Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада: "Қазақтар мен жапондар қатты ұқсайды"
"Жапония мәдениетінің күні" барлық жастағы адамдарға ортақ мереке екені бірден сезіледі. Фестивальға кіру тегін, бұл жақта еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін жүр. Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада жапон ұлттық аспабында Қазақстанның әнұранын орындап берді.
"Ұзақ уақыт бойы бұл күнді ерекше күттім. Қазақстанға көшіп келгеніме екі жылдан астам уақыт өтті, осы уақыт аралығында қазақтар мен жапондықтардың туыстық қарым-қатынасы бар екенін байқадым. Біздің сыртқы түріміз ғана емес, мәдениетіміз де бір-бірімізге ұқсайды. Былтыр Жапония мен Қазақстан дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығын атап өтті. Біз осы уақыт аралығында Жапониядағы қазақстандық жастардың саны жыл сайын артып жатқанына өте қуаныштымыз", – деді Джун Ямада.
Джун Ямада елшілік атынан Жапонияда білім алуға арналған стендті тамашалауға шақырды. Басшылыққа, Орталық мемлекеттік музейінің қызметкерлеріне, қазақстандық-жапондық мәдениет орталығының қызметкерлеріне, Нархоз университетіне, еріктілерге, фестиваль ұйымдастыруға көмектескен компанияларға және шараға келген адамдардың бәріне алғыс айтты.
Мерекеде аспаздық шеберлік сыныбы да болды, такояки, онигири, мочицуки деп аталатын жапон тағамдары ұсынылып, жапон шайы да берілді.
Концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, кино, музыка, көрме көрсетілді, Сямисен ұлттық аспабы ойналып, "кендо" мен айкидо жекпе-жек өнері паш етілді.
Жапон ұлттық аспабы сямисэн – үш ішекті, дыбысы домбыраға ұқсайтын аспап. Орта ғасырда аталған аспаппен көше музыканттары ойнаған.
Келген адамның бәрі жапон ұлттық киімін киіп, арнайы стендте суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Кендама жапон ұлттық ойыны да келушілердің қызығушылығын тудырды.
Жапон техникасы мен каллиграфия бойынша бақыт, байлық, сәттілікке жетелейтін сиқырлы иероглиф салу да бәріне ұнады.
Біз Джун Ямада мен Жапония елшілігінің мәдениет, білім мен ақпарат бойынша екінші хатшысы Секигучи Ёкомен сөйлестік.
Әңгіме барысында еліміздің көпұлтты мемлекет екені, әртүрлі діни конфессия тату-тәтті өмір сүріп жатқаны айтылды. Жапон елшілігінің өкілдері өз елдерінде де діни еркіндік бар екенін жеткізді.
Джун Ямада Жапонияның негізгі діні – буддизм болса да, елде басқа да дін өкілдері тұратынын айтты. Соның ішінде синтоизм мен буддизм бірлікте ғұмыр кешіп жатыр, христиандар да бар. Мұсылман дінін ұстанатындар арасында этникалық мұсылман жапондар жоқтың қасы, көбіне ислам дінін елде өмір сүріп жатқан шетелдіктер ұстанады.
"Өткен ғасырда Жапонияда болған қайғылы оқиға заманауи жапондықтардың дүниетанымына әсер етті. Қазір біз бәріне дерлік діни еркіндік береміз", – деді елші.
Джун Ямада жақсы жаңалықты да қоса кетті. Жақын арада Алматы-Токио бағытына қатынайтын тікелей әуе рейсі ашылады. Ол қазақстандықтарды Күншығыс еліне қонаққа келуге шақырды.
Наталья Бойко
Аударған: Мейіргүл Оңғарова