Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Бесінші күн
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы төрт күннің оқиғаларын материал арасындағы сілтемелер арқылы өтіп, оқуға болады.
Бесінші күн
Сағат: 09.20. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 13-ке жетті. Тізімді толықтырған 3 адам да Алматыда:
- Мәскеуден 10 наурызда ұшып келген 1956 жылғы ер адам;
- Мәскеуден 10 наурызда ұшып келген 1966 жылғы ер адам;
- Берлиннен Минск арқылы 13 наурызда ұшып келген 2018 жылғы қыз.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Алғашқы екі күн
Сағат: 09.42. Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеме жасады
Министр Руслан Дәленовтың хабарлауынша, енді орта бизнесті тексеру саны қысқарады. Ал жалпы бекітілген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер, ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және спорт нысандары бір жылға салықтан босатылады.
Кәсіпкерлердің несие төлемі 90 күнге шегеріледі. Ал қазақстандықтар төтенше жағдайға байланысты несиесін уақытылы төлей алмаса, өсімпұл есептелмейтіні белгілі болды.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Үшінші күн
Сағат: 12.16. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Министр Елжан Біртанов Нұр-Сұлтанда тағы 14 адам коронавирус жұқтырғанын хабарлады.
Республика бойынша барлық медициналық мекемелерде карантин жарияланды. Тиісінше, мекеме қызметкерлерінен бөгде адамдарға бұл нысандарға кіруге тыйым салынады. Сондай-ақ, медициналық мекемелерде фото, бейнетүсірілім жасауға да болмайды.
Сағат: 14.28. Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады
Министрлік хабарламасынан Будапештте қазақстандық азаматшаның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Науқастың жағдайы қалыпты.
Оқи отырыңыз: Коронавирус Қазақстанда: оқиғалар хронологиясы. Төртінші күн
Сағат: 14.50. "Шымбұлақ" курорты хабарлама жасады
Алматыдағы "Шымбұлақ" курорты 18 наурыздан 15 сәуірге дейін адам қабылдамайтыны белгілі болды.
Сағат: 15.32. Mega сауда ойын-сауық орталығы желісі хабарлама жасады
Mega желісінің бас директоры Сейтжан Есмағамбетов республикадағы барлық Mega сауда ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтататынын хабарлады. Орталықтардағы супермаркеттер мен дәріханалар ғана жұмысын жалғастырады.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?
Сағат: 16.18. Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемкомиссия шешім шығарды
Алматы мен Нұр-Сұлтанда 19 наурыз, сағат 00.00-ден бастап карантин енгізілетіні белгілі болды. Карантин келесі шараларды қамтиды:
- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;
- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ, көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;
- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;
- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;
- ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;
- "клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;
- ХҚКО жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;
- халықтың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;
- сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау.
Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы
Сағат: 16.20. Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Алматыда төрт және Нұр-Сұлтанда бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Тиісінше, республика бойынша вирус жұқтырғандар саны 32-ге жетті.
Сағат: 17.00. Алматы әкімі үндеу жасады
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада карантин жариялануына байланысты үндеу жасады. Оның сөзінен қала кіреберістерінде 27 блок бекеті орнатылатыны, сондай-ақ, қала аумағында балабақшалар жабылатыны белгілі болды.
Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі
Сағат: 17.58. Президент Twitter желісі арқылы мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемсектор қызметшілерінің 70 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшіруді ұсынды.
Сағат: 18.15. Нұр-Сұлтан әкімі мәлімдеме жасады
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елордада карантин жариялануына байланысты үндеу жасады. Негізгі тезистер:
- автобекеттерде қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынады, қосымша пунктер пайда болады;
- карантинді коменданттық сағатпен шатастырмау керек;
- азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істейді;
- ірі 12 сауда ойын-сауық орталығының жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды;
- санитарлық дезинфекция режимі күшейтіледі.
Оқи отырыңыз: "Бұл – уақытша дүрбелең!" Президент төтенше жағдайға байланысты үндеу жолдады
Сағат: 18.54. Парламент мәжілісі хабарлама жасады
Мәжілістің 18 наурыздан 15 сәуірге дейін қашықтан жұмыс жүргізу режиміне көшетіні мәлім болды.
Сағат: 19.29. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады
Министр Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерлеріне демалысқа шығуға, сондай-ақ, қызмет орындарынан тыс аумаққа шығуға тыйым салынғанын хабарлады. Олар үшін қызметтік іссапарларға да шектеу қойылған.
Сағат: 19.38. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлама жасады
Нұр-Сұлтанда тағы бір коронавирус жұқтыру дерегі белгілі болды. 1983 жылғы әйел өзі жедел жәрдем көмегіне жүгінген.
Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары
Сағат: 20.57. Үкіметтің баспасөз қызметі түсініктеме берді
Нұр-Сұлтан және Алматы аумағына адамдардың кіруін/шығуын шектеу келесі санаттағы тұлғалар үшін қолданылмайды:
- бұған дейін шығып кеткен қала тұрғындары оралған жағдайда;
- бұған дейін кірген басқа өңірлердің тұрғындары қаладан шығатын болса;
- бұған дейін шетелдерге шығып кеткен ҚР азаматтары (олар Қазақстан Республикасына оралған жағдайда);
- бұған дейін елден шығу үшін ҚР аумағына кірген және елден шығып кету мақсатында әуе көлігімен шығатын шетелдіктерге.
Толық тізімді мына жерден оқуға болады.
Сағат: 22.00. Президент Twitter желісі арқылы мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтып, Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайтынын мәлім етті.
Оқи отырыңыз: Көрме, театр, ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтайды. Төтенше жағдай кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?
Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:
- қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
- көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
- науқас адамдармен байланысқа түспеу;
- салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.