Алматы алтын түске боялды. Күзгі фоторепортаж
Қазан айы – ақындарша айтсақ, жапырақтардың күрең күз құдіретіне тағзым етіп, құба талдан құлайтын уақыты. Бұл мезгілде адам баласы алдағы қысқа қамдануға, ал аң атаулысы Жер анадан нәр алуға асығады.
Қаланың әр жерінде үйіліп тұрған жапырақтарды көргенде жаздың өтіп кеткеніне көз жеткізгендей боламыз. Жазға деген сағыныштың бары сөзсіз...
Күздің ең кереметі – қаланың алтын түске боялуы. Біреу үшін айнала жанға жылулық сыйлаған түрлі-түсті мамық көрпе болып көрінуі мүмкін. Енді екіншілері үшін күз бен мұң егіз ұғым. Бұл бәлкім сол сәттегі ішкі күйімізбен байланысты болар.
Қазан айында Алматы халқының әртүрлі киінетінін байқауға болады. Алдағы қыстың хабаршысы болып салқын самал ессе, енді бірде жаздың жайма шуақ күніндей күн шақшиып шыға келеді. Өзімізбен қалың жемпір алып жүрмеске амал жоқ.
Қанаттан ұшып түскен мамықтай жауған жапырақтардың қалай сарғайып бастайтынын білесіз бе? Жоғарыдағы суретте жапырақ сан алуан түске боялғандай.
Күз – білімге құштар жандар үшін жылдың басы, мереке. Жаз бойы асыр салған ойын баласы әп-сәтте есейіп шыға келгендей болады.
Алматының әсем бақтарында демалып отырған адамдарды жиі кездестіруге болады.
Табиғаттың алтын кілемімен тамаша үйлескен Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры. Күз театр маусымының ашылатынымен де қуантады.
Қыркүйектің өзінде құстар жылы мекеніне асығатындықтан, оларды жаздағыдан сирек көреміз.
Осы сияқты жолдар алыстан таудан аққан бұлақтай болып көрінеді.
Ал көп қабатты үйлер астындағы өтпелі жолдар кинолардағы ұзын-сонар туннельдерге ұқсайды. Ішінен өтіп бара жатып "жергілікті суретшілердің" шығармашылығымен танысасыз.
Жазда бұл субұрқақтар жанға жайлылық сыйлағандай болса, күзде бойыңды тоңдыра түседі. Десе де сылдырлаған дыбысы мен ирелеңдеген өрнегі әдемі-ақ.
Бос әткеншектер балалық пен даналықтың арасындағы өтпелі көпір секілді. Себебі бүлдіршіндердің білім ордасына саяхаты басталғанын еске түсіреміз.
Ал Сіз, Құрметті оқырман, күз мезгілін не үшін жақсы көресіз?