"Артель" қоры қолсыз қалған балаларға заманауи протез табуға көмектеседі. "Киби-қаһармандар" деген ерекше атау алған протез баланың өмірін толыққанды сүруіне мүмкіндік береді. Протездер Ресейдегі Сколковский атындағы ғылым және технология институтындағы "Моторика" компаниясында дайындалады.

"Киби-қаһармандар" атауын өндіруші компания ойлап тапқан. "Киби" – "киборг" сөзінің қысқартылған нұсқасы, ал қаһармандар деп осындай қиын жолдан өткен әр бала қаһарман болғандықтан атадық", - дейді "Артель" қорының негізін салушы Алена Данилова.

Заманауи протездер 3D-принтерде басылады. Ал балалар пішінін, түсін таңдай алады, өзінің сүйікті мультфильмі мен үй жануарының да суретін салғыза алады. Алғашқы протез 2020 жылдың 20 қарашасында Аймира есімді қызға салынған. Алена Данилованың сөзінше, бұл – қордың 5-18 жас аралығындағы балаларға протез қоятын жұмысы басталған уақыт.

"Бес жастан әрі қарай бала мектепке дайындалып, жаңа өмірге аяқ басады. Сондықтан осы кезеңде бала өзін толыққанды адам ретінде сезінуі үшін, қолын жасырмай, керісінше, сыныбында жұлдыз болуы үшін оған ыңғайлылық сезімін сыйлау аса маңызды", – дейді Алена Данилова.

Қордың құрылғанына аз уақыт болса да, демеушілердің назарына ілігіп үлгерген.

"Қаражат жинау барысы қордың банк реквизиттеріне түседі, бізде бәрі ашық әрі ресми. Алаяқтық туралы айтар болсақ, біздің өз аудиториямыз бар, олар бізге сенеді, бізбен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді", – дейді Алена Данилова. 

Алена Данилова 

Көмек сұрап келген жандар баланың суретін жібереді. Суретке қарап отырып балаға протез керек пе, жоқ па, сол нәрсе анықталады. Сондай-ақ стандартты құжаттар: ата-анасының жеке куәлігі, туу туралы куәлік, мүгедектік туралы анықтама (егер бар болса) талап етіледі. Қор жұмысы басталғанда ақша жинау процесі бірнеше айға созылатын еді, ал қазір жағдай басқаша.

"Қаражат көлемі – 1,5 миллион теңге. Қазіргі таңда қор танымал, сондықтан протездеуге қаржыны бір күннің, тіпті, бір сағаттың ішінде жинап тастаймыз. Өз кезегін күтіп отырған демеушілер де бар, олар балаларға көмектескісі келеді", – дейді Алена Данилова.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселе – қорға жүгінетін балалардың болмауы. Оның себебі әртүрлі. Алена Данилованың айтуынша, кейбір ата-аналар баласының қолына протез керек екенін ел-жұрт білгенін қаламайды екен. Ал өздігінен алып беретін мүмкіндіктері жоқ.

Біз Виолетта есімді қызға протез кигізу жұмысын көзбен көрдік. Қыздың анасы Валентина Шевлекова болған жайтты баяндаудан тартынбады.

"Жүкті кезімде, үшінші триместрде тұмаумен қатты ауырдым, қызуым көтерілді. Жоспарлы УДЗ-да дәрігер ештеңе демеді. Тек босанған кезімде ғана дәрігерлер қатты шошыды, бала патологиямен туылған екен. УДЗ дәрігері жүктілігімнің бесінші айында баланың жағдайы қалыпты болған деп жауап берді", – дейді Валентина Шевлекова.

Қазір Виолеттаның жасы – 14-те. Ол волейболмен айналысады, қор туралы туысқандарынан естіген. Анасы қордың негізін қалаған қызға хабарласқан, содан кейін олар болашақ протездеу жұмысы туралы сөйлесе бастаған. Анасы Валентина протезге қаржы тез жиналатынына күмәнмен қарағанын да жасырмады. Суреттен протез қойылған балаларды көрсе де, дәрігерлерге сенбеген.

"Өлшемге келген бірінші күні қуанышымызда шек болған жоқ. Қызымның жасы 14-те болса да, бәрін өзі істеп үйренсе де, қазір біз үшін жаңа өмір басталды. Қызым өмірге екінші мәрте келгендей. Процесс оңай өте қоймас, алайда, бәрі жақсы боларына сенімдімін", – дейді Валентина Шевлекова.

Протездеу бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірінен балалар қатыса алады, басты шарт  - процедура Алматы қаласында өтеді. Қордың негізін қалаған Алена Данилова балаларға қуаныш сыйлағысы келетін демеушілер көп екенін айтады. Оның сөзінше, протездеу медициналық стильде емес, кәдімгідей қарапайым жағдайда өтеді. Протез жеңіл, тез, ауырсынусыз киіледі. Көмекке келетіндердің көбі – ақаумен туылғандар, дегенмен, арасында жүре келе қолын зақымдап алған балалар да бар.

"Сау қолмен туған бала қолын электр ет турағышқа тығып алған. Саусақтарын сақтап қала алмаған, бірақ сүйегі сау қалған. Кей балаларға ауырғанда катетер дұрыс қойылмағанынан жұмсақ тіндердің зақымдалуынан қолының жартысын кесіп тастаған жағдайлар да кездесті", –  дейді Алена Данилова.

Протез екі қолдың қатар жұмыс істеуі үшін керек. Қос қолдың бірдей жұмыс істеуі омыртқаның түзу болуына, бұлшық еттердің дамуына, басқа да аспектілерге әсер етеді. Алена Данилованың айтуынша, қол зақымдалған болса да, протездің бүгілу орнында болуы ағзаның дұрыс дамуына әсер етеді. Протез қоюдың артықшылығы – бала сыныптастарының арасында ерекше назарға ие болады, бәрі протезді ұстағысы келіп, қызықтайды. Алайда, протез қоюдың кемшілігі де бар. 

"Протез бөтен зат болғандықтан, оған үйрену керек. Алғашқы уақытта тері тітіркеніп, қол терлеп немесе тоңуы мүмкін. Алайда мұның барлығы бір ай ішінде жоғалады, бала әрі қарай өзінің кибер қолына үйреніп кетеді", – дейді Алена Данилова.

Ол баласына протез керек ата-аналарға жалған намысты жиып қоюға кеңес берді. 

"Өзіңізді емес, балаңызды ойлаңыз. Егер өздігіңізден протез ала алмайтын болсаңыз, қорға көмекке жүгіну ұят емес. Қорқыныш, ұят сезімін шетке ысырыңыз, адамдар не ойлайды деп бас қатырмаңыз, ақша сұраудан қысылмаңыз", – дейді қор басшысы.