Мың жылдық тарихы бар қала: Талғарда нені тамашалауға болады?
Талғар – Алматы облысы, Талғар қаласының әкімшілік орталығы. Алматы қаласынан жарты сағаттық жерде Іле алқабындағы Іле Алатауының әсем беткейінде теңіз деңгейінен мың метр биіктікте орналасқан. 1959 жылдан бастап қала мәртебесіне ие, 2023 жылы Талғардағы халық саны 65 мың адамға жеткен.
Қаланың негізі VIII ғасырда қаланды, жазба деректерде алғаш рет 982 жылы Талхиз атымен жазылған. ЮНЕСКО әлемдік мұра нысандарының тізіміне республикалық маңызы бар мәдени мекен ретінде кіреді.
Қалашық екі бөліктен тұрады: бекіністі орталық және рабад – қала қабырғасынан тыс қала маңы.
Жалпы аумағы – шамамен 30 гектар, қалдықтары бүгінге дейін сақталған орталық бөлік қорғанмен қоршалған.
Талғар өзені
Талғар өзені Талғар мұздығынан басталып, Қапшағай су қоймасына құяды, өзеннің жалпы ұзындығы – 117 км. Өзен суы суару және сумен жабдықтау үшін пайдаланылады, сондай-ақ энергетикалық кәсіпорындар да қажетіне жаратады. Өзен арқылы бірнеше ірі магистраль, соның ішінде жоғарғы Талғар тас жолы өтеді.
Алма бақтары
Жол жиегінде күзде жасыл, сары, қызыл түстерге боялатын әдемі алма бағы бар. Бұл жердегі алманың дәмі өзгеше. Экологиялық тұрғыда таза, дәмі тіл үйіретін алманы осы жерден табуға болады.
Алма бағы – Талғар қаласының мақтанышы. Сәуірден қазан айына дейін бұл жерге туристер ағылады. Оның екі себебі бар, бірі – бақта серуендеу үшін болса, екіншісі – ағаштардан түсіп жатқан алманы жинап алу. Сондай-ақ жоғарғы Талғар тас жолында орналасқан бақшадан алма сатып ала аласыз.
Жылжымалы омарта
Жылжымалы немесе тасымалданатын омарта – ара өсірушілерге табиғи бал мен бал өнімдерін алу үшін ең жақсы гүлдену орындарын таңдау арқылы орнын өзгертуге мүмкіндік беретін құрылым.
Іле Алатауының етегінде белсенді маусым мамырдың ортасынан қыркүйектің ортасына дейін өтеді. Бір нүктеде омарташылар 2-3 апта болады.
Евгения Буравченко жұбайымен бірге жылжымалы омартаны қолдан жасаған. Омарташылар Талғарда тұрады, көлік сатып алып, араның ұясын салып, ара асыраған.
Бұндай омартаның негізгі артықшылығы – нектардың көзін үнемі ауыстырып отырғандықтан алынған бал әртүрлі болып шығады.
"Биеке батыр" мешіті
Талғардағы жаңа мешіттің пайда болғанына көп болған жоқ. Құлшылық жасайтын мекен дәстүрлі түрде күмбезбен жабдықталған. Алланың үйінен намаз уақытында азанның үні естіліп тұрады.
Мешітке қарама-қарсы жерде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі орналасқан.
Талғар алақандағыдай көрінеді
Талғар алақандағыдай көрінетін мына төбенің өзі ерекше. Ірі әріптермен жазылған сөздер, қаланың толық көрінісі осынау қалашықтың өз тыныс-тіршілігі, өзіне тән өмір сүру салты бар екенін айқындайды.
Талғардың әртүрлі атауы болған. Талхиз, София станицасы, Муравьёво ауылы деген атауларды иеленген қалашық қазіргі атауын 1919 жылы алған.
Әулие Николай атындағы ғибадатхана
1908 жылы сәулетші Сергей Тропаревскийдің жобасы бойынша Верныйдан шыққан әскери инженер Яков Порошиннің қатысуымен салынған, сыртқы түрі Алматының Никольский ғибадатханасына ұқсас.
Қазіргі таңда шіркеу жанында Жексенбілік мектеп жұмыс істейді, онда әннен сабақ өткізіледі, сондай-ақ "Милосердие" еріктілер қозғалысы бар.
Жеңімпаздар паркі
Соғысқа қатысқан отандастарымыздың құрметіне салынған парк – Талғар жастарының сүйікті мекені.
Скверден "Желтоқсан – 1986" қаһармандарына, Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне, Ауғанстандағы соғысқа қатысқан батырларға, Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге және Таулы Қарабахтағы қақтығысқа қатысқан жандарға арналған ескерткіштерді көруге болады.
Скверге жақын жерден өткен ғасырдың басында салынған құрылысты байқадық.
100 жыл бұрын Талғарға жойқын сел келген. Табиғат апаты туралы осынау алып тастар еске салып тұрады.
Дін өкілдеріне қойылған белгі
Талғардың көне зиратында орналасқан мына бір крест төңкерістен кейін тұтқындалып, атылған жүздеген адамның құрметіне қойылған. Қайғылы жағдайда қайтыс болған Талғар тұрғындарының арасында мұсылман, христиан діндерінің өкілдері болды. Христиандарға арналып осындай крест қойылған.
11 қыркүйек еске алу күнінде бұл жерге қайтыс болған жандарды еске алу үшін халық жиналады.