Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасындағы маңызды жаңалықтар
"Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасына қатысты алғашқы материал шыққан соң, Білім және ғылым министрлігіндегі жұмыс тобының өкілі informburo.kz тілшісімен кездесіп, заң жобасындағы жаңалықтар туралы және оның қай уақытта қабылданатынын айтып берді.
Ең бастысы, мұғалімдер арасында тарап кеткен алдыңғы құжаттың қайдан шыққанын және оны кімнің әзірлегені белгілі болды.
Жиырма күннің ішінде қанша жұмыс атқарылды?
Бізбен сұхбаттасқан Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаевадан ең алдымен жұмыс тобының қашан құрылып, кімдердің басшылық етіп отырғанын сұрадық. Себебі, ұстаздардың көбі бұл ақпараттан бейхабар екенін айтқан
– Жұмыс тобы министрдің (Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің – авт.) 2018 жылғы 31 қазандағы №608 бұйрығына сәйкес құрылған. Оның құрамында әртүрлі саланың өкілдері, мемлекеттік органдардың, мұғалімдердің құқығын қорғайтын кәсіподақтың өкілдері, мектеп директорлары және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары бар. Яғни, жұмыс тобы мүдделі тараптардың өкілдерімен қамтылған. Жұмыс тобының басшысы – білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, – дейді Айман Дүйсенбаева.
Оқи отырыңыз: Педагог мәртебесі туралы заңды Үкімет бекітті. Нұр-Сұлтанда жас мұғалімдерге жатақхана беріледі
Қазір жұмыс тобы "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасымен қатар, тұжырымдамасын қоса дайындап жатыр. Спикер хабарлағандай, Заңда болатын мәселелердің бәрі тұжырымдамадан табылу керек. Министрлікке қарасты "Білімді ел" газетіне жобаға қатысы 300-ден астам ұсыныс келіпті. Қазір заң жобасының тұжырымдамасы ашық үкімет порталына ілінген. Талқылау 4 желтоқсанға дейін жалғасады.
Заң ұстаздарға қандай жақсылық әкеледі?
– Әрбір ұстаздың ойында осы сұрақ жатқан шығар деп ойлаймын, – дейді бізге жауап берген Айман Дүйсенбаева.
Оның айтуынша, бұрын "Білім туралы" заңның бір тармағы ғана болған "мұғалім мәртебесі" деген сөзді мемлекет деңгейінде көтеріп отырған алғашқы құжат осы.
– Және ұстаз мәртебесі қазір жеке заң ретінде әзірленіп жатыр. Заң жобасы арқылы мұғалімді қорғайтын, қолдайтын талап енгізбекпіз. Қазір де, бұрын да жергілікті әкімдіктер мұғалімнің функциясына жатпайтын жұмыс жүктейтін. Заңмен ең бірінші осы мәселені жойғымыз келеді, – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасы талқылауға түспей жатып, мұғалімдердің наразылығын тудырды
Заң жобасы қабылданса, мұғалімдерге пәтер мен көлік тегін беріледі
Жұмыс тобының өкілі хабарлағандай, бұл заңды білім саласына қатысты өзге заңдардан ерекшелендіретін бірнеше жаңа бап бар. Соның бірі – ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты жергілікті әкімдіктерге біраз құқық беру. Айман Телманқызы бұрын бұндай басымдықтар болмаған дейді.
– Заң арқылы жергілікті жерге көп құқық бергіміз келеді. Кейбір жергілікті атқарушы органдар мұғалімге жеке сыйақы беріп, жергілікті бюджеттен пәтер бергісі келеді. Құжатта жергілікті әкімдіктердің осындай әрекеттерін заңдастырып беру |
Айман Дүйсенбаева / Сурет pavlodarnews.kz сайтынан алынды |
көзделген. Бұндай бұрын болмаған. Бұрын жылына бір рет өтетін "Үздік педагог" сияқты конкурс жеңімпаздарына ғана сыйақы не пәтер берілетін. Ол жылына бір рет қана. Ал мұғалім мәртебесі туралы заңда басқаша болады, – дейді спикер.
Бұдан өзге, заң қабылданса ұстаздардың балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезексіз бара алады. Яғни, балабақшаға келгенде ұстаздар енді айлап-жылдап кезек күтпей, жасы толса баласын еш кедергісіз орналастыра алады. Бұл міндетті де жұмыс тобы жергілікті әкімдіктерге жүктеген.
Оқи отырыңыз: Педагогтердің еңбек демалысы 56 күнге ұзарады. "Педагог мәртебесі туралы" заң тағы қандай әлеуметтік кепілдіктер ұсынады?
Жақсы маманның бәрі мұғалім бола алады
Заң жобасында сондай-ақ мұғалімнің кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау тетіктері көбейген деуге болады. Әсіресе, мамандарды қайта даярлау бұрынғыдан өзгерек тәртіппен жүрмек. Мысалы, мамандығы химик адам педагогикалық курстан өтсе, мұғалім бола алады.
"Немесе, қолданбалы математиканы жақсы білетін, бірақ педагог болмаса да қайта даярлаудан өтіп, мектепте мұғалім қызметін атқара алатын еді. Заңда осы мәселені де көтеріп отырмыз", – дейді сарапшы.
Мұғалімді басынғандар жазаланады
Айман Дүйсенбаева "Мұғалім мәртебесі" туралы заң жобасында жалақы мәселесі де қозғалған дейді. "Жалақыны біліктілікті арттыру тестері арқылы көбейту көзделген. Мысалы, жалақысы 87 мың ұстаз тестен өтіп, "шебер" атағын алса, жалақысына 40 мың теңге қосылады.
Бұдан басқа, қоғамда байқалатын тағы бір көрініс – ұстаздарды басыну, ата-аналар тарапынан білінетін дөрекілік. Баса айта кетейін, енді мұндай әрекеттерге заң арқылы тыйым салып, ұстаз абыройын қорғайтын тетіктер енгізбекпіз", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мәртебесі туралы заң: педагогтарға қандай жеңілдіктер жасалады?
Зейнет жасына қатысты өзгерістер қаншалықты рас?
Жұмыс тобының мүшесі хабарлағандай, бұл мәселеге қатысты кәсіподақтан ұсыныстар түскен. Бірақ, бұл өзгерісті ұсыну Қазақстанда жұмыс істеп тұрған "Зейнетақы туралы" жеке заңға да өзгеріс ұсынумен тең дейді.
"Зейнетақы туралы" заңның әрине, әйел мен ер адамдардың зейнет жасы туралы бекітілген ережелері бар. Бірақ, біз әзірлеп жатқан заң бойынша мұғалімдердің зейнет жасы туралы кәсіподақпен әлі талқылап, ақылдасуға болады. Егер мүмкіндіктер болса, қарастыру керек. Бірақ, әрбір нәрсенің артында қаражат мәселесі тұрады. Әлеуметтік даму, Қаржы министрліктерімен тығыз жұмыс істеп, өңірлерде талқылауға түссе, қарастыруға болады. Жалпы, заң бір-екі адамның айтқанына қарап қабылдана салатын дүние емес", – деді түсінік берген маман.
Бұл сұрақты маманға қоюымыздың нақты себебі бар. Ұстаздарға тарап кеткен алдыңғы құжаттың мәтінінде "ұстаздардың зейнет жасын әйелдер үшін 55, ер адамдар үшін 60 жас" деп бекіту ұсынылған.
Айтпақшы, сол құжаттың қалай тарап кеткенін сұрағанымызда, жұмыс тобының мүшесі:
– Бізде "Өрлеу" деген біліктілікті арттыру ұйымы бар, одан кейін Абай атындағы ұлттық педагогикалық ұйым бар. Сол ұйымдар 2016-2017 жылдары мұғалім мәртебесі туралы грантты ұтып алып, осындай заң жобасы сияқты құжатпен жұмыс жасаған екен. Менің ойымша, ұстаздарға тарап кеткені – сол жобалар.
Ұстаздар сенбілік пен қағазбастылықтан мүлде құтыла ма?
Жалпы, заң жобасы мұғалімдерді материалдық жағынан жарақтандыру, қағазын, сабаққа керек құрал жабдықтарына өз қалтасынан ақша шығармауы жағын ерекше көтерген. Сенбілік тазалыққа шықпайтын, қағазбастылықтан арылтатын баптардың бәрі заң жобасына енгізілген.
– Мұғалімнің жұмысына қатысы болса да, болмаса да, басы артық қағаз талап етуді жойғымыз келеді. Сонымен қатар, "Күнделік" жүйесін де реттеу көзделген. Бұл – қазір көп айтылып жүрген мәселе. Ұстаздарды сенбілікке шығарғандар да жауапкершілікке тартылады, – дейді Айман Дүйсенбаева.
Жұмыс тобының мүшесі жиырма күн ғана уақыт өтсе де, бірнеше рет кездесіп, біртлай нәрсені талдап үлгердік дейді. Ең бастысы, Айман Дүйсенбаева "жұмыс тобы тығылып заң жобасын жасап отырмағанын", оны өңірлерге жіберіп, мұғалімдер арасында талқылауға салғандарын және әбден пысықталған соң да жан-жақты қаралатынын айтты.
– Заң жобасын аяқтап қалдық. Маусым айында қабылдануы керек. Алдымен, Әділет министрлігінің ведомствоаралық комиссиясы қарайды. Содан кейін, Премьер-министрдің кеңесіне кіргізіп, Президент әкімшілігіне өтеді. Ары қарай депуттардың қарауына барып қана қабылданады. Шамамен 2019 жылдың маусымында қабылдануы керек, – деді ол.
P.S: Жұмыс тобының мүшесі сұхбатқа заң жобасының орысша мәтінін әкелді. Қазақ тіліндегі нұсқасы бар ма дегенде: "Бұл сондай принципті сұрақ деп ойламаймын. Қай тілде жазылса да мұғалімге жақсылық әкелетін заң болса болды деген пікірдемін. Аудармаға береміз. Аудармада мәтіні мен мазмұнының толық сақталатынына кепіл бола аламыз" деп жауап берді.