы ұстаздардың жайы қалай?
– Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің жанынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, мектептерінде;
– Кешкі (ауысымдық) жалпы орта білім беру мектептеріндегі және оқу-консультациялық пунктерінде;
– Мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мекемелердегі балалармен жұмыс істегені үшін БЛА-ға (базалық лауазымдық айлыққа) 30 пайыз қосымша төленеді. 17697 теңгені 30 пайызға көбейткенде 5309 теңге болады.
Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді болады
Мамандандырылған мектептер мен дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, колледждерінде бейіндік бағыттағы пәндер бойынша оқытушыларға 7058 теңге беріледі. Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын оқу орындарының, сыныптардың, топтардың мұғалімдерінің қосымша ақысы сәл басқаша. Заманауи стандарттарға жауап беретін
– лицейлердің,
– гимназиялардың,
– техникалық лицейлердің,
– мектепке дейінгі және жалпы білім беру бағытындағы оқу тәрбие кешендерінің,
– балаларды тәрбиелеу шет тілінде жүргізілетін мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім беру ұйымдарында жұмыс істейтіндерге 3539 теңге төленеді. Өндірістік оқытуды ұйымдастырғаны үшін 17 647 теңге. Нақтылай түссек, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлерін оқытса, БЛА (базалық лауазымдық айлық) мөлшерін алады екен.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдер балаларын бала-бақшаға кезексіз бере алады
Біліктілік деңгейіне байланысты тест қыркүйек айына қарай өтеді
– Алда келе жатқан сынақтан өткеннен кейін жалақы 20 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мысалы, егер 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімі тест арқылы бір саты жоғары деңгейге өтсе, онда қосымша ақы 28 мың теңге, ал ауыл мұғалімі үшін 36 мың теңге, – деді вице-министр Бибігүл Асылова.
– Модератор-мұғалім 20, сарапшы-мұғалім 30, зерттеуші-мұғалім 40 пайыз, шебер-мұғалім екені дәлелденсе, 50 пайыз мөлшерінде жалақысына үстем ақы қосылады. Осы тұста айта кететін жайт, аттестациядан өтпей қалған күннің өзінде мұғалімнің бастапқы категориялары сақталады. Заң бойынша, мұғалімнің біліктілік деңгейі бес жыл бойы сақталады, – деп жіліктеп берді ол.
Оқу әдістемесінде қандай өзгерістер болмақ?
– Балаларды ерте жастан дамыту бойынша үлкен міндеттер қойылып отыр. Ата-аналар да көптен бері осы сұрақты көтеріп келеді. Ерте оқуды, ерте жазуды үйрету үшін ең алдымен оқу бағдарламаларын өзгертсек деп отырмыз. Оқулықтарды қайта басып шығару жағын да ойластырудамыз.
Екінші мәселе, оқушылардың оқу жүктемесі қысқартылатын болады. Үйге берілген тапсырма 150 минуттан аспауы керек. Бір жақты ғана қарастыратын мәселе болмағандықтан, толығырақ сараланғаннан кейін шешім қабылдаймыз. Мектепті өздері таңдайтын бірнеше оқу жоспарын ұсынатын боламыз. Әр түрлі типтегі мектептер (гимназиялар, лицейлер, мүгедектерге арналған мектептер т.б.) бір ғана жүйелік жоспарға ауысады, – деді вице-министр Абай Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Мектептегі қасырет
Күнделіктің көшірмесі жасалынбайтын болды
– Электронды күнделікке біртіндеп көшіп жатырмыз. Осыдан кейін бағаны өшіріп, басқасын қоя алмайтын болады. Ауылды жерлерде ғаламторға қолжетімділігі төмен болғандықтан, бұл жағын да ескереміз. Енді ұстаздар бағаны ұялы телефонмен де қоя алатын болады. Көктемге қарай осы жобаға жетсек деген ниетіміз бар. Ғаламтордың жылдамдығы жақсы мектептер міндетті түрде электронды күнделікке ауысады, – деді ол.
Жоғары оқу орындарындағы еңбекақы жүйесі өзгертілгелі жатыр
– Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылып, академиялық еркіндік алады. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Оқытушы-профессорлар құрамының жалақысын көбейту мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді.
Елордалық мұғалім мәртебесі қарастырылады
– Елордалық мұғалім мәртебесін енгізу мәселесін біз енді қарастырамыз. Бұл мәселе әзірге қаралған жоқ. Бізге қаншалықты қажет екенін еліміздің барлық педагогтарымен талқылап, анықтап алуымыз қажет.
Оқи отырыңыз: Президент мұғалімдердің айлығын екі есеге көтеруге тапсырма берді. Жоғары жалақы ұстаздардың қолына қашан тиеді?
Содан кейін ғана ауыз толтырып айтуға болады. Бізде еңбекақыны төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілген. Ол барлық қызметкерге ортақ және өңірлік ерекшеліктерді ескермейді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы бұл мәселені шешуі мүмкін. Себебі, сіздер білесіздер, Астанадағы мектептер оқушыларға лық толы.
Біздің ойымызша, осы жүйе бірқатар мәселені, соның ішінде мұғалімдерді ынталандыру мәселесін де шешеді. Біз Астананы кездейсоқ таңдап отырған жоқпыз. Яғни, мектептерде тиісті қаржыландыру енгізіледі, ал онда сыныптағы оқушылар саны мен мұғалімнің оқу жүктемесі ескеріледі, – дейді мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова.
Қосымша ақы туралы толығырақ білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз. Коэфициентті де таба аласыз.
Қызметіңіз туралы түсінбеген тұстарыңыз болса, осы тұстан біле аласыз.