Көрнекті ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден озды
Бүгін Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, ақын Жәркен Бөдешұлы қайтыс болды. Бұл ақпаратты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет растады. Оның айтуынша, соңғы күндері ақынның жүрегі сыр беріп, сырқаттанып жүрген. Түнде ұйқыға кеткен соң, ақынның жүрегі тоқтап, сол күйі оянбапты.
"Қиын жыл болды, талай ақын-жазушыларымыз бірінен соң бірі кетіп жатыр. Жәркен қазақ поэзиясының ғажайып ақыны еді. Сол ұлы ақындарымыздың тағы біреуі кетті. Өзі ерекше, поэзияға ғұмырын арнаған адам болатын. "Сары көбелек сағыныш" деп, туған жерін, Жайыр тауын жырлап өтті. Марқұммен қоштасу ертең өзі тұрған "Құлагер" ықшамауданындағы үйде өтеді. Пандемияға байланысты, Одақ тарапынан ауқамды шара болмайды", – деді Ұлықбек Есдәулет.
Жәркен Бөдешұлы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы, Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты-Жармұхаммед. ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Мерзімдік басылымдар мен мемлекеттік Кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған. Соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі болып қызмет атқарды.