Әуезов театрында – жаңа премьера. "Құйын" драмасының айтар ойы қандай?
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында режиссер Әлібек Өмірбекұлы "Құйын" драмасын сахналады.
Биыл көктемде Әуезов театрына Әлібек Өмірбекұлы келіп, актерлермен кездесіп, жаңа режиссура, актерлік өнер туралы бірнеше күндік семинар өткізген. Содан кейін бірлесе тың спектакль қою туралы ойға келген.
"Идея "Құйын" пьесасынан алынды. Жігіт ауылын сатып кетеді. Бәрін алдап, кетіп қалады. Спектакльде осы ауыр сәтті көрсеткім келді. Бұл – қазақты сатқан қазақ туралы. Әрдайым солай болған. Қазақты қазақ сатқан. Біз ең алдымен "кішкентай адам" комплексінен арылуымыз керек. Өзімізді "ұлы халықпыз" дейміз. Ұлы халық өзі туралы "ұлымын" деп айта ма? Мен үшін бұл шығармадағы маңызды дүние – қазақтың қылмыс жасағаны. Театр артистерімен бірге сол жағдайды ұлттық деңгейге үлкейттік", – деді "Құйын" драмасының қоюшы-режиссері Әлібек Өмірбекұлы.
Тарих диірмені үңгісінде сұраусыз кетпес үшін әрекеттенген ел. Ел қамын жеп еңіреген ерлер. Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартып жатыр. Ғасырлар бойы өктемдік көрген ұлттың ұсақтану процесі. Кенет ескен еркіндік желі. Замана илеуінде шаң-тозаңға айналып, құйын болып ұшып кетпеу керек. Сол үшін жасалған қарекеттер "Құйын" спектаклінде көрініс табады.
"Құйын" пьесасының авторы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек. Пьеса шығармаға арқау болғанымен, театр директоры өзін автор ретінде көрсетпей, ұжымдық жұмыс деп тануды дұрыс көрген. Оған себеп жоқ емес.
"Қанша жерден директор болсам да, шығармашыл адаммын. Өз шындығым болса деймін. Әлібек пьеса идеясын алып, жұмыс істеймін дегенде оған кедергі жасамаймын деп уәде бердім. Спектакль дайын болғанда қарасам, мен ойлап тапқан сюжет пен оқиға, мен ойлап тапқан мәтін жоқ десе де болады. Көргенім керемет дүние болуы мүмкін, бірақ өз шындығым бар ғой. Мен істемеген болсам, неге мен олардың табысына жармасуым керек? Түн ұйқымды төрт бөліп жазғаным, ойлап тапқаным ол жерде жоқ болса, мен неге автор болуым керек? Оны жасаған режиссер мен актерлер, яғни ұжым ғой. Ұжымның ішінде мен де бармын. Жеке өзім директор екенмін деп олардың еңбегін иелене салу менің шындығым емес. Шын ниетіммен барымды салып көмектестім. Жақсы дүние жасауға не керек деп сұрап отырдым. Сұрағанын түгел беруге тырыстым. Спектакль табысты болмаса, оған да мен жауап беремін. Сондықтан ұжымдық жұмыс деп жаздым", – деді Еркін Жуасбек.
Әлібек Өмірбекұлының айтуынша, бұл саяси спектакль емес. Дегенмен көрермен қойылымнан Кіші жүздің Ресей империясына қосылуын, отарлық езгіні, тілдік дискриминацияны аңғара алады.
"Саясатқа еш қатысым жоқ, ол туралы хабарым да жоқ. Мен өз халқымды, тарихымды білемін. Актерлермен Алматыдағы барлық базарды араладық. Қарапайым адамдардың қалай өмір сүретінін көрдік. Театр әрдайым адамдар туралы болған", – деді сектакльдің қоюшы-режиссері.