"Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?"

Тағдырдың жазмышынан тарыдай шашылып, әр елден несібе теріп жүрген қандастарымыздың таным-түсінігі де әр түрлі. Бірі батыстың еуропалық менталитетіне, бірі шығыстың, бірі орыстың, бірі түркінің менталитетіне бейімделе бастаған. Әсіресе, жастар жағымен түсінісу қиындап кеткен.

Ассимиляция (лат. assimilatio – ұқсасу, сіңісу, сіңу, т.б.) саны аз, саяси-әлеуметтік ахуалы төмен халық өзінен саны да, қуаты да көп халықтың басыңқы ықпалымен сол халық құрамына біртіндеп сіңіп, жұтылып кету құбылысы. Ассимиляция барысында бір халық өзінен үлкен екінші доминант халыққа сіңіп кетіп, ана тілін, әдет-ғұрпын, дінін, мәдениетін, өзіндік сана-сезімін, т.б. ұлттық ерекшеліктерін жоғалтады.

Ассимиляция екі жолмен жүреді: күштеу арқылы немесе табиғи жолмен. Википедия ашық энциклопедиясынан.

Ғалымдардың зерттеуінше, ұлттың этникалық белгілері: жері (табиғи орта, атамекен, Жер Ана); қаны (антропологиялық белгілер: нәсілі, көз қиығы, бет әлпеті және т.б.); тілі (бірдей ойлап, әлемдік құндылықтарды біркелкі түйсініп, пікір білдіру құралы ретінде); ділі (мәдени-психологиялық стереотиптер және мінез-құлық, әдет-ғұрып үқсастығы); мәдениеті (өнер, мейрамдар); тұрмысы (ұлттық тағам, киім, тұрмыс-салт ерекшеліктері); мифология (бірегейліктің негізін құрайтын құндьлықтар мен үміттердің жүйесі).

Осы негізде ұлттың жойылып кетуіне және сақталып қалуына ықпал ететін белгілерін зерттеп, тұжырымдадық.

Ұлттың жеті қорғаны

  • Тәуелсіздігі. Жері мен елі, билік пен байлығы тәуелсіз елді құрушы ұлттың қолында болатыны белгілі. Отарланған ұлт табиғи түрде, кейде мәжбүрлі түрде бұлардан айырылады және ассимиляцияға ұрынады.
  • Экономикалық қуаты. Тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуы. Біреуге кіріптар, тәуелді болудың кесірі ассимиляцияға әсер етеді.
  • Тілі. Тілінің қуаты,өз ана тіліндегі білім ұлтты ең маңызды белгісі. "Тілі жоғалғаннның елі жоғалады" деген сөз бар.
  • Діні. Басқа діндегілермен айырмашылықты айқындайтын ең үлкен рухани қару, діні басқа ұлттарға сіңуде шектеу рөлін атқарады. Діні ұқсас халықтар өзара тез сіңеді.
  • Тегі. "Нәсілі басқа" деп үрке қарайтындар көп. Бұл – көбінесе жаһанданудың ішінде жүрген әр нәсілдер арасындағы мәселе. Мысалы, қоңырқай жүзді, сары нәсілді қазақтардың бет-бейнесі орысқа да, қытайға да, парсы-арабқа да келе бермейді. Бұл өзі ұқсамаған халыққа сіңіуге белгілі дәрежеде шектеме келтіретіні өтірік емес.
  • Ділі (Ар-ұжданы мен салт-санасы, ғұрып-әдеті). Ұлттың жеке мүшелерінің рухын көтеріп, жігерін жанитын қуаты, өзін жоғалтып алмауы үшін басты рөл атқаратын ерлік мінезі. Өз ұрпақтарының болашағы үшін тектен текке жалғана беретін, тарихи қалыптасқан қорғану жолы. Өмір сүру дағдысы.
  • Жан саны. Бұл сол ұлттың болашақта сенімді түрде дамуына күш береді. "Көп қорқытады, терең батырады" деген аталы сөз бар, олар кез келген уақытта топтасып, өз мүдделері үшін шыға алады. Егер жан саны өте көп болса, көп жағдайда ұлттың жойылу қаупі болмайды. Олар тіпті басқа ұлттармен аралас неке болуын ұлттың сапасын жақсартатын фактор ретінде түсінеді. Қытай коммунистерінің тұңғыш басшысы Мау Зыдоң (Мао Цзыдунь): "Адам саны сапаға айналады. Біз әлемді адам саны арқылы жаулаймыз" деп халықтың көбеюін қолдаған.

Қытайда қазаққа сіңген басқа ұлт өкілдері бар


Қалбан Ынтыхан / Жеке мұрағаттан

Қалбан Ынтыхан, тарихшы, қытайтанушы:

– Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы Мори, Шонжы қазақтарына жақын орналасқан татар мен өзбек ұлттық ауылдарының 70-80 пайызы қазақ болып кеткенін айта кеткен жөн.

Мұндағы себеп: қазақпен тілі, діні жақын туысқан ұлт болуында. Оның үстіне аймақтағы көпшілік ұлт қазақтармен аралас. Қазақша оқыды, қазақпен бірге болғанда ғана қытайға сіңіп кетпейтінін түсінді.

Дін жағынан қарсылығы болмаған моңғолдар бірден тілден айырылып, сіңісе бастады. Қазір Қытайдағы Ішкі моңғол автономиялы өлкесінің халқының 80%-ы қытайлар, моңғолдар 17%-ын ұстайды. 5,5 миллионнан астамы 70%-ы қытайланып барады, – дейді.

"Қытайдағы мұсылман халықтары мәжбүрленіп жатыр"

Бұл туралы Washingtonpost.com жазды.

Қытай билігі мұсылман халықтарының қытайға сіңуі өте қиын екенін түсінді әрі оларды ұлттық болашаққа қауіпті санады. Сонымен ашық және қатаң түрде сіңіруді қолға алды, яғни "не жан үшін, не нан үшін" қытай болуың керек

Қазақ, ұйғыр, қырғыз, тибет, моңғол қатарлы ұлттардың тілі мен діні қатаң шектелді. Қытаймен некелескендерге қомақты қолдау тағайындалды. Міне, сонымен қазір тілінен айырылған, діні шала, көргендері қытайдың тұрмыс-салты, өз қандастарының рухани құндылығынан айырылған ұрпақ үшін ауыр сынақ тұр.

Ресейде орыстандыру инерциямен жүріп жатыр


Алена Тазранова / Жеке мұрағаттан

Алена Тазранова – Ресейдің Алтай Республикасынан. Филология ғылымдарының кандидаты, алтай тілін зерттеуші, Ресей Ғылымдар академиясы Сібір бөлімшесі филология институтының жетекші ғылыми қызметкері.

– Алтайдың Теленгіт деген тайпасынанмын. Бізде ана тілінде сөйлейтіндер мүлдем азайды. Бұрын 4 сыныпқа дейін алтай тілінде оқыдық. Қазір оның бәрі жоқ. Аптасына 2-3 сағат қана факультативті сабақ ретінде оқытылады. Ауылға жол мен телевизордың келуі жастарға басқаша түсінік әкелді. Орысша оқып, орыстарға үйленген жастардың көбеюі де ұлтымызды өзгертіп барады.

Республиканың шығыс солтүстігіне жиі қоныстанған челкандарда қазір телеңгіттердегідей жағдай қалыптасты. Тываларда да сондай, – деп қынжылысын жасырмады. Телеңгіт, куманды, челкан, тывалар алтай ұлтының этникалық тайпалары саналады. Кейде жеке ұлт ретінде аталып, кейде алтай ұлтына жатқызылып жүр.

Осындай тілге қатысты мәселе Татарстан мен Башқұртстанда, Чувашия секілді ұлттық автономиялы өлкелерде Ресей билігімен дау тудырып келеді. Бұл – КСРО кезінен қалған ұлтсыздандыру саясатының жалғасы.

Моңғолиядағы қандастарымыздың жағдайы жақсы

2018 жылы Моңғолияның Баян өлгей қазақ аймағына сапарлап қайтқан едік. Мұндағы 115 мыңнан астам халықтың 93%-ы – қазақтар. Аймақтың басшылары да. Көшпелі тұрмысты сақтаған қандастарымыз да жетерлік. Жалпы мәйегі бұзылмаған.

  • Бір жағынан, онда моңғолдардың жан саны тым көп емес, басып кету қаупі аз.
  • Екінші жағынан, арада діндік кедергі бар.
  • Үшіншіден, тіл шектелмеген, яғни бастауыш мектепте қазақ тілінде оқиды.
  • Төртіншіден, қазақтардың экономикалық қуаты моңғолдардан төмен емес.
  • Бесіншіден, қазақтар топтасып орналасқандықтан салт-санасы қаз қалпында.
  • Алтыншыдан, моңғол билігі парламенттік басқаруда, демократиялық мүмкіндігі кең ел.

Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: Баян өлгейдегі бес күн

Бұл жерде тағы бір айта кетерлік шындық, егер Моңғолиядағы қазақтар Қазақстанға оралмағанда олардың жан саны 300 мыңнан асып, 5-6 аймақты иеленіп, тіптен қуатты болар еді. Өкініштісі, соңғы кезде Ұлан батырға (моңғ. Улаанбаатар /ʊɮɑːŋ.bɑːtʰɑ̆r/ қаласы – Моңғолияның астанасы) және моңғолдың ішкі өлкелеріне жұмыс бабымен барған қазақтардың негізінен моңғолданып бара жатқанын да көрдік. Онда өз ұлттық беліглілерін сақтайтын мүмкіндік жоқ болған соң бейімделе бастауы заңдылық.

Өзбекстанда "өз ағамызға" сіңгендер көбейді


Жұмамұрат Шәмші / Жеке мұрағаттан

Жұмамұрат Шәмші, тарихшы, журналист:

– Мен Өзбекстанда туып, өстім. Ондағы қазақтардың бір бөлімі елге қоныс аударды. Қазір көш саябырлаған.

Себебі, Өзбекстанның экономикалық қуаты көтеріліп келеді. Ал Ташкент маңындағы қазақтар өзбектермен араласып, қыз алысып, қыз беріп құдандалы болып жатыр. Олар үшін тілі, діні, тегі бір ұлт есептелетін өзбектерге сіңу тездеп бара жатыр.

Қазақ тіліндегі мектептер азайып барады, басшылыққа тек ғана өзбектер келіп жатыр. Бұның бәрі сіңуді тездететін факторлар.

Алайда Өзбекстан қазақтарының өзбектене бастауы Қазақстанның қуатын әлсіретеді. Кейбір өзбек боп кеткендер қайтадан қазақ болуға талпынып жатса да, өзбек болып үлгергендер одан да көп болуы мүмкін, – дейді.

Оқи отырыңыз: Өзі билеген Самарқанда Жалаңтөс баһадүрге ескерткіш жоқ

Тәуелсіздік – ұлттың ұлы қорғаны

Көп жағдайда басқыншы билік түрлі зымиян саясат арқылы осы жеті қорғанды бір-бірлеп кемітуді мақсат етеді. Қуаты кеміген сайын, азып, тіпті сенімдерін жоғалтады, одан ары амалсыздан басқа ұлттан өзіне орын іздей бастайды.

Тәуелсіз ел өзінің жеті қорғанын бекемдейтіні даусыз. Қазір Қазақстанда қазаққа тұрмысқа шығып жатқан орыс қыздарын көп көреміз. Шет елдегі кез келген қазақтың баласы қазақ болғанына мақтанады, Қазақстанның болғанына шүкірлік етеді.

Тәуелсіз ел ретіндегі әлемді мойындатқан жетістіктеріміз, Лондон олимпиадасындағы жеңісіміз, ұлттық құндылықтарымыздың жаңғырып, еліміздің мәртебесінің өсуі әр қазаққа күш-қуат, сенім мен жігер береді. Рухын тасқындатып, махаббатын оятады. Міне, бұл қазақ ұлтының еңсесінің биіктеп, бағының аспандай бастағанын білдіреді.

Сіңу – қалыпты құбылыс. Бірақ ...

Бұл қыздардың жігіт таңдағанындай. Егер қыздарымыз қазақ жігіттерінен өзіне қажет қуатты көре алмаса, махаббаты мен сүйіспеншілігі болмайды. Басқа ұлт өкілін таңдайды. Тіпті діні мен тіліне де қарамайды. Жігіттеріміз өзі жақсы көретін ұлттың қызына үйленеді. Алдыңғысы бірден басқа ұлтқа айналса, кейінгісі сәл кешірек сіңеді. Себебі, ұлт аталық жағынан анықталады.

Тағы бір айта кетерлігі, жан саны аса көп ұлттар үшін басқа ұлттармен аралас некеге отыру ұлттың сапасын арттыратын қан алмасу ретінде қаралады. Былайша айтқанда, өз ұлтының рухани мәйегін алмаған адам үшін басқа ұлтқа сіңіп кету түк емес. Оған "жаһандану" аты қосылған батыс мәдениеті де ықпал етеді.

Бірақ, бұл жан саны аз ұлттар үшін өте қауіпті. Мысалы, әлемдегі 5 мыңнан астам тілден әр айда екі тіл жоғалады екен. Бұл да ұлттың тағдырынан дерек береді.

Кей елдер Қытаймен некені шектеп отыр. Неге?

Мысалы, 2003 жылы Ұлы Британияның белді газеті Тhe guardian: "Израильде жұмыс істейтін қытай жұмысшыларының жергілікті еврей қыздарымен үйленуіне рұқсат бермейтін" заңды мақұлдағаны хабарланды. Жапония, бір бөлім араб елдері, басқа да кей елдер қытайларға азаматтық бермейтін заңдық норманы енгізген.

Ондағы басты себеп, ұлттық болашаққа қауіп төндіреді деп қарайды екен. Қытай – онсызда сан миллион халықты еш соғыссыз сіңіріп алған ел.

Бір жарым миллиард халқы бар Қытайдың жартысы лапаста жатып, аузына тигенін жейді. Олар бір рет шет елге шықса-ақ, адам сынды тұрмыс кешіп жатпағанын түсінеді. Міне, бұл – қолына ақша түскен қытайлардың шетелге қашуының себебі. Шетелдегі қытайлар үшін Қытай – тек ғана өздерінің туған жері.

Синафур синдромы

Сингапур 1965 жылы Малайзия билігінің шешімімен деребестікке күшпен жіберілді. Себебі, жарты аралдағы қытайлардың саны 80 пайыздан асқан. Олар көбейіп ғана қоймай, экономиканы да иелей бастаған. Егер сол беті тұрса, Малайзияда қытайлар көбейіп әрі экономиканы иеленіп малай ұлтының болашағына қауіп әкеледі екен.

Бұл туралы Ли Гуаңиау (李光耀 Li Guangyao) естелігінде "Біз тәуелсіздік алуға ұмтылмадық" деп жазған.

Қазақ қыздарының қытаймен некесін ресми шектеу керек деген әңгіменің түп төркіні осы сияқты мәселелерден туындайды.

Көш – ұлтын сақтап қалу үшін жасалған күрестердің бірі

Қазақстан тәуелсіздік алғанда милиондаған басқа ұлт өкілдері де өз ұлттары туратын елдерге көшті, әлі жалғасуда.

Көшу, жер аудару – ұрпақты ұлтына қосу үшін жасалған амал. Ал көшіріп алу – ұлттың қуатын арттыратын амалдың бірі. Еліміз жан санын көбейтіп, рухани жаңғыру арқылы ұлтымызға іштен және сырттан келетін қауіпті азайту үшін шеттегі қандастарымызды елге шақыру саясатын жүргізгені белгілі.

Әдетте, осы жеті қорғанның үшеуін жоғалту басқа ұлтқа сіңе бастағанды білдіреді.

Қазір Шығыс солтүстік Ресейдегі саха, тыва, алтай қатарлы туысқан ұлттар өз тілдерін мемлекеттік деңгейге көтеріп, ұлттық автономияны күшейтуге жанталасып жатыр. Олардың көбі әлдеқашан орысша сөйлеп, орысша есім алып, азып кеткен. Діні орыстардан бөлек татар, башқұрт сынды ұлттар ғана әзірше қуатты.

Түбі бір түркілердің қазаққа сіңуі тез

Соңғы жылдарда елімізде жасайтын қырғыз, өзбек, ноғай, қарақалпақ сынды туыстас ұлттың кейбір мүшелерінің қазақ болып жазылып жатқаны өтірік емес. Әсіресе олардың өскен ортасы мен көрген тәрбиесі және қазақпен некеленуі де сіңулеріне алғы шарт әзірлеп отыр.

Жамбыл Артықбаев, тарихшы:

– Мен білетін Өзбекстандағы Лахай ұлтының бір тобы Өскеменге көшіп келіп, қазақ болып жазылды. Қазір сонда тұрып жатыр. Барып та көрдім. Олардың тарихта біздің бір бөлшегіміз болғаны шын. Түркістанда қазақ болып жазылып жатқан өзбектеріміз көп. Олардың саны көбейе түсетіні даусыз, – дейді.

Дәл осындай жан бағу үшін Қазақстанға көшіп келген қырғыздар, қарақалпақтар да көп. Олар үшін тілі, діні және тегі бір қазақ болу жеңіл де жақсы.