Отандық дүкендердің сөрелерінде қорқынышты ойыншықтар толып тұр. Хаги Ваги, түрлі құбыжық, "зомби" бейнесіндегі басқа да ұсқынсыз ойыншықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Дегенмен, балаларға осы ойыншықтардың пайдасынан гөрі зияны басым. Осы орайда Алматы қалалық перинаталды орталығының психологы Гүлнар Дощановаға сауал қойдық: 

– Қазақстанда "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" заң жұмыс істейді. Мұндай ойыншықтар заңға сай ма?

"Әр ұрпақтың "қорқынышты" ойыншығы болған, бола береді де. Бұрынғы ойыншықтарды құбыжық, вампир, көтеріліске шыққан өлі адамдар туралы мультфильмдер алмастырды. Кейін мультфильм кейіпкерлері ойыншық болып дүкен сөрелеріне түсті", – дейді Гүлнар Дощанова. 

Шын мәнінде "Кисси Миссилер" алдымен теледидар арқылы кең таралған. Кәдімгі қуыршақтар мен құлтемірлер қазіргі балаларды қызықтырмайды. Кез келген ойыншықтың өзіндік мән-мағынасы болуы тиіс. Мейірім жеңіп, жауыздық жеңілетін мағына беруі керек болатын. 

"Нарықты зұлымдық белгісі бар ойыншықтар жаулап алды. Қатыгездік пен ашушаңдықты қажет ететін сюжеті бар ойындарға итермелейді. Олардың қатарына құбыжықтарды, құлтемір-трансформерлерді, жан-жануарлардың қорқынышты түрлерін, сондай-ақ "exspression dolIs", яғни келбеті үрей туғызатын қуыршақтарды жатқызуға болады", – дейді психолог. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан "Хаги Ваги", "Киси Миси" ойыншықтарының импортына тыйым сала ма?


Басында бұндай ойыншықтар баланың қорқынышын жеңу тәсілі ретінде бағалануы мүмкін. Алайда түн болғанда баланың ойында әлгі ойыншықтар тіріледі. Осылайша бала өз-өзінен шошынып, әрең ұйықтап, нашар түс көретін болады. 

"Қолдан жасалған қорқыныш баланың дамуына кері әсер етеді. Көңіл-күйі, ой-зияты зардап шегеді. Бала тұйықталып немесе керісінше, ашушаң болып кетуі мүмкін. Зейіні нашарлайды. Бала есейгенде бұл қорқынышы сейілгенімен, бейсанасында қалып, үлкен комплекстерге әкеледі", – дейді Гүлнар Дощанова. 

Бала дәл қазір ойнап отырған ойыншығымен тығыз байланыста болады. Ол ойыншығы үшін шешім қабылдайды, сол ойыншық болып әлемді таниды, кейін соның қабілеттері мен мінезін өз бойына көшіреді. 

Қазіргі құбыжықтардың түрі қорқынышты болғанымен, жүрегі мейірімді. Бұл баланың жақсы мен жаманды ажыратуына кері әсер етуі мүмкін. Осы орайда ойыншық тарихына зер салсақ, археологтардың сөзінше, ол алғашқы адамдарда да болған. Басында пішіні өзгеше тастар, ерекше бұтақтар ойыншық рөлін атқарды. Кейін сылдырмақ және ағаштан жасалған қуыршақтар пайда болды. 

Қазақ ұлтында да ойыншық баяғыдан бар. Ең көнесі Отырар қаласының орнын қазып жатқанда табылған. Бұл қойлар мен жылқылардың, иттердің саздан жасалған бейнесі еді. Ұлттық киім киген ер мен әйелдің бейнесіндегі қуыршақтар да табылған. Қыз қуыршақтың бұрымы жылқының жалынан жасалған. 


Оқи отырыңыз: Анардың ойыншықтарына Үндістан, Африка, Түркия, Ресей елінен тапсырыс түскен


Ойыншық – бала өмірге келгеннен бастап оның дүниетанымына әсер ететін бірден-бір зат. Тек ермек құралы емес, тәрбиеге де әсері ұшан-теңіз. Ойыншықтың арқасында бала әлеуметтік тәртіпке үйреніп, өзін жеке тұлға ретінде дамытады, табиғат заңдарын таниды. Ойыншық көмегімен бала ересек өмірінде қажет болатын қабілеттерді меңгереді. 

"Қорқынышты ойыншықтардан қорқатын дәнеңе жоқ. Өйткені, ол балаға керек. Бала әлемді ойын арқылы таниды. Егер қорқынышты ойыншық болмаса, бала мейірім мен жауыздықты қалай ажыратады? Сондықтан бала жеңуі тиіс теріс кейіпкерлер де болуы тиіс. Үш жастағы балаға мұндай ойыншықты бер демеймін, бірақ ересектеріне беруге болады", – дейді екі баланың анасы Салтанат. 

Салтанаттың сөзін психолог Гүлнар қоштады. Оның сөзінше, ойыншық өздігінен балаға жамандық тигізбейді. Бала ойыншықпен қалай ойнайды – сол маңызды. Бұл – ата-ананың жұмысы. Ата-ана дұрыс түсіндірген жағдайда ойыншық балаға зиян емес. 

"Үш жастан асқан баланың ой-өрісі кеңейе бастайды. Олар қоршаған әлемді түсініп, негативтен қорғануды үйренеді. Сондықтан осындай қорқынышты ойыншықтар үрейді жеңуге көмектеседі. Балаларымыз қорқатын нәрседен қорқа білуі керек", – деді психолог.

Алайда бұл пікірге қарсы ата-аналар бар. Олардың сөзінше, бұндай ойыншықтар мәдени және ұлттық құндылықтарды жоққа шығарып, өскелең ұрпақты зомбиге айналдырады. 

"Кішкентай адамның басты міндеті – өзін қоршаған ортаны зерттеп, соған бейімделу. Осынау қорқынышты қуыршақтар да өміріміздің бір бөлігі. Сондықтан оған тыйым салудың қажеті жоқ. Оны толық тану керек. Шын мәнінде бала не нәрсе қорқынышты, не нәрсе қорқынышты емес – соны ажырата білгені жөн. Осындай ойыншықтармен ойнаған бала өзінің бойындағы үрейді жеңеді. Тек үш жасқа дейінгі балаларға ойнауға болмайды", – деді Гүлнар Дощанова. 

Егер ата-ана бұл ойыншық балаға кері әсер етеді деген пікірді ұстанса, онда баламен сөйлесуі керек. "Алмайсың" деп түбегейлі тыйым салу баланы ата-анасынан алыстатып, осындай ойыншығы бар қатарластарына деген қызғанышын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда оған басқа, сыртқы түрі үрей тудырмайтын ойыншықты алып беруге болады.