Коронавирусқа қарсы түрлі вакцинаны қатар алуға бола ма? Мамандар жауап берді
Қазақстанда Спутник V және QazVac вакциналары мақұлданған.Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Спутник V вакцинасын салдырған соң, келесі жолы қазақстандық QazVac екпесін де алуға ниетті екені хабарланды. Мамандар бірнеше вакцинаны қатар егудің қажеті жоғын, сондықтан бір екпені ғана салдыру керек деген пікірде.
"Бір вакцинамен бастасаңыз сол вакцинамен аяқтау қажет деген нұсқау бар. Себебі бұл екі вакцина (Спутник V және QazVac) екі түрлі технологиямен әзірленген. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып қолжетімді вакцинаны бірінші қолдану қажет. Президентке Спутник V егілсе, онда екінші компонентін алып, сонымен аяқтағаны жөн", – деді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл.
ДСМ штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова да бір ғана вакцинаны салдыру керек екенін айтады. Оның сөзінше, барлық вакцинаның міндеті – антидене өндіру.
Еске сала кетсек, 5 сәуірде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық QazVac екпесін салдыратынын айтқан болатын. Алайда 6 сәуірде Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған "Спутник V" вакцинасын салдырғаны хабарланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық вакцина салдырамын деп, бірақ оны күтпей, "Спутник V" екпесін алғаны туралы жазбалар көбейді. Осыған байланысты Берік Уәли Facebook парақшасында пікір білдіріп, Мемекет басшысы келесі жолы коронавирусқа қарсы отандық екпені салдыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз:
- Алматыда коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға болатын емханалар мен медорталықтардың тізімі
- Коронавирусқа қарсы вакциналар Қазақстанға құрғақ мұзды қолдану арқылы тасымалданады
- Коронавирусқа қарсы вакцина салу. Не білу қажет?
- Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаны қалай алуға болады? Дәрігерлер вакцинация туралы сұрақтарға жауап берді