Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы он төрт күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

27 наурыз, он бесінші күн

Сағат: 00.04. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Жамбыл облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол – 24 наурызда Қырғызстаннан келген Қордай ауданының 1996 жылғы азаматшасы. Ол карантиндік стационарға жатқызылған, жағдайы – қанағаттанарлық.

Сағат: 07.55. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматыда жеті адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Төтенше жағдай кезіндегі бұл әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Сағат: 08.55. Нұр-Сұлтан әкімдігінің хабарламасы

Елордадағы №1 автопарктің бір қызметкерінің коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болғаны белгілі болды. Соған байланысты автопарк карантинге жабылып, оның бүкіл аумағы мен автобустары дезинфекцияланды. Қызметкермен тығыз байланыста болғандар стационарға, тағы бір бөлігі үй карантиніне жатқызылды.

Сағат: 10.05. Шымкент әкімінің үндеуі

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов бейнеүндеу жасап, 28 наурыз сағат 00.00-ден қосымша шектеу шаралары енгізілетінін хабарлады:

  • әуежай мен темір жол бекеті уақытша жабылады;
  • автобазарлар, азық-түлік жәрмеңкелері, ұялы телефон сататын дүкендер жабылады;
  • отбасылық, қаралы және өзге шараларға тыйым салынады;
  • мал базарлары тек жексенбіде 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді;
  • тамақтану нысандары 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. 18.00-ден 22.00-ге дейін – үйге жеткізу режимінде;
  • Шымкентке түнгі уақытта (21.00-ден 7.00-ге дейін) кіруге тыйым салынады;
  • қоғамдық көлік 6.00-ден 21.00-ге дейін жолаушы тасымалдайды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен АҚШ алға шықты. Украина шекарасын жапты. Әлем жаңалықтары

Сағат: 10.25. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматыда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Сағат: 11.00. Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы

Ақмола облысының коронавирустан көз жұмған тұрғыны 13-17 наурыз аралығында Алматы мен Шуда болғаны белгілі болды. Онымен түрлі өңірде қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, оқшауланған. Ал науқас қайтыс болған аурухана карантинге жабылды.

Оқи отырыңыз: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?

Сағат: 12.05. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Атырау облысында үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды:

  • бірінші науқас 21 наурызда Нұр-Сұлтаннан Атырауға келген;
  • екінші науқас 17 наурызда Ыстанбұлдан Алматыға, кейін Атырауға ұшып келген;
  • үшінші науқас 26 наурызда Амстердамнан ұшып келген.

Сағат: 13.05. Премьер-министр сайтының хабарламасы

30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматыда меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдар жабылады. Бұл шектеулердің келесілерге қатысы жоқ:

  • орталық мемлекеттік органдар;
  • әкімдіктер;
  • құқық қорғау органдары;
  • денсаулық сақтау ұйымдары;
  • БАҚ;
  • азық-түлік дүкендері;
  • дәріханалар.

Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Сағат: 14.25. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Павлодар облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол – бұрын коронавирус жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған 1988 жылғы азамат.

Сағат: 15.55. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы

Жаңа қаулыға сәйкес, 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуына шектеу қойылды.

Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

Сағат: 16.20. Ақпарат және қоғамдық даму министрінің брифингі

Министр Дәурен Абаев 28 наурыздан енгізілетін шектеулерді түсіндірді. Көшеге себепсіз шыққан азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бірінші мәрте ескертуден кейін тағы қайталанса, 26,5 мың теңге айыппұл салынады не 15 тәулікке қамаққа алынған.

Сағат: 18.35. Алматы әкімдігінің хабарламасы

Тағы бір науқас жазылып, ауруханадан шықты. Ол вирусқа қарсы толық курстан және симптоматикалық терапиядан өткен.

Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Сағат: 18.40. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Маңғыстау облысында бір адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Ол – Ыстанбұлдан Ақтауға ұшып келген 45 жастағы Орал қаласының азаматы. Жағдайы – қанағаттанарлық. Онымен бірге ұшқан 74 жолаушының бәрі ауруханаға жатқызылған.

Сағат: 19.10. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Нұр-Сұлтанда тоғыз адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Сағат: 20.10. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Алматыда екі адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Сағат: 21.40. қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік хабарламасы

30 наурыз бен 5 сәуір аралығында екінші деңгейлі банктердің есеп-касса бөлімдерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Банкоматтар мен терминалдар қалыпты режимдегі жұмысын жалғастырады. Сондай-ақ, мобильді және интернет банкинг қызметі қолжетімді.

Оқи отырыңыз: "Сақтаныңыздар, бұл – ойын емес!" Коронавирус тараған елдердегі қазақстандықтардың монологы

Сағат: 22.25. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы

Қазақстанда он үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың:

  • алтауы Нұр-Сұлтанда;
  • бесеуі Алматыда;
  • екеуі Ақмола облысында тіркелді.

Осымен республикада вирус жұқтырғандар саны 150-ге жетті:

  • Нұр-Сұлтанда – 75;
  • Алматыда – 55;
  • Шымкентте – 2;
  • Қарағандыда – 4;
  • Ақмола облысында – 3;
  • Ақтөбе облысында – 1;
  • Алматы облысында – 1;
  • Атырау облысында – 3;
  • Жамбыл облысында – 3;
  • Маңғыстау облысында – 1;
  • Павлодар облысында – 1;
  • СҚО – 1.

Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.