1930 жылы құрылған Кеген ауданы 1997 жылы таратылып, аумағы Райымбек ауданына берілді. 2018 жылы Кеген жеке аудан болып қайта құрылды. 2023 жылы шілдеде Кеген ауданының әкімі қызметіне Нұрбақыт Теңізбаев тағайындалды.

Көпшілік Нұрбақыт Теңізбаевты спортшы деп біледі. Грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған ол спортта толағай табысқа жетті. Спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін спорт мектептерінде жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап бес жыл бойы Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарды. Енді, міне, 30 мың халқы бар Кеген ауданын басқарып отыр.

Информбюро тілшісі Кеген ауданына барған сапарында Нұрбақыт Теңізбаевтан спорттан мемлекеттік қызметке ауысу себебін сұрап, әкім болғалы алты айда қандай жұмыстар атқарғанын білді. 

Фото: Informburo.kz

– Спорттан мемлекеттік қызметке ауысуға не түрткі болды?

– Спортта үлкен жетістікке жету үшін талмай еңбектену қажет. Мемлекеттік қызмет те еңбекқорлықты, тәртіпті, адалдықты талап етеді. Таңертеңнен кешке дейін тоқтаусыз жұмыс істеуің керек.

Жақсылық Үшкемпіров ағамыз еңбек пен шыдамдылықтың арқасында биікке жетесің деп айтатын. Мемлекеттік қызмет өзіме қатты ұнады. Алланың берген атағы, абыройы бар. Жағдайым да жаман емес. Олимпиада жүлдегері атанғанымда үйім де, көлігім де, ақшам да болды. Мемлекет те, демеушілер де қолдады. Еңбек сіңірген спорт шебері болғаным үшін қазірге дейін ай сайын 400 мың теңгеге жуық стипендия төлеп тұрады.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев / Фото: Informburo.kz

Бала-шағам бар. Жасым қырықта. Бойымда бүкіл күшім мен білімім бар деп ойлаймын. Елге қызмет жасағым келеді. 

– Кеген халқы немен айналысады?

– Кеген ауданы – таулы аймақ. 30 мың тұрғыны бар, аудан орталығы – Кеген ауылында 10 мыңдай адам тұрады. Ауданда 34 елді мекен, 12 ауылдық округ бар. Таулы аймақ болғандықтан халық мал шаруашылығына бейімделген. Қазіргі күні ет комбинаты іске қосылайын деп жатыр. Ауданымызда Бестөбе су қоймасы, Мойнақ СЭС жұмыс істейді. Кегенде Саты, Жалаңаш ауылдары мен Көлсай көлдері туристерді көп қабылдайтын аймақ. 2023 жылы Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымының ең үздік туристік ауылдар тізіміне енді. Былтыр 300 мыңға жуық турист Көлсай мен Қайыңдыға ғана келді. 100 мыңға жуық турист біз арқылы Қырғызстанға өтті.

Туризмді дамыту үшін жол салу ісін қолға алдық. Қаражат бөлінді. Қырғызстанмен шекаралас жатқан жерде 80 адамға арналған Шарқұдық альпинистер лагері бар. Еңбек сіңірген альпинист, әлем рекордын жасаған Қазыбек Уәлиев ағамыздың үлкен базасында шетелден қонақтар келіп демалады.

Қара каньон бойында инвесторлардың қаражаты есебінен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орта Меркі, Шет Меркі секілді өзендердің бойында саумал терапиясы, қазақ үйде қонақ күту сияқты туристерді қабылдайтын орталықтарымыз бар. Оған да сұраныс жоғары.

Кеген ауданы / Фото: Informburo.kz

– Сізді "хит әкім" дейді. Тұрғындармен емін-еркін сөйлесетініңізді көрдім.

– Таңертең де, кешке де жүре беремін. Атқа мініп, жайлауға да шығып кетемін. Базарға да барамын. Ауылдарды аралаймын. Мектепке де, ауруханаға да кіремін. Емін-еркін жүре беремін. Жұмыс жоспарын жасағаннан кейін арасында құрылысты да аралаймын, көшеде тоқтап, адамдардың жағдайын сұраймын. Кішігірім ауыл болған соң халықтың қандай мәселесі, мақсаты бар екенін біліп, бірге іске асырғым келеді. Өзімді еркін сезінемін, халықпен тығыз бқарым-қатынас ұнайды. Жаяу да жүріп, таксиде де сөйлесе береміз.

– Бірақ, сіз сияқты әкімдер аз ғой. Тарихта әкім болған спортшылар көп емес. 

–Жоқ, олай дей алмаймын. Мықты әкімдер өте көп. Әкім спортшы не экономист, ауыл шаруашылығы маманы болсын, мемлекеттің жұмысы бәрімізге ортақ. Адам бойында жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері болса, ол қай жұмысты болсын алып кетеді. Талай саясаткер спортшы болған. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров – дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Спортшылардың арасында да жүзден жүйірк, мыңнан тұлпары бар. Боксшы Бахтияр Артаев та біршама мемлекеттік қызметтер атқарды. Әркімнің атқарған жұмысы өзіне ұнаса, ол соның биік шыңына шығады деп ойлаймын. Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Олимпиаданы да, әлемді де бағындырды. Кейін ауыл шаруашылығының, мал шаруашылығының дамуына үлес қосып, Қазақстанның Еңбек ері деген атаққа ие болды.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев / Фото: Informburo.kz

Қай салада да еңбек етіп, биік шыңына шығуға болады. Оған адалдық, шыдамдылық, еңбекқорлық пен арман-мақсаттың арқасында жетуге болады. Халықты басқардым, әкім болдым екен деп ойымызға келгенді істеуге болмайды. Бірінші халықпен ақылдасамын, жоспар жасаймын, содан кейін шешемін. Ауылдан шыққан соң халыққа не керек екенін білемін, түсінемін. Су керек, жол керек, мал өсіріп жатса, жер керек. Біздің тұрғындар да Алматы мен Астанадағыдай өмір сүргісі келеді. Бізге де газ керек, бізге де жылы, жақсы үй керек. Соның бәріне жоспар жасап жатырмыз. Ұжыммен, облыс әкімдігімен бірлесе мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, оған да жетеміз деген ойдамын. 

– Сіз әкім болып келгелі Кегенде қандай мәселелер шешілді?

– Мен келгенде де, мен кеткенде де болатын мәселе өте көп. Әкім болып келгенде ауданда 193 мәселе туындаған екен. Маған дейінгі әкім Талғат Ескендірұлы да өте жақсы жұмыс істеген. Бірақ ауданымызда ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. 12-13 ауылда су жоқ. 11 ауылда интернет өте нашар. Бес ауылда мүлдем байланыс жоқ. Осының бәріне жоспар құрып, кірісіп жатырмыз.

Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында 193 мәселенің елу-алпысын шештік. Ондай мәселелерді шешуге үлкен қаражат қажет. Ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді. Соның бәрін қолға алып жатырмыз. Қалғандары кезең-кезеңімен шешіледі деп ойлаймын.

– Кеген халқының саны жыл санап азайып бара жатқаны жөнінде статистиканы көзім шалды. Оған қоса ескі ғимараттар, бос қалған үйлер көп екен. Халық неліктен ауылдан көшіп жатыр? Бұл мәселенің қандай шешімі бар?

– Иә, көшіп жатқандар өте көп. Газ, су, интернет мәселесі туралы көп сұрайды. Ауыл тұрғындары да қаладағыдай өмір сүргісі келеді. Бізде жарық та, жол да жасалған. Бірақ, су мәселесі, интернет мәселесі бар. Ол да кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Болашақта облыс әкімінің қолдауымен ауданға газ тартылады деген жоспарымыз бар. Оған да өте көп қаржы қажет. Газ келсе, халықтың жағдайы жақсарайын деп тұр. 

Бұрын бұл ауданда 50-60 мың халық болған екен. Қазір 30 мың ғана адам бар. Нарынқолда да сондай болған екен. Ескі ғимараттар көп. Шалғайда жатқаннан кейін көңіл аз бөлінген. Ауылдарға барамын. Көшіп кеткен. Неге десеңіз, жұмыс жоқ. Бәрі Алматыға барады. Алматыдағыдай құрылыс жүріп жатқан жоқ, бизнес орталықтары жоқ. Сондықтан көбі қалаға жұмыс іздеп кеткен. Әзірге мал шаруашылығын, туризмді дамытып отырған тұрғындар бар. Ауданымызда жұмыс орындары әлі де ашылады деп ойлаймын.

Кеген ауылындағы үй / Фото: Informburo.kz

Туризмді жақсылап дамытсақ, сонымен көтерілеміз. Кегенді туристік аймаққа айналдыру керек. Бұл жақта да әлі ешкім көрмеген табиғаты тамаша жерлер өте көп. Кегенге Алматыдан, Нарынқолдан, Қарқара-Бішкектен, Саты-Жалаңаштан келеді де, тоқтамай өтіп кете береді. Кеген орталығымызда кішігірім бір ғана қонақ үй жұмыс істейді. Екі қонақ үй саламыз. Қонақ үй салсақ Кеген ауылына да тоқтайды.

Алматыдан келетін республикалық жол бізге де, облысқа да жатпайды. Сол жолды жасау үшін қайта-қайта республикаға шығып жатырмыз. Халық әкімдік неге жасамайды дейді. Біз ауылдың ішіндегі жолдарды жасаймыз. 70 пайызын жасап тастадық.

– Мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші қай жерде қойылады? 

– Аудандағы үлкен ақсақалдармен бірлесе отырып, аудандық маслихат депутаттары және белсенді тұрындардың басын қосып, ескерткіш қоюға лайық жерлерді көріп шықтық. Кегеннің кіреберісіндегі оң жақтағы 1,5 гектарлық парк аумағы не болашақ өнер мектебінің аумағы дұрыс деп шештік. Күрделі жөндеуден өтетін өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің атын береміз. Алдағы күндері ол кісінің туыстарын, осы өңірден шыққан үлкен азаматтардың басын қосып, ескерткіштің нақты орнын белгілейміз. Алматы облыстық мәдениет басқармасы ескерткішті қою жөнінде конкурс өткізеді. Ал облыстық мәслихат отырысында қанша қаражат бөлінетіні шешіледі.  

Болашақ өнер мектебі / Фото: Informburo.kz

Аудан жұртшылығы, ел-жұрт ризалығын білдіріп, әлеуметтік желіде "ауданымызда ескерткіштер жақсы жерде қойылса екен" деп жазып жатыр. Елге еңбек сіңірген тұлғалардың еңбегі бағаланып, ақталғанына қуаныштымыз.


Оқи отырыңыз: Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші Кегеннің қай тұсына қойылады? Ауыл тұрғындарымен әңгіме


Сонымен қатар, Алматы облысы аудандарындағы ең алғашқы Жастар орталығын салып жатырмыз. Келер айда ашамыз. Аудан халқының 30 пайызы – жастар. Орталықта мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары, тәрбиелік мәні бар жұмыстар, кездесулер, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жастар ғана емес, ардагерлер төрағасы, аналар төрайымы, ішкі саясат осы жерде жұмыс істейді. Мектеп оқушыларын да тартамыз.

– Тағы қандай жоспарыңыз бар? Мемлекеттік қызметте қаласыз ба?

– Билікке де, байлыққа да қатты қызықпаймын. Елдің батасын алып, артымда жақсы сөз бен із қалса деген ойым бар. Спортта мақсатыма жеттім. Атаққа да жеттім, жағдайымды да жасап алдым. Енді халыққа қызмет етіп, Кегенді ең мықты аудан, ең гүлден аудан қатарына шығарғым келеді. Оңай емес. Жұмыс өте көп. Мақсатқа жету үшін аянбай жұмыс істеу керек. Туризм, ауыл шаруашылығы бағдарламаларын тиімді пайдалансақ, Кеген ауданы қатардан кем болмайды деп ойлаймын. Әкім болып бір жыл істеймін бе, бес  жыл істеймін бе – оны бір Құдай біледі. Күш-қуатым барда көп жұмыс атқарғым келеді.