Панда, қолтырауын, қару-жарақ. Мемлекет басшылары бір-біріне тағы не сыйлаған?
Осы орайда Информбюро тілшісі мемлекет басшылары бір-біріне берген ең ерекше сыйлықтардың топтамасын жасады.
"Тірі тартулар"
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтен сый ретінде күшік алған Қасым-Жомарт Тоқаев ғана емес. Түрікменбашы үшін бұл дәстүрлі тарту. Биыл мамыр айында ол Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановқа Ақдост атты түрікмен алабай күшігін берген болатын. Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылы Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің 65 жасқа толған туған күнінде оған алабай тұқымдас күшікті тарту етті. Аты – Верный. Жалпы, Путинге "тірі сыйлықтар" жиі беріледі. 2002 жылы 50 жасқа толған кезінде Молдавия президенті оған қолтырауын сыйласа, 2017 жылы Сербия президенті Александр Вучичтен төрт айлық шарпалин төбетін сыйға алған болатын.
2018 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон да Қытайға сапары барысында Си Цзиньпинге президенттік атты әскер корпусының сегіз жасар жылқысын сыйға тартты.
"Панда дипломатиясы"
Қытайлықтар мың жылдан астам уақыт бойы саяси көшбасшыларға панда аюын сыйға беріп келеді. Тек 1958 жылдан 1982 жылға дейін олар әртүрлі елдердің құрметті қонақтарына 23 панда сыйлаған. 1972 жылы АҚШ президенті Ричард Никсонға Линг Линг пен Хинг Хинг атты екі панда берген. Ал ол өз кезегінде Қытай лидеріне буйвол сыйлаған.
1985 жылы Қытай билігі алып пандаларды ұлттық қазына деп жариялады. Осыдан кейін жануарларды сыйға тартуға тыйым салынды. Бірақ, оларды дипломатиялық мақсатта басқа елдерге уақытша (әдетте 15 жылға) сыйлауға болатыны туралы шешім қабылданды.
2019 жылы Қытай осы ережеге сай, Ресейге уақытша мекендеуге екі панда жіберді. Олар Мәскеудегі хайуанаттар бағына орналастырылды.
Индонезия келесі
Мемлекет басшыларының бір-біріне жануар сыйлауы – қалыптасқан тәжірибе. Алайда Американың қырық үшінші президенті Джордж Уокер Буштың алған сыйлығы тіпті ерекше. Индонезия президенті Сухарто оған Нага атты Комодо келесін сыйлады. Ол келестердің ішіндегі ең үлкен түрі. Салмағы – 70-90 кгелі болса, ұзындығы 2,5 метрге жетеді. Сыйлық Огайо штатындағы Цинциннати қаласындағы хайуанаттар бағына жіберілген. Келес 2007 жылға дейін өмір сүрген. 17 жыл ішінде оны көруге миллионнан астам адам келген.
Қағба жамылғысы мен шахмат тақтасы
2017 жылы Сауд Арабиясының королі Салман Әл Сауд Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қасиетті Қағбаның жамылғышын сыйға берді. Оны Елбасыға Қазақстандағы Сауд Арабиясының елшісі Захир бен Мутиш Әл-Анези табыстады.
Қағбаның жамылғышы қара жібек матадан жасалған және онда алтыннан жасалған өрнектер бар. Жамылғыштың ұзындығы – 41 метр.
2006 жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевқа шахмат тақтасын сыйлады. Онда Мәскеу түбіндегі атақты "Бородино шайқасына" қатысы бар тарихи тұлғалар бейнеленген. Мәселен, корольдер Александр І және Наполеон бейнесінде болса, ферзілер Михаил Кутузов, Иоахим Мюрат және басқалардың бейнесінде мүсінделген.
Бірақ, бұл Елбасы коллекциясындағы жалғыз шахмат тақтасы емес. Оған 2001 жылы Украина президенті Леонид Кучма 1600-1700 жылдардағы украин және поляк әскерлерінің мүсінінде жасалған шахмат тақтасын тарту етсе, Армения президенті Серж Саргсян сыйлаған шахмат мүсіндері стаунтонттық үлгіде жасалған болатын.
Өзге ел басшысынан алған шахмат тақтасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта да бар. Оған эксклюзив шахмат тақтасын 2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин сыйлаған.
Азық-түлік себеті
Беларусь басшысы Лукашенко 2019 жылы Қазақстанға келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу соңында ол Тұңыш президентке ірімшік, шұжық пен кептірілген ет салынған азық-түлік себетін сыйлады.
Елбасы жауап ретінде Лукашенкоға қанжар мен хан белбеуін, ал оның ұлы Николайға садақ пен жебе берді.
Қару-жарақ
2015 жылы Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа садақ пен жебе салынған қорамсақ, ал Испания королі VI Филипп 2017 жылы қыналы қылыш сыйға берді.
Путин мен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та бір-біріне қару-жарақ сыйлаған. Жапаров Ресей басшысына қылыш берсе, Путин оған семсер тарту еткен.
Портреттер
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың қырық екінші президенті Билл Клинтонға оның тоқылған портретін сыйлаған. Бұл туралы ол "Штрихи к портрету. Откровение" сұхбатында айтты.
"Клинтонға оның портреті салынған кішірек кілем сыйладым. Біздің Алматыдағы фабрикамыз тоқып шықты. Ол кезде сыйлық беруде тәжірибем аз еді. Мен президент оған қарап отыратын шығар дедім. Осы сыйлықты тапсырған соң, кездесуге келген кезде кілемнің кіре берісте хатшысының аяғының астында тұрғанын көрдім. Бұл олар үшін қалыпты нәрсе", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл секілді сыйлықты 1997 жылы тамызда Билл Клинтонға Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев те сыйлаған. Кілемде президент пен оның әйелінің отбасылық фотосуреті бар жүрек тәрізді медальон өрнектелген.
Ал 1979 жылы Американың отыз тоғызыншы президенті Джимми Картер Мексика президенті Хосе Лопес Портильодан ерекше сыйлық алды. Ол Американың рәміздерінен – Азаттық мүсінінен, жүк көліктерінен, желкенді кемелерден құралған Картердің портреті. Оны суретші Октавио Окампо салған.
Ковбой етігі
1992 жылы ақпанда АҚШ президенті Джордж Буштың резиденциясы Кэмп-Дэвидте АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары қырғи-қабақ соғыстың аяқталғанын білдіретін декларацияға қол қойды. Буш ризашылық ретінде Борис Ельцинге қолдан жасалған ковбой етігін сыйлады. Онда Ресей туы мен ел картасының суреті бейнеленген. Алайда, замандастарының естелігіне сүйенсек, Ельцин сыйлықты пайдаланбаған. Себебі, аяқ киім өлшемі сәйкес келмеген. Қазір ковбой етіктері Екатеринбургтегі "Ельцин орталығы" музейінде сақтаулы.
Бандонеон
Бұл – танго кезінде музыканттар ойнайтын аккордеонның бір түрі. Оны Ресей президенті Путинге Аргентина президенті Кристина Фернандес де Киршнер берген. Аспап – Аргентинаның ұлттық символы.
Сөмке
Франция президенті Николя Саркози Барак Обамаға қара былғарыдан жасалған Louis Vuitton портфелін берген. Онда Америка президентінің инициалдары жазылған. Обама оны қолданып, көптеген сапарда өзімен бірге алып жүрген.
Жалпы француз президенттері Louis Vuitton сөмкесін жиі сыйға тартады. Эммануэль Макрон да АҚШ-тың қырық бесінші президенті Трампқа осы брендтің гольф ойнауға арналған сөмкесін сыйға берген.
Ойынға арналған заттар
АҚШ президенті Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевқа 2018 жылы АҚШ-қа сапарынан естелік ретінде гольфке арналған таяқша сыйлады. Экспонат қазіргі уақытта Елбасының кітапханасында сақтаулы тұр. Cондай-ақ, кітапханада 1997 жылдың қарашасында Билл Клинтонның Елбасына сыйлаған гольф доптары бар.
2018 жылғы 16 шілдеде Хельсинкиде Владимир Путин Дональд Трампқа Ресейде өткен футболдан әлем чемпионатының добын сыйға тартып, АҚШ-тың 2026 жылғы әлем чемпионатын сәтті өткізуіне тілектестік білдірді. Трамп Путинге "Вашингтон Капиталс" хоккей клубының капитаны Александр Овечкиннің жейдесін және шайба сыйға тартты.