Шымкент журналистері Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Құмар Internews ұйымының грантын жеңіп алып, Түркістан облысы мен Шымкентте тұратын әйелдердің өмірін таныстыратын "Түркістан әйелдері" фотожобасын әзірледі. Олар жоба кезінде бірнеше ауылға барып, үй шаруасымен қоса еңбек етіп, қоғамға, экономикаға, айналасына пайда әкелетін әйелдермен сұхбаттасты. Кейіпкерлердің бәрі – еңбек адамдары. Олардың арасында әйел адам сирек ұшырасатын кәсіп түрін игерген қыз-келіншектер бар.

Жоба нәтижесінде Шымкент пен Алматыда алты кейіпкердің өмірін баяндайтын фотосуреттер көрмеге қойылды. Informburo тілшісі жоба авторларының рұқсатымен краншы Шәрбан апа, сауыншы Бағлан апай және теміржолшы Бүбісараның хикаясын оқырманға ұсынып отыр. 

70 жастағы краншы Шәрбан апа

Шәрбан апаның жасы 70-те. 19 жасынан, яғни 51 жылдан бері кран айдайды. О баста мұғалім болуды армандаған екен. Бірақ өмір жолы кран рулін ұстатыпты. Айтуынша, бәрі де кездейсоқ болған.

1970 жылы Кентауда Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп бітіріп, құжат тапсыру үшін училищеге барған сәтін әлі күнге күліп еске алады. Кран тұрмақ, үйдің жанындағы қырға шығудан қорқатын қыз өзі де білмей, кран жүргізуші мамандығына құжат тапсырады.

Фото: Әйгерім Бегімбет

"Кран айдау ойымда болмаған. Мектеп бітірген соң педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға тапсырдым, бірақ конкурстан өте алмай қалдым. Содан кейін "тым болмаса училищеде оқиын" деп шештім. № 150 кәсіптік-техникалық училищеде зертханашы мамандығын оқытады дегенді естігем. Сонда бара жатып, шатасып, қатар тұрған № 136 училищеге кіріп кетіппін. Қабылдау комиссиясында орыс әйел отыр. Бар білетін орысшамның басын құрап, "лаборант болғым келеді" дедім. Ол болса, "бізде лаборант оқуы жоқ, қыздарға арналған мынадай мамандық бар" деп бірнәрсені түсіндіріп жатты. Арасында кран машинисі дегенді де айтты. Кранның не екенін де білмеймін. "Оқуға түспеймін" деп те айта алмадым. Орыс апай құжаттарымды тас қып ұстап алған. Сұрап алып, кетіп қалуға орысшам жетпеді. Осылай тіл білмегенімнен кран машинисі мамандығына оқуға қабылданып кеттім. Әкем өмірден ерте озған. Анам мен ағам: "Сен мұны енді қалай оқисың, кранды қалай айдамақсың? Мына тұрған қырға шықсаң, қорқып, қайта түсе алмай отырасың ғой" деп қатты уайымдады", – деп еске алды Шәрбан апа.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Шәрбан апа бала күнінде Кентаудағы шеткі көшелердің бірінде тұрған. Көршінің балаларымен ойнап жүріп, қыр басына шығып кетеді. Барлық бала төменге түсіп кеткенде, ол түсе алмай, ағасын күтіп отырады екен. Ағасы келіп, жетелеп түсіреді. Анасы мен ағасының уайымдағаны да сол – кішкентайында биіктен қорқатын болыпты.

Училищеде көптен күткен сабақ басталды. Алғашқы күннен-ақ теориясын жаттап, бәрін ұғып, түсініп алуға тырысты. Бар зейінін аударды. Ең алғаш кранға отырған сәті де көз алдында.

Фото: Әйгерім Бегімбет

"Практикаға барғанбыз. Кран айдап отырған жігіт тоқтап, жоғары шығуымды өтінді. "Қорқамын" деп айта алмадым. Дірілдеп, әрең шықтым. Жанында 1-2 сағат тұрдым. Ертеңіне сол жердегі жас әйел қорыққанымды сезді ме, бірер кеңес айтып, қорқынышымды жеңуге көмектесті. Небәрі 17 жаста екенмін ғой. Оқу бітірген соң Кентаудағы "Құрылыс материалдары комбинатының" ағаш өңдеу цехында мұнаралы кран жүргізетін жұмысқа кірдім. Кран айдап келе жатқаныма 51 жыл толды. Мен айдаған ең биік кран 20 метрлік болды. Биік крандар кейін келді ғой. Көзім жақсы көреді, құлағым жақсы естиді. Жыл сайын денсаулығымды бірнеше рет тексеремін. Кентауда істеп жүргенде күн-түн демей жұмысқа шақыратын. Вагон-вагон бөренелер әкелетін. Уақытпен санаспай, түннің бір уағы демей, қар-жаңбырға қарамай, сол бөренелерді кранмен түсіріп, реттейтін едік. Бұл да бір керемет кездер екен ғой. Мұнаралы кран айдаған сол кездерді қатты сағынамын", – деді ол.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Краншы апа сұхбат беріп жатқанда үлкен жүк көліктері құрылыс басына келді. Енді Шәрбан апа зауыт ғимараты ішіндегі краннан даладағы кранға ауысты. Құрылыс плиталарын жүк көлігіне артып беруі керек. Темір баспалдақпен жоғары өрлеп, жұмысына кірісті. 

"Жұмысқа келсем, бәрін ұмытып кетемін. Зейнетке шыққаннан кейін, ұл-қызым да, жолдасым да жұмыс істеуіме қарсы болды. Маған ақша маңызды емес, өйткені жұмысымды жақсы көремін. Кран айдағанда уақыт қызық өтеді. Жан-тәніммен беріліп, жауапкершілігін сезініп істеймін. Бар ынтамды жұмысқа аударған сәтте ештеңені ойламаймын. Тіпті күйбең тірліктің бітпейтін мәселесін де ұмытып кетемін. Мұндағы бірге жұмыс істейтін серіктеріммен әңгімелесемін. Үйде отырғым келмейді", – деді Шәрбан апа.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Кран айдау – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Шәрбан апа "Кран айдау тек ер адамдардың жұмысы" деп ойлайтын қыз-келіншектерді қанша үгіттесе де, көндіре алмаған.

"Көбі қорқады. Ер адамның жұмысы деп ойлайды. Олай деп еш жерде жазылмаған. Біраз қызды жаныма алып, үйретіп те көрдім. Қорқады, батылы бармайды. Қазір көп болмаса да, кран айдайтын қыз-келіншектер бар. Кран айдаудан қорқуға еш себеп жоқ",– дейді краншы апа.


Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл


Сауыншы Бағлан апай

Өзбекстанмен шекарадағы жапсарлас Тұрбат ауылында тұратын Бағлан апайдың үйіне барсақ, шелегін ұстап, қора жақта жүр екен. Он шақты сиырды сауып, өріске жіберуі керек. Үй иесіне ердік. 

Жолдасы Бақыт ағай əр сауынды сиырдың алдына шөп тастады. Бұзауын енесінің бауырынан тартуға көмектесіп жүр. Бағлан апай сиырды балаша еркелетіп, шелегін алып, жақындады.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Бір қызығы – əр сиырдың мінезі мен түр-түсіне қарай ат берген. Жуас болғаны үшін Момынай атанған сиыр, қарын тұсы ақ түсті болғаны үшін қара сиыр Қарнақ атанған.

Бағлан Қасымбекова – 57 жаста. 1986 жылы 21 жасында Қазығұртқа, көпбалалы отбасына келін боп түседі. Соған дейін кітапханашы боп жұмыс істеген. Шағын ауылда жұмыс табылмайды. Күйеуі – үйінің тұңғышы. Соңынан ерген үйелмелі-сүйелмелі тоғыз бауыры бар екен.

Фото: Әйгерім Бегімбет

"Сиыр, бие саууды келін боп түскеннен кейін үйрендім. Бұған дейін мұндай тірлік жасап көрмеген едім", – деп əңгімесін бастады. "Ата-енем өте еңбекқор, қол қусырып қарап отырмайтын, шаруа адамдары еді. Келін болған соң ауылдың күнде нан пісіру, кір жуу деген секілді тірлігіне араласып кеттік. 90-жылдары одақ тарады. Отбасымызда адам саны көп болған соң, еншімізге де көбірек үлес жер тиді. Атам қараған бауда алма-алмұрт, өрік, шабдалы, бәрі-бәрі бар еді. Күйеуім үйдің үлкені болған соң барлық жауапкершілікті мойнына алды. Жеміс сатып, ақша қылдық. Қандай мəселе болса да шешті. Іні-қарындастарын үй қылып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бәріне өз баласындай қарап, аяғынан тұрғызды. Атамыз 2000 жылы қайтыс болды. Сол кезде әлі шаңырақ көтермеген ұл-қыз бар еді. Бəрін жайына қондырып, жайғастырдық. Мұның барлығына ақша керек. Сол кезде үйде екі бие болатын. Бұған қоса, басқа адамдардың биесін ақысына сауа бастадық. Сауыншылық осылай келді".

Фото: Әйгерім Бегімбет

Баудағы алма бір жылы жақсы өнім берсе, келер жылы жеміс салмайды. Ауылда егін мен малдан басқа жұмыс жоқ. Сондықтан қой алып, уақ малды көбейтпек болады. Жылқыға құрық салады. Ұлдары мектеп бітіріп, жоғары оқуға түсіп, ауылдан қалаға аттанғанда қой мен жылқыны сатып, сиыр ұстауға көшеді.

"Ірі қараны 2017 жылдан көбейте бастадық. Күнде таңертең сағат 5-те тұрамын. Әуелі сиырларға жем-шөбін беріп, содан кейін сауамыз. Қазір суалып қалды. Сондықтан он шақты сиырды бір сағатта сауамын. Кейін сүтті қайнатып, айран ұйытып, май аламыз. Баяғыда күбі пісетін едік. Қазір бір жақсысы машинаға айналдырып аламыз. Бірақ күбіге піскен май бəрібір басқаша ғой. Майы жақсы түсіп, құрты дəмді болады. Сүт көп кезде ғана машинаға айналдырып, басқа уақытта күбі піскенді жөн көрем. Осылайша сиыр сауып, сүт пісіріп, күбі пісіп, түскі сағат 12-ге дейін барлық жұмысты бітіреміз. Түстен кейін құрт жасаймыз, нан жабамыз, қора тазалаймыз. Әйтеуір ауылда тірлік көп. Уақыт зымырап өте шығады", – деді Бағлан апай.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Бақыт ағай ошақ басына қап-қап тезек əкеліп берді де, сиырларды өріске қарай айдап кетті. Бағлан апай шелек-шелек сүтті ошақтағы дəу қазанға құйып, от тұтатты. 

"Ауыл тірлігінің ауырлығы жас күнімде білінбейтін еді. Ойнап-күліп, барлық жұмысты жапырып істеп тастаушы едім. Жас келген соң, ауырлайды екен. Кейде белің ауырады, кейде аяғың ауырады. Əсіресе, қыста қиын. Күн суықта қолыңды мұздай суға салып, сиыр сауу, күбі пісіп, май алу, күбіні тазалау, отын-суыңды қамдау, бəрі-бәрі ауыр жұмыс. Қысы-жазы құрт, сары май істеп, сатамыз. Сиыр жаңа бұзаулағанда сүт молайып, күніне 50 литрге дейін сүт аламыз. Құрт, сарымай сатып аптасына 40-50 мың теңгеге дейін табамыз", – деді сауыншы.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Сүті аз он сиыр сауғанша сүтті бес сиыр сауған жақсы. Бағлан сауыншы мұны кейін келе түсінгенін айтады.

"Осы сиырлар сауылмай қалмасын" деп той-жиыннан өте көп қалып қоямын. Көбіне отағасы барады. Себебі "малды сауып, жем-шөбін берем" дегенше тым кеш болады. Туысқандар да бұған үйреніп қалған. "Бағлан сиырларын қимайды" деп әзілдейді. "Бұзауын емізе салсаң болмай ма?" деп те өкпе-ренішін айтып жатады. Бірақ бұларға адам сияқты күтім жасамаса болмайды. Әр сиырымның сыры маған мәлім. Бір сиырлар қатал түр танытып, мінез көрсеткеніңді қалап тұрады. Енді бірі сылап-сипағанды жақсы көреді. Мен де тойға барғым келеді. Бірақ тіршілігіміз осы ғой. Тұрбаттағы біз отырған жерде газ жоқ. Малдың тезегін жағып, тамақ пісіріп, су қайнатамыз. Бәз-баяғыдағыдай тезек істейміз. Көң оямыз. Тандырға нан жабамыз", – деді Бағлан апай.


Оқи отырыңыз: Қамыс – табыс көзі. Орақ ұстаған отбасының тұрмысы қалай түзелді?


Теміржолшы Бүбісара

Сан бағытқа қатынаған әр пойызға қол бұлғап, сондағы жолаушылардың діттеген жеріне аман-есен жетуін тілеп жүретін бір жан бар. Ол – Бүбісара Тұрдықұлова. Қашан қарасаңыз да қолына ауыр қайласын алып, рельсті бақылап, кем-кетігін жөндеп жүргені. Жол жөндеуші боп, табан аудармастан еңбек етіп келе жатқанына биыл тұп-тура 34 жыл болыпты.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылындағы теміржол станциясын жолай кездескен ауыл адамдарынан сұрап жүріп, оп-оңай таптық. Бүбісара апай да теміржол бойындағы жұмысын аяқтап, жанымызға келе қалды. Маңдайын жуған ащы терді сүрте отырып, сұрақтарымызға жауап берді.

Фото: Әйгерім Бегімбет

"Бұл жұмысқа тағдырдың өзі айдап әкелген шығар. Әйтпесе мектеп бітіргеннен кейін Қапланбек ауылындағы училищеде бухгалтерияны оқыдым. Тұрмысқа шықтым. Ауылда жұмыс жоқ. Күйеуім теміржолда істеді. Әуелі мастер, кейін бригадир болды. Үйде құр қол қарап отырмайын деп, жол монтері боп жұмысқа кірдім. Кейін балалы болдық. Баланың ас-суын дайындап, марқұм енеме қалдырып кететін едім. Жұбайым екеуміз де таңның атысы, күннің батысы осы станцияда жүрдік. Бүкіл өміріміз, қиындық пен қуанышымыз осында өтті. Өкініштісі жан жарым үш жыл бұрын, 55 жасында өмірден озды. Зейнет жасына да жетпеді. Үш ұл, бір қызымыз бар. Оларды осы еңбектің арқасында өсірдік", – деді Бүбісара апай.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Бүбісара апай жол монтері боп жұмысқа тұрғанда 25 жаста еді. Күздің қара суығы. Бұрын-соңды салмағы ауыр темір-терсек көтермеген талдырмаш келіншекке жол жұмысын бел шешіп, бастап кету оңай болмады. Бірінші алған тапсырмасы – рельсті жолға бұру тетігін тазалап, майлау болды. Кейде бұрандылары босайды, сынып қалады. Ауыстыру немесе қатайту керек.

Кезінде бұл станцияда Нурипа, Марина атты әйелдер бірге еңбек еткен екен. Бірақ олар зейнетке шыққан соң, кілең ер адамдардың арасында ауыр жұмыс істеуге Бүбісара апай жалғыз қалды. Станция басшылығы жеңілдеу жұмысқа ауысуды бірнеше рет ұсынған. Бірақ өзі үйреніп қалған, қыр-сырын білетін жұмыстан кеткісі келмепті. Бірлігі жарасқан ұжымды да қимапты.

Фото: Әйгерім Бегімбет

"Үкіметтің "Әйелдерді ауыр жұмыстан босату жайлы" арнайы қаулысы шықты. Сондықтан ауыр өндірісте әйелдер саны азайған. Қазір мұндай ауыр жұмысқа алмайды. Ал менің зейнетке шығуыма бірер жыл қалды. Жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысамын. Қыстың суығанда рельстер тартылады. Ал ыстықта балқып, созылады. Сондықтан кейде жұмысқа ерте шығып, жөндеп қоямыз. Қыста жолды қар басып қалады. Тастар сырғиды. Сондай кезде де демалыс күндеріне қарамай, шығып, тазалаймыз. Кейде өрісте жайылып жүрген мал тура пойыз өтерде жолға шығып кетеді. Жүгіріп жүріп айдаймыз. Жұмысымыз күнделікті жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Көз алдымыздан қаншама жолаушы, тонналаған жүк өтеді. Олардың аман-есен жеткені маңызды", – деді Бүбісара апай.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Қыстың ызғарлы суығына, жаздың аптап ыстығына, көктем мен күздің жаңбырлы күндеріне қарамастан ауыр темір-терсегін көтеріп, теміржол бойында тер төгіп жүрген Бүбісара апайдан арманын сұрадық. Ойланып қалды.

"Күйбең тіршілік армандауды да ұмыттырып жібереді екен. Іштей қалайтын арманым – барша мұсылман баласының қасиетті орны саналатын Меккеге бару. Қағбаны айналу. Киелі, қадірлі мекенді өз көзіммен көргім келеді. Пойызбен жиі шықпаймын. Шипажай, демалыс орындарына да барған емеспін. Жұмыстан еңбек демалысы кезінде жолдама беруін береді ғой. Бірақ сол кезде үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп алайын, той-томалақ, құдалық өткізіп алайын дейсің. Әйтеуір ауылдың күнделікті тірлігімен-ақ жылына бір келетін демалысымыз да өтіп кетеді. Зейнетке шыққаннан кейін немерелерімді ертіп елді аралағым келеді. Бұйыртса соған да аз уақыт қалды ғой", – деп күлімсіреді апа.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Бір барғанда ауылда +40 градусты көрсетіп тұрған. Ал теміржол бойында темір мен қиыршық тастар ауа температурасын тағы + 5+10 градусқа көтеріп жібереді екен. Бірер минут жүрсеңіз төбеңізді тесетін аптап ыстық басыңызды айналдырып, әлсіретіп, алып ұратын сияқты. Бүбісара апай бұл ыстыққа да, ауыр жұмысқа да үйреніп қалған. Шыт орамалын басына қаттырақ байлап, күнделікті жұмысын жалғастыруға кетті.


"Түркістан әйелдері" жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында дайындалды. Beine.Pro шығармашылық тобы мазмұнына тікелей жауапты жəне мазмұны USAID, АҚШ үкіметі немесе Internews көзқарасына сай келмеуі мүмкін.