Кеңестік дәуірде маскүнемдікке қарсы антиалкогольдік кампания жүзеге асырылғанын көп адам білсе де, оның бір емес, үш мәрте қолға алынғанын екінің бірі біле бермейді. 1958, 1972 және 1985 жылдары.

Олардың аясында одақ елдерінде алкогольдік сусындар өндірісі күрт төмендеп, адамдардың өмір сүру ұзақтығы артқанымен, бұл кампаниялардың бәрі де "сәтсіз" деген бағаға ие болды.

Ең қызығы, мұндай мәжбүрлі реттеу шаралары тек Кеңес одағы ғана, басқа елдерде де тәжірибеде болған. Алайда, түбегейлі тәуір нәтиже бергені жоқтың қасы. Мұның бәрі зиянды әдеттерді заңмен реттеп, мәжбүрлі қойдыру тиімді емес екенін әлдеқашан көрсеткен. Дегенмен, әлемде зиянды әдеттерден арылту мақсатындағы жұмыстар тоқтаған емес. Алайда, олардың бағыты өзгерген.


Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


Биыл Орта Азияда тұңғыш рет, атап айтқанда Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен City Health конференциясында зиянды әдеттермен күрестің жаңаша тәсілдері таныстырылды. Конференцияда 15 елдің сарапшылары әлем халқын темекі, алкогольдік ішімдіктер, пассив өмір салты және майлы және тұзды тағамдар тұтынудан арылту жолдарын ортаға салды.

Есірткі және алкоголь саясаты саласындағы ұлыбританиялық маман Дэвид Макинтоштың айтуынша, тұманды Альбионда 2030 жылға қарай шылымқұмар ағылшындар санын ел халқының 5 пайызынан да азайтуды көздеп отыр. Бірақ, мүлде тыйып тастау жолымен емес. Шылым орнына ел үкіметі ағылшындарға түтінсіз, зияны азырақ электронды темекі ұсынады. Бұл бір бүгін қолға алынған шара емес, бірнеше жылдан бері тәжірибеден өтіп келе жатқан кампания. Дэвид Макинтоштың айтуынша, нәтижесі де жаман емес. Соған орай, енді әрбір бесінші шылымқорға (кемінде миллион адам) мұндай электронды темекіні тегін ұсынбақ.

Дәл осы секілді, есірткіқұмар ағылшындарға зияны азырақ метадон ұсыну арқылы емдеу шарасы да Ұлыбританияда 40 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тұманды Альбионнан бастау алған терапия бүгінде әлемнің көптеген елінде қолға алынған, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Дэвид Макинтош

"Бұл бағдарлама есірткіге тәуелді адамдардың арасында болатын инфекциялық аурулар санын, олардың қатысуымен жасалатын қылмыстар санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Олар бұрынғыдай қоғамнан тыс өмір сүрмейді, қалыпты өмір салтын ұстанады. Қажетті емді ауруханадан ала алады. Жалпы, есірткіге тәуелді адамдарды сауықтыруда отбасы мен қоғамның рөлі зор. Сондықтан, оларды сыртқа тебу емес, қайта өзімізге тарту көбірек тиімді нәтиже береді", – деп атап өтті Дэвид Макинтош.


Оқи отырыңыз: Ішімдік пен темекіден бас тартқан ауылда ұрлық пен ажырасу тыйылған


Зиянды әдеттермен дәл осы секілді күрестің балама бір тәсілін швециялық маман, Линчепинг университетінің ішкі медицина және эндокринология профессоры Фредрик Нистром әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Швецияда қазір шылымқұмарлықпен күрес аясында снюс (түтін шығармайтын, зияны азырақ, ерін астына салатын табак түрі) қолданылады. Арнайы тәжірибе де жасалған. Маманның айтуынша, адам денсаулығына темекі құрамындағы никотиннен гөрі, темекіні қыздыру кезінде бөлінетін түтіні көбірек зияны. Сәйкесінше, темекімен күресте шылымның түтінсіз түрлеріне көшу тиімдірек болмақ.

Фредрик Нистром

"Снюс Швецияда алғаш XVII ғасырда пайда болғанымен, ұзақ жылдар оған заңмен тыйым салынған болатын. Бірақ, біз тәжірибе жасау арқылы оның адамның жүрек-қан тамыр жүйесіне аса зиян емес екеніне көз жеткіздік. Рас, снюс құрамындағы никотин ағзадағы зат алмасу процесіне аздап әсер етеді, артериялық қысымды көтереді және ағзадағы кортизолдың үлесін аздап көбейтеді. Дегенмен, түтінді темекімен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, кортизолдың көбеюі қан құрамындағы қантты арттырмайтынына көз жеткіздік", – деді Фредрик Нистром.

Зиянды әдеттерден зияны азырақ әдеттерді ұсыну арқылы емдеу не сауықтыру шарасы кезіндегі Андроповтың "құрғақ заңының" (Кеңестік кезеңдегі антиалкогольдік кампания) бүгінгі әлемдегі баламасы. City Health конференциясында бас қосқан мамандар бірауыздан бұл тәсілдің тиімділігіне баса мән берді.

Жалпы, әлемде инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітім үлесі өте жоғары. Салыстыру үшін: Егер инфекциялық коронавирус әлемді бір дүрліктірсе, анығында инфекциялық емес аурулардан болатын өлім үлесі әлемдегі барлық өлім-жітімнің 70 пайызына ие.


Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы


Өкініштісі, Қазақстандағы жағдай да мәз емес. "Денсаулық" ұлттық қауымдастығының басшы дәрігері Бақыт Түменованың айтуынша, коронавирус пандемиясы тек инфекциялық аурулар мәселелерін ғана емес, инфекциялық емес аурулардың қаншалықты асқынып тұрғанын айқын көрсетіп берген. Өйткені, пандемия кезінде коронавирустан көз жұмғандардың басым бөлігін жүрек-қан тамыр, өкпе ауруларына шалдыққандар, алкогольді ішімдік, темекі, тым майлы және тұзды тағам сынды зиянды әдеттерге әуестер, сондай-ақ артық салмаққа ие адамдар құраған.

Бақыт Түменова

"Негізінен, қант диабеті барлар. Ал мен атаған зиянды әдеттердің бәрі бірінші кезекте қант диабетін тудырады. Ең қиыны, көп адам бойында қант диабеті барын білмейді. Оған қоса, жастар арасында қант диабетіне шалдыққандар көп", – деп атап өтті Бақыт Түменова.

Аталған қауымдастықтың дерегінше, Қазақстанда инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітім үлесі барлық өлім-жітімнің 84 пайызын құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен де жоғары.

Қазақстанда, әсіресе, жүрек-қан тамырлары (36,4%), өкпе (22,9%) және асқорыту (12,8%) органдарының сырқатынан көз жұматындар көп. Салыстыру үшін айта кетейік, олардың үлесі жол-көлік апаттарының құрбандарынан да жоғары.

Екі күнге созылған City Health конференциясында сарапшылар ортақ ұстанымдарды бекітті. Мұндағы маңызды мәселе – әр ел зиянды әдеттермен әне олардың салдарларымен жеке-дара күресе алмайды. Өйткені, Денсаулық" ұлттық қауымдастығының басшы дәрігері Бақыт Түменова атап өткендей, бүгін Қазақстанда болған инфекциялық ауру ертең-ақ Қырғызстанға жетеді және ір қарай тарала береді. Онда шекара жоқ. Ал инфекциялық ауру инфекциялық емес ауруларды қоздыратынын ескерсек, бір жыртықты жамағанмен, үй ішіндегі жылу тұрақтап қалмайды.