Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. 69 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

21 мамыр. Коронавирус жұқтырғандар саны – 7 234

  • Алматы – 1 966;
  • Нұр-Сұлтан – 1 403;
  • Атырау облысы – 816;
  • Шымкент – 508;
  • Батыс Қазақстан облысы – 352;
  • Қарағанды облысы – 300;
  • Қызылорда облысы – 266;
  • Түркістан облысы – 247;
  • Алматы облысы – 238;
  • Ақтөбе облысы – 233;
  • Жамбыл облысы – 222;
  • Павлодар облысы – 176;
  • Маңғыстау облысы – 164;
  • Ақмола облысы – 135;
  • Қостанай облысы – 110;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 58;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 39.

Жазылғандардың жалпы саны – 3843.

Көз жұмғандар – 35.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының зертханасы 10 мыңға жуық зерттеу жүргізді

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы базасында вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі референс-зертхана осы уақытқа дейін коронавирусты анықтайтын шамамен 10 мың тест жүргізді. Референс-зертхананың тәуліктік қуаты – 300 үлгіні құрайды. Оны тәулігіне 3 000 үлгіге дейін жеткізу көзделген.

Covid-19 нәтижелерін нақты растау үшін зертханада анықталған тест жүйелері қолданылады. Референс-зертхана тұмау жөніндегі ұлттық орталықпен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге белсенді жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Жаңа тұрғын үй бағдарламасы мен биологиялық қауіпсіздік кеңесі. Президент мәлімдемесіндегі маңызды мәселелер

Катар коронавируспен күресу үшін медициналық қорғаныс құралдарын жіберді

Qatar Airways әуе компаниясының арнайы рейсімен Дохадан Нұр-Сұлтанға жалпы салмағы 8,5 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді. Оның ішінде жеке қорғану құралдары – жоғары сапалы N95 респираторлы медициналық маска, арнайы киім, қолғап, көзілдірік, халат және өзге де медицина құралы бар.


Фото ҚР СІМ баспасөз қызметі

Көмек Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танидің тапсырмасымен ұйымдастырылды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Катар билігіне гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіреді. Гуманитарлық жүк медициналық мекемелер арасында одан әрі тарату үшін "СҚ-Фармация" ЖШС-на табысталады.

Төтенше жағдайға байланысты ораза айт мейрамын өткізу туралы

Биыл Ораза айт намазы карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал.

"Бізде әдетте айт намазына жұма намазынан да көп халық жиналады. Бұл карантин талаптарына қайшы келетінін ескеріп, биыл айт намазын тоқтатуға тура келіп тұр. Айт намазы оқылмаса да, әркім үйінде нәпіл намазын оқуына болады. Оған ешкім тыйым салмайды", – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі.

Рамазан айы 24 сәуірде басталды. Ораза айттың бірінші күні 24 мамырға түсіп тұр. Шариғат бойынша айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен бастап күн тас төбеге көтерілгенге дейін оқылады. Алайда мүфтият қазақстандықтарды Ораза айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырды.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың карантиннен шығуы неге қиын? Сараптама

ШҚО мен Алматыда карантин жеңілдетіледі

23 мамырда ШҚО-да карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Бұл кезеңде балабақшалар мен ХҚКО іске қосылады. Облыс ішінде Семейге қатынайтыннан өзге автобус тасымалы қалпына келтіріледі.

Алматыда 25 мамырдан бастап барлық ХҚКО, кафе мен мейрамхана, қонақ үйді ашу жоспарланып отыр. Санитарлық талаптар: үстел арасы екі метр болуы, бір үстел басында төрт адамнан артық отырмау, ал жұмыс уақыты 23.00-ге дейін.

Сондай-ақ, санитарлық талаптарға сай келмегені үшін жабылған азық-түлік базарлары ашылады.

Нұр-Cұлтанда құрылыс нысандарының бірі карантинге жабылды

Скрининг барысында құрылыс компаниясының инженерінен коронавирус анықталды. Алгоритмге сәйкес, құрылыс компаниясының 600 астам қызметкері сынақтан өтіп, 63 адамда коранавирус расталған. Олардың бәрі қазір стационарда жатыр. Барлық аумақ дезинфекцияланғанын.

"Нұр-Сұлтанда 10 нысан карантинде. Барлығы коронавирус жұқтырған 1 403 адам анықталып, 633 науқас емделіп шықты. Әкімдіктің мобильді тобы полицейлермен және эпидемиологтармен бірлесіе күнде санитарлық нормаларды сақтауы бойынша нысандарға рейд жүргізеді. Санитарлық нормаларды бұзғаны үшін елордада 25 нысан жабылды", – делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабаралмасында.

Оқи отырыңыз: Пәтер жалдап тұратындар коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңге ала алмайды. Маңызды 8 сұраққа жауап

Олардың ішінде құрылыс компаниялары, дүкендер, кафелер, мейрамханалар бар. Қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етпейінше нысандар ашылмайды. 150 кәсіпорын ескерту алды.

"Қазмедиа орталығында" карантиндік шаралар енгізілді

18-20 мамыр аралығында "Қазмедиа орталығы" ғимаратындағы "Еуразия" телеарнасының 200 жуық қызметкері тексерілді. Нәтижесінде екі қызметкерден коронавирус анықталып, олар стационарға жатқызылды. Телеарнаның жұмысы эпидемияға қарсы режимге ауыстырылды. Арна басшылығы қызметкерлерді барынша қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру қажет.

"Шынында да арна басшылығының бастамасымен жүргізген тест нәтижесінде екі адамның вирус жұқтырғаны расталды. Вирус жұқтырған азаматтармен жақын қарым-қатынаста болған азаматтар анықталып жатыр. Жақын қарым-қатынаста болғандар 14 күндік үй карантиніне жатқызылады. Ғимаратта жұмыс істейтін азаматтардың бәрі де кезең-кезеңімен коронавирус бойынша тестілеуден өтеді", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

22 мамыр мен 7 маусым аралығында "Қазмедиа орталығы" ғимаратында қатаң шектеу шаралары, кіріп-шығуға шектеулер енгізілді. Ғимарат ішінде барлық санитарлық нормалар қатаң сақталуы қажет: медицина масқасын тағу, қолды антисептикпен өңдеу, адамдармен арақашықтықты сақтау.

Оқи отырыңыз: Соңғы қоңырау салтанаты 3-4 маусымда, ҰБТ өз уақытында өтеді

Алматыда көк базарда тәртіп бұзушылықтар анықталды

Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин көк базардағы тәртіп бұзушылықтарды анықтады. Көк базар – Алматыдағы халық ең көп жүретін орындардың бірі. Алайда, санитарлық қауіпсіздік жөніндегі ұсыныстар мен талаптарға қарамастан, оларды барлығы бірдей сақтай бермейді.



Ауданның бас дәрігеріне анықталған тәртіп бұзушылықтар мен ескертулер бойынша хаттама жасау тапсырылды. Айыппұл сомасының мөлшері 4 миллион теңгеге дейін жететін болады.

Блок бекеттен өткізу үшін пара алған әкімдік қызметкері сотталды

13 мамырда Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының үкімімен Алматы қаласы тұрғындарынан "Ащыбұлақ" шеңберіндегі №11 блок бекет арқылы кедергісіз арлы-берлі өту үшін бірнеше рет жалпы сомасы 380 мың теңгеден асатын пара алғаны үшін Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы С.Оразов сотталды. Сот үкімімен оған 13 миллион 300 мың теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда "бомждар" қалай және қайда жерленеді? Батыс зиратынан фоторепортаж

Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде кедергісіз қозғалу үшін 1,3 млн теңге пара алған СҚО аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары жұмыстан босатылды. Ол "полиция майоры" шенінен айырылды. Оның басшысы – полиция бөлімінің бастығы да қызметінен босатылды. Сонымен қатар СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев пен кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Қапез Дәулетбаев қатаң сөгіс алды.

Алматы облысында саунадағы роликтің кейіпкері Панфилов ауданының прокуроры жұмыстан босатылды. Онымен бірге Кербұлақ аудандық сотының төрағасы болуы мүмкін. Жоғарғы сот осы дерекбойынша тексеру жүргізіліп жатқанын және судья жұмыстан шеттетілгенігін атап өтті.