Пандемия деген не?

Пандемия – жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы. Гректің "пандемос" деген сөзінен шыққан. Қазақшасы – "барлық адамға тиесілі". Мамандар бұл терминді ауру әлемнің түкпір-түкпіріне таралған жағдайда қолданады.

Пандемия сөзінен қорқудың қажеті жоқ: бұл аурудың қауіптілігінен бұрын оның таралу ауқымын білдіреді және жұқпалы ауруларда ғана қолданылады. Аурудың таралу ауқымы мен жұқтырғандар саны арта түссе, эпидемия пандемияға айналады.

Пандемияның жалпыға ортақ үш критериі:

  • вирус ауру тудырып, адам қазасына әкелуі мүмкін;
  • вирус адамнан адамға жұғады;
  • вирустың әлем бойынша таралуының дәлелі бар.

Пандемия жарияланған соң әрбір ел коронавируспен жергілікті деңгейде ғана күреспейді, аурудың ары қарай таралмауына да күш салуы тиіс. ДДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус барлық елдің үкіметін коронавирустың таралуына қарсы жедел әрі батыл шаралар қолдануға шақырды. Айта кетейік, пандемия жарияланған соң қандай карантин шараларын қабылдауды әр елдің өзі шешеді.

Оқи отырыңыз: Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Адамзат тарихындағы пандемиялар

Пандемия ауқымындағы ауру алғаш рет тарап отырған жоқ. XIV ғасырда Еуропаны жайлаған оба індеті мен XX ғасырдағы "испанка" тұмауына 500 млн жуық адам шалдығып, шамамен 100 млн адам көз жұмды.

XXI ғасырда адамзатты:

  • атипиялық пневмония (SARS, 2003 жыл);
  • құс тұмауы (2003 жыл);
  • Таяу Шығыс респираторлық синдромы (MERS, 2012 жыл);
  • Эбола (2014-2015 жылдар);
  • Зика безгегі (2016 жыл) секілді жұқпалы аурулар біршама әуреге салды.

2009-2010 жылы "доңыз тұмауы" деген атпен белгілі H1N1 вирусына қатысты пандемия жарияланды. 2009 жылдың 27 тамызындағы жағдай бойынша, 255 716 жуық жұқтыру дерегі тіркеліп, әлемнің 140 астам елінде 2 627 адам көз жұмды.

H1N1 вирусы – ДДСҰ терминологиясындағы соңғы пандемия. Содан бері ұйым мұндай жағдайларда "халықаралық деңгейде қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін жағдай" (Public Health Emergency of International Concern, PHEIC) деген атау беріп келді.

Оқи отырыңыз: ДДСҰ коронавирустың өршуін төтенше жағдай деп таныды. Бұл нені білдіреді?

Covid-19 қандай вирус?

Covid-2019 – жұқпалы жолмен тарайтын коронавирустың жаңа түрі. Індет ошағы – Қытайдың Ухань қаласы.

Коронавирустың негізгі белгілері респираторлық ауруларға ұқсайды:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • шаршау;
  • құрғақ жөтел.

Кейде болуы мүмкін белгілер:

  • мұрынның бітелуі;
  • тұмаурату;
  • фарингит;
  • диарея.

Кейде ауру симптомдары білінбейді. Дене қызуы көтеріліп, жөтел мен тыныс алу қиындағанда дереу медицина көмегіне жүгіну қажет. ДДСҰ мәліметінше, вирусты жұқтырған науқастардың 80 пайызы жазылуда.

Вирус қалай таралады?

Covid-2019 жұқтырған науқас жөтеліп, түшкірген кездегі мұрын мен ауыздан шығатын ұсақ тамшылар арқылы адамнан адамға жұғады. Тамшылар заттарға жұғып, ауаға тарайды. Оларға жанасқан соң, вирус көзге, мұрын мен ауызға түседі. Сол себепті найқас адамнан бір метрден астам қашықтықта алшақ жүру керек. Вирустың өмір сүру әзірге ұзақтығы анықталмады.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Коронавирустан қалай қорғану қажет?

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Қандай емдік шаралар жасалады?

Антибиотиктер вирустарға әсер етпейді. Олар тек бактериалды инфекциялар кезінде көмектеседі. Covid‑2019 вирустық инфекция болғандықтан, антибиотиктерді қолдану тиімсіз. Коронавирус күдігімен ауруханаға жатқызылған науқастарға қосымша бактериялық инфекцияларды емдеу үшін антибиотиктер тағайындалады. ДДСҰ антибиотиктерді қоса алғанда, адамдарға өз-өзін емдеумен айналыспауға кеңес береді. Қазіргі таңда әзірленген бірнеше дәрілер мен вакциналарға клиникалық сынақ жүргізілуде. Бірақ олардың тиімділігі жөнінде әзірге ресми ақпарат жоқ.

ДДСҰ масканы Covid-2019 симптомдары болса және коронавирус жұқтыруы мүмкін адамға күтім жасайтын болса ғана тағуға кеңес береді. Бір реттік маскаларды қайталап қолдануға болмайды.

Карантин қалай жүргізелді?

Ауру асқынып тұрған бірінші санаттағы елдерден келген азаматтардан симптомдар анықталса арнайы дайындалған ауруханаға 14 күнге карантинге жатқызылады. Басқа санаттағы елдерден келгендер 14 күн үй жағдайында оқшауланады немесе екі апта бойы медицина қызметкерлерінің бақылауында болады.

Үшінші санаттағы елдерден келгендер шекарадан өткен кезде анкета тапсырып, есепке қойылады.

1А категориясы: Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Италия;

1Б категориясы: Франция, Германия, Испания;

2-категория: Швейцария, Ұлыбритания, Нидерландтар;

3-категория: Бельгия, Швеция, Норвегия, Үндістан, Ирак, Филлиппиндер, АҚШ.

Оқи отырыңыз: Коронавирустың күтпеген тұсы


Қазақстанда қабылданған шаралар:

Төмендегі шаралар 12 наурыздан бастап күшіне енеді және оларды жою туралы шешім қабылданғанға дейін қолданыста болады:

  • 13 наурыздан бастап спорттық, мәдени-бұқаралық шаралардың өткізілуіне тыйым салынып, концерт, көрме, конференциялар кейінге қалдырылады.
  • спорт жарыстарына шектеу қойылмайды, бірақ залда көрермендер болмайды;
  • 16 наурыздан 5 cәуірге дейін мектеп оқушыларына демалыс жарияланады;
  • 16 наурыздан бастап студенттер сабақты онлайн түрде оқуға көшеді;
  • демалыс кезінде мектеп оқушыларын экскурсияға апаруға тыйым салынады;
  • адамдар көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру міндеттеледі;
  • санитарлық, алдын-алу шаралары күшейтіледі (Қарттар үйі де осы тізімге кіреді);
  • халықаралық мәдени және туристік іс-шара аясында 1А, 1Б, 2 и 3 категориясына жататын елдерге баруға тыйым салынады;
  • сауда орталықтары мен базарлар жұмыс істей береді, ал театрлар мен кинотеатрларға баруға тыйым салынады;
  • қазақстандықтарға той өткізбеуге кеңес береді.

Сондай-ақ, пандемияға орай, Қазақстан 16 наурыздан бастап халықаралық авиация тасымалдарына қосымша шектеу шараларын енгізеді. Наурыздағы ақылы ҰБТ кейінге қалдырылды. Тестілеуге қатысуға 90 мың талапкер өтініш білдірген. Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеру мен Наурыз мерекесін тойлау шаралары өтпейді.

Қазақстан қолға алған сақтық шаралары туралы төмендегі сілтеме арқылы өтіп, толығырақ оқуға болады:

Қазақстан қандай сақтық шараларын қабылдады?

Соңғы деректер:

Covid-19 коронавирусы 116 елге таралды;

Осы уақытқа дейін 128 мыңға жуық адам жұқтырған;

Вирус көп таралған елдер – Қытай, Италия, Иран, Оңтүстік Корея, Франция;

Қаза тапқандар 4700-ден асты;

68 мыңнан астам адам жазылды;

Қазақстанда коронавирус дерегі тіркелмеді.