Коронавирустың екінші толқыны басталса, емханалар қызметі қалыпты жағдайда жалғаса береді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәрігерлер алдын ала жазылу бойынша қабылдайды. Ал коронавирустың белгілері бар науқастар бөлек есік арқылы кіргізіліп, бөлек кабинетте қарайды.

"Бүгінде барлық емханада коронавирустан амбулаториялық деңгейде емделуге арналған дәрі-дәрмек бар. Бес препаратты учаскелік дәрігерлер жазып береді. Бәрі тегін. Коронавирустың екінші толқынына дайындаламын деп, дәрі-дәрмек сатып алмаңыздар", – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният орталық коммуникацилар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Тегін дәрілер тек дәрігер нұсқауымен беріледі. Оларды аурудың белгілері болса ғана алуға рұқсат. Ал симптомсыз ауырып жүрген адамдарға ондай препараттар берілмейді. Барлық препарат емханаларға жеткізілді. Ол үшін міндетті түрде учаскелік дәрігер қаралуы керек.

Тегін медициналық препараттардың ішінде вирустық инфекциялар мен пневомнияның түр-түрін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер де кіреді.

"Коронавирустың жаңа толқыны бола қалған жағдайда республика бойынша 70 000 орын қарастыруға дайынбыз, оның 51 мыңы стационарларда Covid-19-ға арналған орындар. – дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. – Covid-19-ға арналған дәрі-дәрмектерді 2 айға артығымен алып қойдық, ол аймақтарға таратылды. Оның құны 11,4 миллиард теңге. Барлық аймақта ең қажетті деген дәрі-дәрмектер үшін 13 миллиард теңге көлемінде тұрақтандыру қоры құрылды. Амбулаториялық деңгейдегі дәрі-дәрмектер тізімі ұлғайды. Covid-19-ға арналған тағы 5 дәрі қосылды".

Миллионға жуық адам екпе алды

Қазақстанда 2,2 миллион теңгеге тұмауға қарсы вакцина сатып алынды. Вакцина егу 15 қыркүйектен басталды. Қазіргі уақытқа дейін 1 миллионға жуық адамға екпе жасалды.

"Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3379 өкпені жасанды желдететін аппарат бар. Қосымша 2 619 дана осындай аппарат сатып алынады, оның ішінде 1 500 аппарат отандық өнім. 21 мың орын оттегімен қамтамасыз етілді, қазан айының соңына дейін қосымша 9 000-нан астам орын оттегімен қамтамасыз етіледі. Аудандық ауруханаларға елімізде шығарылған қосымша 53 рентген аппараты алынады. Жедел жәрдем қызметі 1 167 дана санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етіледі. Ауылдағы халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі 100-ге жуық жылжымалы медициналық кешенді сатып алумен жүзеге асырылады. Ол аудандарға қазан айының ортасына дейін жеткізіледі", – дейді Цой.

Оқи отырыңыз: 15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталады. Екпені кім тегін салдыра алады?

2020 жылғы 30 қыркүйекте Covid-19 және пневмониямен ауыратын 12 830 медицина қызметкері тіркелді. Оның ішінде 8 339 жағдай кәсіби қызметпен байланысты. Өңірлік комиссиялар 8 320 істі қарады және мұндай жағдайлардың 67 пайызын раста5fy

Медицина қызметкерлерінің 88%-ы өтемақы алды

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің 88 пайызы, яғни аймақтық комиссия деңгейінде расталған жағдайлардың 3 454-і Covid-19 бойынша өтемақы алды.

Пандемия басталғалы Қазақстанда 182 медициналық қызметкер көз жұмды. Аймақтық комиссия 58 өтінім бойынша коронавирустан көз жұмған медициналық қызметкерлердің туыстарына өтемақы беру туралы шешім қабылдады. 37 отбасы өтемақы алған.

Оқи отырыңыз: Covid-19 екінші толқыны: қателік қайталанбай ма? Сараптама

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шараларды бекітті:

Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі кезде республика бойынша жағдай тұрақты. Бірақ басқа елдерде жағдай нашарлап жатыр. Осыған байланысты инфекцияны Қазақстанға кіргізбеу үшін ведомствоаралық комиссия 5 қазаннан бастап қосымша шараларды бекіткен. Олар:

  • басқа елдермен әуе рейстерін қалпына келтіруді тоқтату;
  • бұған дейін ашылған әуе рейстерінің санын көбейтпеу;
  • Түркияға рейстерді қысқарту.

Екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін міндетті талаптар:

  • Дене қызуын өлшеу;
  • Сауалнама;
  • Коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтама (мерзімі – 3 тәулік).

"Анықтама болмаған жағдайда азаматтар екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылады. Covid-19 тесті вирусты жұқтырғанын көрсетсе, инфекциялық стационарға жатқызылады. Инфекция болмаса, үйіне қайтады", – деп түсіндірді министр.

ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен өткізу бекеттерінде де дәл сондай талаптар енгізіледі.