"Отадан соң мүгедек болып қалады". Ішектің қабыну аурларын ерте анықтау не үшін маңызды?
Қазақстанда ішектің қабыну арулары жыл өткен сайы жиі тіркеліп жатыр. Крон ауруы мен ойық жаралы колитті анықтау өте қиын. Сондықтан науқастар ауру асқынған кезде ғана дәрігерге жүгініп жатады. Осы орайда Информбюро тілшісі Алматыда өткен ішектің қабыну аурулары VII ұлттық форумында №1 көпсалалы қалалық ауруханасының колопроктология орталығының басшысы Қазыбек Ағыбаевтан аурулар асқынса салдары қандай болатынын сұрап білді.
– Крон ауру мен ойық жаралы колитке көбіне қай жастағы адамдар шалдығады?
– Ішектің қабыну ауруларымен көбінесе орта жастағы науқастар, ересектер шалдығады. Ұзақ уақыт диагноз қойылмаса, емделмесе асқынып кетіп, аадам мүгедек болып қалуы мүмкін. Бұл қоғамымызға зиян. Елдің ең үлкен байлығы – халық. Адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Адамның денсаулығы нашарлаған сайын байлығы да кемиді. Сондықтан өз уақытында диагноз қою керек.
– Хирургиялық ем қай уақытта қажет?
– Алдымен консервативті дәрілердің көмегімен емделеді. Дәрілердің әсері болмай ауру асқынып кетсе хирургиялық ем, яғни операция жасаймыз. Содан кейін гастроэнтеролог дәрігерлерге емін жалғастыруға жіберіледі.
Бұл аурулар өте түсініксіз. Толық жазылып кету мүмкін емес. Ем-дом қабынуларды басып, ремиссия жағдайына жеткізу үшін жасалады. Операцияны да қайтадан ремиссияға түсіру, яғни аурудың бетін қатару үшін жасаймыз. Ішектің қабыну ауруларымен адам өмірінің соңына дейін өте ұзақ емделеді. Хирург көмегі асқынған кезде ғана қажет. Адамның өміріне қауіп төнсе, яғни, ойық жаралы колит кезінде тоқтамай қан кетсе, қабынған, қанаған ішектерді алып тастауға тура келеді.
Өкінішке қарай, бұдан адам мүгедек болып қалады, бірақ аман қалады. Крон ауруынан ішек жабысып, тарылып қалса операция арқылы ішекті қалпына келтіріп, бір-біріне жалғаймыз. Операциядан кейін дәрігерлер науқастардың жағдайын жіті қадағалайды.
– Аурудың асқынуына не себеп болуы мүмкін?
– Себебі көп. Біріншіден, диагноздың кеш қойылуы. Мұны тек мамандардың кінәсі деуге болмайды, өйткені науқастар дәрігерге кеш қаралады. Ал ішектің қабыну аурларын анықтау өте қиын болғандықтан,ұзақ тексерілу қажет. Диагноз нақтыланған соң емді үзбей, диета ұстау, дәрілерді уақытында қабылдау секілді дәрігердің тағайындауларын орындау керек.
Аутоиммунды ауруларды қадағалау өте қиын. Адам режим сақтамаса, күйзеліске түссе, дұрыс тамақтанбаса, дәрілерді уақытылы ішпесе бұл да ауруды асқындырады. Содан қан ағу, ішектің бітелуі, тесілуі, өзін-өзі улауы секілді хургиялық белгілері пайда болады. Ішектің қызметі нашарлап, хирургиялық көмекті қажет ететін асқынуларға әкеп соғады.
Оқи отырыңыз: Крон ауруы және ойық жаралы колит секілді ішектің қабыну аурулары жасарып келеді