Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы бекітілген үстеме ақы белгілеу туралы шешімді бекітті.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Төлемдер коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

  1. "Қауіптілігі аса жоғары" — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ), 850 мың теңге).

  2. "Қауіптілігі жоғары" – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы 10 ЖТМ (425 мың теңге) құрайды.

  3. "Қауіптілігі орташа" – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемеақы 5 ЖТМ (212,5 мың теңге) құрайды.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Медициналық қызметкер коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайды.

Отырыс барысында әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар мен төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жұмысынан уақытша айырылған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды.

"Мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте көмекті тағайындау тетігі тұрғындар үшін барынша қарапайым әрі қолайлы болуы тиіс", — деді Асқар Мамин.