13 шілдеде грант конкурсына құжат қабылдау басталады. Талапкерлер құжаттарды ЖОО қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және eGov арқылы онлайн тапсыра алады. Білім грантына ие болу үшін мамандық пен университетті дұрыс таңдау қажет. Алайда профориентолог мамандар оқуға түсерде тек грантты көздеу дұрыс емес дейді. 

Осы орайда Информбюро порталы білікті мамандармен сөйлесіп, мамандық пен университет таңдағанда неге мән берген жөн деген сұраққа жауап іздеді.

Омарбек Көшкімбайұлы, грант сарапшысы, профориентолог:

– Үш түрлі талапкер бар. Бірінші талапкер – нақты мамандығын біледі және олар үшін грант маңызды емес. Олар үшін нақты мамандық пен университет маңызды. Керек болса олар төрт таңдау жасамайды, тек бір-ақ таңдау жасайды. Өз мамандығына грантқа түссе – түсті, түспесе – ақылы оқуға дайын. Осындай талапкерлер – еліміздің болашағы.

Екіншісі қай жаққа болса да грант болса болды, ең бастысы ата-анама ауыртпашылық салмайын дейді. Әрине, бұлар да жаман емес. Бірақ олар кей кезде мамандығын ұмытып, грантқа бола жүгіреді. Бұл қазіргі қоғамда үлкен проблема болып отыр. "Атамекен" палатасының статистикасы бойынша, грантқа оқып, кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің саны 65 пайызды құрайды.

Үшіншісі қандай мамандық таңдарын білмейді. Көбінесе сыртқы факторға еріп, ата-анасының қалауымен, достарының айтуымен әйтеуір грант болса болды деп өз қалауын ескермейді. Өкінішке қарай, мұндай талапкерлерді қоғамның үлкен проблемасы деп айтар едім. Оларға көңіл бөліп, жұмыс істеу керек.

Мамандық пен университет таңдағанда ең бастысы баланың қалауын, қабілетін ескеру керек. Сол мамандық бойынша қай университет қалай оқытатынын білген жөн. Мысалы, IT мамандығын таңдаған бала үшін 34-ке жуық ЖОО бар. Бірақ дәл осы IT мамандығын жақсы оқытатын бес-алты универистетті санап бере аламын. Бұлар заманауи программалау тілдерін үйретеді, балалармен өте тығыз жұмыс істейді. Бұл универистеттер қоғаммен, индустриямен жұмыс істеп, балаларды 2-3-ші курстан бастап жұмыспен қамтамасыз етуге тырысады. Бұлар көбінесе Алматы мен Астанада орналасқан. Сондықтан да талапкерлерге айтарым, мамандық пен университет таңдар алдында міндетті түрде университет рейтингісіне назар аударыңыздар. Міндетті түрде сол университетті бітірген түлектердің жұмысқа орналасу статистикасын қарап, оқып жатқан студенттерден кері байланыс алыңыз.

2019 жылдан бастап университеттерге академиялық еркіндік берілді. Бұдан былай олар мемлекет бекіткен шекті баллдан бөлек, өздері бектікен шекті баллды қоя алады. Бұл бір жағынан сапаны қамтамасыз ету дер едім. Әсіресе, Астана мен Алматыдағы университеттер сапалы талапкерлерді жинауға тырысады және дәл осы екі қалаға өңірлерден өте көп бала ағылады. Мысалы, ҚазҰУ, ҚБТУ, СДУ сияқты университеттерге жыл сайын мыңдаған бала келеді. Ал бұл оқу орындары осыншама баланы қабылдай алмауы мүмкін. Мысалы, бір университет екі мың бала қабылдауды жоспарлайды. Төрт мың бала келсе оларға профессор тағайындау, аудитория табу өте қиын болмақ. Сондықтан да шекті балды көтерудің бір себебі – оқуға келетін балалар санын қысқарту. Өңірлерде жақсы университеттер аз емес. Жоғары балл алғандар Алматы мен Астанаға келсе, төмен балл алғандар өңірлерге барып оқығаны абзал. Бұл талапкерлер үшін де жақсы, ата-ана үшін де маңызды. Университеттер үшін тіпті жақсы. Әр оқу орнының грантқа түсу шекті балын өзі бекітуі сапаны қамтамасыз ету мақсатында дұрыс деп санаймын.

Профориентолог таңдағанда ең бастысы оның тәжірибесіне қараған жоқ. Екінің бірі өзін профориентологпын дейді. Бірақ одан қандай тәжірибесі барын, қанша баламен сөйлескенін, былтырғы балалардың статистикасын сұрау қажет. Грантқа түсіру оңай болғанымен, баланың қалайтын, қолынан келетін қабілетін анықтап, соған сай мамандық таңдауға бағыт-бағдар беретін маман болғаны дұрыс. Оқушының қабілеті мен қалауын ескермей грантқа түсіруге болмайды. Баланың тағдырымен ойнамау керек. 

Кей ата-ана баланың ойын білгісі келмей, өз дегенін жасатқысы келеді. Өкінішке қарай, баламен отырып ақылдаспайды. Мұндай ата-ана – 1980-1990 жылдары қиындық көрген, шамамен 40-50 жастағы кісілер. Олар қазіргі Z буынмен сөйлесуді үйренуі керек. Баласының кезінде өзі армандаған мамандыққа оқуға түскенін қалайды. Бұл дұрыс емес. Арада 34 жыл өтіп кетті. Ол мамандықтар қазір өзекті болмауы мүмкін әрі бала қаламауы мүмкін. Мұндайда ата-ана баласына қысым көрсетпей, оны тыңдағаны абзал. Оқуды сіз емес, балаңыз оқиды. Төрт жылдан кейін диплом алып, оны сізге тапсырып кеткеннің не пайдасы бар? Грант үшін, ата-анасы үшін оқуға түскен талапкерлер ертең университет бітіргенде өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл – қоғамның проблемасы.


Оқи отырыңыз: 50 пайыздық білім гранты: Оны кімдер иелене алады


Ғазиза Нышанәліқызы, The Students халықаралық білім орталығының профориентолог маманы:

– Талапкер грант конкурсына қатысар алдында қандай гранттар барын зерттеуі керек. ҰБТ ғана емес, университеттердің де ішкі гранттары болады. Оған арнайы шығармашылық емтихан тапсыру немесе сұхбаттасудан өту немесе мотивациялық хат жазу керек. Одан кейін арнайы құжаттарды немесе жобаны дайындау қажет. Мысалы, кейбір ЖОО-ға алдын ала ағылшын тестілеуін тапсыру қажет. Грант конкурсына қатысу мерзіміне де назар аударыңыз. Кейбір универистеттер құжатты жылына екі рет, кейбірі бір рет қабылдайды. ҰБТ-дан аз балл жинап қалсаңыз, тағы да тапсыруға болады. Ал шетелге оқуға түскіңіз келсе халықаралық білім агенттерінен консультация алғаныңыз жөн.

Әр талапкерлердің өзінің психотипі болады. Кейбірі тесті жақсы шешеді, кейбірі ауызша жақсы жауап береді. ҰБТ талапкердің әлеуетін толыққанды ашып көрсетпейді. Сол себепті әр университет шекті балл қойып, ішкі тестілеу жасағаны дұрыс.

Профориентологты немесе сізге кеңес беретін адамды таңдар алдында оның біліктілігіне мән беріңіз. Ұялмай қандай сертификат алғанын, қандай тестілеу арқылы профориентация өткізетінін, қандай тәжірибесі барын сұраңыз. Өкінішке қарай, интернетте жарнамасы мықты, бірақ тәжірибесі аз мамандар көп. Нумеролог, чакролог, сюцай деп жанына профориентолог деп жазып қояды. Олар порфориентация жайлы бұрыс ақпарат береді. Кейде талапкерлер нумерология бойынша мынадай мамандықты таңдауға кеңес берді деп келіп жатады. Сюцай бойынша мен шығармашылықпен, дизайнмен айналысуым қажет дейді.

Бірақ, оқушының қызығушылығын қарасам дизайн да, шығармашылық та жоқ. Сондықтан ғылыми тұрғыда дәлелденбеген дүниелерге назар аудармаған жөн. Оған сенудің қажеті жоқ. Нағыз профориентолог – сертификаты бар білікті маман. Ол мамандықтар туралы толық ақпарат алуы қажет. Себебі әлемде 2 мыңға жуық мамандық бар және ол күн санап өсіп жатыр. Білікті профориентолог тек қана ғылыми дәлелденген тестілеуді, құралдарды қолданып диагностика жасайды. Тестілеуді саралау үшін де арнайы тест тапсырып, білім арттырып, сертификат алу қажет. 

Мен грантқа түсуге көмектеспеймін. Оқушының нақты мамандыққа және университетке түсуге жеке жоспарын жасауға көмектесе аламын. Профориентологқа 8-9-шы сыныптарда жүгінген жөн. Оқуға түсуге екі-үш жылдай уақыт қалғанда жақсылап дайындалып, грантқа түсуге мүмкіндік көбейеді. Шетелдік университет болса IELTS, SAT емтихандарына дайындалуға болады. Төмен балл алып қалсаңыз, қайта тапсыруға уақытыңыз бар. Қазақстандық ЖОО-ны таңдағандар әр университеттің сайтына кіріп, талапкерлерге арналаған байланыс дегенді таңдап, онлайн не телефон арқылы консультацияға жазыла алады. 

Талапкер мамандық таңдағанда жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет. Ол мамандықты оқитын, кейін қызмет ететін ата-анасы емес, өзі. Ал өзіне не қажетін білмесе профориентолог маманға жүгінген жөн. Кейде білікті маманға жүгінуге қаражат болмайды. Олай болса интернетте қабілеті мен қызығушылықтарын саралайтын профориентациялық тегін тестілеуден өтіп, қай сала жақын екенін білуге болады. Бүкіл әлем бойынша ЖОО түлектерінің 60 пайызы ғана оқыған мамандығы бойынша қызмет етеді. Ал Қазақстанда 2023 жылғы зерттеу бойынша ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспай, басқа салаға кетіп қалған. Басты себеп – грант қуу, ата-ана мәжбүрлеген мамандықты оқу, тәжіриебсінің болмауы және төмен жалақы.


Оқи отырыңыз: Білім гранттары: Қазақстанда квотаның жаңа екі түрі енгізіледі


Назгүл Назар, Gallup CliftonStrengths34 тестінің маманы:

– Талапкерлердің өзін тануына, қай іске икемі барын білуге бірден-бір көмекші құрал – Gallup тест. Жеке тәжірибемде де тест нәтижесін талдатуға келетіндердің дені осы мақсатты көздеп келеді. Бұл психометриялық тест болғаннан кейін адамның қарым-қабілетін, талантын, ықтимал көзқарастарын анықтайды. Яғни "мен кіммін?", "қандаймын?", "неге бейіммін?", "қандай талантым бар?" деген сұрақтарымызды қанағаттандырады. Тест философиясы бойынша бәріміздің бойымызда 34 талант бар. Ешкімге ұқсас келмейтін ерекшелігімізді сол 34 таланттың реттілігі шешеді. Ол менде бөлек, сізде бөлек болып шығады. Себебі Gallup тест нәтижесінің бірдей болу ықтималдығы – 33 000 000 : 1. Дәлдігі – 86 пайыз. 

34 таланттың алғашқы оны  – адам бойындағы ең мықты қабілеттер. 34 талант, сондай-ақ, төрт бағанға топтастырылған:

  • Executing (жүзеге асырушы);
  • Influencing (ықпал етуші);
  • Relationship building (қарым-қатынас құрушы);
  • Strategic thinking (стратег).

Тест нәтижесі адамның осы төртеудің қайсысына жататынын да анықтап береді.  

Талантын, қабілетін, ойлау жүйесін толық таныған адамның, әлбетте, өз бағытын, саласын табу мәселесі жеңілдейді. Gallup тест, сондай-ақ, әлсіз қырларыңа емес, мықты қырларыңа фокус қоюға үгіттейді. Мақсаты да – мықты қырларды анықтау арқылы адамның сол бағытта дамуына ықпал ету. Сөйтсе де, дәл мамандық таңдау мәселесінде Gallup-тан бөлек, профориентологқа жүгіну маңызы туралы айтқым келеді. Себебі кәсіптік бағдар беруде бір тест жеткіліксіз. Арнайы маманның көмегі сол – ол нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарды зерттеп-зерделейді, арнайы әдіс-тәсілдер, бір емес, бірнеше тест арқылы тиісті мамандықты таңдауға көмектеседі. Мәселен, адамның қайсыбір кәсіп түріне бейімділігін анықтайтын профессор Е. А. Климовтың классикалық тесті өте танымал. Сондай-ақ, соған көмекші құрал ретінде тапсыруға болатын америкалық психолог Жон Холландтың кәсіби тұлғалық типті анықтайтын тесті сияқты басқа да көптеген құрал бар.


Грант конкурсына құжаттар 13-20 шілде аралығында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында қабылданады. Ол үшін мынадай құжаттарды тапсыру керек:

  • жеке куәлік;
  • ҰБТ сертификаты;
  • 3х4 фото;
  • орта білім туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом);
  • жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.