"Қазақстан Темір Жолы" ұлттық компаниясы басшысының орынбасары Қанат Әлмағамбетов 1 маусымнан бастап Достық бекетіне дейін баратын екі пойыз жүре бастайтынын хабарлады.
Оның айтуынша, билеттер бағасы өспейді, жыл басында бекітілген тариф бойынша қалады. Ал, мемлекетаралық пойыздар әзірше тек ел ішінде ғана жүреді.
"Бағалар бұрынғы қалпында тұр. Сонымен қатар, біз динамикалық баға өзгерту процесін де тоқтаттық. Бұрын жолаушы пойызға 45 күн бұрын билет алса, оған арзандау баға, ал 2 күн қалғанда билет алған адамға қымбаттау баға ұсынатынбыз. Ал, қазір әлеуметтік маңызы бар бағыттарда мұндай баға өзгерісін алып тастадық. Дәл қазіргі жағдайда жолаушылар өздерінің саяхатын алдын ала жоспарлай алмайтынын жақсы түсініп отырмыз", – деді "Қазақстан Темір Жолы" өкілі.
Оқи отырыңыз: "Олардың жүрген жолында қабірлер мен мәйіттер қалатын". Сара Камеронның "Аштық жайлаған дала" еңбегі
Коронавирус жұқтырған 6 адам жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды
Бүгін Covid-19 жұқтырған 6 науқас жансақтау бөлімінен шықты. Олардың қатарында Нұр-Cұлтан қаласының 2 тұрғыны, Алматы қаласының 2 тұрғыны, Қарағанды және Қызылорда облысының тұрғындары бар. Жалпы алғанда, Қазақстанда қазірге дейін 166 науқас жансақтау бөлімінен тұрақты палатаға ауыстырылған.
28 мамыр күні Қазақстанда Сovid-19 жұқтырған 356 адам тіркелді. Осылайша, вирустың таралу көрсеткіші 3,7 пайызға жетті. Елордада 28 мамыр күні жаңадан тіркелген 48 жағдайдың ішінде 96 жастағы қария мен туғанына 16 күн ғана болған нәресте бар.
Оқи отырыңыз: Бақытжан Сағынтаев: Карантин кезінде Алматы экономикасы 9,2%-ға төмендеді
Маусым айында балабақша, жаттығу залы, кинотеатр және спа-орталықтар ашылады
Covid-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 1 маусым күні Қазақстанда фитнес-орталықтар, спа-салондар, балабақшалар ашылатынын хабарлады. Ал, кинотеатрлар 15 маусым күні жұмысын бастайды. Барлық мекемелер санитарлық талаптарды сақтауға міндеттеледі.
Балабақшалар мен қосымша білім беру мекемелеріне біршама шектеулер қойылған. Атап айтқанда, бір топта көп дегенде 15 баланың болуына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, 1 маусымда ғылыми-зерттеу институттары мен ғылым орталықтары жұмысын қайта бастайды.
Біртанов: қазақстандықтардың қозғалысын шектеуге еш негіз жоқ
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстан аймақтарындағы коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші теңелгенін хабарлады.
"Эпидемияға қарсы шаралар, оның ішінде шектеулер сол күйінше қалады. Ал, аймақтар арасындағы қозғалысқа рұқсат берілгені - облыстар арасында вирусты жұқтыру көрсеткіші теңелгенінің нәтижесі. Сол себепті, бұдан былай тұрғындардың қозғалысын шектеуге негіз жоқ", – деді министр.
Біртановтың айтуынша, карантин режимі жеңілдегенімен, қазақстандықтар сақтық шараларын ұмытпауы тиіс.
"Тұрғындар өндіріс орнында, жұмыста, қоғамдық орындарда, көлікте эпидемияға қарсы шараларды орындауға міндетті. Мұндай сақтық вирус жұқтырғандар санының күрт көбейіп кетпеуінің алдын алады", – деді министр.