Ұлтыңды танығың келсе, жеріңді таны
Қазақстанның төл тарихы, археологиялық қазбалары, табиғаты, салт-дәстүрі бар. Ендеше неге туризмді дамыта алмай отырмыз?
Елімізде соңғы жылдары саяхатшылар мен саяхаттауға қызығушылар тобы көбейіп келеді. Ендеше өз елімізде ішкі туризм саласының дамуы қай деңгейде, кемшілігі мен жетістігі қандай деген сұрақ туындары хақ.
Informburo.kz тілшісінің осы тұрғыдағы сауалдарына жиһангез блогер, саяхатшы, "Радио саяхат" бағдарламасының жүргізушісі Динара Болат пен "Бір даланың балалары" бағдарламасының сценарист-редакторы Перизат Мырзахмет жауап берген болатын. Олар саяхат туралы және ішкі туризмді дамыту жайлы пікірлерін ортаға салды.
Саяхат – үлкен терапия
Динара Болат:
– Саяхат – мен үшін үлкен терапия. Саяхат – әлемді тану, әлемді тану арқылы өзіңді тану. Мұхаммед пайғамбардың "Егер саяхаттамасаң, білемін деп айтпа" деген сөзі бар. Сол сөзбен толықтай келісемін. Қанша жерден білімді, көп кітаптың шетін кемірген оқымысты адам болсаң да, егер саяхаттамасаң біраз нәрседен құр қаласың. Өмірдің сан қырымен, қиындықтарымен бетпе бет кездеспеген адамның өз білімін ұштауы қиын болады.
Сондықтан саяхат мен үшін әр адамға қажетті жорық, міндетті жорық деп есептеймін. Себебі, сан алуан әлемді көзбен көрудің маңызы зор. Жаратушы оны бізге танып, түсіну үшін берген. Ал ел ішінде саяxаттау – ол ұлтыңды тану. Ұлтын, тариx арқылы өзінің қазақы болмысын тану – әр азаматтың парызы.
Биыл туризм саласында жылдағыдан өзгеше бір қозғалыс бар
Бізде саяхатты насихаттау жағы енді қолға алынып, дұрыс жолға қойылып келеді деуге болады. Себебі, билік басындағылар ел экономикасын өзге елдердікімен салыстыра отырып, туризмнің маңызын түсініп келе жатқандай. Туризм насихаты осыған дейін аз болды. Бірақ, биыл біздің туризм саласында жылдағыдан өзгеше бір қозғалыс бар.
Қазақ туризм ұйымы әртүрлі шаралар өткізіп, шетелден жиһангез блогерлерді шақырып, еліміздегі киелі орындар мен мекендерді жарнамалап, туризмді дамытуды қолға алғанын байқадым. Оған қоса Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласы аясында туризм саласын дамытуға байланысты жобалар жасалып, тапсырмалар беріліп жатыр. Соның бірі – "Бір даланың балалары атты" тележоба. Бұның барлығы – туризм саласын насихаттап, дамыту мақсатында жасалып жатқан дүниелер. Ештен кеш жақсы деген. Кеш болса да қолға алынып жатқаны мені қатты қуантады, – дейді Динара ханым.
Ел туризмін дамыту жол жөндеуден басталуы керек
– Себебі, саяхатқа шыққан кез келген адам діттеген жеріне жете алмай, шаршайды. Саяхаттан ләззат алу деген жолда қалады. Тіпті денсаулығына уайымдап, аралайтын жері керемет болса да жолдың әсерінен бүкіл көңіл-күйі бұзылып, саяхатқа шыққандағы бар ойы өзгеруі мүмкін. Сондықтан, ең бірінші жол мәселесін қолға алу керек.
Екіншіден, біздің елде көрнекі орындар бірі-бірінен өте алшақ орналасқан. Бұл – туризмнің дамуына бірден бір кедергі. Мұны өзгерту мүмкін емес. Дегенмен...
Көптеген елдерде саяхаттайтын әдемі жерлер мен қалалар ары кетсе екі-ақ сағаттық уақыт алатын қашықтықта орналасқан. Ал, бізде керісінше. Мысалы, Шығыс Қазақстан мен Алматының арасы, Маңғыстау мен Байқоңырдың арасы өте алыс, 2-3 мың шақырым. Шетелден келген туристерге ыңғайлы болу үшін осы қалалар арасына тек ұшақпен ғана ұшуға мүмкіндік бар. Бірақ біздің ішкі рейстерге билет құнын кез келген қалта көтере бермейді.
Осы мәселені де алға қойып шешкен абзал. Өйткені бізге туристер тек алпауыт бай мемлекеттерден ғана емес көрші елдерден де келеді. Сондықтан жүретін жол нашар, ал ұшуға билет қымбат болса, олардың бізге екінші рет айналып келуі екіталай.
Үшіншіден – сервис. Мысалы Бурабайда ортақол болса да, жағдайы жақсы, бағасы көңілге қонымды қонақ үй жоқтың қасы.
Барлары өте қымбат. Саяхатшыға неғұрлым сапалы әрі арзанырақ болғаны жақсы. Біз осыны ескеруіміз керек. Тіпті бұны ішкі туризмді дамытудағы мәселелердің бастысы дер едім.
Біздегі қарапайым халық Бурабайдағы "RIXOS BOROVOE"-да демала алмайды. Шымбұлақта да дәл осы жағдай. Осы қымбатшылықтан Алматы қаласы тұрғындарының 80 пайызы мұнда болмаған.
Шын бәсекелестік пен бағалары қолжетімді әрі сапалы болса ғана еліміздің ішікі де сыртқы да туризмі қарыштап дамымақ.
Тарихы терең жерлеріміз жетерлік. Бірақ насихаты аз
Біздің жеріміз киелі мекендер мен көрнекі орындарға бай. Қазақ жеріндегі тарихи орындарға байланысты айтылатын аңыздары мен оқып, білуге болатын том-том тарихы бар. Алайда, сол қасиетті мекендеріміз жайлы жарнамалай алмаймыз, мүлде насихаттамаймыз.
Шетелмен салыстыратын болсақ оларда керісінше, тарихы жоқ орын көп. Дегенмен, туристерді тарту үшін олар әртүрлі аңыз-мысалдарды ойдан құрастырып алады. "Мына жерде мынадай қасиетті адам жатыр, осы жерді айналып өтсең сенің бар арман мақсатың орындалады" деген сияқты өтірік-шыны аралас аңыздар таратады.
Мәселен, Сингапурда "Байлық" субұрқағы бар. Ол жерде ешқандай да байлықтың нышаны болмаса да адамды тарту үшін жоқ жерден ойлап, жасапты. Ал біздер барды жоқ қылып отырмыз. Ол – тарихты таптау. Керісінше бай тарихымыз бен аңыз әңгімелерді пайдаланып-ақ керемет дүние жасауға болады.
Киелі мекендер мен орындарға апарар жолда бағыт-бағдар көрсетілмеген
Қазір ел ішінде де саяхаттау турлары ұйымдастырылып жүр. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірінде жақсы дамып келеді. Әрине, көп жерлерге ұйымдастырғымыз келеді. Өкінішке қарай тағы сол жол мәселесіне келіп тірелеміз. Көп жерлерге жол талғамайтын көліктердің өзімен әзер жетуге болады.
Тағы бірі – шетелден келген туристерге түсінікті болу үшін кез келген қала, аймақ, облыс ішіндегі мекендерге бағдарлар айқын көрсетіліп тұруы керек. Осы мәселе қолға алынса екен.
Мысалы, осыдан жыл жарым бұрын Қызылордадан шығып, Түркістанға қарай өтіп бара жатып, Сауран қаласын көріп кетейін деп тоқтаған едім. Сауран қаласына түсетін жолды таппадым. Өйткені, ол жерде туриске жол көрсетер бағыт-бағдар болған жоқ. Әрең деп жолды тауып барғанда, осы киелі мекен жайында жазылған бірде бір жазбаны көрмедім.
Әдетте мұндай тарихи орындарда толық ақпарат беріледі. Бұл қандай жер, қай ғасырда салынған, қай оқиғамен байланысты екендігі туралы қазақ, ағылшын тілдерінде толық мәлімет болуы керек. Және біз білмесек те бұл жерді аралап жүрген нағыз шетел саяхатшылары болуы мүмкін. Ал мен сол саяхатшыларға жол нұсқайтын бір жанды кездестірмедім. Мені осы нәрсе қатты қынжылтты.
Өзбекстаннан үйренеріміз көп
Өзбекстанға саяхатымда ол елге қатты қызықтым. Туризм саласы жақсы дамыған. Тіптен, бөлек туризм полициясы бар екен. Кез келген қаланы аралап жүрген, киелі елдімекендерді көруге келген туристің тілінде сөйлеп, қажет ақпаратын беріп, көмек көрсететін туризм сақшылары қызмет етеді. Әрі туристердің қауіпсіздігіне жауап береді. Меніңше, бұл – өте үлгілі дүние. Неге соны өзімізге енгізбейміз?..
Елдегі этнотуризмді дамыту үшін ең алдымен ұлттық брендтерді ойлап табу керек
Қазақ ұлтына ғана тән, өзге ұлттарда қайталанбас жәдігерлерімізді, өшпес өнерімізді, ұлттық дүние-таным, салт-дәстүр, ұлттық тағам болсын барлық қазаққа тән, тек қана қазаққа тиесілі дүниелерді мынаны қазақ ойлап тапқан деп дәріптеп, кеңірек насихаттау керек. Ұлттық брендімізді қалыптастыру қажет.
Біздің этнотуризмнің дамымай тұрған тағы бірі кемшін тұсы – тарихи құнды дүниелерімізді дұрыс сақтай алмай отырмыз. Қажетті ақпараттар дұрыс берілмейді. Көрнекі орын басындағы гидтердің өзі мардымды, адам тартатындай қызықты ақпараттарды толық айтып, жеткізе алмайды.
Этнотуризм десе, киіз үй немесе дәстүр түрлері ғана емес барлық әдет-ғұрып, салт, жөн-жоралғы түгелімен көрсетілуі керек. Себебі шетелдіктер осы дүниелерге қатты қызығады. Олар ұлттың түп-тамырын, болмысын зерттеп, білгенді жөн көреді. Бұларды жандандыру арқылы біз этнотуризмді дамытамыз. Этнотуризмнің дамығаны – ел тарихының жаңарғаны.
Біздің өз ішімізде тарихи орындар жайлы білетін адамдар аз болғанымен шетелдік саяхатшылардың біздің тарихи мекендерге деген қызығушылығы өте жоғары. Аңыз-әңгімелерді, мекеннің тарихын оқыған соң, көргісі келіп, іздеп алыстан арнайы келетіндер бар. Елге келетін саяхатшылар саны көп болмаса да, осындай арнайы келетіндердің барлығы қуанарлық жағдай.
Дегенмен, осындай қасиетті орындарға өзгелер құрметтеп келгенмен, өзіміздікілердің салғырт қарауы көңілді түсіреді.Әрбір адам отандық туризмнің дамуына үлес қосуы керек. Өйткені, ол – ұлтымызды шетелге танытудың ғана емес, ұрпаққа ұлтын танытудың, өзін танудың бірден бір құралы. Бар дүниені қастерлеп, қадіріне жете білген жөн.
Бұл – қазақпын деген әр жанның міндеті. Отан алдында қай қайсымыздың да парызымыз бар. Ол – қазақтың құнды жәдігерлеріне жауапкершілікпен қарау, ұрпағымызға сақтап жеткізу. Сонда ғана біз біртіндеп ұлттық дүниені бәрінен биік қоятын ұлылыққа да жетеміз деген сенімдемін, – дейді Динара ханым.
Ел туризмінің дамуына шығармашылық жетіспейді
– Кез келген саланы дамытуда шығармашылық жетіспейді. Бәрі қағаз бен сөз жүзінде ғана. Науқаншылық. Көзбояушылық. Төрдегі директорынан бастап есіктегі күзетшісіне дейін "өз жұмысым" деп қарамайды. "Уақытша ақша табу көзі" ретінде ғана қабылдайды.
Осы жылы еліміздің біраз аймағын аралап шықтық. Қай жерге барсақ та алдымыздан салғырттық шығады. Гидтен сұрасақ "Мен айта алмаймын, ана кісі айтсын" деп қаша жөнеледі. Сонда ол гид немен айналысады музейде? Ол айтпағанда кім айтады? Қинап берген адамдары он сұрақтың сегізіне жауап бермейді. Уикипедиядан алған ақпаратты шатып-бұтып айта салады.
15 шақты музейге бардық. 3 гидтің ғана жұмысына көңіліміз толды. Барлық жерде микрофонды ала сап, өзім сөйлеп кеткім келіп, әзер тұрдым. Сөйлеп тұрғанда көздерінде жалын жоқ, сөздерінен ешқандай құштарлық сезілмейді. Суық. Немқұрайлық. "Адыра қалсын" деген көңіл күй. Келушілер жоқ емес, бар. Аз, бірақ бар. Соның бәрінің маңдайы тасқа соғылып қайтады ғой. Бұл бір, – дейді ойы өзге, сөзі дара Перизат Мырзахмет.
Музейлер бір біріне қатты ұқсайды
Екіншіден музейлерді, тарихи орындарды жобалауда, қайта өңдеу жұмыстарында креатив жоқ. Түзу тұрса болды, таза болса болды. Музейлер бір-бірлеріне қатты ұқсайды. Бурабайда жаңадан ашылған Ботай-Бурабай кешені, Қорғалжын қорығының музейі, Алтын Емелдегі Ш.Уәлиханов музейі ғана есімде қалды. Басқалары картоннан салған қуыршақ үйлер сияқты. Дым ерекшеліктері жоқ.
Тарихи орындарда бір тақтаға "Мына жерде анау болған" деген жазу көп кездеседі. Ары кетсе атқа мінген батыр тұрады. Олар да бір-бірінен аумайды. Не көз тоймайды, не көңіл толмайды. Жығылған үстіне жұдырық – шын мәнінде тарихи экспонаттар аз. Ауыл адамдарынан жылу жинағандай жинап алған ескі астау, ескі көрпе, шапандар, өте күмәнді қару-жарақтар тұрады. Дерексіз зат керексіз. Тарихы болмаған соң ол да қызығушылық тудырмайды. Мысалы мынадай әңгіме болды:
Гид: – Бұл жерде Әмір Темір жазған тас табылған!
Мен: – Ол қайда?
Гид: – Эрмитажда!
Бір айналып, басқа музейге келеміз.
Гид: – Алтын адамның басы жоқ
Мен: – Ол қайда?
Гид: – Білмеймін, жоғалып кетіпті!
Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу кесенесіндегі диалог:
Мен: – Шоқан суретін салған балбал тастар қайда?
Гид: – Алып кетіпті біреулер...
Мен: – Кімдер?
Гид: –Немістер деп естідім...
Осындай диалогтар көп болды. Жартықұрсақ боп қайттық.
Қызмет көрсету тек орыс тілінде
– Сырттан келген туристерді оңтүстік жақтан жиі кездестірдік. Жолдардың жағдайы, қызмет көрсету сапасы, ақпараттың молдығы әсер ететін сияқты. Ол жағынан оңтүстіктегілер солтүстік, шығыс аймақтарындағыларды он орап алады. Солтүстікте ондай жерлер көп қой. Бірақ ауа райының, жолдың қолайсыздығы көп кедергі тудырады. Сонымен қатар ақпарат өте аз.
Бурабайда шетелдіктер толып жүр. Бірақ қызмет тек орыс тілінде көрсетіледі. Оның өзінде көп ақпаратты бұрмалап айтады. Хандардың, тіпті Кенесарының тарихын білмейді. Жергілікті аңыздарды естімеген де. Басқаларды білмеймін, мені ең әуелі аңыз-әңгіме елең еткізеді, сосын оның тарихи негізін іздей бастаймын. Одан соң сол жерді бір көруге құмартам дегендей ғой.
Абай ауылына апаратын жол – адамзатты жоюға арналған қару
Еліміздің көрікті жерлерін болмаса демалыс орындарын шын мәнінде насихаттау аз емес. Бірақ... Абайды қанша сыйлап, сүйіп, құрметтеп тұрсам да, ана жолдар ретке келгенше бармасым анық.
Қазір кез келген арнаны қосып қалсаң, ел туризмі туралы айтылып жатады. Бірақ қалай айтылады? Мысалы, бізде "мына жерде Абайдың музейі, мына жерде Кенесарының үңгірі". Асып кеткені "Абайдың музейінің аумағы бес гектар" дейді. Шетелде: "Представьте себе, здесь сидел Александр Сергеевич Пушкин и писал "Я помню чудное мгновенье". Здесь он творил. Здесь он влюбился. Здесь он умирал от потери крови" деп жанын жұлып жеп айтып тұрады. Қайсысына қызығушылық басым болады?
Этнотуризм – біздің басты бағдарымыз болу керек
– Тағы да мамандардың жетіспейтінін алға тартамын. Этно дегенді киіз үй құрып, ішін дүниеге толтырып қою емес. Киіз үй бізден басқаларда да бар. Мен бір ғана мысал айтайын: киіз үйдің басты ерекшелігі неде еді? Мобильділігінде. Бірақ оны өз көзімен көрмеген адамға жай ғана әңгіме сияқты. Қалай тез жинап, тез құруға болатынын шоу қылып көрсету керек. Сонда ғана адамды тартады. Сонда ғана көңіл бөліп, қызығады. Ерттеулі атқа мінгізіп, бір айналдырып, 1000 теңге алып қана қоймай, ерттеуді көрсету керек. Өз қолдарымен ерттету керек. Кез келген адамға өз қолымен істеп көру қызығырақ. Қымызды сіміртіп ішкізе бермей, "2000 рет піссең, бір шара қымыз сенікі" деші, жұрт ағылады. Қазіргі қызықтаушыларға экстрим керек, экзотика керек. Бұл жай ғана мысалдар. Мұндайдың миллионын ойлап табуға болады. "Тарихымыз бай, этнографиямыз одан да бай" деген жалаң сөзді іске айналдыру керек.
Еліміздегі туризмдері Баянауыл, Көкшетау, Шарын, Алакөлден ары аспайды
– Жерді көргенде шабыттанып, адамдарды көргенде шаршап қайттым. Осынша бай, осынша кең жерде осынша құлықсыз адамдардың жүруі мені қатты алаңдатады, – дейді Перизат.
Бізге сөз бен форма емес, нақты іс керек
Астана қаласында 18-19 қыркүйек аралығында "Бірлікке барар жолда" Жібек Жолына қатысушы елдердің халықаралық форумы өтті. Халықаралық форумда Жібек Жолы жобасы шеңберінде туризмді дамыту, мамандармен қамтамасыз ету, мәдениет және туристтік ақпараттық ортаны қалыптастыру, сонымен қатар ғаламторда туристік қызметтерді жарнамалау мәселелері талқыланды.
"Kazakh Tourism" ҰК АҚ ұйтқы болған аталмыш форумда сөз сөйлеген Қазақсан Республикасы мәдениет және спорт министрі Арстанбек Мұхамедиұлы Орталық Азия елдеріне визалық "шегеннің" баламасын құруға болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмаларымен Министрлік "Туристік қызмет" туралы Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ішкі және сыртқы туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жыл соңына дейін жасақтайтынын жеткізді.
"Бірлікке барар жолда" Жібек Жолына қатысушы елдердің халықаралық форумы жоғары туристік мәдениеттің қалыптасуына ықпал етер отандық туризмді дамытуды, сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, елдің ішкі және сыртқы беделін күшейтіп, оң бейнесін қалыптастыратын ұлттық туристік брендтерді ілгерлетуді көздеп отыр.
Алайда құр сөзбен қуырдақ қуыра бергеннен гөрі нақты іске көшетін кез келді.
Биыл елімізге келушілер саны артқан
2018 жылғы қаңтар-маусым қорытындылары бойынша өткен жылмен салыстырғанда саяхатқа шығушылар 7,1%-ға (4968,8 адам), елімізге келушілер 21,8%-ға (4156,4 адам) және ішкі туризмдегі саяxаттаушылардың саны 7%-ға өсті (2419,8 мың адам болды).
Келушiлерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны – 3161. Онда 68681 бөлме бар десек, біржолғы сыйымдылық 159 969 төсек-орын. Олар 2276,9 мың адамға қызмет ұсынған және 44754,2 миллион теңгеге қызмет көрсетілген. Бұл қызметтер көлемi (мейрамханаларды қоспағанда) өткен жылғы осындай кезеңмен 4,6%-ға азайған.
Курорттық аймақтарда орналастыру орындарының сан өткен жылғымен салыстырғанда 11% көбейген және бөлмелер саны – 17991-ден 876 бөлмеге артқан және 4773,8 миллион теңгеге қызмет көрсетілген немесе өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстыртырғанда 22,7%-ға артқан.
2018 жылғы қаңтар-маусым айларында курорттық аймақтарға 266,5 мың ішкі және 5,8 мың сырттан саяхаттаушылар келген.