Тыныштық күні үгіттеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады

Сайлауалды тыныштық күні (8 маусым) дауыс беруге үгіттеп, үндеу жасау заңсыз болып саналады. Алматы аумақтық сайлау комиссиясы осылай деп хабарлады. Кандидаттармен қатар бұл талап азаматтарға да қойылады.

"Әлеуметтік желідегі үгіттеуге қатысты кез келген жарияланым үшін авторы әкімшілік жауапкершілікке тартылады" деп ескертті сайлау комиссиясынан.

Сайлауға қатысты сауалнама жүргізген екі қазақстандыққа айыппұл салынды

Олар орталық сайлау комиссиясына ескертпестен әлеуметтік желі қолданушылары арасында Президент сайлауына қатысты сауалнамалар жүргізген. ҚР Бас прокуратурасының хабарлауынша, "ВКонтакте" желісінде сайлау бойынша сауалнама жүргізген Алматы қаласының тұрғынына 15 АЕК (37 875 теңге) айыппұл салынған. Facebook желісінде жасалған дәл осындай құқық бұзушылық үшін Алматы облысының тұрғыны да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бас прокуратура азаматтарға сайлауалды шаралар барысында сауалнама жүргізу шарттарын бұзғаны үшін кез келген тұлғаға әкімшілік кодекстің 120 бабымен жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Ведомство өкілдері азаматтарға әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғалардың құқыққа қайшы мақсаттарға пайдалануына жол бермеуге кеңес береді.

Бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ мүшелері сотталды

Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты "Әлиев" ҰҚТ жетекшісі Қ.Әлиевке және қылмыстық топқа қатысушылар А.Дартаевқа, Д.Терешин мен Е. Жұмабаевқа үкім шығарды. Сот оларды 7 жыл және 1 айға бас бостандығынан айырды. Төртеуі де қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтейтін болады.

Қылмыстық топтың негізін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері құраған. Олар 2018 жылы 13 қыркүйек күні Жамбыл облысының Отар станциясында кәсіпкер Р.Агалюллинге қарулы шабуыл жасап, оның 107 мың доллар, 4 млн рубль, 23 мың евросын иемденген. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларымен ұрланған қаражаттар жәбірленушіге қайтарылыпты.

Астаналықтар 25 мамырдан бастап сайлаушылар тізімдерімен таныса алады

Тұрғындарға тізімге енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беріледі. "Әр азамат сайлаушылардың тізіміндегі өзі туралы мәліметті тексеруге және тізімге дұрыс енгізілмесе немесе тізімнен шығарылып тасталған жағдайда шағымдануға, сондай-ақ сайлаушылар туралы мәліметтерде жіберілген дәлсіздіктерді тексеруге құқылы", делінген сайлау комиссиясының хабарламасында.

Tele2 Қазақстан нарығынан кетеді

Байланыс операторы Қазақстан нарығынан шығу бойынша "Қазақтелеком" АҚ-мен келісімге қол қойды. "Қазақтелеком" Tele2 компаниясы акционерінің 80 млрд теңге несиесін толықтай төлеп беруі тиіс. Мәмілелер маусым айының аяғында аяқталады деп күтіліп отыр.

Қазақстан Қырғызстаннан жеміс-жидек пен көкөніс әкелуге рұқсат берді

Бұл елден әкелінетін картоп, алма, құрма өнімдерінен қауіпті зиянкестер табылуына байланысты 3 ай бойына оларды тасымалдауға тыйым салынған болатын. 22 мамырдан бастап уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар тоқтатылды.

Қазақстандық 100-ден астам бала емделуге шетелге барады

"Самұрық-Қазына" АҚ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осындай меморандумға қол қойды. Әлеуметтік келісім аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, өмірде қиын жағдайларға тап болған балаларға, сондай-ақ қарт адамдар, мүгедектер, ардагерлер мен жастарға көмек беріледі.

Тараптар Қазақстанда емделмейтін ауруы бар 100-ден аса баланың шетелде емделу ақысын төлеп береді. Аутизм, сал дерттеріне шалдыққан балаларды оңалтуға, сондай-ақ алыс елді-мекендерде тұратын 60 мың адамға медициналық көмектің көрсетілуіне көмектеседі.

Коммуналдық қызмет басшыларының жеке телефондары жария етілді

Елорда әкімінің орынбасары А.Тұрлыбек Facebook-тегі парақшасында қаладағы коммуналдық қызмет көрсететін ұйым басшыларының WhatsApp мессенджеріндегі нөмірлерін жариялады. Тығыз жұмыс кестесіне байланысты басшыларда телефон қоңырауларына жауап беру мүмкіндігі бола бермейтінін жазған әкімнің орынбасары шенеуніктермен WhatsApp желісі арқылы байланысуға кеңес берді. Кейінге қалдыруды күтпейтін мәселелермен айналысатын басшылардың әлеуметтік желіде тұрғындар сауалына жауап беруге дайын екендіктерін еске салды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 24-25 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының кей жерінде күн күркіреп, дауыл соғуы ықтимал. Ақмола облысының кей жерінде найзағай жарқылдайды, дауыл күтіледі, 25 мамырда кей жерлерде бұршақ жауады. Нұр-Сұлтан қаласында 24 мамырда күндіз, 25 мамырда тәулік бойы оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15-20 м/с жетеді, 25 мамырда күндіз кей уақытта 25 м/с болуы мүмкін. Қостанай облысында оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, түнде кей жерде 15-20 м/с, күндіз 15-20, екпіні 23-28 м/с күтіледі. 24 мамырда түнде Шығыс Қазақстан облысында кей жерде 3 градус үсік сақталады.

24.kz: Кешенді тестілеуден өту үшін қандай құжат тапсыру керек? ҚР Білім және ғылым министрлігі бірыңғай кешенді тестілеу ережесін бекітті. Оған сәйкес қатысушылардан өтініш, білімі туралы құжат, 3x4 көлеміндегі екі фотосурет, 086-У формасындағы медициналық анықтама, тестілеуге қатысу үшін төлем жасалғаны туралы түбіртек талап етіледі. Өтінім 3-25 шілде аралығында қабылданады.