Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы қалай түрленді? Фотоайғақ
2022 жылдың 3 мамырында Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласының атауы Қонаев деп ресми түрде өзгертілді. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, қала 4 – тұрғын үй, абаттандыру-көгалдандыру, туризм және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша дамып жатыр.
Қала әкімі Нұрлан Құматаев 1 300 гектар аумақты құрайтын үлкен өндіріс аймағы бар болғандықтан, осы салаға ерекше мән беріліп отырғанын айтты. Қалада қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Егер индустрия және инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сай салынып басталса, 40 мың жұмыс орны ашылады.
Мұнымен қатар, қалада туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл осы бағытта қызмет көрсететін 126 нысанға 1,2 миллионнан астам демалушы келген. 2023-24 жылға қарай туризм саласына келетін инвестиция көлемі 12 миллиард теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Осы орайда, әкімдік өкілдері қаланың соңғы жылдары қалай өзгеріп жатқанымен таныстырды.
Қайта оралған пойыз: жолаушылар 2 мың теңге үнемдейді
11 қараша күні Алматы мен Қонаев арасында қатынайтын дизельмен жүретін пойыз іске қосылды.
Ол күнделікті Қонаев қаласынан сағат 06.00-де шығып, Алматы қаласынан кешкі сағат 19.00-де жөнелтіледі. Жол жүру уақыты – 1 сағат 17 минут. Ал билет құны бір бағытқа 450 теңге.
Оқи отырыңыз: Алматы мен Қонаев арасында электр пойызы жолға шықты
Қала символы – Қар барысы
А-3 трассасымен қалаға кіріп келе жатқан жерде "Қонаев" деген жазуы бар әріптер композициясы түріндегі монумент орнатылған. Мұнымен қатар, осы монументтің қасына облыстың символы ретінде қар барысының мүсіншесі қойылған. Ал оның іргелес аумағындағы тақтайшаларға суреттер салынған.
"Локацияда архитекторлар мен дизайнерлер жұмыс істеп, Алматы облысының символы – Қар барысын орнатамыз деген шешімге келдік. Қар барысының айналасында түрлі ағаш пен гүл отырғызылған. Мұнымен қатар, мүсіншенің алдында арнайы суретке түсетін жер бар. Құрылыс жұмыстары екі айдай уақыт жүрді", – деді қала әкімінің орынбасары Марғұлан Жолдахмет.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында Дінмұхамед Қонаев мешіті салынады
Сегізінші жағажай: Достық-Мұқанов жобасы
Мұқанов көшесінен бастап Достық даңғылына дейін ұзындығы 815 метр болатын жаңа жол салынып жатыр.
"Ары қарай бұл жол жаңадан салынып жатқан сегізінші жағажайға ұласады. Сонымен қатар, тротуар, жарық, суағар да салынады. Бұл күрделі жөндеу жұмыстары болғандықтан, оны арнайы басқарма тексеріп алады", – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының жетекшісі Дархан Қарағонысов.
Дінмұхамед Қонаев ескерткіші және жаңа саябақ
Дизайнерлер мен сәулетшілер әлемдегі урбанистиканың үздік тәжірибесін қолданып авторлық жоба әзірледі. Даңғыл бойында қала тұрғындары мен қонақтары демалыс уақытын өткізуге арналған жаяу жүргіншілер жолы бар. Балаларға арналған спорт алаңдары мен әткеншектер орнатылған.
Даңғылды ортасынан бөліп тұрған жол жөнделіп, тең жартысы ұлттық нақыштағы суреттері бар мозаикамен көмкерілген. Мұнымен қатар, саябақта әртүрлі ағаш пен гүл жайқалып тұр.
"Қонаев қаласы облыс орталығы болып жарияланғалы 67 объектіні салу жоспарға енгізілді. Дәл қазір бірінші кезеңде соның 22-сін қолға алып, жұмыстардың шамамен 95 пайызын аяқтадық. Әлі бітпеген екі объекті бар. Азиядағы ең үлкен скейт паркін салуды да жоспарлап отырмыз. Биыл салып бастасақ, 2023 жылы ашылуы болады. Мұнымен қатар, екі саябақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге, Дінмұхамед Қонаев ескерткішінің жанындағы алаң мен төсеніштер қалпына келтіріліп, арканы ұлттық стильде жасадық. Енді заманауи түтін шығатын және түрлі-түсті субұрқақ орнатамыз деп жоспарлап отырмыз", – деді тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының жетекшісі Дархан Қарағонысов.
Оқи отырыңыз: Президент Қапшағайды Қонаев етіп өзгертетін жарлыққа қол қойды
Қаладағы ойынханалар неге жабылмайды?
Қала әкімі Нұрлан Құматаев Қонаев қаласындағы ойынханалар мәселесіне тоқталды. Айтуынша, бұл бизнес қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғандықтан, казиноларды жабу немесе қала сыртына шығару теріс әсерін беруі мүмкін.
"Ойынханалардың барлығы күре жолда орналасқандықтан, олардың көшірілуі туралы мәселені біржақты етіп айта алмаймын. Шет мемлекеттерде казинолардың жанында ойын-сауық мекемелері бар. Бастысы дәл қазір осы ойын-сауық орындары халықты жұмыспен қамтып, көп мөлшерде салық төлеп отыр. Шамамен 7,5 мың адам осы сала төңірегінде жұмыс істейді", – деді Нұрлан Құматаев.
ЖОО филиалдары мен Су шаруашылығы академиясы ашылады
Биыл 2022 жылы бекітілетін бас жоспарға Қонаев қаласында филиалдары ашылатын университеттер мен колледждердің тізімі енді. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, республикалық физика-математика мектебі, су шаруашылығы академиясы және т.б.
"Бас жоспар бекітілгеннен кейін инфрақұрылым мәселесін реттеп, кейін Қонаевқа көшіп келетін және ашылатын білім ордаларының ғимаратын анықтауға, салуға кірісеміз" – деді Нұрлан Құматаев.
Тұрғын үй құрылысы қарқын алды
Дәл қазір №10 ықшам ауданында 57 гектар жер бөлініп, соның алғашқы төрт жарым гектарында үш үй салынып жатыр. Әр үйде 60 пәтерден болады. Бұл үйлердің жалпы аумағы 10,6 мың шаршы метрді құрайды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің бас маманы Сымбат Тасқалиеваның мәліметінше, биылға құрылыс жұмыстарына арнап 1 млрд 662 млн теңге, ал жалпы 2,8 млрд теңге бөлініп отыр.
Қалада 12 мың оқушы бар
2023 жылы Қонаев қаласында 1 200 және 900 орындық екі мектеп салына бастайды. Бұдан бөлек № 10 ықшам ауданда 900 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
"2022 жылдың 5 мамырынан бастап салынып жатқан мектептің құрылысын 2023 жылы 30 наурыз күні аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 8 мың шаршы жерге алты корпус салынады. Жобаның жалпы құны 2 000 765 000 теңгені құрайды. Екі ауысымда жұмыс істеп жатқан құрылысшылардың 60 пайызы осы жерден, қалғандары шеткі өңірлерден келіп жұмыс істейді", – деді жоба жетекшісі.
Мұнымен қатар, қала әкімі қолданысқа берілетін мектептердегі кадр мәселесіне тоқталды. Айтуынша, қалалық білім бөлімі басқармасы алдын ала сараптама жүргізіп, қажет кадрлар дайын тұр.
"Қазір қалаға 24 облыстық басқарма көшіп келіп орналасты. Солардың ішінде білім басқармасы кадр мәселесіне қатысты тиісті зерттеуін жүргізді", – деді Нұрлан Құматаев.
Аулаларды абаттандыру
Биыл қаланың барлық шағын ауданында аббаттандыру жұмысы жүргізілмек. Жоба аясында жолдарды ауыстырып, көлік тұрағының орнын белгілеп, аумағы көгалдандырылады. Мұнымен қатар, балаларға арналған спорт алаңдары салынады.
Дархан Қарағонысовтың айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін Қонаев қаласындағы барлық алаңдар балалардың спортпен шұғылдануына лайықталып жабдықталады. Ал құрылыс жұмыстарын тендерді ұтып алған компаниялар үш кезеңге бөліп жүзеге асырып жатыр.
"Бастапқыда 39 ауланы жабдықтаймыз деп келістік. Қазір он екісін жабдықтап үлгердік, жыл соңына дейін жалпы 19 ауланың жұмысын аяқтаймыз. Қалған 20 ауланы келер жылы тапсырамыз. Аула көлемі әртүрлі болатындықтан, оларға жұмсалатын қаражат мөлшері де әртүрлі. Жұмыстар аяқталған соң міндетті түрде екі жыл кепілдік беріп, сол аралықта қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз", – деді Golden City компаниясының маманы Асқар Ортыбаев.