Түркиядағы жер сілкінісіне – 1 жыл. Зілзала құрбаны Мирус Құрмашевтің бауырымен бірге еске аламыз
Сол зілзалада көз жұмған жандардың арасында қазақстандық белгілі IT-маман Мирболат (Мирус) Құрмашев та болған еді. Informburo.kz қайғылы күннің бір жылдығына орай Мирболаттың інісі Алмат Құрмашевпен әңгімелесті.
– Иә, ағам Мирболат (бәріміз оны Мирус деп атайтынбыз) 2020 жылдан бастап Түркияда тұрып жатқан еді. Түркия туристер көп баратын ел ғой. Сол жаққа барып, өзінің стартап жобаларын дамытқысы келді. Turla.tours деп аталатын жобасын ашты. Шетелдік туристерге көлік жалдап, Түркияның көрікті жерлерін аралауға көмектесетін мобильдік қосымшаны жасады. Яғни, автокөлікке отырып, белгілі бір маршрутпен саяхаттау бағдарламасы ғой. Тек отельде жатып, күнге қыздырынуды емес, белсенді демалысты да қалайтын адамдар бар. Ағамның жобасы сондай жандарға арналған еді. Мирус 2020 жылдан бастап сол бағдарламаны әзірлеп, өзіне команда жинады. Туристерге өз қызметін ұсыну үшін алдымен Түркияның түрлі жерлерін өзі барып көрді, маршрутын сызды.
– Ағаңыз өзі қай қалада тұрды?
– Ол көбінесе Антальяда тұрды. Ал, Хатайға бірнеше күнге іссапармен барған болатын.
– Зілзала кезінде оның жанында Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова және Кұбылай Кескин секілді азаматтардың болғаны айтылды. Олар бірге қандай жобамен айналысып жүрген еді?
– Сабина Мамадьярова Мирустың көмекшісі болатын. Екеуі біраз жыл бірге жұмыс істеді. Ал, Әділ Қайырбеков мобилографтың қызметін атқарды, турдың видеоларын түсіретін. Құбылай Кескин бағдарламашы еді. Ол – Түркияның азаматы.
– Құбылай Кескин туралы БАҚ бетінде екі түрлі ақпарат тарады. Біреулер тірі табылды десе, енді біреулер қайтыс болды деп жазды.
– Құбылай зілзала кезінде көз жұмды.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі кезіндегі дабыл шабаданы. Оны қалай жинап, қайда сақтау керек?
– Жер сілкінген кезде бәрі бір үйде болған ба? Сол күні Хатайға не үшін барған еді?
– Әлгінде айтқанымдай, Мирус өзінің командасымен бірге туристер жүріп өтетін жолдардың маршрутын жасап жүрген болатын. Антальядан Хатайға барар жолда киелі жерлер көп екен. Ағам сол қасиетті жерлерді аралайтын ерекше бір маршрут жасағысы келді. Турды басқаларға сатпас бұрын, сол киелі орындарды алдымен өзі көріп шығуға бел буды. "Алда көктем келе жатыр, туристер көбейеді. Соған дейін бағдарламамызды әзірлейік" деп, командасымен жолға шыққан ғой. Хатай қаласына келген кезде интернет арқылы пәтер жалдаған. Олар күні бойы жол жүріп, Хатайға түнде келген. Жолдан шаршап кеп, бәрі ұйқыға жатқан. Алғашқы зілзала таңғы сағат төрт жарымдар шамасында болған. Ол кезде Мирустар шырт ұйқыда болған екен.
– Құтқару жұмысы қалай жүрді?
– Алғашында біз ағаммен хабарласа алмадық, байланыс болмады. Жойқын зілзаладан кейін тұтас аудандар жер астына кетіп, қаланың тас-талқаны шыққан. Біз Хатайға жеткенше барлығы тірі деп ойладық. Жолға шығып бара жатқан кезде "Сабина тірі табылды" деген хабар келді. Бұл хабар бізді қуантты, "ендеше басқалары да тірі болар" деп үмітіміз артты. Жол ұзақ болды, кептеліске тап болдық. Қала ішіндегі кептеліс кесірінен арнайы техникалар кіре алмады. Қазақстанның төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне ризамын, "жерлестерімізді құтқарамыз" деп жанын салып көмектесті. Мамандар 12-15 сағаттың ішінде барлығын қираған үйдің астынан шығарып үлгерді. Құтқарушыларға деген алғысым шексіз. Кейін Алматыға келген соң, олармен жеке кездесіп, рахметімді айттым. Сол кісілер болмағанда, ағам мен оның әріптестерін ешкім үйінді астынан шығармайтын еді, тіпті олар жатқан жерді қазбаушы да еді.
– Сол кезде желіден "плиталарды көтеретін үлкен кран таппай жатырмыз" деп жазғандарыңызды оқыған едім.
– Ол жерде техника жетіспеді. Қираған ғимараттардың әрқайсысына әртүрлі техника қажет болды. Бірақ, қазақстандық төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері келген кезде арнайы техника да келіп жетті. Шынымды айтсам, егер қазақстандық құтқарушылар келмесе, ағам мен оның әріптестерін шығарып алуымыз екіталай еді.
– Олар пәтерді нешінші қабаттан жалдаған?
– 8 қабатты үйдің жетінші қабатынан жалдаған екен.
– Сонда жер сілкінген кезде бұл үйдің үстіне тағы бір ғимарат құлаған ба? Ол үй қалай соншалықты тереңге кетіп қалып отыр?
– Иә, ол жерде екі егіз ғимарат қатар тұрған. Солардың біріндегі азаматтар толығымен құтқарылды деп ойлаймын. Ал, менің ағам жайғасқан үй жер сілкінген кезде бір жағына қарай құлаған. Біз кейін сол жердегі адамдардан "бір ғимарат құлап, екіншісі аман қалуына не себеп болды?" деп сұрадық. Олар бізге бұл ғимараттар өте сапалы етіп салынғанын айтты. Алайда, Мирустар тоқтаған үйдің үстіне арт жағында тұрған ғимарат құлаған екен. Ал ол жаңадан салынған, сапасы төмен үй болды деді. Ағам қонған үй соның салмағын көтере алмай, жапырылып түскен. Егер арт жақтағы үй құламағанда мына үй де аман қалар еді.
– Тура сол үйден Сабинадан басқа тірі табылған жандар болды ма?
– Болды, бірақ, көп емес. Сол ғимараттың басқа жағынан төрт бала құтқарылды. Бізге жеткен ақпарат бойынша, Сабинаның алдында бір әйел, бір ер адам тірі табылған екен. Көбінесе үйінді астынан мәйіттер шығарылып жатты.
– Сіз кейін Сабинамен сөйлесе алдыңыз ба?
– Иә. Сабинаның айтуынша, жер сілкінген кезде оның үстіне шкаф құлап, қолы сынған. Басқа жері сау. Сол шкафтың үстіне құлағаны оның аман қалуына себепші боп тұр ғой. Құтқарушылар іздеп тапқанша шкафтың астында жатқан.
– Сіздің ағаңыз бен қалған әріптестері ше?
– Олар төсекте, көрпе жамылып жатқан күйі табылды. Ұйықтап жатқан кезінде үстеріне плита немесе дуал құлаған. Сол сәтте тіпті оянып үлгермеген де болуы мүмкін. Ұйқы үстінде, ештеңе сезбей кетті деп ойлаймыз. Біз неше күн бойы "тірі қалған шығар" деген үмітпен жүрдік. Бірақ, адамның емес, Алланың айтқаны болады екен.
Оқи отырыңыз: "Қазақстанда жер сілкінісіне қатысты нұсқаулықты жаңартқан жөн". Түркиядағы зілзала куәгерінің әңгімесі
– Мирус өзі алдын-ала кетерін сезіп, сіздерге ештеңе айтпаған ба еді?
– Арнайы хабарласып, ештеңе айтқан жоқ. Бірақ, бір-біріміздің жағдайымызды сұрап, күнделікті хабарласып тұрдық. Өмірінің соңғы күндері өзі бірдеңе сезген шығар. Өйткені, қала аралап, Хатай жаққа бара жатқан кезде "Инстаграм" парақшасында "біз қазір осы жердеміз" деп жазып, белгілер қалдырып жүрді. Соған қарап, оның қайда бара жатқанын біліп отырдық. Сторизіне ең соңғы белгіні Хатайға келген түні салды. Ағам сөйтіп белгі қалдырмай кетсе, біз оны ешқашан таппас едік деп ойлаймын. Түркияның қаншама қаласы қирап қалды, ағамның қайда жүргенін, қайда жатқанын қайдан білер едік? Әлеуметтік желіге жазып, өзінің ізін қалдырып кеткені үшін ағама рахмет айтамын.
– Қазір Сабинаның жағдайы қалай? Хабарласып тұрасыз ба?
– Қазіргі кезде оның көңіл-күйі, денсаулығы жақсы. Әрине, басынан өткен жағдайды ешқашан ұмыта алмайтыны анық. Ол өмір бойы жадында сақталады. Ондай жағдайдан кейін стресс, депрессия болатыны да түсінікті. Бірақ, көрер жарығы бар екен, шүкір, аман қалды. Бір-бірімізге хабарласып, хал-жағдайымызды сұрап тұрамыз.
– Желіде ағаңыз туралы көптеген жылы естеліктер жазылды. Өзі IT саласында түрлі жобалар жасаған екен. Оның кәсіби жетістіктері туралы айтып берсеңіз.
– Мирус елдегі цифрландыруды дамытып, сол арқылы халықтың өмірін жеңілдету үшін көптеген жоба жасады. Үлкен жобаларының бірі Digital agent деген мобильді қосымша еді. Ол қосымша арқылы түрлі мемлекеттік органдарға барған адам сол жердегі қызмет көрсету сапасын бағалап, пікірін жаза алатын. Арада көп уақыт өтпей-ақ, әлгі мекеменің басшылығы пікір қалдырған адамға хабарласып, мәселесін шешуге тырысатын. Бұл қосымша халыққа шынымен де пайдалы болды, біраз мәселені шешуге ықпал етті.
Ағамның тағы бір жобасы Digital arena деп аталатын форум еді. Ол IT саласының мамандарын, стартап-мамандарды жинап, оларды цифрландыру саласының министр, вице-министрлерімен кездестіріп, арасында диалог орната білді.
Мирустың тағы бір үлкен жобасы – Digital Work. Жұмыс іздеп жүрген не басқа салаға ауысам деген адамдар осы бағдарламаға қатысып, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы курс не жұмыс таба алатын. Мирус осы жүйені автоматтандырумен айналысты. Ол осындай жобалары арқылы халықты қағазбастылықтан арылтып, олардың проблемасын қолынан келгенше шешуге тырысты. Соңғы жылдары Astana Hub технопаркінің жұмысына белсене атсалысты.
– Мирустың шәкірттері көп болды ма?
– Иә, қашан көрсең де, оның жанында үнемі жастар жүретін. Оларға ақыл айтып, бағыт беріп отыратын. "Жастар дамысын, оқысын" деп, кейбіреулеріне өз қалтасынан шәкіртақы да беріп отырған екен. Оны өзім жақында білдім. Кәсіпкерлерге, IT саласының мамандарына, студенттерге ментор болды. Мирус менің де IT саласына келуіме ықпал етті.
– Ағаңыздың мінезі қандай еді?
– Мирус ашық, ақкөңіл, оптимист, бірбеткей адам еді. Форумдарда, үлкен жиындарда министр, вице-министрлерге ойын ашық айтып, тіпті олардың қолайына жақпайтын сұрақтар қоятын. Мирус үйдің үлкені болғандықтан, әке-шешем оған үлкен үміт артты. Олар ағам екеуміздің білімімізге көп инвестиция құйды.
– Мирустың парақшасынан оның Стив Джобсқа жазған хатын оқыған едім. Өзгеше ойлайтын, қиялы ұшқыр адам сияқты көрінді.
– Иә, ол сияқты адамдарды "манифестші" дейді ғой. Мирус әрдайым біздің миымызға сыймайтын идеяларды ойлап жүретін. Ол IT саласында келешекте болатын трендтерді болжай алатын. Кезінде "мынау мүмкін емес нәрсе" деп ойлағанымыздың бәрі, яғни, ағам айтқан идеялар қазір іске асырылып жатыр.
– Ағаңыздың отбасы, балалары туралы айтып берсеңіз.
– Мирустың артында келіншегі мен екі баласы қалды. Ұлы мектепке, қызы балабақшаға барады. Балалардың оқу ақысын ағамның Павел деген досы көтерді. Былтыр Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің бастамасымен IT қауымдастық мүшелері ақша жинап, Мирустың отбасына Алматыдан пәтер алып берді. Ағам осы уақытқа дейін ақшасын дамуға, білімге жаратып келген ғой. Өзінің жеке меншік баспанасы болмаған. Оның достары үйі жоқ екенін білген кезде таңғалып, дереу қаражат жинап, балаларына пәтер сыйлады. Ағамның отбасын құрметтеп, қолдап, балаларына көмек қолын созған барша жанға алғысымды айтамын. Балалар кішкене өскен соң, бәрін айтып түсіндіреміз ғой.
Осы тұста ағамның әріптестеріне ғана емес, жолымызда кездескен, көмектескен, тілекші болған барлық жандарға рахмет айтқым келеді. Халықтың жанашырлығын осылай басыңа күн туғанда түсінеді екенсің. Біз Мирусты іздеп Түркияға аттанғанда қаншама адам тілекші болды, қолдау көрсетті. Қаржылай да көмектескен жандар болды. Түркияда да керек нөмірлерді тауып беріп, арнайы техника іздеуге атсалысқан мейірімді жандар кездесті. "Мен дәнекерлеушімін. Түркияға ерте кетсеңдер, қолымнан келгенше көмек берейін" деп айтқан ағамыз да болды. Осы оқиғадан соң, біздің елімізде кеңпейіл, жанашыр жандар көп екенін түсіндім.