Жетісу облысының Қытаймен шекаралас аймағындағы "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағында бүгінге дейін 28 жоба пайдалануға берілді. Тағы 40-тан астам жоба іске асырылып жатыр. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Болашақта 5 мыңнан асады деп жоспарланған.

Осы орайда Информбюро тілшісі Панфилов ауданында ұйымдастырылған пресс-тур барысында кәсіпорындарды аралады. 

Журналистер алдымен "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА инвестициялық жобаларымен танысты. Оның аумағында күн панельдерін, болат бұйымдарын, тоқыма өнімдерін, құрама жем, кофе және басқа да өнімдерді шығаратын кәсіпорындар орналасқан. 

Фото: Дмитрий Ерофеев

"Қорғас – Шығыс қақпасында" MacCoffee 3х1 шай және кофе шығаратын сингапурлық Empire Manufacturing Kazakhstan ЖШС компаниясы 6 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Сол жерде шығарылған өнімдер Қазақстанға ғана емес, Өзбекстанға, Әзербайжанға, Қырғыз Республикасына, Түрікменстанға, Грузияға, Арменияға және Тәжікстанға экспортталады. Кәсіпорын 250 адамды жұмыспен қамтиды. 

"MacCoffee" шығаратын зауыт құрылысы / Фото: Дмитрий Ерофеев

Германияның SKYHANSA компаниясы "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағында халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салады. Сағатына 200 жолаушыға қызмет етеді. Әуежайда 700 жұмыс орны ашылады. 

Ал Майами Solar болса, америкалық технологияны қолдана отырып күн батареяларын өндіруге 1,1260 млрд теңге инвестиция салды. Зауыт құрылысы кезінде және іске қосылғаннан кейін 67 адам жұмыспен қамтылды. Жобаның қуаттылығы жылына 100 Мвт күн панелін өндіруге жетеді. Барлық өнім АҚШ пен Еуроодаққа мүше елдерге экспортталады. Алғашқы өнім легі наурыз айында АҚШ-қа жіберілді. Күн панельдерін өндіруде еуропалық ең озық технологиялар мен жабдықтар қолданылады.

"Майами Solar" күн панелдері / Фото: Дмитрий Ерофеев

"Экспорттық әлеуеті жоғары, ішкі нарықта да сұранысқа ие жоба. Жасыл энергетикаға байланысты болғандықтан бетке ұстар жобамыздың бірі. Жобаның басты мақсаты Америка нарығына шығу болды. Биыл АҚШ стандарттауынан өтіп, экспорттауға рұқстаттама алды. Панельдердің бірінші легі экспортқа аттанды", – деді "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА бас директорының бірінші орынбасары Әсет Сейсенбек.

"Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА бас директорының бірінші орынбасары Әсет Сейсенбек / Фото: Дмитрий Ерофеев

Еркін экономикалық аймақта орналасқан нысанның бірі – жылдық қуаты 60 мың тоннадан асатын SSA Feed Mills ЖШС құрама жем зауыты. Бір айда мұнда жүгеріден, бидайдан, бидай кебегінен, арпадан, соядан және басқа да жиырмадан астам шикізат түрінен 250 тоннадан астам сапалы өнім шығарылады.

Standard Steel KZ ЖШС металл плиткаларын, гофрленген тақтайшалар мен металлосайдинг шығарады. Маңызды жобаны іске асыруға компания 0,27 млрд теңге жеке инвестициясын құйды. Толық қуатқа жеткенде зауыт тәулігіне 10 тонна металл бұйымдарын өндіреді деп жоспарлап отыр.

ENVISION KKC жел энергетикалық құрылымдарды өндіру, электр қуатын жинау және сақтау жүйесі бойынша зауыт салынады. Бұл жобаға 20,6 млрд теңге қарастырылған. Үш жүздей жұмыс орны ашылады деп күтіледі. 

"Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА бас директорының бірінші орынбасары Әсет Сейсенбек / Фото: Дмитрий Ерофеев

Баспасөз туры барысында журналистер Қазақстан-Қытай шекарасындағы Алтынкөл теміржол станциясына барды. Бұл теміржол магистралі – еліміздің көлік саласының халықаралық маңызы бар орасан зор жобасы, әрі Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол өткелі. Станция тасымалдау көлемін ұлғайта отырып, Қытайдан Еуропаға, Парсы шығанағы мен Орталық Азия елдеріне мыңдаған контейнерлер жібереді. Алтынкөл станциясында 400-ге жуық адам, ал теміржолда 2 мың адам жұмыс істейді. Жылына шекарадан 13,8 млн тонна жүк өткізеді.

Алтынкөл станциясының макеті / Фото: Дмитрий Ерофеев

Алтынкөл темір жол станциясында үш терминал бар. Кедендік инспекторлар Қытайдан келген ваогндарды тексерген соң оларды ары қарай жөнелту үшін терминалдарға жібереді. Тексеру барысында контейнер ашылмайды. Қажет кезде ғана мемлекеттік органдардың талабымен ішіндегі жүк тексеріледі. Журналистер жүк тасымалдайтын KTZE-Khorgos Gateway жұмысымен танысты.

Терминалдағы контейнерлер / Фото: Дмитрий Ерофеев

"Инвестициялық жобаларымыз бар, құрғақ портты кеңейтіп жатырмыз. Он жолдық теміржол салып жатырмыз. Ол жерде контейнерлерді сұрыптауға, сақтауға, вагондарды жөндеуге болады.  Құрғақ портта күніне 19-20 құрам, жылына 540 мың контейнер қабылдай аламыз. Алтынкөл станциясы контейнерлерді терминалдарға жібереді. Біз оны түсіріп алып, вагонға не жүк көлігіне тиеп жібереміз. Бір құрамда 45-60 контейнер болса, 55 минутта Қытай вагонынан Қазақстан вагонына ауыстыра аламыз. Жүктердің 60 пайызы Еуропаға, Өзбекстанға, Иранға кетеді. Бізде контейнер тұрып қалу деген жоқ. Келген бойда тиеп жібереміз", – деді KTZE-Khorgos Gateway коммерциялық директоры Муслим Қадыров.

Алтынкөл станциясы / Фото: Дмитрий Ерофеев

Келген жүктің 95 пайызы вагондарға тиелсе, қалған бес пайызын жүк көлігімен алып кетеді. 2024 жылы дәл осы терминал арқылы 60 мың көлік өткен екен. Терминал тәулік бойы жұмыс істейді. Мекемеде 420 жұмысшы бар. 

Атап өтсек, бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта 70 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 28 жоба пайдалануға берілді, тағы 40-тан астамы – іске асырылу сатысында. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 113,3 млрд теңгеден, ал белгіленген жобалардың жиынтық құны 682 млрд теңгеден асады. Аймақта қазірдің өзінде мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды,. Жаңа өндірістер іске қосылғаннан кейін олардың саны 5 мыңнан асады деп күтіледі. 

Өндірілген өнім көлемі 81,6 млрд теңгені, ал түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсетін салық түсімдері 9 млрд теңгеден асты.

KTZE-Khorgos Gateway терминалында салынып жатқан жолдар / Фото: Дмитрий Ерофеев

Журналистер 1967 жылы салынған "Жаркент-Арасан" шипажайымен де танысты. Кезінде Кеңес Одағындағы отыз шипажай қатарына кірген. Айналасын тау қоршайды. Мұнда емдік радон көзі бар. 2004 жылдан бері күрделі жөндеуден өтіп, жаңа процедуралар қосылып келеді. Бір уақытта 350 адам келіп, ем-шара ала алады. Негізінен радон ванналар, балшық, физиотерапия, урологиялық процедуралар, қосымша тұз шахтасы, массаж, көмірқышқыл газы, қанды лазермен тазалау, массаж, фитобөшке қызметі бар. Терапевт, медбике, массажистер жұмыс істейді. Шипажай аумағында елу орындық заманауи жаңа корпус салынып жатыр. 

"Жаркент-Арасан" шипажайы / Фото: Дмитрий Ерофеев

Терапевт-дәрігер Жазира Жарқымбайқызы шипажайға ем алушыларды үш жастан бастап қабылдайтынын, буын, тірек-қимыл аппараты жүйесі аурулары, жарық, остеохондроз, протрузия, артроз, жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу жүйесі, эндокринология, урология, тері ауруларын емдеуге келетінін айтты. 

Шипажайдағы емдік процедура / Фото: Дмитрий Ерофеев

Шипажайда ем алып жатқан Жұмабала Балақаранова орналасқан жері жақсы екенін, алып жатқан емі көңілден шығып жатқанын айтты. 

"Қызметкерлер жақсы қарайды. Тамағы да жақсы. Күнде мәдени іс-шаралар өтеді. Кеше ғана поэзия кеші болды. Бильярд, тоғызқұмалақ, дойбыдан жарыстар өтіп жатыр. Ән байқауы да өтті", – деді Талдықорғаннан келіп ем алып жатқан Жұмабала апа.

Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбековтың айтуынша, ауданда 682 кәсіпкерлік нысан бар. Одан бөлек бес мыңдай шаруа қожалық тіркелген.