Бетке тейп жапсыру маманы және face fitness кәсіби жаттықтырушысы Қалдыгүл Мирзабаева денедегі ісіктен арылу жолы және бет пен мойындағы әжімдерді қалай кетіруге болатындығы туралы әңгімеледі. Табиғи жасару жолының тренері бұл салаға келуіне басындағы жағдайлардың әсер еткенін айтады. Мұнымен қатар, ол мәңгі жас болуды аңсаған қыз-келіншектерді мазалаған өзекті сұрақтарға жауап берді. 

– Face fitness саласына қалай келдіңіз?

– Мектеп университет қабырғасында көп уақыт партада отыратындықтан, кез келгеніміздің мойынымыз қысқарып, дене мүсініміз бұзылады. Кейін жүктілік кезінде қыз-келіншектерде бұл жағдай асқына түседі. Мұнымен қатар, жамбас бөлігінде проблема болса, біз бір жағымызбен ғана ұйықтаймыз. Осының өзі денеде әртүрлі деформацияның болуына алып келеді. Осыдан кейін өзіммен жұмыс жасаймын деп Гүлзада ханымның "Құдіретті арқа" атты курсына жазылдым. Курстағы әрбір жаттығуды жасаған сайын өзімді жеңіл сезініп, тік жүре бастадым. Осыны байқаған айналамдағы адамдар жаттығулар туралы сұрай бастады. Уақыт өте келе білгенімді бөлісу туралы шешім қабылдап, өзім курс жүргізе бастадым. Дегенмен Instagram парақшамда пайдалы тегін жаттығулар жетерлік. 

– Сіз денеге тейп жапсыруды да үйретесіз. Face fitness пен тейп жапсырудың әсерінің айырмашылығы қандай? Қайсысы жақсы нәтиже береді?

– Face fitness пен тейп те оң әсер береді, бірақ әсер ету ұзақтығы әртүрлі. Мысалы, тейптің көмегімен қалаған нәтижеңізге бір тәуліктің ішінде қол жеткізе аласыз. Бірақ осы нәтиженің ұзақ сақталғанын қаласаңыз, бет немесе дене бөлігімен үздіксіз жұмыс істеу қажет болады. Ал face fitness-те сіз нәтижеге бірден қол жеткізбеуіңіз мүмкін, алайда керісінше қалағаныңызға жеткенде, жаттығулар санын азайтуға болады. Бұлардан өзге мимиканы бақылаудың көп көмегі бар. Мысалы, бұрыннан бар терең әжімдерді мимикаңызды бақылау арқылы қалпына келтіре аласыз. 


Оқи отырыңыз: Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз? Косметолог Алтын Сартаймен сұхбат


– Ал face fitness-те бірінші нәтижеге қанша күнде қол жеткіземіз? Жаттығуды қаншалықты жиі жасау қажет?

– Қай жағынан алып қарасақ та, мұның бетке арналған спорт екені түсінікті. Мысалы, спортпен айналысып бастап, кейін тастап кетсеңіз, денсаулығыңыз сыр береді. Face fitness те сол секілді. Мұнда ең бастысы – жаттығуларды жиі жасау емес, дұрыс орындау. Кез келген жаттығуды бастамас бұрын мойын және бойды тік ұстаумен жұмыс жасау қажет. Омыртқаның қисықтығы, адамның бүкірейіп жүруі бет мен мойындағы әжімдерге тікелей әсер етеді. 

Фото: Қалдыгүл Мирзабаеваның жеке архивінен

– Көбіне терінің қай бөлігіне әжім ерте түседі? Оларды кетіру үшін қандай жаттығулар жасау қажет?

–  25-30 жастағы қыз-келіншектердің көзінің айналасында мимикалық әжімдер бар. Біріншіден, көздің айналасындағы тері өте нәзік, май қабаты аз. Екіншіден, бұған адамның мимикасы мен дұрыс ұйықтамауы әсер етеді. Қандай жаттығу жасау керектігін төмендегі видеодан көре аласыздар.

– Тағы бір кең таралған проблема – бет пен денедегі ісік. Пайда болуына не әсер етеді және қандай емі бар?

– Адамның денесінде екі қан жүйесі бар – ақ және қызыл. Біріншісін жүрек айдаса, екіншісі біз қозғалған кезде баяу жүріп отырады. Қыздар да, жігіттер де көбіне отырып жұмыс істейтіндіктен, компьютер алдында мойны мен басы алға ұмтылады. Мұнымен қатар, депрессияға шалдығып, ұйқысы бұзылады – осы физиологиялық және психологиялық факторлар әсерінен бұлшық ет жиырылып, қан жүйесі арқылы қан жүрмей қалады. Тіпті, "холка" мен екінші иек те қан жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуінен пайда болады. Лимфодренаж жаттығуларды жасау және спортпен айналысу арқылы денедегі ісіктен арыла аласыз. Кішкентай балаларға қарасаңыз, тынымсыз келеді, көп қимылдайды, денелерінде ешқандай ісік жоқ. 

– Кеңседе көп отыратын қыз-келіншектерге, ер азаматтарға қандай жаттығулар жасауға кеңес бересіз?

– Бір сағаттан артық бір қалыпта отыруға болмайды. Оятқышты сағат сайын шырылдайтындай етіп теңшеп, жоқ дегенді жүру қажет. Яғни бір қалыпта ұзақ отырмау – басты ереже. Сондай-ақ, келесі видеодағы жаттығуларды жасап көрсеңіз. 

– Мьюинг техникасы өте танымал. Ол расымен көмектесе ме?

– Мьюинг жаттығуын кәсіби деңгейде меңгерген емеспін, қолымда сертификатым да жоқ. Дегенмен ғылыми зерттеулерді оқып, адамдардан нақты нәтижесін көргендіктен, оның көмектесетініне сенімдімін. Екінші жағынан ол – жаттығу, бірақ беттің сыртына емес, ішіне жасалады. 

– Нақты жаттығуларға келсек: маңдай мен екі қастың ортасындағы әжімнен қалай арыламыз?

– Мойын бұлшық еттері қысқарса, онда басыңызға оттегі бармай қалады. Осының әсерінен үнемі қабағыңыз түйіліп жүреді. Біріншіден, эмоцияңыз әжімге әсер етпейтіндей жасаңыз. Яғни дәл сол эмоцияны білдірген кезде қабағыңызды түймеу. Екіншіден, төмендегі жаттығуды қайталап көріңіз. 

– Мойындағы Венера сақинасынан қалай арыламыз?

– Венера сақинасы туабіткен және жүре пайда болған деп екіге бөлінеді. Біріншісін жаттығу арқылы кетіру мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Алайда біздің бүкірейіп жүретініміз екеуіне де тікелей әсер етіп, мойындағы әжімнің терең болуына әкеледі. Мұнда жаттығудан бұрын бойды тік ұстау бірінші орында тұрады. 


Оқи отырыңыз: Көктемде қалай арықтап, дұрыс тамақтану керек? Нутрицолог кеңестері


– Көптеген ару Анджелина Джолидің жағына қызығады. Тейптің көмегімен атжақты бола аламыз ба?

– Жағыңыз дәл Анджелина Джолидікіндей болуы үшін пластикалық ота ғана көмектесе алатын шығар. Алла әрбір адамды бір-біріне ұқсамайтындай сұлу етіп жаратқан. Егер атжақты болып туып, кейін сүйегіңіз деформацияланған болса, онда оны міндетті түрде қалыпқа келтіруге болады. Ол үшін тістеріңіздің қалай орналасқанына, тамақты қалай шайнап жейтініңізге мән беріңіз. Тістеріңіз түгел болмаса, жақ сүйектің формасы бұзылады. Сондай-ақ, тамақты қай жақтағы тістеріңізбен шайнасаңыз, сол жағыңыздың бұлшық еті қатты болады. Яғни мұнда денедегі артық жиналған сумен емес, сүйекпен жұмыс істейміз.