"Құсбегілер футболшылардай танымал болса деймін". Бүркітші Айшолпан Қазақстанды әлемге танытпақ
Айшолпан Нұрғайып – 8 жасында бүркітті қолға үйреткен алғашқы қыз атанды. Режиссер Отто Беллдің "Бүркітші қыз" деректі фильмі жарық көрген соң Айшолпан әлемге танылып, туристер оны көру үшін Моңғолияға ағылды. Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да бүркітші қызды көруге келген шетелдіктер аз болмады. Информбюро тілшісі ойындар біткен соң Айшолпанмен әңгімелесіп, қазір немен айналысып жүргенін сұрады. Осыдан екі жыл бұрын бүркітші қыз Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқып жүргенде сұхбаттасқан едік.
– Айшолпан, биыл университет тәмамдадыңыз. Қазір немен айналысасыз?
– Иә, оқу бітірдім. Ендігі жоспарым – мектеп ашу, шәкірт тәрбиелеу, туризмді дамыту. Отбасым Өскеменге көшіп келіп, бір арманым орындалды.
– Өзіңіз көшіріп әкелдіңіз бе?
– Иә, ата-анамды өзім көшіріп алып келдім. Өскемен қаласында тұрып жатыр.
– Ата-анаңыз, бакырларыңыз "Қандас" мәртебесін алған ба?
– Бәріміз Қазақстан азаматтығын аламыз. Құжаттарды тапсырып қойдық. Қазақстан азаматы болып, бүркітшілікті әлемге танытқым келеді. Футбол секілді өзге елдің спорты туралы бүкіл әлем біледі. Бүркітшілікті де сондай дәрежеге жеткізіп, әлем таныса деймін.
– Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына неге қатыспадыңыз?
– Іріктеу кезінде оқуда болдым және де Моңғолия азаматымын.
– Сіз де азаматтық енді аласыз ба?
– Иә, енді аламын.
– Көшпенділер ойындары қалай өтті?
– Құсбегілікке он мемлекеттен қатысушылар келді. Бүркіт қана емес ителгі, қаршыға салды. Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Қонақтар өнерін ортаға салды. Кейбіреуінің қолдарына құсы түспеді. Ауа райы, адамдарға үйреніспеу секілді әртүрлі себеп болды. Бабы мен бағы қатар шапқандар жеңіске жетеді.
Көшпенділер ойындарының Қазақстанда өткеніне қуаныштымын. 89 мемлекеттен қатысушылар келді. Шетелдіктерге салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді таныстырып, қонақжай халық екенімізді көрсеттік. Олар Көшпенділер ойындарын мұндай деңгейде өтетінін күтпегенін айтып, таң қалып жатыр. Елімізге келіп, қонақ болып жатқандарына қуанышты екендерін айтып жатыр. Осы күндері қазақша да, ағылшынша да қаншама сұхбат бердім. Барлығы "Қазақ халқына бас идік" деп айтып жатыр.
– Көшпенділер ойындарына сізді арнайы іздеп келген шетелдіктер бар екен...
– Иә, өте көп. Америкадан, басқа мемлекеттен, Қытайдан болсын іздеп келді. Олар үшін кішкентай Айшолпан қалпымда қалып қойғанмын ғой. Өскен соң "Айшолпансың ба?" деп танымай қалып жатты. Мені іздеп, Қазақстанды сыйлап келіп жатқандарына өте қуаныштымын.
– Олар сіз туралы не дейді? Қандай тілегін айтты?
– Сені көргенімізге қуаныштымыз, арманымыз орындалды деп жатыр. Қазақстанға келуді қаншама жыл армандадық, сені көру бұйырыпты деп, жақсылық тілеп, баталарын береді. Ақжарма тілегін жаудырып, өз елдеріне қонаққа шақырады.
– Азаматтық алған соң Қазақстан атынан жарыстарға қатысасыз ба?
– Міндетті түрде. Моңғолия – туған жерім. Ыстық мекен. Ризамын, әркез басымды иіп алғыс айтамын. Моңғолияның қолдауының арқасында әлемге танылдым. Ендігі кезекте Қазақстанды әлемге танытқым келеді. Өкінішке қарай, көптеген салт-дәстүріміз ұмытылып барады. Соның бәрін дәріптеп, әлемге паш еткім келеді.