Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Нұр Отан" партиясының мүшесі Нұрлан Әлімжанов партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаты болып тіркеліп, ант берді.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!" – деді Нұрлан Әлімжанов.

Жаңа депутат Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болып сайланды.

Үкімет қарыз алатын тағы бір инвестор тапты

Үкімет Солтүстік инвестиция банкінен қарыз алуға дайындалып жатыр. Бұл туралы палатаның жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестиция банкі арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.

Солтүстік инвестициялық банкі (Nordic Investment Bank) 1975 жылы Дания, Фарьер аралдары, Исландия, Норвегия мен Швеция тарапынан құрылған халықаралық инвестициялық қаржы ұйымы. Жарғылық капиталы – 6 млрд доллар. 2005 жылы банкке Латвия, Литва мен Эстония мүше болды. Бас кеңсесі Хельсинки қаласындағы бұл банк негізінен энергетика мен су шаруашылығына, инфрақұрылым, көлік және телекоммуникация салаларына, өнеркәсіп пен сервистік қызметтерге, қаржы ұйымдары мен шағын және орта бизнеске қаржы бөледі.

Nokia компаниясы Қазақстанда 5G желісін салады

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Солтүстік инвестициялық банктен алынатын қарызды салатын жобалардың пулы құрылған.

"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, жобалар тізбесі жинақталды. Жалпы, жобалар пулы 1 млрд еуродан астам қаржы болды. Ал нақты жобалар келіссөздер барысында айқындалады, яғни келіссөздер кезінде мөлшерлемелер мен жеңілдікті кезең, қазақстандық қамту үшін басымдықтар және өзге де талаптар белгілі болады", – деді министр.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған банк тарапынан қаржыландырылатын жобаларды тиісті министрліктермен алдын ала бекітіп алуды тапсырды.

"Бір кездері Азия даму банкінен қарыз сұрап, 2-3 жыл бойы банкті көндіріп, енді банк ақшаны бөлейін десе, біздің жобаларымыз дайын болмай шықты. Сол сияқты болмасын. Әр министрлік өз саласына тиісті жобаларды дайындап, ал сіздің министрлік үйлестіруші ретінде жұмыс істеуі керек", – деді Мәжіліс төрағасы.

Министрдің айтуынша, аталған жобалар ішінде елде 5G желісін енгізу де қарастырылған. Бұл бастамаға Финляндияның Nokia компаниясы қаржы бөлуге дайын отыр. Қаржыландыру көлемі 500 млн долларға жетеді.

Қарыз қандай шартпен беріледі?

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қайназаров Солтүстік инвестициялық банктен қарыз алуды қолдай отырып, министрден аталған қарыздың қандай шартпен берілетінін нақтылауды сұрады.

"Бұл банк Қазақстандағы жобаларды қандай шартпен қаржыландырады және басқа қаржы институттарымен салыстырғанда қаншалықты тиімді?" – деп сұрады депутат.

"Қарыз мөлшерлемелерін банктің несие комитеті анықтайды. Мөлшерлеменің көлемі қарыз алушыға байланысты бекітіледі. Негізінен банк жеке бизнеске 7 пайыз айналасында, мемлекеттерге шамамен 2 пайызбен қарыз береді. Несие 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл шарттар тартымды. Басқа халықаралық ұйымдардың шартымен шамалас. Мәселен, Азия даму банкі Үкіметке 2,6 пайызбен несие берсе, Еуропа қайта құру және даму банкі 3 пайызбен қарыз беріп жатыр", – деді министр.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, Солтүстік инвестициялық банк қарызды тез рәсімдейді және бірнеше салаға бере алады.

Тағы бір айта кетерлігі, министрдің сөзінше, Қазақстандық заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер аталған банктен қарыз алса, мемлекеттен кепілдік талап етілмейді және мемлекеттің бұл тұрғыда ешқандай міндеттемесі болмайды.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары "Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасына бір ауыздан қолдап дауыс берді.

"Ақжолдың ұсынысы орындалғанда несиелік дағдарыс болмас еді"

"Ақ жол" фракциясының мүшесі Дания Еспаева жеке тұлғаларды банкрот деп жариялауға рұқсат ету мәселесін тағы көтерді.

"Қарыз алушылардың кредиторлар алдындағы борыштарын өтей алмауы қоғамдағы әлеуметтік қиындықтың себебіне айналды. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке бұрын-соңды болмаған шара қабылдауды – әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың қарызын өтеуді тапсырды. Әрине, мемлекет қиын жағдайға ұшыраған азаматтарын әрқашан қолдауы керек. Алайда, қиыншылыққа қарамастан күнделікті қажеттіліктерінен жырып қарыздарын уақытылы төлеп жүрген азаматтар әділетсіз жағдайда қалды", – деген депутат бұл жағдайға мәселенің байыбына бара алмаған және депутаттардың ескертуіне құлақ аспаған шенеуніктерді кінәлады.

Еспаеваның айтуынша, несиені өтеу шарасының бір реттік акция екенін айта келіп, алдағы уақытта қарыз төлей алмайтын азаматтардың қайтадан көбейіп кетуіне ешкімнің кепілдік бере алмайтынын айтты.

"Жеке тұлғаларды банкрот ету несие қарызын төлей алмай қалған азаматтардың тіпті баспаналарын сақтап қалуына мүмкіндік береді. 2014 жылы "Ақ жол" партиясының депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығына рұқсат беру мәселесін көтеріп заңнамаға бірнеше өзгертулер ұсынған. Бірақ Үкімет ұсынысты қабылдамай тастады", – деді депутат.

Ал 2015 жылы партия банкроттық туралы заң жобасын дайындап Үкіметке ұсынғанда Үкімет осындай заңнаманы Қаржы министрлігінің дайындап жатқанын айтып, заңның 2017 жылы қабылданатынын айтып тағы қайтарып тастаған екен.

"Қазір 2019 жыл аяқталғалы жатыр. Қайда сол заң? Үкімет табысты декларациялауды сылтаулатып банкроттық туралы заңнама тағы 2025 жылға шегеріліп тасталғанын айтты. Оған дейінгі бес жылда халық бес рет несие алып, оларды да қайтармай тастауы мүмкін. Есесіне Үкіметтен тағы да несиені жауып беруді сұрайды. Өйткені бір рет өтелді. Оған Үкімет миллиардтаған теңге тағы жұмсайды. Бюрократиялық қағазбастылық тым қымбатқа түсіп тұрған жоқ па?" – деген депутат Дания Еспаева Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкке осы сауалды жолдап, егер Үкімет заңды дайындай алмайтын болса, партия 2015 жылғы заң жобасын ұсынатынын жеткізді.

Жошы ханға ескерткіш салу ұсынылды

Мәжілістің жалпы отырысында сонымен қатар Үкімет басшысы Асқан Маминге депутаттық сауал жолдаған Бақытбек Смағұл Жошы Ханның 750 жылдығы аясында бірқатар шара ұйымдастыруды ұсынды.

"Біріншіден, астанамыз Нұр-Сұлтандағы көрнекті көшелердің біріне Жошы хан есімін беру және ол көше бойында ұлыс ханының еңселі ескерткішін орнату – ұлттық рухымызды асқақтатып, елдігімізді өз азаматтарымызға ғана емес, елордамыздың әрбір қонағына паш етер шара болмақ", – деді Бақытбек Смағұл.

Екіншіден, Жошы ханның Қарағанды облысындағы, Жезқазғанның солтүстік-шығысында 50 шақырымдай жердегі Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі екенін айтқан депутат бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш белгі тұрғызу керек екенін айтты.

"Шыңғыс ханның үлкен ұлына арналған тарихи кешен тек Шығыс елдері үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз", – деді депутат.

"Алтын орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгені жөн. Кесенедегі таңбалар мен жазуларды тарихи, тілдік тұрғыда зерттеп, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу қажет. "Бесіншіден, ХІІІ ғасырдың ескерткіші және планетамыздағы Шыңғыс хан әулетінен қалған жалғыз белгі ретінде Жошы хан кесенесін келешекте ЮНЕСКО-ның "Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне" енгізу жолдарын қарастырған жөн. Себебі, халықаралық беделді туристік операторлар, жеке саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, көбіне ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді", – деді депутат.