Имамдар мешіт пен әлеуметтік желіде енді қалай уағыз айтады? Жаңа ережелерді түсіндіреміз
2024 жылғы 28 ақпанда Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында "Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті" тұғырнамасы қабылданды. Енді имамдар халық арасында уағыз айтып, жамағатқа адал мен арамды түсіндірген кезде осы тұғырнамадағы ережелерді ескеруі керек болады. Ал тұғырнамада қандай ережелер барын ҚМДБ өкілі Informburo ресми сауалына берген жауабында түсіндірді.
Уағыз-насихаттың қандай түрлері бар?
Бірінші: мешітте айтылатын уағыз-насихат
а) Жұма уағызы. Мешіттердегі жұма уағызы апта сайын жұма намазының азанынан жарты сағат бұрын айтылады. Жұма уағызын айтушы дін қызметкері төмендегі мәселелерді ескеруі қажет:
- жұма уағызы мен хұтпасын ҚМДБ тарапынан бекітілген тақырыпта айту;
- ҚМДБ киім үлгісін назарда ұстау (сәлде, шапан және ашық түсті жейде кию);
- бекітілген уағызға қосымша дайындалу;
- уағызды Аллаға мақтау, Пайғамбарға салауатпен, жамағатқа сәлем берумен бастау;
- мүмкіндігінше қағазға қарамай айту;
- уағыз барысында ҚМДБ ұстанымын, шығарылған пәтуаларды ескеру;
- уағызды бекітілген уақыттан асырмау.
ә) Бесін және ақшам уағыздары
Күнделікті бесін және ақшам намазының алдындағы уағыздарды ҚМДБ тарапынан бекітілген кітаптар бойынша айту. Берілген тақырыпқа алдын-ала дайындалып, жан-жақты ойын түйіп, жамағатқа қысқаша баяндап жеткізу.
б) Жамағатпен арнайы жүздесулерде айтылатын уағыз-насихат
Мешітте өтетін арнайы шарада, белгіленген дәрістерде жамағатқа уағыз-насихат айту. Бұл ретте уағызшы айтылатын тақырыпқа алдын-ала дайындалып, жан-жақты зерттеп, жамағатқа көркем түрде, тың мағлұматтармен жеткізе білу.
Оқи отырыңыз: Рамазан айына орай пойыз мейрамханаларының жұмыс уақыты өзгерді
Екінші: әлеуметтік желіде айтылатын уағыз-насихат
Әлеуметтік желідегі уағыз-насихатты РАНТ, ЖАНТ мүшелері және өзге де өкілдік тарапынан бекітіліген білікті дін мамандары жүргізеді. Әлеуметтік желідегі уағыз-насихат барысында келесідей мәселелер ескеріледі:
- дін қызметкерінің әдебіне сай киім үлгісіне мән беру;
- тақырыпқа алдын-ала жан-жақты дайындалу;
- білмейтін күрделі діни сұрақтарға жауап бермеу;
- өзінің жеке пікіріне сүйеніп, пәтуа айтпау;
- әлеуметтік желі қолданушыларымен пікір таласқа, ұрыс-керіске бармау;
- ҚМДБ тарапынан бекітілген пәтуаларға жүгіну.
Үшінші: неке, үйлену той және басқа да қуанышты жағдаяттарда айтылатын уағыз-насихат
Неке қию рәсімінде, үйлену тойда, өзге де қуанышты жағдайда айтылатын насихаттың мазмұны соған сай, яғни адамдарды сүйіншілейтін, қуанышын арттырып, жақсы әсер қалдыратын деңгейде болу. Мысалы, "Үйленудің артықшылығы", "Отбасылық міндеттер", "Отбасы бақытының сыры" және осыған ұқсас тақырыптарда уағыз айту.
Төртінші: жаназа рәсімінде айтылатын уағыз-насихат
Жаназа рәсімінде қара жамылған отбасын сабырлыққа шақырып, қайғыларын сейілтетін уағыздар айту. Өмірдің өткінші екенін, дүниеден өтумен адам ғұмыры аяқталмайтынын байыппен жеткізу. Қайтқан кісі үшін Алланың мейірімі мен кешірімін сұрау, артында қалған туыстарына көркем сабыр тілеп, жиі дұға ету керектігін даналықпен насихаттау. Сондай-ақ жаназа намазынан бұрын насихат айтқанда уақытпен санасу.
Оқи отырыңыз: 2024 жылғы ораза кестесі: Алматы қаласы
Бесінші: Құдайы ас, садақаларда айтылатын уағыз-насихат
Қазақ халқында Құдайы ас, садақалардың бірнеше түрі бар. Мысалы, марқұмның дүниеден өткеніне жеті күндік, қырық күндік, жүз күндік немесе жылдық ас беру. Мұндай астарда уағызшы дін қызметкерінің әдебіне сай киініп, насихатты сол ортадағы адамдардың жағдайына қарай айту. Дүниеден өткен марқұм үлкен кісі болса "Ата- ананың қадірі", "Үлкенге құрмет, кішіге ізет", "Салиқалы ұрпақтың дұғасы" сынды тақырыптар таңдау. Егер марқұм орта жастағы немесе жас болса, "Дүние тіршілігінің баянсыздығы", "Сабыр сақтаудың маңызы", "Марқұмға пайдасы тиетін іс-амалдар" сынды тақырыптар таңдау. Сол секілді баспаналы болғанда, өзге де жақсылыққа кенелгенде нығметке шүкірлік ретінде немесе жаңбыр тілеп тасаттық бергенде тақырыпқа сай уағыз-насихат айту.
Алтыншы: түзеу мекемелерінде айтылатын уағыз-насихат
Түзеу мекемелеріндегі уағыз-насихат жеке немесе жалпы болып екі түрге бөлінеді.
а) Жеке кездесулердегі уағыз-насихат. Жеке кездесуден бұрын істі болған адамның өмірбаяны мен істі болу себебін, оның діни бағытымен алдын-ала қысқаша танысып алу. Сұхбат барысында діни қызметкер ретінде жағымды әсер қалдырып, жанашырлықпен сөйлесу. Егер істі болған адам қандай да бір діни ағымға қатысты болса, арнайы тәсілдер арқылы дұрыс жолды баяндау. Істі болушының білім деңгейін, теріс ағымға қаншалықты қатыстығы бар екендігін де назарда ұстау. Мұндай жағдайда уағыз-насихат айтушы әр кездесудің арнайы жоспарын құрып, сол бойынша насихат жұмыстарын өткізу.
ә) Жалпы кездесудегі уағыз-насихат. Жалпы кездесулерде түрлі деңгейдегі адамдар аралас болғандықтан уағыз-насихат барысында барлығына түсінікті болатындай ортақ тақырыптар таңдау. Уағыз барысында ешкімнің ар-намысына тимеу, кемсітетін сөздер айтпау.
Оқи отырыңыз: Аллергиясы бар адамға ораза ұстау міндет пе? ҚМДБ жауабы
Уағыз-насихат айтқандай қандай материалдар қолдану керек?
Бірінші: Құран аяттары
Уағыз-насихаттың негізі қасиетті Құраннан бастау алады. Уағыз-насихат барысында насихатшы тақырыпқа сай Құран аяттарын келтіріп, оның тәпсіріне сүйене отырып түсіндіру, тәрбиелік мағынасын талдау. Араб тілін түсінетін діни ортада, мешіт жамағатына арабша аятты келтіріп, қазақ тіліндегі мағынасын айту. Араб тілін түсінбейтін көпшілік ортада қазақша мағынасын айту.
Екінші: хадистер
Хакім Абайдың "Әуелі аят хадис сөздің басы" дегеніндей, қасиетті Құраннан кейін ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін айту. Сенім негіздеріне қатысты мәселе қозғалған жағдайда міндетті түрде сенімді (мутауатир, сахих) хадистерге жүгіну. Сондай-ақ, әлсіз, ойдан шығарылған тоқыма хадистерді қолданбау.
Үшінші: қазақ халқының салт-дәстүрі
Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан-ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын атқарып, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген. Өмірлік ұстанымымызға айналған дәстүрлеріміздің көбі асыл дінімізден бастау алған. Осылайша асыл дініміз қазақ халқының жан дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың танымы, мәдениеті, дәстүрімен біте қайнасқан. Осы орайда уағыз-насихат айтушы діни біліммен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін, шариғатпен ұштасқан ырым-тыйымдарды да жақсы біліп, насихат барысында қолданғаны абзал.
Төртінші: ата-бабаларымыз бен би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың өлеңдері мен даналық сөздері
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына көз жүгіртсек, аят-хадистерге және рухани құндылықтармен сабақтас екендігіне көз жеткіземіз. Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыздың: "Алла атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан, бір Тәңірім", – дегеніндей сөз бастаған жырау, шешендеріміздің ешқайсысының аузынан Алласы түспеген. Абайдың: "Алланың, Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз", – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғандығын анық көрсетуде. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: "Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған", – дейді. Сондықтан да насихатшы Құран аяты мен хадистердің мән-мағынасы түсінікті болуы үшін ата-баларымыздың, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың өлеңдері мен даналық сөздерімен қуаттап, мәнді де мазмұнды етіп, жеткізе білу.
Оқи отырыңыз: Ораза қазасы немесе қарызы. Оны қалай өтейді?
Бесінші: қазақ-халқының мақал-мәтелдері
Мақал-мәтел – қазақ халқының сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа сұрыпталып, мирас ретінде сақталып келе жатқан асыл қазынасының бірі. Мақал-мәтелдің құндылығы – аз сөзбен көп мағынаны қамтуы. Көптеген мақал-мәтелдерде қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің негізгі мағынасы қамтылған. Насихат айтушы түрлі тақырыптағы мақал-мәтелдерді жаттап, ондағы айтылған негізгі түйінді жан-жақты ойланып, талдау жасап, жеткізе білгені жөн.
Алтыншы: әлемдік ойшылдардың даналық сөздері
Әлемде адамзат бақыты үшін ізгі қоғам жайлы терең талдау жасап, сүбелі ой айтқан ойшылдар аз болмаған. Ғылыми, зиялы қауым ортасында әлемдік ойшылдардың даналық сөздерін орынды қолдана білу насихатшының сөзін әрлеп, айтқысы келген құндылығының тыңдаушыға жетуіне себеп болады.
Уағыз-насихаттың құрылымы қандай болуы керек?
Бірінші: тақырыпты таңдау
Айтатын уағызға тақырып таңдау да аса маңызды. Әсіресе қоғамдағы жағдайға қарай, сол ортаға қажетті өзекті тақырыпты таңдау. Сонымен қатар уағыз айтылатын (студенттер, жұмысшылар, зиялы қауым, мешіт жамағаты, басқа дін өкілдері) адамдардың қызығушылығына, деңгейі мен ортасына қарай тақырып таңдау.
Екінші: кіріспе бөлім
Уағызды Алла Тағалаға мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат пен сәлем жолдап, көпшілікке амандасып, ізгі тілекпен бастау. Кіріспе сөзінде адамдардың назарын тақырыпқа бұру, қызықтыратындай әсер ету. Не айтатынын қысқаша баян ету және оның ерекше маңызын атап өту.
Оқи отырыңыз: Рамазан айында қандай білім жинадыңыз? Ораза-тест
Үшінші: негізгі бөлім
Уағызшының негізгі бөлімде таңдаған тақырыбындағы жеткізгісі келген қажетті мағлұматтарды айтуы. Құран аяттарын, хадистерді, ғұлама-ғалымдардың сөздері мен қиссаларды уағыздың тақырыбына сай келтіру. Қажетіне қарай негізгі бөлімді бірнеше тақырыпшаларға бөліп айту.
Төртінші: қорытынды бөлім
Айтылған уағыз тек әдемі, көркем сөз болып қана қалмай, естушіге белгілі бір ізгі істер атқаруына себепші болу. Сондықтан қорытындыда уағыздың негізгі мақсатын түйіндеу және айтқысы келген ойды жамағатқа жеткізу, дұға етумен сөзін аяқтау.