Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесіне орай "Ислам руханияты" көрмесі ашылды. 

Орта Азия халықтары арасында Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу орта ғасырда ислам дінінің келуімен бірге тараған. Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып 3 күнге созылатын Құрбан айт – мұсылмандардың ең ұлы мерекесі. "Ислам руханияты" көрмесінің негізгі мақсаты – ислам құндылықтарын дәріптеу. 

Көрмеде Құрандар, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар қойылды. Көрермен назарына бірегей құнды жәдігер – бұрама қағаз түрінде жасалған пайғамбарлар шежіресі алғаш рет ұсынылды. Қолжазбада Адам Атадан бастап Мұхаммед пайғамбарды қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және орта ғасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылды. Сондай-ақ орама қағаз түрінде жасалған ерекше қолжазба Құран нұсқасы (ұзындығы – 9м, 50 см., ені – 2,5 см.) да көрмеге қойылған. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек жазылған және Алла Тағаланың төрт көркем есімі берілген. 

Пайғамбарлар шежіресі. Қолжазба. Орталық Азия. XVII-XVIII ғасыр. Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі

Одан бөлек, шығыстың көне қалалары Стамбул, Бомбей, Мысыр баспаханаларында, Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтары мен Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқанд шаһарларының баспаларында басылып шыққан Құран кітаптар мен әртүрлі діни мазмұнды басылымдар құнды мұра ретінде көрмеден орын алды. 


Оқи отырыңыз: Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе жарайды. Онлайн құрбан шалудың тәртібін түсіндіреміз


Құран Кәрім қолжазбалары. Фото: ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз қызметі

Орталық музей директоры Рашида Харипованың сөзінше, қазіргі уақытта түрлі ағымның жетегінде кеткен жас буынды ислам мәдениетімен сусындатуда осындай шаралардың маңызы зор. 

"Бұл көрмені бүгінгі күні дәл осы жерде ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – біріншіден, қазіргі жастардың арасында белең алып бара жатқан діни сауаттылықтың теріс бағытта болуы салдарынан жастарымыздың бағытын ортамызды толтырып отырған ағаларымыздың ұлағаты арқылы дұрыстау, екіншіден, осы іс-шараның алдында Өзбекстаннан арнайы көрме келген болатын, жанымызда тұрған экспозицияның барлығы – бұл Өзбекстан Республикасында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ата-аналарымыз туралы мәліметтер, осы мәліметтерді ел назарына ұсыну. Осы экспозициялық залда қазақстандықтар назарына саяси қуғынға ұшыраған 69 адамның аты-жөндері алғаш рет қойылып отыр. Бүгінгі ұйымдастырылған көрменің тағы бір ерекшелігі – Адам ата, Хауа анадан бастап, Мұхаммед пайғамбардың  ерекше жазулары ғылыми тұрғыда зерттелген жәдігерлер күйінде көрермен назарына тұңғыш рет ұсынылып отыр", – деді Рашида Харипова.

Рашида Харипова Құрбан Айт мерекесіне ата-бабаларымыз жақсы киімдерін киіп, сандықтағы барлық жақсы киімін шығарып бір-біріне ізгілік тілегенін атап өтті. 

Сонымен қатар, белгілі теолог, Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахим Алтай, шығыстанушы-тарихшы, РhD докторы Өмір Оразұлы, Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану орталығының директоры Шағырбай Дүйсенбекұлы және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, дінтанушы Жүзей Аманқұлұлы арнайы сөз сөйлеп, көрмеге қойылған бірегей жәдігерлердің құндылығын түсіндірді. 

Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахим Алтай көрмеде қолмен жазылған Құран секілді өте құнды деректер бар екенін атап өтті. 

"Әкеміз Құранды қазақшаға аударған. Қазақстанның 16 облысын аралап, исламды Қазақстанға таратқан, ислам руханиятын насихаттаған. Көрмеде байқағаным – өте құнды қолжазбалар, тәпсірлер қойылған. Әсіресе, Қазанда басылған қолжазба. Орта Азиядағы діни еңбектердің көбі Татарстанда басылған", – деді Әбдірахим Алтай. 

Шығыстанушы Өмір Оразұлы көрмені жоғары бағалады. 

"Ислам дін ғана емес, бұл – ғылым, мәдениет. Ислам дінін қабылдау арқылы түркі халықтары өзінің мәдениетін, ғылымын көркейтті, дамытты. Сол дамыған өркениет, мәдениет жазба мұралар беттерінде хатталған. Осы көрме – үлкен мәдениеттің көрмесі. Көрмеде жазба мәдениеттің тарихын көруге болады. Үлкен Құраннан Кіші Құранға дейін 16 ғасырдан 20 ғасырдың басындағы баспа кітапқа дейінгі кітап мәдениетін, жазу стилистикасын және кітапты әшекейлеу өнерінің үлкен желісі көрініп тұр", – деді шығыстанушы-тарихшы, РhD докторы Өмір Оразұлы. 

Көрменің ашылуында ғалымдар, жастар, Алматы тұрғындары мен қонақтары бой көрсетті. 

Құран Кәрімге арналып жазылған тәпсірлер, дұғалар жинағы, Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтитын қысқаша тарихи шолу басылымы, музей қорына Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен мухаммадия кітабы, Мұхамеджан Сералин жазған "Қожалар шежіресі" көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. 

Көрме 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.