Мықты табыс табатын IT маман болу үшін не істеу керек? Бағдарламашымен сұхбат
Qalan математиканы оқыту платформасының негізін қалаушылардың бірі, ІТ маман Қуаныш Нәбиев үздік бағдарламалаушы болу үшін қандай қабілеттерді дамыту қажет екенін әңгімеледі.
– Сіз мектеп бітірген жылдары IT мамандығы аса танымал болған жоқ. Бұл салаға қалай келдіңіз?
Шыны керек, мектеп бітіргенде бағдарламашының кім екенін де, өзімнің кім болғым келетінін де білмедім. Себебі біз мектеп бітірген жылы бұл мамандық туралы ақпарат аз болды. Болашақ мамандығым математикаға жақын болса деген тілек қана бар еді. Жоғары оқу орнына құжаттарды қабылдайтын маман IT саласын жақсы мамандық деп кеңес берген еді. Сол кісінің бір ауыз сөзін ескеріп түстім десем де болады. Оқып жүріп математикаға еш қатысы жоқ екенін, бағдарламалардың тікелей логикалық шешімдерге негізделетінін білдім. Істеп жатқан затымның нәтижесін бірден көру арқылы менің осы мамандыққа қызығушылығым артты. Өзің кездейсоқ таңдаған мамандық та дәл осылай өміріңде серік болуы мүмкін.
– ІТ табысты әрі престиж мамандыққа айналды. Неге деп ойлайсыз?
– Жалпы түсініктегі бағдарламашы деген кім? Қолданбалы программист – көбіне ойындар, есептеу бағдарламалары, мессенджерлерді қамтамасыз ететін бағдарламаларды компьютерлік тілдерде жазумен айналысатын маман. Нарықта ІТ мамандарға сұраныс өте жоғары. Covid-ке дейін сұраныс ақырындап өсіп бастаған кездер еді, бірақ короновирустан кейін бұл үрдіс дами түсті. Шет елдің компаниялары әлемнің кез келген жерінен өздеріне сәйкес маманды іздейтін болды. Сол себепті жергілікті компанияларға шет елдің компанияларының жалақыларына сай болу үшін мамандардың жалақысын көтеруге тура келді.
Оқи отырыңыз: Қырмызы Қалиева қалай Google Developer Expert атанды?
– ІТ-де жақсы табыс табу үшін не істеу керек? Қандай қасиеттерді дамыту керек?
– Бірінші кезекте, логиканы жақсылап дамыту керек. Ақыл, зеректік секілді қасиеттерді туабіткен дарын деп ойламаңыз. Кез келген адам логикалық ойлау қабілетін жоғары деңгейде дамыта алады. Екінші кезекте, жалданып жұмыс істесеңіз де, жасап жатқан өніміңізге туған балаңыздай қараңыз. Өнімді белгілі бір компанияға қалдыратыныңыз анық, алайда осы өнімді құрастыру кезіндегі білімді өзіңізбен бірге ала кетесіз.
Үшіншіден, үздіксіз ізденіс үстінде болу. Басқаларына қарағанда IT саласында өзгерістер көп әрі жылдам жүреді. Осы өзгерістерден қалмау үшін ізденуді әдетке айналдыру қажет. Төртінші керек қасиет – табандылық пен төзімділік. Бірде қатені 3 күн бойы іздегенім есімде. Яғни, код бірден дұрыс шықпауы мүмкін. Осындайда жоғарыдағы екеуі айнымас серігіңізге айналады.
– Бағдарламашы болу үшін ЖОО-да оқу шарт па? Әлде курстар оқып өз бетінше ІТ маман болуға бола ма?
– Шарт емес. Менің байқағаным университетті тәмамдағандар немесе төртінші курста оқып жатқандар осы саланы курстар арқылы тереңірек меңгергендерге қарағанда мықты болып келеді. Курстар ары кетсе 6 айға созылады, ал университетте ұзағырақ оқытады. Бағдарламашы өте жылдам дамып келе жатқан технологияларға бейімделе білуі қажет. Егер бір рет алған біліммен қалып қоя беретін болса, онда қажетсіз маманға айналады.
– ІТ-ші болу үшін қандай пәндерді жақсы оқу керек? Математиканы жақсы оқымаса да, ІТ маман болуға бола ма?
– Математиканы жақсы оқымай-ақ бағдарламашы болуға болады. Бірақ, мен көрген мықты бағдарламашылардың бәрі математиканы жақсы білген. Өйткені, математика логиканы жақсы дамытады. Сол себепті, болашақта ІТ-маманы болғысы келетін кез келген жан математика білімін жетілдіруі керек. ІТ-де мүмкіндік көп. Мансап өсуі үшін статистика, логика, анализ секілді математиканың бөлімдері бәрібір керек болады. Математикадан бөлек, ағылшын тілін жақсы оқуға кеңес берер едім. Техникалық құжаттарды оқи алатын дәрежеде ағылшын тілін білу де ең маңызды талаптардың бірі. Сондай-ақ, аталған маман иелері топпен жұмыс істей алуы керек. Үлкен жобаларда біріге, жұмыла жұмыс жасай алатын мінездің болғаны да артықтық етпейді.
Оқи отырыңыз: Қытай мен Түркия тауарына қалай қазақ тілінде тапсырыс беруге болады? Кәсіпкермен сұхбат
– ІТ мамандықтардың түрлері көп. Ең маңыздыларына тоқталып өтесіз бе? Ең көп жалақы алатыны қайсы?
– IT мамандықтардың жалақылары бір-біріне шамалас. Жақсы өнім жасау үшін мамандықтардың бәрі маңызды. Бағдарламашыларды деңгейіне байланысты бірнешеге бөліп қарауға болады. Мысалы, кіші (Junior), орта (Middle), аға (Senior), жетекші (Team Lead) дегендей болады. ІТ маманның тәжірибесі мен таланты жоғары болған сайын, төлемақысы да жоғарылай береді. Сол себепті ІТ маманы үнемі өзін жетілдіріп, кәсібилігін ұштап отыруы керек. Үлкен корпорациялардағы мамандардың жалақысы ондаған мың доллар болуы мүмкін. Сол себепті шектеу жоқ. Бәрі маманның кәсібиліне байланысты.
– Қазақстандағы ІТ мамандықтар қалай дамып жатыр? Мемлекет ІТ мамандықтарға көп көңіл бөліп отыр. Гранттар бөліп, акселератор бағдарламалар ашып жатыр. Қалай ойлайсыз, бұл жеткілікті ме?
– Істелініп жатқан іс-шаралар IT-дің дамуына зор үлесін беріп жатыр, бірақ, менің ойымша, IT даму үшін бизнес дамуы керек. Бизнес бар жерде IT де жақсы дамиды. Бізде бизнестің көбісі тендерде. Тендер арқылы өмір сүретін компанияларға IT-ді дамыту үлкен тәуекел. Өйткені, ол бір күн тендер ұтуы мүмкін, келесіде ұтылып қалады. Демек жүйелі емес деуге болады. Ал IT-ді дамыту үшін жүйелілік керек.
Қуантатыны, IT саласы бойынша білім алушылар саны артып жатыр. Сәйкесінше, бәсекелестер қатары да көбеюде. Солардың арасынан озып шығып, сұранысы жоғары маман иесі болу үшін бүгіннен бастап осы мамандыққа бейімделу керек.
– Сіз отандық математика платформасының бағдарламасын нөлден бастап жазып шықтыңыз. Қалай жаздыңыз, қандай тілде жаздыңыз? Қандай қиындықтар болды?
– Студент кезімдегі дипломдық жұмысымның тақырыбы математиканы үйрету туралы болып еді. Ол кезде мен үшін есеп үйрететін жоба құру тым қиын болып көрінді. Бірақ кейін серіктесім Асқар Болат маған Qalan идеясын ұсынып, мен идеяның бағдарлама тілінде жүзеге асырдым. Ол математика мұғалімі ретінде матеметиканы ІТ технология арқылы оқытуды ойлап жүрген екен. Кейін екеуміз бірлесіп математика үйрететін платформа жасап шықтық. Бұл платформаға дейін 1-2 стартап жасап көрдім. Мысалы, алимент төлеуді автоматтандыратын жүйе жасап көрдім. Ал математика үйрететін платформада өздігінен есеп генерациялай алатын жүйе ойлап таптық. 2,5 жыл бойы тек сынақтан өткіздік. Методиканы 4-5 рет ауыстырдық. Қазіргі методикаға жету үшін әбден жетілдірдік. Методиканың жақсы жұмыс істейтініне көз жеткізген кезіміз – нашар оқитын баланың математикасы әжептеуір жақсарды. Сол кезде ғана біз өзіміз жасаған методиканың дұрыс және жақсы жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Біздің мақсатымыз да сол еді – ең нашар баланы жақсы деңгейге көтеру. Әр ауыстырған сайын балаларға көрсетіп, сынақтан өткізіп отырдық. Оқушы қалай шығарады, қандай тиімділігі бар екенін көрдік. Қазір бізде 16 мың есептің шаблоны бар. Сол бойынша миллиондаған, тіпті, миллиард есеп шығаруға болады. Ең қиын жері – әр есептің генерациясын жазып отыру. Ол жердің қиыншылығы техникалық тұрғыдан емес, 16 мыңнан аса есеп типін жазып шығуға шыдамдылық керек. Қалай десек те, бүгінде бұл сәтті жұмыс істеп тұрған жобалардың бірі.
– Қазір жасанды интеллект тренд болып кетті. Сіздер оны математика платформасына енгізіп жатырсыздар. Ол қандай проблемаларды шеше алады? Қандай мүмкіндіктер береді?
– Иә, жасанды интеллект қазір трендте, бірақ оны біз тренд үшін қосып жатқан жоқпыз. Бірінші кезекте, клиенттерге тез әрі сапалы кері байланыс үшін қосып жатырмыз. Екіншіден, өз менторларымыздың жұмысын азайту үшін. Жаңа технология есеп шығарып отырған баламен байланысты тездете алды. Қазір орташа жауап беру жылдамдығы едәуір қысқарды. Жасанды интеллект оқушымен амандасып, оның сұрағын тыңдап, тіпті, қоштасуды да ұмытпайды. Біздің ЖИ қазақша түсінеді, жауап бере алады. Бүгінде оқушылар сұрақтарының 25 пайызына портал ішінде жасанды интеллект жауап береді. Бұл көрсеткішті 80 пайызға арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бізге аз мұғаліммен көп оқушыны қамтуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алаяқтықтар саны 3000% өсті. Deepfake жасаған фото мен видеоны қалай ажыратамыз?
– Мықты ІТ-ші жастарымыз көбіне шетелдерге кетіп қалады. Оларды алып қалу үшін қандай жағдай/мүмкіндіктер жасалуы керек?
– Мықты IT мамандардың кетіп қалуында проблема көріп тұрған жоқпын. Бір бөлігі мүмкін сол жақта ұзақ уақытқа қалар, бірақ екінші бөлігі 3-7 жыл сонда жұмыс істеп, елге қайтып өз тәжірибесімен бөліседі немесе өз кәсіптерін бастап кетеді. Қазірдің өзінде де шет елде жүре тұра, біздің компанияда жұмыс істеп немесе консультация беріп жатқан еліміздің ең мықты мамандары да бар. Оларға өз еліне, халқына пайдалы дүние жасап беру аса маңызды. Ең бастысы – мамандарымыз қайда тәжірибе жинаса да, бізде сапалы өнімдер бар. Qalan секілді табысты жобалардың болуы көпшілікке үлгі деп сенемін. Яғни, Қазақстан да осындай үлкен халықаралық Едтех бизнеске айналса, біз салған жолмен басқалар да жүре алады. Сол жағынан алғанда мен өзім негізін қалаған платформаның құндылығын көремін.