"Сан апаттың бастауы – тексіздік". Әуезов театрындағы "Кассандра таңбасы" қойылымының айтар ойы қандай?
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жазушы Шыңғыс Айтматовтың "Кассандра таңбасы" футуристік трагедиясының премьерасы өтті. Режиссері – Аридаш Оспанбаева.
Спектакльде адамзаттың рухсыздану проблемасы отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетімен шендестіріле көрсетіледі. Шығарма авторы ғылыми-техникалық, технологиялық жетістіктері мақсатты түрде ізгілік, адамгершілік жолына бағытталмаса, үлкен қасіреттер мен орны толмас катаклизмдерге алып келуі мүмкін екенін ескертеді.
"Қойылым арқылы өмірдің кейбір бұралаң жолдарын көрсетуді жөн санадық. Алғашқы сахналарда адам баласының еріксіздіктен күнәларға бой алдырып, оның зардабын сезінбейтіндігі баяндалады. Сондай-ақ, өз ата тегін білмейтін, жасанды ұрықтардың көбеюуі, өз тілінен, дінінен безген адамдардың тобырын қалыптастыратыны жеткізуге тырстық. Қарап отырсақ, жазушының жазғаны болашақты болжағандай. Өз баласының өмірін қиып, сурагат аналарға жүгінетін отбасылар да көбейді", – дейді режиссер Аридаш Оспанбаева.
Оқи отырыңыз: Суретші Есенгелді Тұяқов: Сценографтың жұмысы театр сахнасында қалып қоймауы қажет
Қойылымда ғалым Филофей шарананың қарсылық белгісін ғарыштан сәулелер жіберу арқылы анықтап, оған "Кассандра таңбасы" деген атау береді. Маңдайында таңба бар әйелдерді баласын алдыртып тастауға мәжбүрлейді. Ұзақ жыл бала сүйе алмаған ғалым Робертс бұған қарсы шыққанымен, ең соңында құрсағына жан біткен, бірақ маңдайына таңба түскен әйелі Джесси үшін өз ұстанымына қарсы шығып, баланы жасанды жолмен дүниеге әкелу жолында еңбек етеді. Шыңғыс Айтматов "Небір апаттардың бастауы – тексіздік" дейді.