31 қазан – Дүниежүзілік жинақтау күні. Бұл мейрам 1924 жылы Миланда өткізілген конгресстен бастау алған. Сол іс-шарада италиялық профессор Филиппо Равизза "Дүниежүзілік жинақтау күнін" жыл сайын атап өтуді ұсынған. Мыңдаған қазақстандық отбасының баспаналы болуына көмектесіп келе жатқан Отбасы банк бұл күнді 2015 жылдан бастап атап өтеді. 

Отбасы банк 21 жылдан бері тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырып келеді. Қазақстанда ол тұрғын үй жинақ кассаларының (Bausparkasse) германиялық үлгісі бойынша жұмыс істейді. Германияда 1920 жылдары жинақ жүйесі белсенді түрде дами бастады. Құрылғанына жүз жылдан асқан бұл жүйе әлі күнге дейін азаматтардың баспана мәселесін шешудің негізгі тетігі болып отыр. Германияда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 26 миллион белсенді келісімшарт бар. Дәл осы жүйенің тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан 2000 жылы "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" заң әзірленіп, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкін ашуды жоспарлағанда Германияның табысты тәжірибесі пайдаланылды.

Қазақстанның тұрғын үй жинақ жүйесі – жабық, яғни қазақстандық салымшылар өз-өздерін несиелейді. Салымшылардың бірі ортақ портфель құра отырып, ақша жинаса, енді бірі белгілі соманы жинап, қолжетімді несие алады. Мұндай қаржыландыру жүйесі қазіргі таңда елдегі әртүрлі қаржылық жағдайларға шыдас беріп отыр.

Отбасы банк құрылғалы бері 550 385 астам отбасының үйлі болуына жәрдем еткен. Қазіргі таңда Қазақстанда 2 миллионнан астам адам Отбасы банк арқылы сатып алған жеке пәтерлері мен үйлерінде тұрады. Оған қоса бүгінде 2,7 миллион салымшы Отбасы банкінде ақша жинап жатыр. 

Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында тұратын Гүлнар Жахметова 2011 жылдан бері Отбасы банкке ақша салып, биыл Семей қаласынан үй алған.

"Он үш жыл бойы қолымда артық ақша болса Отбасы банкке салып отырдым. Бес миллион теңгеге жеткіздім де, табысымды растамай-ақ баспаналы болдым. Өзім Семейден 200 шақырым қашықта орналасқан ауылда тұрсам да, қаладан үй алдым. Жарты ақшасын жинаған соң қазір үстіне көп ақша төлемеймін. Банкке үнемі барып, бірақ ала алмай жүретінмін. Ақшамды жинап жүрдім де, биыл аяқ астынан үй сатып алу бұйырды. Қымбат Оспанова атты Отбасы банк менеджерімен сөйлесіп отырдым. Ол кісіні ұлым сайттан тауып берді. Отбасы банк қызметкеріне рахметімді айтамын. Ақшаны депозитке жинап үй алуға болады екен. Басында бұған сеніңкіремей жүр едім. Құжат, бәрі дұрыс болып, бір-ақ күннің ішінде аяқ астынан, ойламаған жерден бірден үй алып кеттім. Үйге кірдік. Қазір пәтерде ұлым тұрады", – деді Гүлнар Жахметова.

Отбасы банк салымшысы ойламаған жерден үйлі болғанына сене алмағанын әрі қуанғанын айтып отыр. Банк қызметкерлері халыққа әрдайым жылы шырай танытып, көмектесуге әзір дейді ол.

"Банк менеджеріне бірнеше үйдің құжатын жібергеніммен, дұрыс емес болып шықты. Осы сатып алған үйімнің құжаты дұрыс болды да, "табысыңызды растамай аласыз" деп хабарласып, қалаға келуімді сұрады. Семейге сенер-сенбесімді білмей барған едім. Расында да дәл сол үйді алып кеттік. Өте қуаныштымын. Бар көмегін аямаған Қымбат Оспановаға рахмет айтамын. Асықпай түсіндіріп, сұрақтарыма жауап берген соң үй алуға болады дегенге сендім. Отбасы банкке ақшаны үзбей салып жүрдім. Басқа банктерге барған жоқпын, өйткені олардың мөлшерлемесі жоғары еді. Бәрінен Отбасы банк тиімді болды. Үйлі болғаннан кейін айналама Отбасы банк туралы айтып жүрмін. Сұраса менеджерлердің телефон нөмірін беремін. Үй ала алмай жүргендер көп қой. Олар да Отбасы банкте ақша жинап, мен сияқты үйлі болсын деймін", – деді Гүлнар Жахметова.

Ақтау қаласының тұрғыны, екі бала өсіріп отырған жалғызбасты ана Жанат Режепова да биыл "Наурыз" бағдарламасына қатысып, үйлі болды. Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беру мектебінде тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейтін ол осыдан төрт-бес жыл бұрын Отбасы банкте депозит ашып, ақша жинай бастаған.

"Ай сайын депозитке айлықтан, кейде еңбек демалысынан ақша аударып отырдым. Кейде ақша болмай қалатын. Сонда да ақша жинауды тоқтатпадым. Табысым қандай бағдарламаға сай келетінін қарап жүрдім. Мысалы, "Шаңырақ", "Отау" бағдарламасына қатысуға болады екен. Ең алғаш "Отау" бағдарламасына тапсырған болатынмын. Бірақ артынша "Наурыз" бағдарламасы шықты. Бұл бағдарлама басқаларына қарағанда маған тиімді екен. Жалғызбасты ана ретінде әкімшілікте үй кезегінде тұрған болатынмын. "Отау" бағдарламасының мөлшерлемесі 9 пайыз болса, дәл сондай мөлшерлемемен несие беретін "Наурыз" бағдарламасында әкімшілік үй кезегінде тұрғандарға несиені 7 пайызға түсіріп береді екен", – деді Жанат Режепова.

Мұғалім баспаналы болу үшін екі жұмыс, кейде үш жұмысты қатар алып жүруге тура келгенін айтып отыр. Қаншама қиындыққа қарамастан ақша жинап, үйлі болғанына қуанышты екенін айта кетті. 

"Алғашында ұпайым жетпей, "Наурыз" бағдарламасының конкурсынан өте алмадым. Бір ай өткен соң тағы да өтінім қабылданып жатқанын естідім. Шотыма зейнетақыдан ақша аударып, екінші мүмкіндіктен конкурстан өткенімді хабарлады. Қатты қуандым, өйткені бұл күнді көп күттім. Үйлі болғысы келетін барлық отбасыға, барлық жанға жұғысты болсын деймін. Алдына мақсат қойып, айма-ай депозитке ақша салып отырса, ақша жиналып, үй алуға болатынына көзім жетті", – деді Ақтау тұрғыны Жанат Режепова. 

Алматы тұрғыны Жадыра Нармаханова Отбасы банкте алғаш 2012 жылы депозит ашып, ақша құя бастаған. Сол кездері ай сайын 51 500 теңге ақша салып отырғын. Екі жылдан соң үй алуға болатынын естіп, 2015 жылы алғашқы пәтерінің кілтіне ие болған. 

"Депозитке екі жыл ақша жинаған кезде Отбасы банк үй алуға өтінімді мақұлдады. Бірақ үйге кіргенге дейін үй құнының елу пайызын депозитке жинап алдым. Ақша жинаған кезде оған депозит деп емес, ай сайын несие төлегендей жауапкершілікпен қарадым. Ол кезде қазіргідей банк қосымшалары арқылы депозитке ақша аудара алмайтын едік. Отбасы банктің бөлімшесіне барып, ақша салу үшін кезекке тұратынбыз", – деді ол.

Жадыра Нармаханова ата-анасымен бірге / Фото сұхбаттасушының жеке архивінен

Жадыра Нармаханова 2019 жылы Отбасы банктен екінші депозитін ашып, оған да ақша сала бастаған.

"Бірақ үй аламын деп ойлаған жоқпын. Алғашында ай сайын 15 мың теңге салып тұрамын деп ойладым. Оның өзін кейде ұмытып кетуші едім. Мемлекет зейнетақы жинағынан белгілі бір соманы үй алуға жұмсауға болатынын естіген соң оны да депозитке аудардым. Бес жүз мың теңгедей мемлекеттік өтемақы да түсті. Солай-солай екінші үйдің жарты сомасын да жинап алдым. Бұл жолы да қаланың орталығынан шаршы метрі үлкен үй іздемей, қалтам көтеретін сомаға бір үй алып қояйын деп шештім. Ең бастысы адамда ниет болуы керек екен. Ниет етсең Құдай сәтін салады. Ал әрекет етпесең ештеңеге жете алайсың. Әр қазақ үйлі болсын деп тілеймін", – деді Алматы тұрғыны. 

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Ақшымырау ауылының тұрғыны Ағимаш Калиева бес жыл бойы Отбасы банкте ақша жинап, биыл "Наурыз" бағдарламасына қатысып, Ақтау қаласынан үш бөлмелі үй алған.

Ағимаш Калиева жолдасымен бірге / Фото сұхбаттасушының жеке архивінен

"Ата-енеммен ауылда тұрамын. Ақшымырау ауылдық әкімшілігінде жұмыс істеймін. 2019 жылы Отбасы банкте шот ашып, бес жыл ақша жинадым. Әрине, қиын болды. Күйеуім – жұмыссыз. Балаларға берілетін жәрдемақы мен жалақымның басын құрап, үзбей депозитке салып отырдым. Бес жылда бес миллион теңге жинадым. Депозитке кредит сияқты қарадым. Жылда мемлекеттік сыйақыға іліну үшін өзім дағдыланып, ай сайын кредитті кешіктірмей төлеген сияқты аударып отырдым. Жолдасым да арасында мал сатады. Тапқанымызды депозитке сала бердік. Сондықтан үйлі болуды армандап жүргендерге депозит ашып, ақша жинауға кеңес беремін. Бір бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, қоймай сала беру керек екен. Бес жылда депозитті толықтыру міндетім сияқты болып кетті. Қаладан үй алғанымызға қатты қуанамыз", – деді Ағимаш Калиева.

Отбасы банк құрылғалы 21 жыл ішінде тұрғын үй несиелерінің мөлшерлемесі еш өзгерген жоқ. Салымшылар 2% мөлшерлемемен депозитке қаражат жинай отырып, болашақта банктен жылдық 3,5%-дан (3,6%-дан 4,4%-ға дейін ЖТСМ) 5%-ға дейінгі (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) мөлшерлемемен тұрғын үй заемын ала алады. Оған қоса Отбасы банк арқылы нарықтағы кез келген тұрғын үйді сатып алуға болады. Тіпті, жер учаскесін алып, үй сала алады.

Отбасы банк құрылғалы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Қазір банк экономикалық белсенді халықтың 29 пайызына қызмет көрсетеді. Салымшылардың банктегі жинақтары – 2,2 триллион теңгеден, ал банктің несиелік портфелі 3,2 триллион теңгеден асады. Қазақстандық банктер арасында Отбасы банк капиталы мен активтері бойынша 4-орында тұр. Соңғы 4 жылда банкің таза пайдасы бес есе өскен. Бұл ретте Отбасы банк екінші деңгейлі банктер арасында проблемалық несиелердің ең төмен пайызына ие болып отыр, яғни банк клиенттері қарызын тұрақты түрде өтеп отырады.

Бүгінде банкке бөлінген мемлекет қаражатының үлесі барлық жиналған қаражаттың 22 пайызын ғана құрайды. Бұл халықтың өз ресурстары мен жинақтары арқылы өмір сүру жағдайын жақсартуға ұмтылған банкке деген жоғары сенімін көрсетеді.

Отбасы банктің тиімді қызметін ескере отырып, банк жыл сайын акционерге дивидендтер төлейді. Отбасы банк құрылғалы 184,7 млрд теңге дивиденд төледі. Сонымен қатар, банк мемлекетке 73,8 миллиард теңгеден астам салық төлеген.