Информбюро порталы министрлердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне шолу жасады. Кімнің қандай жиілікпен және қай тілде ақпарат беріп отыратынын анықтау үшін олардың жеке аккаунттарын қарап шықты. Ендеше, шолуға назар салып, бірнеше әлеуметтік желіні қатар пайдаланатын Саясат Нұрбектен бастап, ешқандай аккаунты жоқ министрлердің тізімімен танысыңыз. 

Ескерту: Шолу жасағанда Facebook, Instagram, Twitter, YouTube, Telegram және Linkedin зерттелді. TikTok желісін қараған жоқпыз. 

Ең белсенді министр – Саясат Нұрбек

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірнеше әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Ол Instagram мен Facebook-тағы аккаунттарын бірдей жүргізеді. Instagram-да оған 72,3 мың, ал Facebook-та 24 мың қолданушы жазылған. Әлеуметтік желіде министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы күн сайын пост жариялайды. Министр көбінесе қазақша жазады. 

Министр Linkedin де пайдаланады. Ағылшын тілінде жарияланған өзгелердің жазбасын бөлісіп отырады. Бірақ ол жақта белсенді болмаса да, парақшасын 10 мыңнан астам адам қадағалайды.

Loading...

Twitter-де ағылшынша жазады. 4,5 мыңға жуық оқырманы бар. Мұнда көбінесе шетелдік әріптестерімен өткен кездесулер туралы жазады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың твитін жиі бөліседі.

Саясат Нұрбектің YouTube арнасы да бар. Мұнда ол сұбаттарын, министрлік жобаларын жариялап отырады. 3,2 мың адам жазылған. 

Ал Telegram арнасын 3,6 мың адам оқиды. Бұл жақта да үзбей ақпарат таратады.

Бағдат Мусин

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Instagram мен Facebook-та өте белсенді.

Ал Instagram-да 75,2 мың жазылушысы бар. Посттарын қазақ және орыс тілдерінде бөлек жариялайды. Министрлік жаңалықтарын, шетелдіктермен келіссөздері туралы жазып тұрады. Жаңа жыл, 8 наурыз, Астана күні секілді мерекелерде отбасының фотосуретін жариялап, жүрекжарды пост жазады. 

Министрдің Facebook-тағы парақшасына 35 мыңға жуық адам жазылған. Мұндағы контент Instagram-мен бірдей, екеуін қатар жүргізеді. Ешқандай репост жасамайды. Посттарды өз атынан жариялайды.

Twitter-ді қазір белсенді қолданбайды. Соңғы рет 30 маусымда ретвит жасаған. Twitter-де көбіне ағылшын тілінде шетелдік әріптестерімен кездесуі және жұмысы туралы жазады. 5 мыңға жуық оқырманы бар.

Ал Бағдат Мусиннің Telegram арнасын 3800 адам оқиды. Мұндағы контенті өзге әлеуметтік желілерден сәл өзгеше. Көбінесе ақпаратты мәтін түрінде жариялайды. 

Цифрлық даму министрі Linkedin-де де белсенді. Ол жақта министрді 8 мыңнан астам қолданушы бақылайды. 

Аида Балаева 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Instagram-да да, Facebook-та да белсенді. Twitter қолданбайды. Қазақ және орыс тілінде жазады. Аптасына 2-3 пост жариялайды.

Instagram парақшасында 61 мың жазылушысы бар. Мәдениет саласындағы жаңалықтарды бөлісіп отырады. Мерекелермен құттықтайды. Қаза тапқан қоғам қайраткерлері, танымал өнер иелерінің жақындарына көңіл айтады. Кішкентай немересі, жақындары туралы да жиі жазады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың твитін, президент жарлықтарын да бөліседі. 

Facebook-та Instagram-да жариялаған контенттерді көруге болады. Оған қоса министрліктің және Ақорданың, басқа да ұйымдардың посттарын, БАҚ материалдарын бөліседі. 

Ермек Маржықпаев

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев әлеуметтік желілерде тек қызметіне қатысты ақпарат таратады. Instagram-мен Facebook-ты қатар жүргізеді. Instagram-ды белсенді қолданады, 51 мың жазылушысы бар. Министрлік қызметіне қатысты аптасына қазақ және орыс тілінде 4-5 пост жариялап тұрады. Көбінесе қазақстандық спортшылардың жеңісін хабардар етеді. 

Министрдің Facebook-тағы парақшасына бес мыңдай адам жазылған. Алайда 10 қарашадан бері ештеңе жарияламаған.

Twitter-де жоқ. Есесіне Telegram арнасына 748 адам жазылған. Мұнда Instagram-да жарияланған ақпаратты бөліседі.

Нұржан Нұржігітов

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Facebook пен Instagram желілерін белсенді қолданады. Instagram парақшасына 12,6 мың оқырман жазылса, Facebook-та бес мыңға жуық досы бар. Министрлік жаңалықтары мен өзінің жұмысы туралы қазақ және орыс тілінде қатар жазады. Аптасына кемінде 4-6 пост жариялайды.

8 желтоқсанда Telegram арнасын ашқан министр енді ол жақта да белсенді болмақ. Үш күнде Нұржан Нұржігітовтың арнасына 200 қолданушы жазылған. Министр Twitter-де белсенді емес. 

Ғани Бейсембаев

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Instagram мен Facebook қолданады. Министрдің Insta-парақшасына 28 мың қолданушы жазылған. Ал Facebook-та 14 мың оқырманы бар. 

Әлеуметтік желілерде министрлік қызметінен бөлек көбінесе мерекемен құттықтайды не қазаға көңіл айтады. Айына 2-3 пост жариялайды. Көбінесе қазақша жазады.

Ерұлан Жамаубаев

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың Instagram мен Facebook-тағы парақшаларын таптық. Instagram-да ешқандай пост жарияламаған. Ерұлан Жамаубаев Facebook-та қызметіне және маңызды оқиғалар мен мерекелерге қатысты қазақ және орыс тілінде пост жазып тұрады. 

Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік желілерде белсенді емес. Facebook және Twitter-де парақшалары болғанымен жиі жазбайды. Facebook-тағы парақшасынан өзге адамдардың жазбасын көптеп көруге болады. Ал Серік Жұманғариннің өзі қызметіне байланысты және атаулы күндерге орай екі тілде айына 2-3 пост жариялайды. Бес мыңнан астам досы бар.

Twitter-ді көп қолданбаса да, ағылшын тілінде жазуға тырысады. Соңғы жариялаған твитінде 30 тамыз күні Конституция күнімен құттыған. 

Ажар Ғиният

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың Facebook-те ғана парақшасы бар. Министр мұнда қазақ және орыс тілінде шыққан министрлік посттарын көп бөліседі. Арасында атаулы күндер туралы жеке пост жазады. Үш мыңға жуық досы бар.

Арман Шаққалиев

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Facebook пен Instagram-да парақшалары бар. Алайда министр әлеуметтік желілерде белсенді емес. Соңғы рет Facebook парақшасында фотосуретін жаңартқан. 

Ал Instagram-да Ұлттық аза тұту күніне қатысты видео жариялаған. 

Сырым Шәріпханов

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың Instagram мен Facebook-та парақшасы бар. Министр қызметіне тағайындалғалы әлеуметтік желіні белсенді қолдана бастаған. Министрлік жұмысы туралы екі тілде қатар аптасына 1-2 пост жариялап тұрады. Facebook-та соңғы посты 30 қарашада жарияланған. 

Айдарбек Сапаров

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров тек Facebook желісін қолданады. Министрдің парақшасына 2,8 мың адам жазылған. Жұмысы туралы қазақ және орыс тілінде жазады. Аптасына 2-3 пост жариялайды.

Ержан Сәденов

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Instagram мен Facebook-та парақшасы бар. Қазір Instagram-да ештеңе жарияламайды. Соңғы рет 2022 жылы қаңтарда Полиция департаментінің бастығы қызметінен Ішкі істер министрі қызметіне ауысқан кезде пост жазған. 

Ал Facebook-та министрлік жаңалығын бөлісіп отырады. Мерекелерде қазақ тілінде құттықтап пост жазады. Бес мыңға жуық досы бар.

Әлібек Қуантыров

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тек Twitter қолданады. Бірақ белсенді емес. Үш тілде жазады. Көбінесе министрлік жұмысы, шетелдік сапарлары туралы ақпарат бөліседі. Министрді 304 адам оқиды. Басқа әлеуметтік желілерден министрдің парақшасын таба алмадық.

Мұрат Нұртілеу 

Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің тек Twitter-де парақшасы бар. Алайда, қазір белсенді емес. Соңғы рет 2021 жылы қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың твитін бөліскен. Парақшасынан президент пен Ақорданың жазбаларын көптеп көруге болады. Мұрат Нұртілеуді 822 адам оқиды.

Ғалымжан Қойшыбаев

Instagram мен Facebook-та премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың атымен ашылған парақшалар бар. Алайда екеуі де белсенді емес. Facebook-та соңғы рет 2014 жылы фотосуретін жаңалаған. Одан басқа ештеңе жарияламаған. Достығында қазіргі және бұрынғы министрлер, дипломаттар бар.

Әлеуметтік желіде жоқ министрлер

Информбюро порталы әлеуметтік желілерден келесідей үкімет мүшелерінің аккаунтын таба алмады:

  • Премьер-министр Әлихан Смайылов;
  • Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр
  • Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова;
  • Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
  • Әділет министрі Азамат Есқараев;
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова;
  • Көлік министрі Марат Қарабаев;
  • Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев;
  • Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев;
  • Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Ескерту: Тізімдегі кей министрлердің аккаунттары мен парақшаларын таптық. Алайда, олар бұрын ашылған және ұзақ уақыттан бері жаңартылмаған.