Студент, магистрант және докторанттардың шәкіртақысы өседі

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған стипендиялар артады. Дәлірек:

  • колледж студенттері үшін шәкіртақы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңгені, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрайтын болады;
  • бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20 пайызға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды;
  • интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленетін болады;
  • магистранттар мен докторанттарға стипендия 15 пайызға ұлғайтылады, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңгені және 240 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға 15 пайызға көбейеді.


Оқи отырыңыз: Енді жұмыстан тыс уақытта қызметкерлерін мазалаған басшылар жазаланады


2020 жылдан бастап стипендияны көбейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есеге өседі.

Алматыда 1 қыркүйектен бастап коммуналдық қызмет тарифтері көтеріледі

Қыркүйектен бастап коммуналдық қызмет құны қымбаттайды. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, тарифтер келесідей болады:

  • электрмен жабдықтау ("Алатау Жарық Компаниясы" АҚ): +2,53 теңге (ҚҚС-сыз 11,4 теңге/кВтсағ);
  • сумен жабдықтау: халық үшін: +11,78 теңге (ҚҚС-сыз 66,00 теңге/м³), басқа тұтынушылар үшін: +57,22 теңге (ҚҚС-сыз 339,28 теңге/м³);
  • су бұру: халық үшін: +12 теңге (ҚҚС-сыз 40,95 теңге/м³);
  • жылу энергиясы: ҚҚС-сыз +8% 10484,38 теңге/Гкал дейін.

Қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға екпе салынады

1 қыркүйектен бастап 11 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салына бастайды. Бұл жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз жолы. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Екпе білім беру ұйымдарында тегін салынады. Не тіркелген жері бойынша емханалардан да алуға болады. Екпе ата-ананың немесе қамқоршының келісімімен, арнайы дәрігердің тексеруінен кейін салынады.


Оқи отырыңыз: 2025 жылы айыппұлдар мен утиль алымы қаншалықты өседі


Бұл екпені 2013-2014 жылдары Қазақстанда 11 мың қыз салдырған болатын. Бүгінде олардың арасында репродуктивті жасқа жеткендер ешбір ауру белгілерінсіз отбасын құрып жатыр. 

Жоспар бойынша 11 жастағы 175 мыңға жуық қыз балаға вакцина егіледі. Екпе дәрілері толық зерттелген және көптеген елде 20 жылдан астам тәжірибеде қолданылып келеді. 

Қазақстандықтар өз атына заңсыз рәсімделген несиені төлемейді

Биыл 1 қыркүйектен бастап өз еркімен несие алудан бас тартқан қазақстандықтар атына заңсыз рәсімделген кредитті төлемейді. Қазақстан банктері мұндай қарыздарды есептен шығаруға міндеттеледі.

Елде несиеден өз еркімен бас тарту құқығы 2024 жылы ақпанда енгізілді. Азаматтар электронды үкімет порталы арқылы тиісті шектеу қоя алады.

Соңғы мәлімет бойынша 461 мың адам несие алудан ерікті түрде бас тартқан. Норма күшіне енген соң, банктер кредиттен бас тартқан азаматтардың атына заңсыз рәсімделген несиелер бойынша берешекті есептен шығаруға міндеттеледі.

Енді қазақстандықтар несие алу үшін жұбайының келісімін алуы тиіс

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын бекітті.

Бұл ережелер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойған қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту туралы Заңды іске асыру шеңберінде қабылданады.

"Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге) мөлшерінде бекітілді", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала туу жасы заңмен бекітілмек


Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) клиенттің тіркелген некеде тұрғанын Әділет министрлігі жүйесі арқылы тексеруі тиіс.

Тұмауға қарсы вакцинация басталады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізіледі. 

Мұнымен қатар, медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін бетперде режимі енгізіледі. 

Ведомство қаулымен толығырақ ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша танысуға болатындығын атап өтті.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс істей бастайды

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеген еді.

"Комитет пен оның аумақтық департаменттерін құру, штаттарды жасақтау жұмыстары тамыз айында аяқталады. 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары штаттық режимде жұмыс істейді. Тамыз айының соңына дейін Комитет пен жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті заңдық және техникалық рәсімдерді аяқтайтын болады. Бұл еңбек заңнамасының сақталуына және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді", – деген еді вице-министр.


Оқи отырыңыз: "Қазақстан халқына" қоры 850 білім грантын бөлді. Оны қалай жеңіп алуға болады


Ақмәди Сарбасов сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту туралы айтты – биыл жұмыс берушілерді тексеру 7 пайыз өсті.

Сонымен қатар, ол лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, оның ішінде бұзушылықтарды анықтау және жою, жалақы бойынша берешекті және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған шаралар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.