Ол өзге адамдарға коучинг, психологиялық қолдау және тәлімгерлік арқылы қиындықтарды жеңуге көмектесіп жүр. Сондай-ақ, Айжан –  AWE (Academy for Women Entrepreneurs) бағдарламасының 2022 жылғы түлегі.

– Айжан, сіз фина" деп аталатын облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігін басқарады екенсіз. Бұл бірлестік қашан құрылды, немен айналысады?

– Біздің қоғамдық бірлестік 2020 жылдың қараша айында құрылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік осал топтарға, балаларға арналған алуан түрлі курстарымыз бар. Сол кісілердің жұмысқа орналасуына көмектесеміз, өз құқықтарын түсіндіреміз, заң жағынан қолдау білдіреміз. Бізге келетін көп адамның дәрігерге қаралам десе де, пәтер алам десе де, кей жерде сауаты жетпей жатады. Сондай сәттерде демеп жібереміз, құжаттарын реттейміз. Одан бөлек, түрлі семинар, шеберлік сабақтары, тренингтер өткізіп жүрміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды өзіміздің арнайы "Инватур" деген бағдарламамызбен турларға алып шығамыз.

– Бірлестікте қанша адам жұмыс істейді? 

– Қазір шағын ұжымымызда 5 адам бар. Былтырлары жұмыссыз адамдарды оқытып, одан кейін бізбен бірге жұмыс істеуіне мүмкіндік бердік. Сосын ары қарай олардың жұмыс табуына, кейбірінің өз ісін ашуына көмектестік. Өз ұжымыма мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алу арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып жүрген жайым бар.

Сурет Айжан Шақарбаеваның жеке мұрағатынан алынды

Оқи отырыңыз: Мүгедек балаларды топқа бөлу, күтуші жәрдемақысы, баспана кезегі. Заң жобасын түсіндіреміз


– Сіздерге мемлекет тарапынан қандайда бір қолдау, көмек көрсетіле ме

– Алғашында біз шағын гранттар байқауына қатысып жүрдік. Кейінірек 3 миллиондық бір грантты жеңіп алдық. Сол гранттардың арқасында жобамызды кеңейттік. Мысалы, 3 миллиондық грантты ұтқан кезде біз мүмкіндігі шектеулі жандарды ағылшын тілі курсында оқыттық. Содан соң, Ұлыбритания консулдығымен келісімшарт жасап, бірігіп IELTS емтиханын өткіздік. Ол жерде бірінші, екінші, үшінші топ мүгедектеріне емтихан тапсыруға көмектесетін (мысалы, жаза алмаса) арнайы бағдарлама болды. Ең жоғары бал жинаған екі адамды шетелге оқуға жібердік. 

– Өзіңіздің алған біліміңіз қандай? Білуімше, сіз қазір коуч, психолог қызметін де қатар алып жүр екенсіз.

– 8 жасымда денсаулығым күрт нашарлады, маған сирек кездесетін диагноз қойылды. Бірақ, сонда да 11 жылдық мектепті толықтай оқып бітірдім. Одан соң, колледжге түсіп, ол жерде бағдарламашының оқуын оқып шықтым. Кейінірек 2 жыл "жалпы психологияны" оқыдым. Бүгінде осы мамандығымды қатар алып жүрмін. Жеке тұлғалармен де, заңды тұлғалармен де жұмыс істеймін.

– Қазір әлеуметтік осал топтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесіп, осы салада белсенді жұмыс атқарып жүрсіз. Осындай белсенділігіңізге не әсер етті? Бағыт-бағдар берген жандар болды ма? 

– Бұл – өзімнің бастамам. Себебі, бала күнімнен бері ауырып, көп қиындық көрген адаммын. Дәрігерлер "өледі" деп ауруханадан шығарып тастаған кезде мен психологиялық көмекке зәру болдым. Одан бөлек, мектеп кезінде менің қызығушылықтарым көп болды. Ағылшын тілін оқығым келді, дизайнға ден қойғым келді. Бірақ ол кезде бізде ешқандай мүмкіндік болмады. Кезінде өз басымнан өткен соң,  кейін өзім секілді жандарға көмектесейін деп шештім. Мысалы, мен өзім көпшілік ортада көп жүремін. Бірақ, айналамызда далаға, адамдардың арасына шықпай, үйде отырып қалған қаншама мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар, мәселен, әлі күнге шейін қоршаған ортамен қалай қарым-қатынас құруды білмейді. Көбіне мүгедектердің араласатын ортасы өз шеңберінде тұйықталып қалғанын байқаймын. Өзім көптеген шараларға қатысамын, атсалысамын, қай-қай жерде де өзімді еркін ұстаймын. Менен басқа мүмкіндігі шектеулі жандардың да өзін солай кез келген ортада судағы балықтай сезінгенін қалар едім.

Сурет Айжан Шақарбаеваның жеке мұрағатынан алынды

– Сіз 2022-2023 жылдары АҚШ миссиясының AWE (Academy for Women Entrepreneurs) бағдарламасына қатысқан екенсіз.  Бағдарлама несімен есіңізде қалды?

– Өзіме бұл бағдарламаның қаржылай сауат және HR туралы бөлімдері өте қызық болды. Сонымен қатар, ол жерде командада қалай жұмыс істеу керегін, адамдармен қалай тіл табысу қажет, қарым-қатынас құру жолдарын үйрендік. Бағдарлама бірнеше айға созылды. Қазір бағдарлама қатысушылары бір-бірімізге жиі хабарласып тұрамыз. Ұйымдастырушылар әлі күнге дейін бізге түрлі гранттар туралы хабарлап, өздерінің жан-жақты көмегін ұсынып келеді.


Оқи отырыңыз: "Мүмкіндігіміздің шексіз екенін дәлелдедік". Мүгедек жандар қалай қоғамды өзгертіп жатыр?


– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты қандай Заң, ережелердің өзгергенін қалар едіңіз? Қазақстанда инклюзив қоғам дамуы үшін қандай қадамдар жасалғаны дұрыс деп санайсыз?

– Алысқа бармай-ақ, өз жағдайым туралы айтайын. Мемлекет маған қарасуға бір көмекшіні берген. Ол – әйел адам. Күні бойы қасымда болып, қолынан келгенше жағдайымды жасайды. Алайда, ол кісі мені әрі-бері жүргенде көтере алмайды, одан қалды, далада жүргенде пандусы жоқ жерлерде қиналып қалады. Себебі, ол кісінің мені арбаммен қоса көтеруге шамасы жетпейді. Сондай кездерде мен ер адамның көмегіне зәрумін, әйел көмекші қанша тырысса да, мені көтере алмайды. Ал, бізде билік басындағылар заң жобасын қабылдаған кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың ерекшеліктерін ескермей, жалпылама заң қабылдай салады.

Мысалы, мүгедек жандарға берілетін көмекшілер туралы заң қабылданғанда, онда "бір адамға – бір көмекші" деп көрсетілген. Ер адамдарға бір көмекші берілсе және ол ер адам болса жарайды, ол оны киіндіріп-шешіндіріп, керек жерде көтере алады. Ал бірінші топ мүгедектеріне, өздері көп нәрсені істей алмайтын әйел адамдарға 1 ер көмекші, 1 әйел көмекші берілсе деймін. Өйткені, әйел көмекші шешіндіріп, киіндіріп, жуындыру жағынан көмектессе, ер көмекші көтеріп, әрі-бері отырғызып, таксимен, баспалдақпен жүрген кезде қажет болады.

Тағы бір айтайын кететін мәселем, қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне қажетті тауарлар мен қызметтерді  оңай алуы үшін жасалған "Әлеумет" деген портал бар. Сол сайттан біз өзімізге арба, жөргек, таяқ сияқты заттар қарап, санаторийге жолдама ала аламыз. Менің ұсынысым, сайттағы керек тауарлар тізіміне мүгедектерге арналған көтергіш аппарат та қосылса деймін. Ол өзі кран секілді аппарат, үйде төсектің бас жағына, ваннаға орнатып, адамды сол көтергіш көмегімен отырғызып-тұрғызуға болады. Көтергіштің арбаға отыруға да көмегі зор.  Бізге осы аппаратты "Әлеумет" порталы арқылы алуға жағдай жасалса екен.