Жасөспірімдер мен балалардың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырып, көркемдік талғамын дамытуда өнердің көптеген түрі ықпал етеді. Соның ішінде театр өнерінің орны ерекше. Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры балалардың рухани дамуы мен театр өнеріне деген түсінігін қалыптастыруда өнімді еңбек етіп келеді.

Ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамытуға үлес қосып, бағыт-бағдарын айқындаған өнер ордасының қазіргі таңда репертуары қойылымдарға, залы көрерменге толы. Өзге өнер ошақтарымен салыстырмалы түрде қарағанда, аталған театрдың шығармашылық құрамында алдына қойған жоспарында ілгері жылжу мен жаңа заман талабына сай даму жолы байқалады. Бәсекеге қабілетті, қарыштап дамуға мақсатты театрдың қанжығасы әр маусымда халықаралық және республикалық деңгейде өткен театр фестивальдерінің жүлдегері. Қыркүйек айының 7-ші жұлдызында 78-маусымның шымылдығын ашқан театр ұжымы жаңа маусымның екінші күні Беларусь мемлекетінің Брест қаласына халықаралық фестивальге жол жүрді. Шығармашылық ұжым испан халқының қызуқандылығы мен ерекше бітім-болмысын махаббат үштігі оқиғасы арқылы арқау етіп, қайғылы да қуанышты сәттермен жеткізетін "Оян, қалыңдық" (режиссері – Д. Жұмабаева) қойылымын Брест академиялық драма театрында сахналады.

"Оян, қалыңдық" қойылымы / Фото: Мүсірепов театрының баспасөз қызметі

"Белая Вежа" XXVII халықаралық театр фестивалінде театрдың ғана емес, қазақ елінің абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан ұжымның өнерін сарапшылар жоғары деңгейде бағалап, еуропалық көрермен ыстық ықыласын танытты. Әлемнің ең үздік сахна саңлақтары өнер көрсеткен додада Ажал рөлін бейнелеп, ерекше өнерімен көзге түскені үшін театрмыздың талантты актрисасы Динара Нұрболат "Үздік әлем адам бейнесі" жүлдесін жеңіп алды.    

Театр үшін жемісті де жеңісті болып саналған 77-маусымның 11-ші маусым күні премьерасы өткен, әлемнің көптеген елінде түрлі режиссерлік шешімдермен сахналанып жүрген "Бернарда Альбаның үйі" (режиссері – Д. Жұмабаева) атты қойылым ең алғаш рет театр фестиваліне шақырту алды. Басты кейіпкер Бернарданың бес қызына қарсы бағытталған озбырлығы, бір-бірінен ерекшеленетін қыздардың өмірге деген құштарлығы мен бостандықты аңсауы көрініс табатын қойылым ерекше музыкалық әрлеуімен, тың режиссерлік шешімдерімен өзгеше.


Оқи отырыңыз: "Театр актерлері сериалға амалсыз түседі". Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбаевпен сұхбат


Қарағанды қаласында өткен Қ. Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған ІІ Республикалық "Сын – шын болсын" фестивалі биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің алғашқы жылы театрымыз "Құлагер" қойылымымен қатысып, бас жүлдені жеңіп алса, бұл жолы "Бернарда Альбаның үйі" бақ сынап, отандық үздік театрлар арасынан гран-при жүлдесіне лайық деп танылды. Алғаш рет қатысып, биік тұғырынан көрінген театр ұжымы көпшілік қауымның көңілінен шығып, шексіз қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Понсия рөлі үшін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тынышкүл Сұлтанбердиева "Екінші пландағы үздік актриса" жүлдесін иеленді.

"Бернарда Альбаның үйі" қойылымы / Фото: Мүсірепов театрының баспасөз қызметі

Дүбірлі додаларда қатарластарынан оқ бойы озық болып, шабысына көз ілестірмеген "Құлагер" (режиссері – Ф.Молдағали) қойылымы Қырғыз республикасының Бішкек қаласында өтетін "ART-ORDO – 2023" ІХ халықаралық театр фестиваліне шақырту алды. Орта Азия елдерінің театрлары өзара бақ сынайтын фестиваль халық артисі, қырғыз халқының театр және кино актрисасы Бакен Кыдыкееваның 100 жылдығына арналды. Түркия, Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан елдері қатысқан өнер додасында театрлардың ең үздік қойылымдары өзара сынға түсті. Аты әлемге әйгілі А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінде қазақ театры атынан тұңғыш рет қатысып, еліміздің мерейін тасытқан "Құлагер" қойылымы қырғыз елінің сахнасында қазақ елінің абыройын асқақтатып, көршілес қырғыз елінен үш бірдей жүлдені жеңіп алды. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалин Күреңбай рөлі үшін "Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі" жүлдесіне лайық деп танылды. Спектакльді аспаптармен көркемдеген SteppeSons тобы "Ең үздік музыкалық көркемдеу" марапатын иеленді. Фестивальде ең биік тұғырдан көрініп, әлемнің жүйріктерімен бірге жарысқан "Құлагер" қойылымы "Сахналық жаңашылдығы үшін" арнайы сыйлығын жеңіп алды.

"Құлагер" қойылымы / Фото: Мүсірепов театрының баспасөз қызметі

Шығармашылық ұжым Қазақстанның Халық артисі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына арналған BIKEN халықаралық театр фестивалінде "Бернарда Альбаның үйі" қойылымын асқан шеберлікпен сахналап, екінші рет гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ақбота Рахат қойылымдағы Ангустиас атты кейіпкерді бейнелеп, "Ең үздік шеберлігі үшін" марапатталып, "Бикеннің ізбасары" жүлдесіне лайық деп танылды.

"Бернарда Альбаның үйі" қойылымы Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалінде  гран-при жүлдесін қанжығасына байлады.


Оқи отырыңыз: Мүсірепов театрының сахнасында – Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы


Ғ.Мүсірепов театры Албанияның Эльбасан қаласында өткен XXV Халықаралық SKAMPA театр фестивалінде Испания, Италия, Франция, Болгария және басқа да Еуропа елдерінен келген ұжымдармен бақ сынап, Г.Лорканың "Оян, қалыңдық" қойылымын сахналады.

Театр ұжымы шетелдік және отандық фестивальдерге қатысудан бөлек, "Махаббат, қызық мол жылдар" қойылымымен Орал, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында спектакль-тур ұйымдастырды. Өңірлердегі көрермендердің сұранысын ескерген ұжым қойылым сахналап ғана қоймай, кездесулер ұйымдастырды.

"Махаббат, қызық мол жылдар" қойылымы / Фото: Мүсірепов театрының баспасөз қызметі

Ғ.Мүсірепов театры 1-6 қараша күндері аралығында І Республикалық жастар театрлары фестивалін өткізеді. Еліміздің әр аумағынан жиналған отандық театрлар ең үздік режиссерлердің туындысын көпшілік көрермен қауымға ұсынбақ. Фестиваль – жастар қаласында жас режиссерлердің жаңа жұмыстарымен танысу, еліміздің әр аймағынан келетін театрлардың өнерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік. Театр фестивальдерін өткізудің ең ұтымды тұсының бірі – театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, әріптестер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтау. Фестивальге қатысушылар және көрермен сұранысымен SHOWCASE үздік қойылымдар көрсетілімі, яғни, Алматы қаласындағы театрлардың қойылымдары сахналанады.