Қазақстанда түрлі дінді ұстанатындар саны 30 жылда қалай өзгерді?
Жақында Алматыда БАҚ нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы 15-ші салалық Media Құрылтай конференциясы өткен болатын. Іс-шараға медиа саласындағы жетекші журналистер мен сарапшылар қатысты.
Конференция БАҚ саласына қатысты заңнамалық мәселелерді талқылаудан басталды. Депутат Айдос Сарым БАҚ туралы заңды болашақ сұраныстарға – жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке сәйкес жетілдіру қажет деп есептейді. Бұл бастаманы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қолдап, 1999 жылы қолданысқа енген заңның кейбір нормалары моральдық тұрғыдан ескіргенін атап өтті.
Media Qoldau құқықтық қызметінің басшысы Гүлмира Біржанова заңда журналист мамандығының құқықтық кепілдігі жоқтығына байланысты журналистердің барлық жерде шектеулерге тап болатынын айтып, депутаттарға жүгінді. Олар, өз кезегінде, қазір қаралып жатқан жаңа заң жобасы мемлекеттік органдарға БАҚ сұрауларын қарау мерзімін жеті күннен бес күнге дейін қысқартуды көздейтінін, сөз бостандығын қамтамасыз етіп, журналистердің мәртебесін арттыратынын, талап қою мерзімі сияқты ұғымды енгізетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, панельдік сессиялардың бірі дін мен медианың өзара әрекеттесуі тақырыбына арналды. Журналистер мен сарапшылар діни негіздегі стигматизация тақырыбын және бұқаралық ақпарат құралдарының этикасын талқылады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан – барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті
Қазақстанның діни бірлестіктері қауымдастығының басшысы Александр Клюшев өз сөзінде мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың БАҚ-қа тигізген әсері туралы әңгімеледі.
"1992 жылы "Діни сенім бостандығы туралы заң" қабылданды, сарапшылар оны адам құқықтары мен оның діни сеніміне байланысты ең үздік әрі прогрессивті заңдардың бірі ретінде мойындады", – деп атап өтті Александр Клюшев.
Сондай-ақ, ол 1997 жылға дейін қауымдастықтар республикалық телеарналарда бейнероликтерге тапсырыс бере алатын елдегі діни бірлестіктердің трансляциялау еркіндігі туралы еске салды.
"Бейнероликтер олардың қызметі туралы баяндады және эфир уақыты жарнамалық уақыт үшін төлем ретінде жалпы негізде қолжетімді болды. Бұл діни бірлестіктердің іс-әрекетінде және олардың медиа кеңістікке қатысуында біз қазір көре алатын кемсітушілік болмағанын көрсетеді", – деді сарапшы.
Ал 1997 жылдан кейін жағдай керісінше өзгере бастады, діни бірлестіктердің қызметін баяндау үгіт-насихат болып есептелді. Клюшевтің пікірінше, түсініспеушіліктің жағымсыз тәжірибесінен бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары мен конфессиялар арасы алшақтап кеткен.
Заңнаманы жақсарту, діни бірлестіктермен қарым-қатынас дағдыларын арттыру және діни мазмұндағы материалдарды сараптау арқылы мәселенің шешімін табуға болатындай. Конференцияға қатысқан сарапшылар арасында Діни сенім бостандығы және діндердің алуан түрлілігі тақырыптарында медиа контент дайындау бойынша нұсқаулықтың тең авторы Марал Айтмағамбетова да болды. Айта кетейік, Қазақстанда діни тақырыппен жұмыс істейтін сарапшы-журналистер аталған нұсқаулықтың негізінде дайындалады.
Оқи отырыңыз: Елімізде қанша дін бар? Діни араздыққа жол бермеу үшін не істеу керек?
Сонымен қатар, Александр Клюшев тәуелсіздік жылдарында елдегі діни қауымның саны қалай өзгергені туралы қызықты статистикамен бөлісті.
- 1991 жылғы жағдай бойынша: ислам – 46 (6,8%), православие – 62 (9,24%), католик – 42 (6,26%), протестант – 457 (68,11%), еврей – 25 (3,73%), буддист – 4 (0,6%), басқалары – 44 (6,56%).
- 20 жылдан кейін Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктер саны бойынша деректер келесідей болды: ислам – 2815 (61,85%), православие – 306 (6,72%), католик – 118 (2,59%), протестант – 1238 (27,20%), еврей – 25 (0,55%), буддист – 4 (0,09%), басқалары – 45 (0,99%).
- Ал бүгінгі таңда елде барлығы 3932 діни бірлестік тіркелген, оның ішінде: исламдық – 2790 (70,96%), православиелік – 345 (8,77%), католиктік – 93 (2,37%), протестанттық – 588 (14,95%), еврейлік – 7 (0,18%), буддистік – 2 (0,05%). Сондай-ақ, иегова куәгерлері – 61 (1,55%), жаңа апостолдық шіркеу – 24 (0,61%), кришна сана қоғамы – 13 (0,33%), бахаи – 6 (0,15%), мормондар – 2 (0,05%) және муниттер – 1 (0,03%) сияқты жаңадан тіркелген ағымдар бар.