4-6 қазанда Алматы маңында жамбы атудан жасөспірімдер мен жастар арасында республикалық турнир өтті. Атпен шауып келе жатып нысана көздеген қыздардың ішінде қызыл бешпет киген ару ерекше көзге түсті. Көпшілік Түркістан облысынан келген 17 жастағы Зарина Зарилханқызын Disney студиясы ойдан шығарған кейіпкер – батыр қыз Муланға ұқсатты. Зарина сырт келбетімен ғана емес, мергендігімен де жұртты аузына қаратты. Мерген қыздың жебесі үш жамбыға дөп тиіп, қазақ стилінен бірінші орын алды. Ал корей стилінен екінші орынға ие болды. Қыздар арасында тігілген арнайы "Томирис" жүлдесі Заринаға бұйырды. 

Информбюро тілшісі жарыс мәресіне жеткен соң "Мулан" атанған жас садақшы Заринамен аз-кем сұхбаттасты. 

– Қайда дүниеге келдің? Қазір қайда оқисың?

– Түлкібаста туып, Алматыда өстім. Қазір отбасым Алматыда тұрады. Шымкентке оқуға түсіп, жатақханада жатып оқып жүрмін. Құқықтану мамандығының 1-курс студентімін. 

– Жамбы атумен қашаннан бері айналысасың? Оған дейін басқа спорт түрлерімен айналысып көрдің бе?

– Кішкентайымнан спортқа жақын болып өстім. Бесінші сынып оқып жүргенде еркін күреске қатыстым. Әкем үйде тағы бөлек жаттықтыратын. Бала кезімде шахмат ойнап үйретті. Бәйгеге әкеме еріп баратынмын.

Біраз жыл бұрын теледидардан жамбы атудан жарысты көріп қызықтым. Сол жарыста жалғыз қыз жүр екен. Ол – Әлия Бекен дейтін әпкеміз. Кейін әр жерден іздестіріп осы спорт жайлы білгенім бар.

Жамбы атумен айналысып жүргеніме биыл бір жыл болды. Бір жыл бойы тыңғылықты дайындалып жүрдім дей алмаймын. Алматыда Сәрсенбай ағайым дайындады. Ол кісі мені өз қызындай көрді. Әр жаттығуға асығатынмын.

Ауылыма жақын жерде Сәрсенбай ағайдың дайындайтынын біліп, жаттығуға жазылдым. Кейін уақыт өте келе ағайдың қолы босамай кетті. Бірақ менің қызығушылығым арнасынан асып, төгілейін деп тұр еді. Ата-анаммен ақылдасып Түркістан облысынан шығатынымды айттым. Ол жақтың жамбы ату мектебі мықты. Басында қарсы болды. Жаз бойы жалынып жүріп көндірдім. Спортты алып жүремін деп ата-анамнан алысқа кеттім.

Зарина Зарилханқызы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

– Атқа мініп садақ ату болмысыңа, мінезіңе қалай әсер етеді? 

– Жамбы ату негізінен қырағылықты үйретеді. Жылқыға деген махаббатты ашады. Есте сақтау қабілетін де жақсартады. Жамбы атып жүріп менің қолымнан барлығы келетініне көзім жетті.

– Жамбы атумен айналысатын спортышының бойында қандай қасиет болуы керек?

– Жамбы ату әр адамның қолынан келе бермейді. Бойында қандай да бір қабілеті болуы керек. Қайтпас қайсар мінез, сабырлылық сияқты қасиеттерді қажет ететін спорт.


Оқи отырыңыз: Жамбы ату ұлттық ойыны қалай жаңғырды? Мергендер додасынан фоторепортаж


– Қазір қайда жаттығасың? 

– Жаттықтырушым – Сарыбай Айтбек. Мен қазір Қазақстандағы жамбы атудың үздіктерімен дайындалып жүрмін деп айта аламын. Алматыда өткен турнир алдында бір аптаның ішінде маған көп нәрсені үйретті. Мықтылармен дайындалып қана мықты болатынымды түсіндім.

Мерген қыздар / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

– Бос уақытыңда немен шұғылданасың?

– Бос уақытымда сабақ оқимын. Ауылға барып атқа мінемін. Кішкентайымнан сурет жақсы саламын, бірақ қазір ол істі қойып кеттім.

– Жамбы атудан қандай жүлделерге ие болдың? Үш жамбыға да тигізгеніңді көрдік. Жаттығу кезінде де осылай оңай көздейсің бе? 

– Жамбы атудан екі жарысқа ғана қатыстым. Осы жолы жүлдеге іліктім. Қазақ стилінен бірден үш жамбыға тигізіп 1-орын, корей стилінен 2-орын алдым. Барлық стильдің ұпайын қосқанда алға шығып, "Томирис" номинациясын иелендім. Өзім негізінен қазақ стилін қатты көздеймін. Басқаларға ең қиыны осы болса, мен үшін ең оңайы – қазақ стилі. Жаттығу кезіндеде жамбыға көп тигізетінмін.

– Отбасың атқа мініп, садақ атып жүргеніңе қалай қарайды?

– Отбасым мақтанышпен туған-туысқа айтады. Анам да, әкем де қолдайды. Басқалар менің атпен шауып садақ ататынымды білгенде қызығып таңырқап сұрайды. Осы күнге дейін жаман пікір естімедім.

Зарина Зарилханқызы / Фото: "Жамбы ату" федерациясы

– Жақында жамбы атудан өткен турнир қыздар мен ұлдар бөлек сынға түскен алғашқы жарыс болды. Оған дейін ерлер мен әйелдер деп бөлмей, бәрін қосып жіберетін еді. Ерлермен сынға түскенде психологиялық тұрғыдан қиын болмады ма?

– Иә, қыздар мен ұлдарды қосып жарыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ қыздар аз болғандықтан амалсыздан бірге сынға түсіп келді. Биыл жамбы ататын қыздар көбейген соң бөліп жіберді. Өте дұрыс шешім болды. Бәрібір қанша жерден дайындалсақ та, ұлдарды жеңе алмайтын едік.

– Болашақта кім болғың келеді? Қандай арманың бар?

– Жамбы атудан бапкер болып, ауылдағы қыздарды, балаларды дайындап, олардан мықты спортшы шығарғым келеді. Кейін балаларымды өзім дайындаймын.